• Әдебиет
  • 16 Қыркүйек, 2020

Өмір осы – ақ-қарасы алысқан...

Асан ҮСІПОВ
1977 жылы дүниеге келген.
Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Көкібел ауылында орта мектепті бітірген.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін тамамдаған.
Қазіргі таңда осы оқу орнының аға оқытушысы.

Сары өлең

 Сағым қуған жүректі сары мұңға бөлеген,

Сабағынан үзілді сары күзде сары өлең.

Сары қызға арналған сағынышым секілді,

Сары түске боялып бара жатыр бар әлем.

 

Бұла шақта құмартып ғажабына ғазалдың,

Сары қызды сағындым – сары күздей ажарлым!

Қорқыт құсап құтылмай құрығынан ажалдың,

Пенде ғұмыр кешсем де періште жыр жазармын.

 

Сары өлеңім сезімтал жүрегіме болып ем,

Ақ параққа сап-сары сағыныш боп төгілем.

Лағыл жырым жетпестен құлағына Ләйләмнің,

Жүріп келем әйтеуір Жұматайдың жолымен.

 

Келешекте қандай күн күтер екен мені алдан,

Көкбөріше ұлиды көкіректе көп арман.

Сары қызды сағынып сағым қуып кетіппін,

Мәжнүнталға сүйеніп жапырағы тоналған.

 

Торғын түнде қиялмен жасап жүр ем той қамын,

Ойсыратып кеткендей орындалмай ойдағым.

Сары күздің тағы да оралары анық қой,

Сары қызды тағы бір көремін бе? Беймәлім...

 

***

Сенсіз өткен күнде қайдан болсын мән,

Самайыма қырау салды ол жай кетпей.

Таңдарым бар тәтті арманы таусылған,

Тағдырым бар шытынаған әйнектей.

 

Жоқты іздедім бүгін тағы... кеше де,

Қайта айналып келе қоймас шақ та ондай.

Көздеріңнің ішіндегі көшеде,

Көктемдерім кетіп бара жатқандай.

 

Тағдыр айдап түйіскенмен көшіміз,

Жақын да емес, жат та емеспіз осы біз.

Жанарымда – жанға қимас жамалың,

Жүрегімде жеті көктем, жеті күз.

 

Арыла алмай көрген түстей көп күйден,

Бір күніме ұқсап кетті бір күнім.

Мен Өмірмін өзегіне от тиген,

Сен Өлеңсің енді жарған бүршігін.

 

Шаттығым аз, мұңым да бар азырақ,

Бұл бес күннің дей алмаспын бәрі мұң.

Есіміңді жүрегіме жазып ап,

Кештім, білем, ғұмырымның жарымын.

 

Ессіз де емен, ерген жоқпын есерге,

Жалынан да сипатпады шіркін бақ.

Пәниімнен бақиыма көшерде,

Саған арнап жыр қалдырам... бір шумақ.

Сенсіз өткен күнде қайдан болсын мән...

 

Апа

 

Өзіңсіз, апа, өңсіз бүгінгім,

Енесіз өскен жалсыз құлынмын.

Қиянда қалған қия алмай жүрмін,

Қимас сәттерін қамсыз күнімнің.

 

Бала армандарым оңаша жылап,

Тасада қалды тамаша мұрат.

Жат болдым, білем, бауырға бүгін,

Алыстап кетті қара шаңырақ.

 

Талқаны кермек таңдар талқымдай,

Күреңіткен бұл күз де кейпімдей.

Ешкім де мені сіздей сағынып,

Ешкім де мені іздемейтіндей.

 

Санама сіңіп сормаңдай өлең,

Сәттерімді асыл армандай берем.

Көкейімде әлі күрсінісің де,

«Көктемге жете алмайм-ау» деген.

 

Мазасыз ойдан мүжіліп көп күн,

Таппадым білем үзігін жоқтың.

Құстай ұшқанмен құтты мекенге,

Үлгере алмадым, үзіліп кеттің.

 

Кештім де талай сынақ, сарсаңды,

Ауылдан салдым жыраққа арқамды.

Қап-қара бұлты қабағын жауып,

Қазығұрт мені жылап қарсы алды.

 

Үзігіндейсің үміт-көктемнің,

Ауылға сонау суыт жеткен күн.

Сұп-суық сонда маңлайыңды ұстап,

Сұп-суық түнге сіңіп кеткенмін.

 

Жалған дейтұғын күнә-базарда,

Жазмыштан жорғам, сірә да озар ма?

Нәумез жанымның жазын ұрлатып,

Неше рет келдім мына мазарға?!

 

Алаң көңілім азап шеккенде,

Жетемін деуші ем ғажап көктемге.

«Тоқсаннан асты, тәбәрік қой» деп,

Тәркі дүниеңді талап кетті ел де.

 

Келсе де көктем көшімді оңдайтын,

Тосарын білмен тосын қандай күн.

...Терезе жаққа телміре қарап,

Тәспіңді аударып отырғандайсың.

 

Бесіктен бастап есікке мені,

Жылдарым жылжып көшіп келеді.

«Құлыным» менен «Айналайынды»,

Көп болды-ау, рас, есітпегелі.

 

Өзіңсіз, апа, өңсіз бүгінгім,

Енесіз өскен жалсыз құлынмын.

Қиянда қалған қия алмай жүрмін,

Қимас сәттерін қамсыз күнімнің.

 

***

Көз алдымнан көшіп кетіп көктемім,

Өзен-мұңым көрсетпеді өткелін.

Тарам-тарам жолдарында тағдырдың,

Тапқанымнан жоғалтқаным көп менің.

 

«Сырдың суы сирақта емес...»

Кешем ғой.

Шарап толы шыңғырады кесемде ой,

Сері-өлеңім сені іздеумен жүргенде

Төрт көктемім өтіп кеткен екен ғой.

 

Тұнығындай таудан аққан тұманың,

Мөлдіреген көзіңде еді жұмағым.

Жолым болмай кетті, білем, қалқам-ай,

Жоғалғасын өзің таққан тұмарың.

 

***

Шабытым-ай, шақыра алмай жыр мүлде,

Жазың өтіп, күзің келді, білдің бе?

Жүрегімнің ішіндегі жүрегім,

Сен қайдасың, мен қайдамын бұл күнде.

 

«Керемет» деп ойласа да көбі елдің,

Бұл маңдайдан өтті, кетті нелер күн.

Түсінгенге тылсымы көп тереңмін,

Жапырағын жел ұшырған өлеңмін.

 

Қайшылықта өткен өмір енді оңбас,

Болмашыға бұл жүрек те алданбас.

Жарым түнде жастығыма тамады,

Қара қыздың жанарында қалған жас...

 

Қазығұрт

(Бақытжан Алдиярша)

 

Беу, Қазығұрт, Қазығұрт – киелі мекен,

Қазына толы кеудеңе сүйеніп өтем,

Қарашығымдай қастерлеп қасиетіңді,

Ақиқат пенен аңызға иелік етем.

 

Көремін сенен көнерген көп ізді бүгін,

Ойсылқараның өркеші тәрізді шыңым.

Қорқыттан қалған қорқыныш бойымды билеп,

Самалың маған жеткізді қобыздың үнін.

 

Періштелердей қылмайтын өмірі күнә,

Қазбауыр бұлттар қонады кең иығыңа.

Киелі бесік – Қазығұрт, ұқсатам сені,

Желмая мінген бабамның Жерұйығына.

 

Қонақтап қалып басыңда самұрық-кемем,

Таратқан дейді тіршілік тамырын сенен.

Малдасын құрған абыздай аспанға қарап,

Тілдесіп үнсіз тұрмысың Тәңірімменен.

 

Толғантар дейсің ақынның көп мұңы кімді,

Түйсігі барлар түсінер көп қылығымды.

Періштелерім жайлаған Жерұйығым ең,

Пенделер жүр ғой талқандап тектілігіңді.

 

Адамдар жетсе анталап бұлт қорған болмай,

Ашумен үнсіз қарайсың күрт толғанғандай.

Өресі биік өлеңге қол жеткен күні,

Табаным тиер тасыңа Нұһ пайғамбардай.

Беу, Қазығұрт, Қазығұрт...

 

***

Аңсаумен сені барады-ау өтіп баяу күн,

Мұңымды көріп, созады қолын дос қашан.

Өзіңді мәңгі жоғалтқан күні аяулым,

Өмірмен мәңгі қоштасам.

 

Түсімде аппақ арманды іздеп ояндым,

Жақсы еді-ай шіркін өңімде соны таба алсам.

Өзіңді мәңгі жоғалтқан күні аяулым,

Өмірді мәңгі жоғалтам...

 

***

Жанымды менің қамады көп мұң,

Бақыты бар ма базары жоқтың?!

Жұлдызды түнде жырға шомылып,

Жаңа жылыма тазарып өттім.

 

Ұйқымды ұрлап ұры таңдарым,

Түтіліп кетті түбіт – арманым.

Бәрін ұмыттым... бірақ қалқаның

Қарақат көзін ұмыта алмадым.

 

Көңілге түйіп көнбіс өлеңді,

Жолдадым жырмен соңғы сәлемді.

Шашымның бәрін ағартып кеткен

Жырымның бәрі желге ұша ма енді?!

 

Жарамай жырдың көмбесі түкке,

Аулыңа барар жол кесіліп пе?!

Періштем едің, қиналғанымда

Салынып кеттің пендешілікке...

 

***

Ит тіршілік жетелеген жол мынау,

Итіңдетіп келеді әлі үміт-күн.

Итке сүйек қарыз болып қалдым-ау,

Итаяғын жалап жүріп бір иттің.

 

Итшілеткен айлар тосып тағы алдан,

Жабы тірлік жұлқылайды жағамнан.

Ит арқасы қияндағы ақ арман,

Ит әуреге түссем де енді таба алман!

 

Сынақ-күнге қылғаныммен сәл сабыр,

Ит ырғылжың өмір осы – дәп-дала.

Иткөйлекті тоздырғалы қанша жыл,

Ит мінезді қоя алмадым сонда да.

Жалғандығы жұртқа мәлім бес күнде,

Өзіме аян, өстім бе әлде өштім бе?

Ешкімге иттік жасағам жоқ алайда,

Итаршы да болған жоқпын ешкімге.

 

Тағдыр маған тосты суық ерінін,

Сәттерім де аз саяқ жүріп сый көрген.

Тас қаланың «жақсысынан» жерідім,

Іштерінде ит өлген.

 

Ит басына іркіт төгер күн алда-ау,

Деймін дағы, не көрмеген бұл басым.

Ит ішпейтін пәлеге сәл құмарлау,

«Ит-ау қайда жүрсің?» деп жүр бір досым...

 

***

«Керемет!» деп ойлаушы еді ел мені,

Елге қайта оралғаным ұят-ты.

Кешегі өмір кереметін бермеді,

Бүгінгі өмір өзгешелеу сияқты.

 

Кешегі күн кетті алысқа бөгелмей,

Қайығына мініп алып қайғының.

«Сен де мендей жалғызбысың?» дегендей,

Тереземнен телміреді Ай бүгін.

 

Бұлдыр-бұлдыр, бұлдыр-бұлдыр бұлыңғыр,

Нәпсім менен иманымның арасы.

Құлдыраңдап қырға шыққан құлын-жыр,

Құбылаңа қарашы!

 

Өмір осы – ақ-қарасы алысқан,

Сөйлем сынды нүктесі бар соңында.

Бір арманым бұлдырайды алыстан,

Бір арманым – алаяқтың қолында.

 

Сынақ өмір сырғып-сырғып өтерсің,

Көзімдегі көл түбінде үміт бар.

Жаяу қусам жеткізеді ме екенсің,

Ауыл жаққа қайтқан ару – бұлттар.

 

Жаратқанның жалғасуда сынағы,

Ұяңдықтың бәрі қалды ұямда.

Кетіп қалғым келеді де тұрады,

Ит арқасы қиянға.

 

Жарқын күнді жүргеніммен ұмытпай,

Мына заман – алаяқтың заманы.

Түнереді күздігүнгі бұлттай,

Тас қаланың тасмейірлеу адамы.

 

Таза сақтап «өлең» дейтін тұмарды,

Тіршілігім үшін тынбай күрескем.

Ізгі ойымның бәрін жоққа шығарды,

Ірі ағалар ібіліске ілескен.

 

Сағым жолда сайрап жатыр іздерім,

Мағынасыз ғұмыр берді маған мұң.

Жарым түнде жанарымды іздедім,

Жаулығымен анамның.

 

Бір қайғыма бір қайғы кеп жамалып,

Мазасыздау күй кешемін үнемі.

Қазығұрттың басындағы қара бұлт,

Жүрегіме түнеді...

 

Келелі ойлар жүрегіме жиналды,

Келер күннен күтіп жүрген несіпті.

Аллаһ үйі сенен таптым иманды,

...Кеше бірақ тонап кетті мешітті.

 

Бәңгі ақынның басындағы хәл мынау:

Жақсы үміттер ақталмады жат елде.

Өлең-досты өкпелетіп алдым-ау,

Пәтерлерден көшіп жүріп пәтерге.

 

Көзді жұмсам, көкжиектен көрерім,

Шыңыраудан шығыр тартқан терең ой.

Өгейленіп кеттің әбден өлеңім,

Құшақтайын. Келе ғой...

 

***

«Қарасы мен көзiмнiң ағысың» деп,

Айналса анам, тұратын намысым кеп.

Сандығымның түбiнде жатыр ендi,

Сағынышқа айналған сары сурет.

 

Кешегi мұң кеудемдi тесiп тұр-ау,

Келешекке бастайтын есiк мынау.

Қара шалдың қойнында өскесiн бе,

Қадiрiңдi, анашым, кеш ұқтым-ау.

 

Бал күнiмдi сағындым алыс кеткен,

Түнередi тiл қатпай таныс көктем.

Қарашаны жек көрем, анамды алып,

Тағдырымды табытқа салып кеткен.

 

Жетiм өлең, жүректi тепкiлеме,

Тәңiр соққан көнесiң көп дүреге.

Маңдайымнан сипауға тиiс қолдар

Топыраққа айналып кеттi неге?!

 

Маңдайыма бiткен мұң мың қатпарлы-ау,

Сол күндерден жүректе жұрнақ қалды-ау.

Аялы қол баптаған алма бақ та

Аяулысы кеткесiн қурап қалды-ау.

 

Сары сурет, сары мұң, сағым жылдар,

Сандығымның түбiнен табылдыңдар.

Базынасын айтқысы келгендей боп,

Бала күнiм алыстан қолын бұлғар.

 

Жұпар иiсi желдей бiр жұмақта ескен,

Шақалақ ек шымшықтай тымақта өскен.

Тұмарымның қорықпай киесiнен,

Тымағымның иесiн кiм ап кеткен?

 

Тiзгiнiне тағдырдың таласар кiм?

Айдай толдым десем де, аласұрдым.

Жұлдыздарға жыр оқып жатар ма едi,

Шапанына оранып қара шалдың.

 

Жазылар-ау жылдардың жарасы алда,

Әз анам да келмейдi, қара шал да.

Қара жолдың үстiне түсiп алып,

Құбылаға көз алмай қарасам ба?..

 

Қара шалды қойған жер санамда тұр,

Анау сайдың iшiнде анам жатыр.

Тұрлауы жоқ тiршiлiк бiткен күнi

Тұрағымды сол жақтан табам да ақыр.

 

Бұған дейiн бұл шердiң бәрi iшiмде ед(і),

Сансыз ойға салдың-ау сары сурет.

Тұлпар-жырды жiбердiм көкке ұшырып,

Тағасынан сорлы анам танысын деп...

 

Жыр тумайды-ау жүрекке жүк түсiрмей,

Сары сурет бетiне тамған жасқа

Жауқазыным қарайды түк түсiнбей.

 

Жарығым-ай, жанарың тұнық қандай!

Толқын мұңды болдым ғой ұмытқандай.

Құйтақандай қолыңды неге создың,

Сары сурет iшiнен сыр ұққандай.

 

Жасқанбай-ақ ала ғой – сенiң мұраң,

Санаң жетпес дәл бүгiн сенiң бұған.

Шаршап жүрмiн, алысты аңсап жүрмiн,

Шаттығыма бiр күнi шомылдырам!

1604 рет

көрсетілді

107

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы