• Білім және ғылым
  • 16 Қыркүйек, 2020

Ұстазы жақсының ұстамы жақсы

Бәлкім тумысынан солай шығар, Құдайберді ағаның мен көргелі мінезі көркем, жүзі шуақты. Ол кісі біреулерге жасандылықпен жалпақтап, өзінен төмендерге менсінбей шекесінен қараған емес. Кімге болса да мейіріммен қарап, қамқор ниетін білдіріп тұрады. Сол үшін де ортасының сыйлы ағасы, кемеңгер қариясы. Әлі де болса көркем мінез бен Алланың сыйлаған денсаулығының арқасында кешегі күні шәкірт тәрбиелесе, бүгінгі күні халықты тәрбиелеген қаламгер-журналист.

Балалық шағы Үлкен Дихан ­ауылында қарапайым шаруаның отбасында өткен Құдайберді жасынан әдебиет пен қаламгерлікке құмар болады. Осы ­арманы мектептен соң Ташкенттегі Орта Азия университетінің филология факультетінде жалғасқанымен, отбасылық жағдайымен аяқтай алмай қалады. Бірақ кейінірек үзілмеген арманы қазақ білімінің қара шаңырағы ҚазПИ-дің тарих бөлімін аяқтауымен орындалады. Еңбек жолын ауыл мектебінен бастаған ол білімділігімен көзге түсіп, аудандық оқу бөлімінің әдіскері, Бахар ауылындағы А.Розыбақиев атындағы орта мектебінің директоры, зейнеткерлікке шыққанға дейін аталмыш мектепте ұстаз болып қызмет істейді. Білім саласында жүргенде қосымша «Октябрь» колхозының комсомол ұйымының хатшысы, аудандық Оқу бөлімінің кәсіподақ ұйымының төрағасы, «Горный» пионер лагерінің директоры сынды қоғамдық жұмыстарды да қоса атқарғаны бар. Ұлттық сыныптар ашуға атсалысса, бала бойына ұлттың өткені мен өшкенін, тарихын, салт-дәстүрін білуіне де көп тер төкті. Түрлі салада олимпиадалар өткізуге де ұйытқы болды. Қолына қалам алып «Сөз құрамын оқытуға байланысты кейбір мәселелер», «Алты жасар балаларды оқыту», «Ұзартылған күн тобындағы тәрбие жұмыстары», «Мұғалім шығармашылықты қамтиды» деген сүбелі еңбектер жазды.
Алматы облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтында ұйғыр тілі мен әдебиетінен лекция оқып, әдістемелік нұсқаулармен сабақ та берді. Ал көркем шығармалары өз алдына бір төбе. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, алдынан түлеп ұшқан талай шәкірттері де мінезі мен білімі жағынан өзіне тартқан танымал мамандар. Сондай-ақ ұйғыр этномәдени орталығы төрағасының орынбасарлығын да атқарғаны бар. Қысқаша айтқанда «Сегіз қырлы, бір сырлы» азамат.
Бұрыннан білсем де осы жолы кеңірек тани түстім. Мемлекеттік тілге де жүйрік. Қазақ тілін өз ана тілім деп біледі. Мен де ағалық ақылын тыңдап, өнегелі өмір ­жолына еліктеген қаламгер інісінің бірімін. Ол кісі отырған жер шуақты күн мен ұйыған береке. ­Отбасында да ұстаз болған Хасиетхан анамызға жақсы жар, балаларына үлгілі әке, немерелеріне асқар таудай ата. Қазір аудандық «Қарадала» газетінде бөлім меңгерушісі. Ауданның Құрметті азаматы Құдайберді аға Мансуровтың ұстанымы Абай жолы, Абай өлеңдері мен қара сөздері.

Қуанышбек Қожахмет,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Алматы облысы
Қарадала өңірі

715 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы