• Білім және ғылым
  • 16 Қыркүйек, 2020

АБАЙ МЕКТЕБІНІҢ ЖАЛҒАСЫ

Белгілі ғалымдар, абайтанушылар «Абай мектебі» деген ұғымды екі мағынада алып қарастырады. Біріншісі, Абайдың поэзия жолындағы шәкірттері. Екіншісі, Абаймен күнделікті қарым-қатынаста болған, ақынның алдын көріп, тәрбиесін алған ақын шәкірттерге қатысты айтылады. Абай өмірден өткен дәуірден бері «Абай мектебі» ұғымы үшінші мағынамен толықты деуге де болады. Ол – Абай атын иеленген мектептер дер едік. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген Абай ұстанымы, оның адамзаттық ауқымдағы ой-пайымы Абай атын иеленген мектептерде ғана емес, дүйім қазақ жұртында қадірлі.

Биыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында еліміздің түкпір-түкпірінде Абай атын ұлықтау дәстүрі жалғасын ­тауып, жаңғырып жатыр. Абай ­философиясы, Абай ұстанымы, Абай жолы қазақстандықтардың кейінгі ұрпақтары үшін құнды рухани мұраға айналғаны да рас. Сол мұра жаңғыртатын киелі мекеннің бірі – орта мектептер.
2019 жылдың 30 мамырында Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы қазақтың бас ақыны Ұлы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өту жайлы Жарлыққа қол қойды. Міне, сол жарлыққа қол қойысымен жеке кәсіпкердің өз қаражатына салынған мектеп Абай атын иеленген болатын. Абай Құнанбайұлы атындағы орта мектеп Шымкент қаласындағы Мирас мөлтек ауданынан салынған. Бұл ауданда адам саны өте тығыз орналасқан. Мектепке баратын бала саны көбейгендіктен, ауыл ақсақалдарының ұсынысымен, білім саласының маманы Лазиз Сулаймановтың тікелей қаржылық қолдауымен бой көтерген жаңа мектеп – заманауи үлгідегі білім беру жүйесіне негізделген қазақ мектебі. Лазиз Сулайманов Абай атындағы мектеп – ұлы ақынның туғанына 175 жыл толу мерейтойына арналған сый екенін айтады. ҚР Құрметті құрылысшысы, «Құрмет» орденінің иегері Низамхан Сулаймановтың бастамасымен жаңадан салынған мектепті «Абай мектебі» деп атауды ұйғарған себебі де осы.
«Бала күнімізден Абай сөзін көңілімізге тоқып өстік. «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» атты Абай ұстанымы біздің де темірқазығымызға айналды. Абай өз дәуірінің ағартушысы, ұлы ойшылы ғана емес, біздің де ұстазымыз іспетті. Жыл сайын Абай сөзімен есейіп, қаншама түлек мектеп бітіреді, жыл сайын қаншама оқушы Абай өлеңін жаттап сыныптан-сыныпқа көшеді. Демек, Абай барда, Абай өлеңі мен Абайдың қара сөздері барда – жер-жерде Абай мектептері де көбейе бермек. Осы орайда Абай мектебінің бой көтеруіне атсалысу әрбір кәсіпкердің азаматтық борышы ғой деп ойлаймын. Әрі әкем Низамхан да мамандығы басқа сала болғанымен, бізге Абайдың рухани әлемін бала күнімізден құлағымызға құйып келеді. Ұлтым өзбек болғанымен, жаным қазақ екенін осы Абай ұлағаты арқылы жастайымнан ұғынып өстім» дейді Лазиз Сулайманов.
Абай мектебі«Абайдың 175 жылдық ме­рейтойына қоғамдық ­сананы жаң­ғыртатын, бір ел, тұтас ұлт ­болып дамуымызға серпін беретін іс-шара ретінде зор мән беріп отырмыз» деген еді Президент «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында. Мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды бірнеше іс-шара ұйымдастыру ­жоспарланды. Дегенмен, әлемді жайлаған қатерлі індет біраз шараның өтуіне кедергі келтірді. Алайда еліміздің түкпір-түкпірінде Абай атын ұлықтау ісі тоқтап қалған емес. Осы күні әр облыс, аудан орталықтары мен ауылдарда Абай атын ұлықтаған іс-шаралар өтіп жатқаны белгілі. Шымкент қаласындағы Абай мектебі де Абай дәстүрін ұлықтап, Абай атын құрметтеп биылғы оқу жылын пандемия тәртібімен жалғастырып әкетті.
Қазір жаңа білім ордасында ­карантин талаптарын сақтай ­отырып, 1-3 сынып оқушылары білім алып жүр. Бір сыныпта 15 баладан отыратын кабинеттерде америкалық үлгімен қойылған парталар тұр. Яғни бір партада тек бір бала отырады. Спорт зал, футбол алаңы, теннис корты, хореография залы, екі асхана, акт залы бар мектепте 74 замануи үлгідегі интерактивті тақта, қажетті құрал-жабдықтарымен жабдықталған биология, химия және физика кабинеттері дайын.
Қазіргі таңда Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдері мен қазақ азаматтары мемлекеттік тіл – қазақ тілін меңгеруге зейін қойып, мемлекеттік тілде еркін сөйлеуді мақсат етіп отыр. Бұл – жақсы үрдіс. Лазиз ­Сулайманов «Мемлекеттік тіл – қазақ тілінің де қанатын одан әрі кең жайып, елімізде өмір сүріп жатқан барша ұлтқа ортақ тіл ретінде дамуына ешқандай кедергі жоқ» деп санайды. Айта кетейік, індет ел ішінде қатты өршіп кетіп, ауруханаларға өкпені жасанды желдету аппараты жетпей жатқан кезде, Шымкент қаласындағы кәсіпкер ер-азаматтармен бірге елге көмектескендердің де қатарында ­Лазиз Сулайманов те бар еді. Ол Шымкент қаласының Қаратау ауданындағы ауруханаға 5 ИВЛ аппаратын алып берген болатын. «Біз алған аппараттардың науқастардың жазылып кетуіне септігі тисе, елге пайдалы болып жатсақ, біз үшін ең үлкен «алғыс» сол» дейді Л.Сулайманов.

Anatili

Н.БАТЫР

1585 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы