• Қоғам
  • 16 Қыркүйек, 2020

Қазақ телеарналары және әлемдік ақпараттық кеңістік

Жылдағы дәстүр бойынша отандық телеарналар күз мезгілінде өздерінің жаңа маусымдарын бастайды. Көрермен назарына жаңа бағдарламалар мен жобалар ұсынылады. Мұның негізінде телеарналардың рейтингін көтеру, көрермендерді көбірек тарту мақсаты да жатқаны анық. Осы тұрғыдан келгенде «Біз бүгінгі отандық телеарналардан қандай жаңалық, өзгешелік, өзгеріс күтеміз? Ол өзгерістер телеарналардың сапалық деңгейін қаншалықты дәрежеде арттыра алады? Жаңа маусымда пайда болған бағдарламалардың ғұмыры қаншалықты ұзақ болады?» деген сауалдар еркісіз туындайды. Өйткені қазақ телеарналарының ­жанашыры ретінде олардың қарқыны, деңгей-дәрежесі әлемдік телеарналардың көшінен қалыс қалмағанын қалаймыз, әрине. Қанша жерден ғаламтор заманы келді десек те, телеарналардың өнімдерін тамашалайтын көрермен қауым азая қоймағаны белгілі. Қалай дегенмен, біз дәстүрлі қоғам ретінде телеэкраннан берілетін хабарларға, көрсетілетін бағдарламалар мен сюжеттерге, сұхбаттарға назар саламыз, тыңдаймыз, бағасын береміз. Жетістігіне қуанып, әттеген-айларына қынжыламыз.

«Барлығы да салыстырмалы түрде танылады» деген орыстың сөзі бар ғой. Қазір спутниктік жүйенің арқасында әлемдегі барлық ірі телеарналарды да тамашалайтын мүмкіндік мол. Кәсібіміз журналист болған соң, әлемдегі көптеген телеарналардың шығармашылық өнімде­ріне назар аударғанда қарапайым хабар қалай дайындалды, диктордың эфирде өзін-өзі ұстауы, сөйлеуі, тіл мәдениеті, сұхбат алуы, сұрақтардың қойылу стилі, әңгіменің өрбітілу мәнері, жүргізушінің эмоциясы, қас-қабағы, кейіпкер психологиясымен санасып отыруы, оқып отырған мәтінін сезінуі, оператордың ұтым­ды кадрларды түсіруі, тікелей эфир­дегі ток-шоулардың өткізілу дәрежесі, студиялардың безендірілуі, дыбыс сапасы мен тазалығынан бастап экрандағы жүгіртпелі жазулардың берілу стиліне дейін еріксіз назар аударуға тура келеді. Өйткені мұның барлығы мың сан журналистің, шығармашылық ұжымдардың жанкешті еңбегі, ізденісі, идеялары, бір-бірімен бәсекелестігі, үнемі алда болуға деген талпыныстары, көрермен назарын өздеріне аудару үшін жасаған жоба-жоспарлары. Сонда байқағанымыз, жалпы әлемде телевидение саласы қатты қарқынмен, көз ілестірмес жылдамдықпен алға кеткенін түйсінуге болады. Саясат десеңіз саясат, экономика десеңіз экономика, идеология десеңіз идеология, дипломатия, мемлекеттер арасындағы байланыстардың қарама-қайшылықтары, түрлі тақырыптардағы интрига, дау-дамай, тарих, мәдениет, экология, ғарыш саласы – қысқасы еш­қан­дай мәселе телевидение назарынан тыс қалып жатқан жоқ. Бәріне дер кезінде баға беріліп, сарапталып, тұжырымдалып, күн тәртібіндегі мәселенің соңғы нүктесіне дейін қойылып жатыр. Зейін сала қарап отырып, сол қайнаған өмірдің ішіне өзіңіз де ойша қалай еніп кеткеніңізді білмей қаласыз. Ал осының бәрін телеөнердің құдыреті демесіңізге әддіңіз қалмайды. Шын шеберлікті мойындап, қол соғасыз. Бүгінгі телеарналар мазмұндық тұрғыдан да тереңге бойлаған тәрізді әсер қалдырады. Себебі тек қана ақпарат тарату емес, ­сонымен қатар адамның ой-өрісін өсіру, таным көкжиегін кеңейту, жалпы әлем, жекелеген ұлттардың тыныс-тіршілігінен хабардар ету, мемлекеттің жауы кім, досы кім, ұлттық мүддесі қандай екенін білдіру, жаһандық көш-керуеннің қайда кетіп бара жатқанын аңғарту, Жер-Ананың тағдыры не болады, адамзат баласының басына түскен проблемалар қандай, олар алдағы уақытта қалай шешіледі, дәуірлік, ғасырлық тарихтағы жағдайларды бүгінгі көзқараспен қайта бағалау мәселесі қалай деген сансыз сауалдар мен олардың сауатты әрі терең сараптамалық жауаптары беріліп жатады...
Қолыңыздағы пульттің нүктелерін жылжыта отырып өзіміздің республикалық телеарналарға келіп ойысқанда бағанағы екпіндеген қарқыннан телеэкраныңыз ­баяулап қалып, бір мамыражай сипатқа еніп кеткендей болады. Бірінде үздіксіз жарнамалар жүріп жатса, енді бірінде түріктің, үндінің сериалдары көрсетіліп ­жатады, тағы бірінде жеңіл әзілге толы ­шоулар мен рейтинг қуалаған бағдарламалар...Сараптамалық, талдамалық дүниелерге ден қойғыңыз келеді, бірақ оларды таба қою қиынға түседі. Өйткені жиі берілмейді, күн санап күтуге мәжбүр боласыз. Көретін еш нәрсе жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуден аулақпыз. Ізденістер бар, жақсы дүние ұсынуға, татымды бағдарламалар көрсетуге қам-қарекет жасап жүрген шығармашылық ұжымдар бар. Бұл мақаланы жазуымыздағы мақсат, әйтеуір, телеарналар жұмысын жөн-жосықсыз сынап, мін таға беру емес. Еліміздің телеарналары да әлемдік дәрежеге жетсе, сол деңгейден көрінсе де ниеттестік, жанкүйерлік. Қазақ телевидениесінің кешегі кемел жетіс­тіктері мен бүгін де қолынан келетін аса зор мүмкіндіктерін ескере отырып, біз қарапайым көрермен ретінде бұл саланың әлемдік көштен кенжелеп қалғанын қаламаймыз, әрине. Телевидение – елдің мемлекетшілдік, отан­шылдық, ұлттық сана-сезімін қалыптастыра алатын үлкен күш. Мысалы, көршілес Ресей телеарналарынан орыс мүддесі айқын сезіліп, батыс елдерімен жүріп жатқан саяси тайталаста орыс білімі мен ғылымына, тағы да басқа жетістіктеріне екпін түсіріліп отырады. Олардың тележурналистері, меншікті тілшілері мен корреспонденттері әлемнің кез келген құрлығынан тікелей эфирге қосылып, сол елдегі әлемді елең еткізген жаңалықты жанталаса жеткізіп, Ресей мүддесіне қатысты дүниелер болса, тіпті саяси сарапшының да рөлін атқарып, мәселенің ақ-қарасын ажыратып, талдап-таразылап береді. Және сөйлеген сөздерінен, айтқан пікірлерін өзі орналасқан елдің саяси-мәдени өмірін, экономикалық жетістіктерін, халықтың рухани болмысы мен әлеуметтік тұрмысын өте жетік білетіні де байқалып тұрады. Сондай кезде, шіркін, әлемнің кез келген құрлығынан біздің де қазақ журналистері тікелей эфирге шығып, осылай кеңінен көсіле хабар ­таратып тұратын кез қашан туады деп іштей армандайтыныңды жасыра алмайсың. Қазақстан әлемдік қауымдастықтың лайықты мүшесі болған соң, әлемде ­болып жатқан көптеген өзгерістерге, саяси мәселелерге өзге ел журналисінің көзімен емес, сол елде жүріп репортаж дайындаған қазақ журналисінің көзімен баға беретін күнге қашан жетеміз деп те ойланасың. Қысқасы, әлемдік ақпараттық кеңістікте қазақ журналисінің салмақты сөзі, ­саяси сараптамасы дүркін-дүркін естіліп жатса, қандай ғанибет. Өкінішке қарай, отандық ақпараттық хабарларда шетелдік жаңалықтарға атүсті шолу ғана жасалып, қысқаша ғана мазмұн айтылып өтеді. Әлемдегі бүгінгі ахуалды ескере келгенде, мұндай қысқаша шолулар, өзге елдердің видеооператорлары түсіріп, журналистері дайындаған материалдарды қазақ тіліне аударып бере салу – бүгінгі заманауи қазақ көрерменінің сұранысына қаншалықты жауап бермек? Қазіргі уақытта қалың қазақ көрермені әлемдік жаңалықтарды қолындағы телефонынан-ақ біліп алады. Бірақ бұл телеарналардан берілетін терең саяси-сараптамалық дүниенің орнын ешуақытта алмастыра алмайды. Тағы бір айтарлық мәселе, жалпы біздің отандық телеарналардан көрсетілетін елдегі жаңалықтар, ол бойынша дайындалған сюжеттерге де көңіл тола бермейді. ­Жаңа­лықтар ­редакциясы корреспонденттің материалын уақыт жағынан шектей ме, әйтеуір, жаңалық ­айтыла бастағаннан-ақ асығыстық, мәселені буып-түйіп, тез-тез айтып шығу дағдысы пайда болды. Телесюжет көрсетіліп біткен соң туындаған мәселеге байланысты көкейде көп сұрақ қалып кетеді. Ресей телеарналарында мұндай сюжеттер 4-5 минутқа дейін ­жасалатын болса, қазақ телеарналарындағы жаңалықтар сюжеті әрі кетсе 2-3 минуттан аспайды. Неге асығады, түсініксіз. Содан кейін пікір беріп, сөйлеп тұрған лауазымды адамның сөзін орта жолдан үзе салу да – аса бір мәдениеттілікке жатпаса керек-ті. Пікір алған соң, тым болмағанда айтып жатқан сөйлемін аяқтатып, сюжетті бітірсе болмас па? Дикторлардың да жаңалық мәтіндерін оқуда оның ішіндегі мәселелерді бойына сіңіру, жүрегінен өткізу жеткіліксіз болып жатады. Мәтінді зуылдатып оқи салғаннан оның көрерменге әсері соншалықты жоғары болмайтыны да анық. Сонымен қатар қазақ телевидениесінің тағы бір әттеген-айы – көрермен көңілінен шығып келе жатқан сараптамалық бағдарламалар ғұмырының ұзаққа бармайтыны ойландырады. Әрі кетсе бір жылдың айналасында әлгі мақтаулы телебағдарламаңыз көзден ғайып болып, ұшты-күйлі жоғалады. Уақытша ғана дүниелерге әуестік қазақ телевидениесінде неге белең алып кетті деп қайран қаласың. Өкінішке қарай, ретингіге ғана мән беріліп, ал сол аралықта ол телебағдарламалардың тұрақты көрермені қалыптасып үлгергені ескеріле бермейді. Бұл жерден бір ескеретін мәселе – телевидение тек ток-шоулардан, әзіл-оспаққа құрылған концерттерден ғана тұрмайды ғой. Ол бұқаралық сипатқа ие ақпарат ­құ­ралы болғаннан кейін оның мазмұны да сол деңгейден табылғаны жөн емес пе. Мемлекетіміз мықты болу үшін оның телевидение саласы да әлеуетті болу керек. Осы тұрғыдан келгенде қазақ телевидениесі өз елінде ғана томаға-тұйық дамымай, әлемдік ақпараттық кеңістікке біртіндеп шыға ­бастауы керектігі, сөзсіз, қажет дүние. Шынтуайтына келгенде, қазақ баспасөзіндегі түрлі сараптамалық тақырыптарға, өзекті мәселелерге бару еркіндігі, әлемде болып жатқан халықаралық жағдайларды талдау еркіндігі қазақ телевидениесінен байқалмай отыр. Мысалы, «Көршілес елдермен геосаяси қарым-қатынастарымыз қандай, олардан бізге төнетін қауіп-қатер бар ма? Болса, ол қандай қауіп-қатерлер, екі елдің саясаттанушылары қандай көзқараста? Алпауыт мемлекеттердің саяси мүдделері, теке-тіресі қандай?» деген мәселелер қазақ баспасөзінде көбірек жазылып, көбірек талданады. Мұндай тұшымды дүниелерді қазақ телевидениесінен де естіп, көргіміз келетінін жасыра алмаймыз. Өйткені теле­видениенің әсері өз алдына бөлек. «Мың рет естігеннен бір рет көрген артық» ­деген халық даналығы осындайда айтылса ­керек-ті.
Бүгінде дамыған елдердің ұлттық ­телеарналарын қарап отырсақ, бір емес, бірнеше бағытта дамып отырғанын көреміз. Мысалы, әлемге танымал «Аль-Джазира» телеарнасы – халықаралық телекомпания саналады. «Аль-Джазира» телеарна желісіне – «Аl Jazeera» – араб тіліндегі халықаралық жаңалықтар арнасы; «Al Jazeera English» – ағылшын тіліндегі жаһандық ақпараттық арнасы; «Al Jazeera Documentary Channel» – араб тілінде деректі фильмдер ұсынатын арна; «Al Jazeera Mubasher» – саяси арна; «Al Jazeera Children’s Channel» – балаларға арналған арна; «Baraem» – араб тілінде мектепке дейінгі балаларға арналған арна; «Al Jazeera Balkans» – серб тіліндегі халықаралық арна. Ал Қытай елінің атақты «CCTV» телеарнасы да осындай бірнеше тармақтардан тұрады. Американың «CNN» компаниясы әлемде тұңғыш рет 24 сағат бойы жаңалықтар беру тұжырымдамасын ұсынды. Бүгінде «CNN в США», «CNN в России», «CNN в Европе» деп жіктеледі. Әлемнің 30-ға жуық елінде «CNN» компаниясының халықаралық бюросы бар. Қысқасы, бүгінгі сіз бен біз өмір сүріп отырған заман – әлемді телеарналар ­жаулап алған заман. Олар үшін кез келген мемлекетті ақпараттық зеңбіректің астына алу да түк емес. Ұлттық қауіпсіздіктерін де көздің қарашығындай сақтайды.
Қазақ телевидениесі мұндай дәрежеге қашан жетпек? Әрине, бәрі де бір күнде бола салмайды. Ол жағы түсінікті. Бірақ әлемдік дәрежеге жету жолында қазақ телевидениесі әлі де болсын нақты қадамдар жасамағандай әсер қалдырады. Тым болмағанда, әлемді аузына қаратқан танымал саясаткерден сүбелі сұхбат алып, «Пәленше-түгенше саясаткер қазақ телевидениесіне берген сұхбатында былай депті» деп дүниежүзінің ақпарат құралдары шулап қоя беретіндей болса, мұның өзі қазақ телевидениесі үшін мәртебе болар еді. Әрине, мұның бәрі арман. Қазақ телеарнасының жанашыры, тұрақты көрермені ретіндегі намыс отына шыжғырылған арман. Қайткен күнде, қазақ телеарналарының әлемдік ақпараттық кеңістікте екпіндеп алға шығатын күнін көрсек дейміз. Бұған мемлекет ретінде күшіміз де, әлеуетіміз де жететініне сеніміміз жоқ емес.
Жалпы қазақ телевидениесінің елдегі демократиялық жаңғыртуларға, халық­тың рухани-мәдени өрісін кеңейту­ге, аза­маттардың құқықтық сана-сезімін, құ­қықтық мәдениетін қалыптастыру­ға, қоғамның рухани деңгейін көтеруге қосар үлесі мен ықпалы мол болуы керек. Әлеуметтік өмірдің психологиясын, бол­мысын қадағалап, ондағы өзгерістерге сауатты баға беріп, артық-кем тұстарын ­таразылап, ақ пен қарасын ажыратып беретін тегеурінді ақпараттық құралдың бірден-бірі – телевидение екені ешқандай талас тудырмайды. Бүгінгі ақпараттық ­заманда бәсіміз жоғары болып, тұғырымыз мықты болу үшін, ақпараттық түрлі «соғыстарда» дербес ел, тәуелсіз мемлекет ретінде есеміз кетпей, ұпайымыз түгел ­болуы үшін әлемге өз сөзімізді өзіміз айтуы­мыз керек. Демек, қазақ телевидениесі өзге елдердің теле-ақпараттық бәсекесінде шаң қауып қалмай, жер-жаһанда қазақ телевидениесі де қарқынды түрде өсіп, дамып келе жатқанын көрсете білуі керек.

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ,
«Ақиқат» журналының
бас редакторы

1858 рет

көрсетілді

132

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы