• Әдебиет
  • 16 Қыркүйек, 2020

ҚҰДІРЕТТІ ҚҰБЫЛЫС ҚҰПИЯСЫ

Дүниеде драмалық шығарманы оқығаннан азап нәрсе жоқ. Қиын процесс. Драматургия – ұжымдық еңбектің бастауы. Толыққанды спектакльді көрмей, бәрібір көңілің көншімейді. Драматургиялық ансамбльді сезініп, шығарманың табиғатын тұтастай ұғынғанға не жетсін?! Әйтсе де, дарынды драматург Роза Мұқанованың Қазақстан Республикасының 2020 жылғы әдебиет пен өнер саласы бойынша Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған пьесалар жинағын демімді ішіме алып отырып оқып шықтым.
Мұның сыры неде? Тіл мен стильдің ұшқырлығында ма? Әлбетте! Мұны салған бетте мойындайсың. Алайда шетінен шешен адамдардың әрлі әңгімесін ауылында жастайынан құлағына құйып өскен, ­жазушы әкесінің ең бірінші оқырманы болып, сөз өнерінің қыр-сырына қанып өскен Розаның бұл қасиеттерін бұрыннан білмеймін бе? Оның несіне таңғалып отырмын? Гәп басқада жатқанын ішім сезеді. Бірақ ол не, бәсе?! Ұзақ ойландым. Ақыры таптым. Айтайын-ау, бұл – Роза драматургиясының алтын діңгегі.

Олай дейтінім, Роза бағзы заман дра­матургтерінің байламына бағынып жұмыс істейтіндігіне көзім анық жетті. Көп құпия осы жерде көміліп жатыр. Бұрын «режиссер» деген ұғым шықпай тұрған кезде драматургтің өзі осы функцияны атқарғанын жақсы білемін. Гете мен Лессинг сияқты алыптардың өзі драматургиялық дүниелерін театрдың ашылуынан әлдеқайда бұрын жазған. Театр тапшылығы тұсында екеуі де шығармаларын өзі режиссер, өзі ­актер болып отырып жазғаны тарихтан белгілі. Пьесаның оқылуы үшін!
Роза сол жанкешті драматургтерді есіме түсірді. Ол сахнаны көріп отырып, көріп отырға­ныңыз не, жүрегімен сезініп отырып жазады екен. Ол кейін режиссердің теңтуындыгер болуына алдын ала барлық жағдайды жасап отырып жазады екен. Ол рөлдерді сомдайтын артистердің эмоциясы мен темпераментін ескере отырып, өзі әр рөлді ойнап отырып жазады екен. Содан да мен оның пьесалар жинағын шаршамай оқып шыққан екенмін. Бұл өз алдына.
Бұған қоса, Уақыт пен Кеңістікті ерекше сезінгенімді қайда қояйын?! Содан да болар, «Сарра» драмалық шығармалар жинағын оқып шыққаннан кейін өткен ғасырдың аяғындағы оқиғаларға экскурс жасап кеткеніме таңғала қоймадым. Екі аралықта көсіліп жатқан ширек ғасыр ішіндегі талант тағдыры талай нәрсені еске түсірді: Сөз бар ма, 1996 жылы «Мәңгілік бала бейне» пьесасы алғаш рет Әкемтеатрда қойылып, әлі күнге дейін қазақ театрларының сахнасынан түспей келе жатқаны біздің тарихымыздағы сирек жайт екеніне ешкімнің дауы жоқ. Енді мына «Сарраға» да алғашқы пьесаның ғұмыры бұйыратынына ешқандай күмән қалмады.
Розаның құлдыраңдап жүрген қыз кезінде жазған «Мәңгілік бала бейнесін» оқыған жұрт аузын ашып, көзін жұмғанын әлі ұмыта қойған жоқпын. «Міне, талант!» дей тұра, оның бойындағы асқан дарынның қайнар бастауы неде екенін ешкім бажайлап жатпады. Зиялы қауым да. Биліктегілер де. Сүт бетіне шыққан қазақ интеллигенциясы жас талантқа таңдай қағудан әрі аса алмады. Бірді-екілі түйенің үстінде кетіп бара жатып айтыла салған «непредметный разговор» болмаса, қазақтың әдеби ортасында резонанс тудырған, жаңа туған ай секілді тың үрдіске сол кезде терең баға берген ешкім есімде қалмапты. Ал тоқсаныншы жылдардың орта тұсында билік басындағылардан салиқалы сөз есту сараң байдың етегіңе салып беретін бір уыс бидайын дәметкенмен тең еді. Ұзын сөздің қысқасы, Роза талантының сырына ешкім терең үңілмеді. Үңілсе, «Ақыл тоқтатып үлгермеген отыздағы балаға Мемлекеттік сыйлық берудің жөні жоқ» деп билік төңірегіндегілер шала бүлініп, шалшыққа түсер ме еді?!
Қолымызды жүрегімізге қойып айтайық, сол кезде Розаны Роза қылып тұрған контрасқа толы қос қасиетті көретін көз болмады! Барды бағалауға өреміз жете қоймады! Өкінішті! ­Десек те, бұдан Розаның ештеңесі кеткен жоқ. ­Рас-ау, талантты адамның атақ үшін арпа­лысуға уақыты да, ындыны да болмайтыны бесенеден белгілі. Шығармашылықтан ­шырайын тапқан Роза шабытты жылдарын уысынан шығармай, туындыларының қатарын толассыз толтырудан танбады. Басқасын айтпа­ғанда, ұлы Мұхтар Әуезовтің әңгімесін сахналап, айды аспанға шығарғаны әдеби ортада таусылмайтын жырға айналғаны әлі есімде. Талант өзінің атын шығару үшін емес, ең ал­­дымен, өркениеттің ең басты міндеті: ха­лық­ты ойлай білуге үйретумен айналысаты­нын дәлелдеп берудің жарқын мысалы осы болар. Енді, міне, жиырма жылдан аса бере Роза бізді тағы да талантына тізерлетіп қойды. Өмірге «Сарра» спектаклі келді. Философия­лық астарды ашу үшін ғажап психологиялық иірімдерді шебер қиюлас­тырған жазушы-драматургтің дәл осы еңбегі енді бізді оған терең үңілмесімізге мүмкіндік қалдырмағаны да – басы ашық әңгіме. 11 қыркүйек күнгі «Егемен Қазақстан» газетінде өзім құрметтейтін қаламгерлердің бірі Оңайгүл Тұржан көлемі шектеулі шағын мақаласында Розаның әр туындысын терең талдаудың жолын тауып, индукциялық ойдың үйренерліктей үлгісін көрсетіп беріпті. Сондықтан да оның бәрін қайталаудан қаша отырып, барынша дедукциялық ой қорытуға құмартып отырғанымды жасырғым келмейді.
Сонымен... Роза Мұқанова феноменінің сыры неде? Недесі сонда, жалпы өмірде адамның бойынан бір мезгілде табыла кетуі өте қиын, бірі болса, бірі болмай діңкелетіп қоятын, әсіресе шығармашылық адамына ауадай қажет киелі қасиеттер сол кезде де, қазірде де Розаның бойынан табылып тұрғанында.
Айтары жоқ, қайран, жиырма бесте жастық қасиет (иә, иә, жастық та қасиетке жатады) тұрмақ, жастықтың өзі жалындап тұратыны – заңдылық. Бірақ сол өрімдей жас адамда даналық бола ма? Ақылмандық бола ма? Айта алмайсың. Әрине, бұл – кездейсоқтық емес. Жаратылыс солай. Оңды-солын танып, ақыл тоқтатар кезде ше? Сөз жоқ, адам біткеннің бәрі алпысқа келіп, ақылман болып кетпейді. Ата сақалы аузына түскенше ақыл қонбай кеткендер қаншама?! Бірақ бұл енді басқа тақырып: тағдыр тәлкегі. Ал құдай о басында сана берген адамға даналықтың соқпай кетуі – сирек жағдай. Дегенмен, бұл шақ жастық қасиеттен ада болатын кез екеніне де қарсы шыға алмайсың. Дауласу қиын, бұл – «бірі кем дүниеден» де асып кететін ақырзаман құбылыс. Осындай бір сызықтың бойында кездесуі тіпті мүмкін емес екі қасиеттің адам бойында өмір бойы болуы екіталай.
Десе де, жаратылысы бөлек жазушы Роза Қажығалымқызы қос қасиетпен әлі күнге дейін қоштаспағанын байқау қиын емес. Үнемі бірге. Қай кезде де. Осыдан ширек ғасыр бұрын да. Қазірде де. Жазушы-драматург амплуасын айқындап тұрған осы құдіретті құбылыс оның мәңгілік бойтұмарындай көрінеді. Жасағанның шеберлігінде шек жоқ. Құдай берген қасиетті одан әрі дамыта білген Роза феноменінің күретамыры осыдан нәр алып тұр. Айтары жоқ, данагөйлігі болмаса, адам отызға жетпей әлемдік масштабтағы ­кесек тақырыпты жеріне жеткізіп жаза ала ма? Салиқалы жасқа бет бұрған кезде ­бойында жастық қасиеті қалмаса, қанша жерден ақылгөй болса да, жастықтың қадірі мен күш-қайраты туралы философиялық тұшымды туынды тудыра ала ма? Жоқ. Бір анық: баяғы жас Розада ақылмандық қасиет болғанын, қазіргі парасатты Розада жастықтың оты өшпегенін жазушы-драматургтің әр кезеңде жазылған атышулы екі туындысы дәлелдеп тұр. Автордың адами қасиеттері оның жазушылық шеберлігін айқындайтыны – толағай тренд. Өйткені драманың адам жанын селт еткізер тылсым күші дәл осы автор жаны мен шығарма қанындағы ақық органикада жатқанына бас қатырудың қажеті жоқ.
Ойымызды «Сарра» арқылы өрбітейік. Бас кейіпкер Саррада Ибрагим пайғамбарға қарсы сөз айту салты табиғатынан болмағаны белгілі: «Иә, пайғамбарым! Хақ Тағаланы сен қалай сүйсең, мен сені дәл солай сүйем. Ол – әділ! Ол – мінсіз! Ол ешкімнен туылмады, ол ешкімді тудырмайды! Сенің Тәңірің сені сүйгендіктен мені саған жұп етті. Ол менің де Тәңірім! Сен осыны ұмыттың? Ажарды мен жұп еттім саған, пайғамбарым! Жанымның жомарттығы, көңілімнің пәктігі, сезімімнің ақтығы, иманымның хақтығы деп түсін. Ажарды мен қостым саған!». Сарра Ажарға да әкіреңдеп әңгіме айтпайды: «Қандай ажарлы едің, Хаджар! Ажар десем ше? Сен менің сүйегіме дақ салмайтын, өрісімді кеңейтіп, дәулетімді асыратын ажарым болсайшы!». Дәл мұндай сахналық сылбыр ситуация көрсем, көзім шықсын? Характерлер конфликті қайда? Драматург Ақиқатты осылай іздеуші ме еді? Ең аяғы, интригасыз драма болған ба?
Болады екен. Таңғалмасқа шара жоқ, автор өмір шындығын ашу үшін конфликтіні сырттан іздемейді, басты образдың ішкі аласапыран сезімі мен гуманистік ақыл-ойынан іздейді. Роза Мұқанованың аталмыш пьесасындағы басты конфликт кейіпкерлердің қақтығысына құрылмай, Сарраның өзінің жан дүниесіндегі рухани арпалысқа негізделгені – ұлттық драма жанрындағы соны ізденістің жемісі. Осы тәсіл арқылы ол драмалық шығар­мадағы ең басты компонент болып табылатын конфликтіні жоғары деңгейге көтеріп әкеткен. Автордың дәл осы шешімі өмірдің шындығын көрсетумен шектелмей, одан да биік тұрған Ақиқат категориясын анықтауға ұмтылған. Пьесаның ең басты құндылығы осында жатыр. Керек десеңіз, Роза жолы – түрен түспеген тың соқпақ. Осы дүниетанымдық әлем оның драматургиялық стиліне айналып үлгергені – қазақ театр өнерінің жаңа сапалық сатыға көтерілгенінің айқын белгісі.
Адам жанының ішкі мүдделері мен қасиеттерінің қақтығысына құрылатын кең тынысты коллизияға қашанда құштар Роза Мұқанова «Сарра» пьесасында Ақиқатқа жаңа жолмен жеткені – туындыгердің ең басты тылсым тапқырлығы. Адамдар арасындағы дәстүрлі тартыстан гөрі адам жанының өз әлемінде қым-қиғаш қарама-қарсылыққа толы аласапыранмен аласұрып арпалысуы – суперконфликтінің заңғар нүктесі. Розаның аталмыш шығармада парасатқа толы психологиялық түйінді шеберлікпен шешкені ең алдымен қуантады. Олай дейтініміз, дәл осының астарында өмірдің талай Ақиқаты ­жатыр. Контрасты қасиеттерді басты кейіпкердің ішкі әлемінде тиімді типтендіру арқылы драматург Сарраны монументальды образ деңгейіне жеткізе білген. Дау жоқ, бұл – шеберліктің шыңы.
Роза Сарра образын сомдау арқылы біз өмірде жиі қолданатын «жақсы адам» мен «жаман адам» деген ұғымдардың мүлдем дұрыс еместігін дәлелдеп отыр. Шынында да солай: біреуге жаман көрінетін адамды басқа бір пенде өз идеалындай қабылдайды. Бір адам адалдықтың эталонындай бағалайтын кісіні бөтен біреу иттің етінен жек көріп тұратыны тағы рас. Сондықтан да кез келген адамның іс-қимылы дәл сол кездегі оның көңіл күйі мен эспрессивтік деңгейіне байланысты болатыны – басы ашық ақиқат. Міне, Роза осы моментті дөп баса білген. Драматургтің идеялық шешіміне қателіксіз апаратын анық жолды қапысыз таба білген авторға сондықтан да риза боласың.
Сарраның жан дүниесіндегі конфликт адам бойынан табылатын Кеңдік пен ­Тарыну категорияларына құрылғаны – Розаның ең бастапқы ұтқырлығы. Драмада Кеңдік категориясы Ибрагим пайғамбарға деген Сарраның адалдығы арқылы әдемі өріледі. Ал Тарыну категориясы Ажарға деген қызғаныш сезімімен сабақтасып жатыр. Сарраның ішкі жан дүниесіндегі осы антогонистік емес екі сезімнің алма-кезек арбасуы монолог арқылы да, диалог арқылы да көрерменнің өмір ­туралы ойлануына, адамның өзін өзі тануына тәрбиелейтіні – драма авторының ең басты творчестволық ерлігі.
Осының бәрі Розаның тарихи оқиға мен конфликт характеріне деген интеллектуалдық және эмоционалдық көзқарасының дұрыс қалыптасқанын білдіреді. Автор аталған шығарманы жазуға бірден отыра салмаған. Бір қарағанда пьеса фабуласы – ғасырдан ғасырға келе жатқан аңыз болмаса да, көзі ашық, көкірегі ояу адамның көбі баяғыдан білетін мистерия жанрындағы сюжет. Сөз арасында айта кеткеннің артықтығы жоқ, өз шығармасына атүсті қарайтын авторға да осылай көрінетіні – айтары жоқ ­аксиома. Ал Роза мұндай оңай жолдың түпкі нәтижеде опа бермейтінін о басынан ұққаны – ­басыбайлы батыл бастама. Оның абырой әпермейтін әдістен саналы түрде бас тартқаны пьесаның өн бойынан байқалады. Көз қиығын салғаннан сезесің, ­Розаны ­мистерия жанры тіпті де қызықтырмаған. Парадокс ­сонда, тарихты әрлі-бері төңкерген (бір ғана мысал: «Қожалар» мақаласы) автор алып отырған сюжетіне емес, сол сюжеттің ішкі мәнін, дәлірек кестелесек, жанның ішкі иірімдеріндегі адами қасиеттердің арпалысын ашуға ат басын алабөтен бұра білген. Дәл осы мүлтіксіз мүдде оның жазушылық кредосының кіршіксіз қалпын бұл жолы да сақтап қалғанына қатты қуандым.
Айтары жоқ, Роза – алғашқы әңгімесін жазған он екі жасынан бүгінгі күнге дейін Ақиқатты іздеп келе жатқан сақа суреткер. Керек десеңіз, оған осы абыройынан асқан атақтың да керегі жоқ. Сондықтан да өзі шыққан биіктен енді төмен түсуді қаламайтын Роза қашанда өзінің өмірлік философиясын іздеуден жалықпайтынын аталмыш енбегінде де шегелей түскен. Қарсы дау айту қиын, бұл – сарқылмайтын таланттың, тайғанамайтын табандылықтың жарқын үлгісі. Ғабит Мүсірепов пен Андре Моруа секілді керемет психологтарды айтпағанда, әйел жанын әйелден артық кім ұққан?! Дей тұра, драматург үшін әйел жанын ұғу аздық етеді. Сол нәзік жанның бүкіл болмысы мен табиғатын өнер арқылы айшықтау, тіпті сол арқылы ойдың биігіне жету үшін әйел міндетті түрде ақылман болуы тиіс. Бұл – қадап айтар басты қағида.
Моруа демекші, Андренің атақты №9837 афоризмі еске түсіп отыр: «Женщина может быть личностью или вещью. Она – личность, если не испытывает зависимости от человека, которого любит, если она хозяйка своих суждений и планов, своего тела и мыслей. Она – вещь, если позволяет обращаться с собой как с вещью, может быть прекрасной и драгоценной, но не имеющей собственной воли, подчиняющейся желаниям и капризам хозяина, – нечто вроде приятного блюда, утоляющего голод». Міне, осылай! Әйел, әсіресе сөз киесіне құлдық ұрған әйел бар нәрседен азат болуы керек. Тұлға болуы үшін! Басқа жұртты тамсандыруы үшін! Оларды тіршіліктің шым-шытырық ережелеріне бағынудан бөлек, өзгеше өмір сүруге тәрбиелейтін менторлық дәрежедегі Тұлға болу үшін! Тағы бір анық: Роза – осындай зәу биіктікті бағындырған қайраткер. Ширек ғасыр бұрын көзімізге көрініп тұрған құбылысты түсіне алмағанымыз да осы Тұлғаның тылсымға толы сұлу да таза жаны мен ішкі әдемі әлемі құлпының кілтін таппағанымыздан болғанына бәс тігемін. Әлі де сол сиқырлы кілттің қайда жатқанын жыға танып, жете сезініп тұрғанымыз да шамалы.
Өйткені тылсымға толы тереңдіктің түбіне жетіп, құдіретті құбылыс құпиясына толық және түпкілікті жету қашанда арман болып қалары хақ. Даналық диалектикасының драматургиясы қашанда мәңгілік бала бейнесінде жұмбақ болып қалатыны да сондықтан! Бұл – таза таланттың мәңгілік тартылыс күші! Құдіретті күш! Оқырман мен жазушы арасындағы гармония салтанатын бедерлейтін осы қуатты күшке қашанда қол соғып жүрудің өзі де бір бақыт екенін осыдан кейін барып білесің!

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ

1321 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы