• Тұлға
  • 16 Қыркүйек, 2020

КЕМЕҢГЕРЛІКТІҢ КӨКЖИЕГІН АШҚАН

Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ,
Мәжіліс депутаты

Әбіш Кекілбаевтың туғанына сексен жыл толған тойы айта қалғандай, ұзақ уақыт айта жүретіндей дүркіреп өтті . Өз қадірімізге өзіміз жететін ұлағатты ұлтқа айналғанымызды сонда тағы бір сезіндік. Президенттің Ақтауға арнайы баруының өзі неге тұрады! Жазушының ескерткішін ашып, салиқалы сөз сөйлеуі барша жұртты толқытқанына Әбіш атын алған алаңда куә болдық, бәріміз тебірендік. Сол тойға орайлас Мереке, Есенғали, Ғарифолла інілерім қыздың жиған жүгіндей етіп шығарып берген көптом­дықтардың, энциклопедияның қатарында Сауытбек Абдрахмановтың «Абыз Әбіш» атты кітабы да қомақты тарту болған еді. Бұл да бірлігіміздің, елді­гіміздің жарасымды жоралғысы еді.

Кітапты жазуға автордың үлкен дайындықпен кел­генін жақсы білемін. Қалай дейсіз ғой? Батыс Қазақстан, Атырау облыстарының әкімі болып жүрген жылдарымда сол кезде «Егемен Қазақстанның» басшысы қызметін атқарған Сауытбек газеттің жұмысымен (оның бас басылымды он алты жыл бойы басқарғаны, таралымын екі жүз мыңнан асырғаны баршаға белгілі) жыл сайын күз айларында жүйелі түрде келетін де, екеуміз дәйім ықыластана кездесіп жүретінбіз. Көңіліміздің жарасып кеткені сондай, Сәкеңнің облысқа сапары жұма, сенбі күндеріне орайласуын, екі күнде бар шаруасын жайғастырған соң жексенбі күні, яғни қолға тиетін жалғыз демалысымызда бейресми бас қосуларымыз болуын қалап тұратынмын. Табиғатқа шығатынбыз. Маған гитарамен ән салғызатын. Өзінің қолынан келетіні арғы-бергіден қозғап, неше түрлі әңгіме айту. Сол кездесулерде Сауытбек реті келген тұста өмірде алға тұтар ұстаздарын сөз ететін. Олардың қатарында бәрінен бұрын Әбіш ағасын ауызға алатын. Әйтеуір, Әбекең туралы түбі бір жазатынын сол кездің өзінде шамалайтынмын. Сондықтан да оның атақты қаламгердің ойшылдығын ашып көрсетуді мақсат еткен, әжептәуір көлемді кітабын қолға тиісімен қызыға оқып шықтым. Шыны керек, қайран қалдым. Білеміз ғой, бар жазғанын шыққанын шыққанынша оқып отырдық қой деп жүрген біздің өзіміздің Әбіш туралы білмейтініміз біраз екен. Жоқ, біраз емес, көп екен. Әбіш тіпті адам айтса сенбейтіндей терең екен. Автордың еңбегіне қатты сүйсіндім. О баста мақала жазу ойым болмағаны рас. Әуелде кітап жайындағы ойларымды Парламент Мәжілісіндегі бірқатар әріптестеріме айтып көрдім. Пікірлескен азаматтардың бәріне де ортамыздағы ардақты замандасымыздың кітабы өте ұнапты. Осы еңбек арқылы онсыз да қатты қадірлейтін Әбіш ағамызды одан сайын аспандата ардақтай бастағандарын білдіріп жатты. Олардың арасында баспасөз бетінде кітапқа пікір білдіруімді ұсынғандары да болды. Парламенттің қат-қабат шаруасынан қол да тие қоймады. Мына індет те есті шығарып жіберді ғой. Сөйтіп жүргенде кітаптың Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың бәйгесіне түсіп жатқанын естідім. Одан кейін іріктеу ­турынан өткен еңбектердің тізімі ­газеттерде ­жарияланды. Ендігі жерде үндемей қалудың жөні жоқ көрінді. Қолға қалам алғаным ­содан. Меніңше, мұның еш артығы жоқ. Неге десеңіз, кітап, (таза салалық ғылыми зерттеулерден басқалары, әрине) ең алдымен, қалың жұртшылыққа, яғни сан алуан мамандық иелеріне арнап жазылады. Қаламгердің еңбегіне қаламгер ғана пікір білдіретін болса, ол еңбектің халықтық сипаты қандай сонда? Оның үстіне мен өзімді әдебиеттен, өнерден алыс адам санамайтыным тағы бар. Бұлай ­дегенде жұқалтаң жыр кітабым шыққанын, өлеңдеріме жазылған әндер де орындалып жүргенін айтып тұрғаным жоқ. Сөздің қадірін бір адамдай біле аламын дегенді айтқалы тұрмын. Бұған Әбіш ағаның да қатысы бар.

Сауытбек Абдрахманов
Өміріңе өзгеше әсер етіп, тағдырыңа тікелей ықпал жасайтын адамдар болады. Өзім үшін орны бөлек сондай қымбат жандар әр саладан-ақ табылады. Мектеп бітірген соң біздің өңір үшін аса қажетті мамандықты қуалап, Уфаға оқуға түскеніммен, соған сай бүкіл өмірім мұнай, газ жағына бұрылып кеткенімен, бала күннен өнерге, көркем сөзге құмар күйде өскенім бар еді. Бұлай болуына ерекше өрнекті күйші-домбырашы ретінде елге кеңінен танылған, бірнеше күйді нотаға түсіргізген, ұл-қызын әнге әуес, күйге құмар етіп өсірген аяулы анам да көп жағдай жасады. Анам мектепте оқып жүргенімде бізге екі кісінің есімін жиі айтып отыратын. Олардың бірі Әбіш Кекілбаев, екіншісі Фариза Оңғарсынова еді. Аттары жастай шыққан сол кісілердің жазғандарын қалдырмай оқитынмын. Мектепте жүр­генде, одан кейін өлеңді үзбей жазатынмын. Оларым аудандық, облыстық газеттерге де шығып жататын. Атырау өңіріне аты мәлім қаламгер Төлеген Берішбаевпен жарысып жарияланатыным есімде. Мұнайдың маңында көптеген қызмет атқарып, бірте-бірте жұмысым жоғарылап, Алматыға ауысқанымда Әбіш ағам мен Фариза апаммен жақын танысып, араласып-құраласа алдым, өзара сыйластығымыз ол кісілер өмірден өте-өткенше жалғасты. Әр кездескен, әр әңгімелескен сайын Әбіш ағаның соншалықты таусылып бітпейтін ұлан-байтақ біліміне таңданатынмын. Әсіресе оқығанының бәрін ұмытпайтын ғажайып жадына қайран қалатынмын. ­Айналасынан тек жақсылық көретін, ­талантты туындының талайына ақтарыла, қуана мақала жазып жататын қасиетіне де разы ­болатынмын. Әлемдік деңгейде ой толғайтын кең құлаштылығы, қай сөзін де тек елдік, мемлекетшілдік тұрғысынан айтатын аса биік өресі соншалықты сүйсінтетін.
Кітап тоғыз тараудан тұрады. «Ұлылық үлағаты», «Мәдениет мәйегі», «Өнер өрісі», «Тіл тартысы», «Тәуелсіздік толғауы», ­«Тарих тағылымы», «Әдебиет әлемі», «Өлке өрнегі», «Төрт толғау» деген аттарынан ол тараулардың жазушы шығармашылығының қандай қырларына арналғанын анық көреміз. Сауытбек Әбіш Кекілбаевтың ­«Жазушы» баспасынан жарық көрген ­жиырма томдығын, баспасөздегі жарияланымдарын, «Сыр десте» атты бес томдық публицистикасын түп-түгел сүзіп шығып, барлығын таразыға тартып, тоғыз тарау толғауында қамтып өткен. Сол тараулардың әрқайсысында Әбекеңнің жаһан тұрмақ, ғаламды қамтитындай кең құлаштылығы, нені жазса да, не жайында айтса да мәселенің бар сырын біліп барып, тереңнен тартып толғайтын қасиеті, ой тереңдігін сөз зергерлігімен әрлейтін шеберлігі жақсы ашылған. «Кекілбаевтың зерттеуші зердесіне зейін салдық» деп өзі айтқанындай, Сауытбек Әбіштің «интеллектуалды парасаттың жиынтық тұлғасы» ретіндегі қымбат қырын көрсетуге баса назар аударған. Әбіштей ойшыл туралы арнайы кітап жазған автордың өзінің ойшылдығы да кісі қызығарлықтай. Мәдениет жайындағы толғамдарды тарата келіп, Сауытбек: «Тойымсыздың баюы мүмкін емес. Оның бақытты болуы да мүмкін емес. Өйткені оның бақыты – байлығы. Ал ол байыса да байыдым деп ойламайды», деп ой түйеді. Ал бұл түйінге Әбіштің «Мәдениет – өмір сүру өнері» деген бір ауыз сөзі қозғау салып жіберген. Бір ауыз сөз демекші, автор Әбіштің қанатты сөзге айналғалы тұрған талай сөзін жіпке тізіп шыққан. Айталық, сонау 2002 жылы кітап авторына берген сұхбатының бір тұсында ­жазушы көсіле сөйлеп отырып: «Қуды-қашты әңгімеге құлақты жаман үйрете бермеген дұрыс. Құлақ бұзылса, құлық бұзылады» деп ­салады. Сонда сұхбаттасушы Сауытбек сөзді амалсыз бөліп: «Әбеке, мына айтқаныңыз дайын тұрған мақал екен...» деп қалады. Қазіргі уақыт ол сөздің қаншалықты дұрыс­тығын көрсетіп беріп отыр ғой. Қуды-қаштыдан құлақ тұнатын болды, содан құлық бұзылып тынатын болды. Әбіштің «Бағалай білмегенге бақ тұрмайды, қуана білмегенге құт қонбайды» деген сияқты талай сөздері бүгінгі күнде сілтемесіз пайдаланылып жүр. Қаламгер бағының ең бір баяндысы да осы – авторлығынан айырылуы, сөзінің өзінен кетуі, халыққа халықтың сөзі болып жетуі. Жоғарғы Кеңес Төрағасы, яғни елдегі екінші адам болып тұрған жерінен аяқ астынан Парламент тарайтын кезде айтқан «Аттан түскен ақырет емес. Тақтан түскен тақсірет емес. Өзіңнің басыңнан бақ ауса да, еліңнің басынан бақ аумасын» деген сөзі де Кекілбаев кеңдігінің бір көрінісі болатын.
«Бір бойында жазушының, ақынның, драматургтың, аудармашының, мемле­кеттік қайраткердің, саясаттанушының, тарихшының, философтың, мәдениет­танушының, өнертанушының, әлеумет­танушының, публицистің, журналистің, шешеннің таланты тамаша тоғысқан, соның бәр-бәрін далалық данышпандықтың қайнарынан суарған Әбіш Кекілбаевтың шын мәнінде феномен құбылысқа жататыны қазірдің өзінде талас тудырмай­ды» дейді кітап авторы. Ағасының қымбат қасиеттерінің бәрін Сауытбек әбден жеріне жеткізе талдапты, жазған, айтқан терең ойларының бәрін інілік ізетпен, бөлекше құрметпен түсіндіріпті. Әбіш Кекілбаевтың прозасы жайында әдеби сын да аз жазылмаған, диссертациялар да қорғалған, «Абылай хан» драмасы, өлеңдері жөнінде де аз сөз етілмеген. Осыны ескергендіктен, автор қаламгердің бұрын арнайы түрде көп зерттеле қоймаған тарихи баяндарына, мәдениеттанушылық зерттеулеріне, өнер, әдебиет, саясат туралы ой-толғамдарына, туған жері Маң­ғыстаудың өткені мен бүгініне арналған еңбектеріне баса тоқталады. Ең алдымен оның ойшылдық қасиетін ашуға ұмтылады. Сол мақсатына Сауытбек толық жеткен. Мұны басын ашып айту керек. Абдрахмановтың кітабынан кейін біз Кекілбаевтың шын мәніндегі кемеңгерлігін анық көріп, Әбіш ойының тереңдігін бұрынғыдан да айқынырақ ашып, бұрынғыдан да жақсырақ біліп отырмыз. Әбіштің сексен жылдығына елордада берілген аста қазақ сөзінің бүгінгі бір биігі Әнес ­Сарай ағамыз айтқан «Әбіштің ұлылығын шындап тану Сауытбектің осы кітабынан басталады» деген ойдың еш артығы жоқтай көрінеді маған. Әбіштің данышпандығы жайында бұл кітапқа дейін де ауық-ауық айтылғанымен, Кекілбаев кемеңгерлігін арнайы кітап жазып тұрып, оның талантының алуан қырын (айтқандай, Әбіштің барша қырын алдымен нақты-нақты атап, ­санамалап өтіп, «Кекілбаев кеңістігі» деген мақала жазған Қуаныш Сұлтанов болатын, оны да Сауытбек қадап айтып өтеді) осыншалықты тиянақтылықпен дәлелдей тұрып ашып көрсеткен, мыңжылдықтар тоғысында біздің топырақтан дүние дидарына әлемдік масштабтағы тағы бір ғажайып ойшыл қосылғанын толық танытқан еңбек Абдрахмановтың осы кітабы болды дейміз. Әр нәрсені өз атымен атау жөн. Әр нәрсенің бағасын өз уақытында берген жөн. Бұл кітап бізді өзіміздегі алыптарды алдымен өзіміз тануға, содан кейін әлемге лайықты танытуға үндейді. Тіпті сондай үлгіні көрсетеді деу де еш артықтық етпес. Мен Сауытбектің кітабы орыс тілінде, кейіннен, бәлкім, басқа тілдерде де шығатынына сенемін. Оны оқыған басқа жұрттың адамдары қазақ қаламгерінің Жаратқан Иеден бөлекше қабілет біткен ерекше жан екенін білетін болады. Әбіш өмір бойы талмай ізденумен өткен, гуманитарлық саладағы ілім-білімнің барлығын дерлік меңгерген, соның арқасында көркем сөздің де, көсем сөздің де классикалық үлгілерін қалдырған шын кемеңгер. Бұл кітап арқылы Әбіш феномені ойшылдыққа о бастан бейім далалық даналықтың заңды жемісі екенін тағы да көріп отырмыз. Бұл біздің баршамыз үшін үлкен олжа. Кітапқа жазған алғы сөзін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: ­«Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Алаштың әлем алдындағы бетке ұстар ірі тұлғаларының бірі» деген бағасы қазақ әдебиетінің классигі, данышпан ойшылымыз, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың қадір-қасиетін дәл танытады» деп бастауының мәні зор. Бізге Әбіш сияқты әлем алдында бетке ұстауға келетін ірі тұлғалар керек. Ондай тұлғаларды алдымен өзіміз тануымыз керек, өзіміз таныған соң барып бүкіл әлемге ­танытуымыз керек. Ұлттың рухани байлығын жасаған ұлы тұлғалардың қатарынан Әбіш Кекілбаев лайықты орын алады. «Қазақ халқының әлемдік өркениет биігіне көтерілу жолындағы ең жарқын жеңісте­рінің қатарында Кекілбаевтың шығар­ма­шылығын алға тоссақ, еш жерде, ешқашан қысылмайтын боламыз. Қайта мақ­танатын боламыз» дейді Сауытбек ­Абдрахманов. Сан түрлі себептерге ­байланысты біздің жаһандық жарысқа материалдық байлықпен қосылуымыз қазірге қиындау да шығар, бірақ рухани байлық жағынан қандай бәйгеге де қысылмай қосыла аламыз. Рухани байлығы мол халық асты да, үсті де қазынаға толы мынандай ұлан-байтақ жерде отырып, тазалықты, туралықты ұстана отырып, қалайда материалдық байлығын да мол ете алады. Осы кітап соған сендіреді. Бұл кітап біздің өзімізге сенімімізді арттыра түседі. Бұл кітап біздің ұлттық мақтаныш сезімімізді күшейте түседі. Ал ұлттық мақтаныш сезімі – ұлт темірқазығы.
Сөзімнің соңында мына жайды да айтпақпын. Кітап авторы өзінің өмір жолын Әбіш Кекілбаевтың өмір жолына ұқсатуға тырысқанын көреміз. Университет бітірген бетінде «Әбіш Кекілбаев кинода істейді ғой, ондай кісі біледі ғой» деп киноға барған. «Социалистік Қазақстанға» шақыру алғанында Әбіштің де редакция қызметкері болғанын ойлаған. Партияның Орталық комитетіне де «Әбіш ағам да он жылдай ЦК-да қызмет істеді ғой» деп барған. Мәдениет министрінің бірінші орынбасары кезінде алдымен Өзбекәлі Жәнібеков, кейіннен Әбіш отырған кабинетте отырған. Одан соң Әбіш басқарған бас газетті басқарған. Ал қазір Әбіш ағасы депутат болған Парламентте... «Маған осының бәрі тектен тек қиюласпағандай көрінеді. Қайткенде де ес білгелі Әбіш ағаны қаламгер ретінде де, қайраткер ретінде де, адам ретінде де алдыма ұстап, үйренерлік үлгі тұтып келгенім анық. Үлгі тұтып өтетінім де анық. Үлгі үйренем дегенге Әбіш Кекілбаев – өзгеше өнеге» дейді өзі. Автор үздік үлгіден үйрене білген. Содан да Әбіштің өмір жолындағы бар белестердің бірінен кейін біріне көтеріліп келеді. Онда Сауытбектің енді Әбіш ағасы бағындырған тағы бір биікке көтерілуін тілейік.

1227 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы