• Қоғам
  • 16 Қыркүйек, 2020

ҰЛТТЫҚ ІС-ҚИМЫЛ ЖОСПАРЫ

Сәрсенғали ӘбдіманаповСәрсенғали Әбдіманапов, Қазақ экономика, қаржы және
халықаралық сауда университетінің ректоры, Жоғары мектеп халықаралық ғылым  академиясының академигі

ҚР Президентінің бұл жолғы халыққа Жолдауы – үлкен стратегиялық маңызы бар құжат. Ендігі мәселе – оны орындау. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әр сала бойынша не істеу керегін айтып, көрсетіп берді.
Жеке өз басым қос палатаның біріккен отырысындағы ҚР Президентінің халыққа Жолдауындағы үш мәселеге тоқталғым келіп тұр.

Біріншісі, өзіме етене жақын білім саласына қатысты үздіксіз білім беруге ерекше мән берілді. Әлемдегі қалыптасқан жағдайға байланысты елімізді де тығы­рыққа тіреп отырған қазіргі онлайн білім беру жүйесіне қатысты мәселеге өзінің сыни пікірін айтты. Ол мәселе бізге бұрыннан таныс, айтылып та жүр. Сол жайларды тиянақты шешуге бағытталған ұсыныс Жолдауда: «Азаматтардың сауаттылығы мен цифрлық біліктілігін арттыру мақсатында Үкіметке Үздіксіз білім беру тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырамын. Бұл құжатта бейресми білім берудің баламалы нұсқаларын көптеп енгізу, өз бетінше оқу нәтижелерін ­мойындау, кәсіби дағдыларды сертификаттау мәселелерін қарастыру қажет. Сонымен бірге біз кәсіби білім берудің бүкіл жүйесін еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар қалыптастыруға бағыттағанымыз жөн» деп нақтыланды.
Екінші, жергілікті өзін-өзі басқару. Бұл бағытта заң бола тұра, іс-жүзінде формальдық етек алып келеді. Басқару жүйесіндегі кері ахуал ел экономикасына да кері ықпал етіп, жемқорлықтың орын алуына жол ашады.
Үшіншісі, ұлттық құндылықтар мә­се­лесі. Мемлекет басшысы келешек адал, бі­лімді, кәсіпке бейім ұрпақ тәрбиелеу ісіне араласуды барлық қоғамдық институт­тарға жүктеді. Парламент өз ­тарапынан Президенттің тапсырмаларының заңдық тұрғыда тұжырымдалуын жан-жақты қарайтын болады.
Ел экономикасын ілгерілетуге атса­лысуда біздің экономика саласындағы мамандар даярлайтын жоғары оқу орны болғандықтан, назарымызды ау­дартатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда айтқан: «Ғылым саласын дамыту туралы да айтқым келеді. Бұл мәселе бойынша бізге тың көзқарас пен жаңа тәсілдер керек, сондай-ақ халықаралық тәжірибеге арқа сүйеуіміз қажет. Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлуді тапсырамын. Ғылымды қаржыландырудың және қолдаудың маңызды көзі – ірі кәсіпорындардың, әсіресе шикізат саласындағы компаниялардың қаражаты» деген тапсырмасын орынды қолданысқа енгізу керек. Өнеркәсіпті дамытқымыз келеді. Оған білікті маман керек, ол үшін өндіріс орындары өз қаражатынан мамандар әзірлеуде белсенділік танытуы жөн. Бұл тәжірибе бұрын болған. Тек кейін игі­лікті істің жолына кедергі келді. Бұл ба­ғыт­тағы жұмыс жанданады деп сенемін. Өйт­кені Жолдауда: «Еліміздің халықаралық аре­надағы экономикалық мүддесін белсен­ді түрде ілгерілетіп, ұлттық мүддені қорғауда сындарлы ұстаным мен кәсіби біліктілік таныту керек. Қазақстанның игілігі үшін Еуразия экономикалық одағының және «Бір белдеу, бір жол» жобасының зор мүмкіндіктерін барынша пайдаланған жөн» деп атап көрсетілді.
Әлемде қалыптасқан жаңа ахуалда елге инвестиция тартып, отандық тауарлар мен қызметтерді экспортқа шығару Үкімет үшін басымдыққа ие ­болып отырғаны анық. Сол себепті ­«Астана» халықаралық қаржы орталығының әлеуетін тиімді пайдаланған жөн. Қаржы орталығы нақ қазіргі жағдайда тікелей және портфельді инвестициялар тартуда негізгі құралына айналуы тиіс. Елдегі жағдайды тұрақтандыруда ауқымды істерді халық игілігіне айналдыру билік пен халық бірлігінің нышаны болуға тиіс. Сондықтан да Жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаев: «Түйіндей келе айтарым, жалпы ішкі өнімнің абстрактілі өсімімен жұртты қуанта алмаймыз. Халыққа тұрақты жұмыс орындары, қолайлы жол, ауруханалар мен мектептер, сапалы азық-түлік керек.
Экономикалық реформалар азамат­тардың табысын арттырып, тұрмыс сапа­сының жоғары стандартын қамтамасыз еткенде ғана өзін-өзі ақтап, қолдауға ие болады. Осыны әрдайым есте ұстауымыз қажет» деді.
Президенттің Жолдауын эконо­микалық тоқырауды жеңудің ұлттық іс-қимыл ­жоспары ретінде қабылдауымыз керек.
Жолдауды мұқият оқыған әр ­Қазақ­стан азаматы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың іске асырып жатқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырым­дама­сымен тығыз астасқанын анық бай­қайды. Демек, Жолдау мақсаты – қазақ­стан­дықтарды мазалаған ең көкейкесті мәселелерге құрылып, азаматтарға ­мейлін­ше сапалы қызмет ететін адал билікті құру.

741 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы