• Әдебиет
  • 16 Қыркүйек, 2020

ӘБЕ

«Сүлейменнің де басынан ауған бақ кімнің басынан аумайды дейсің. Бірақ Сүлеймен­нің басынан бақ ауғанмен, даңқ ауды ма? Соған қарап-ақ, бақ – аз ғана күн тірші­ліктің ырызығы да, ал даңқ – ұлан-асыр мәңгіліктің несібесі екенін біле беруге болмай ма?»

Әбіш Кекілбаев
«Аңыздың ақыры» романынан

«Қазақ әдебиеті» газетінің сол кездегі бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы мақала жазуға тапсырма берерде ылғи да әдебиет алыптарының жазуынан, өмірінен өнеге келтіріп, ойында жүрген, «осының оң жамбасына келеді-ау» деген тақырыпты алыстан қайырып, ауызға салып бергендей болар еді. Тәуірлеу сөздің басын құрай алмай қиналған сәттеріңде редактордың әлгі айтқан мысалы көмекке келетін де, сөйлемдер қиялыңда тізбектеліп, мақаланың дап-дайын нұсқасы көз алдыңда тұра қалатын. Әр сөздің астарына ұзақ үңілетін ұстаздың сондағы ойы ақ қағазға түскен әрбір жолға кие деп қарауды үйренсін дегені екен ғой.
Жұмыс кабинетінде әдеттегідей қағаздан бас көтермей, алдында жатқан жазбаны тағы да қып-қызыл ғып шимайлап тастаған бас редактор бір жолы Әбдіжәміл Нұрпейісов жайлы сыр шертті. «Қан мен тердің» бірінші кітабын Аралда аяқтап болған соң, Алматыға келген бойда қаламгерді Тахауи Ахтанов пен Зейнолла Қабдолов іздеп барыпты. Сонда Зейнолла: «Жазғаныңды оқы, тыңдап көрейік те» депті. Бірнеше сағат бойы екеуі тапжылмай тыңдағаннан кейін Зейнолла ризалық кейіппен қоштасыпты да, ал Тахауи үндемей кетіп қалыпты. Келесі күні таңертең Тахауи есік қағып тұр дейді. «Сол Кәленді, сол Судыр Ахметті, сол Еламанды бала жасымнан мен де естіген едім. Ештеңе айтпай кеткенімнің себебі сол» деп, жазушының қолын алған екен. «Бұны «белая зависть» дейді. Ол кездегі адамдар сондай еді ғой. Өзінен дарыны асып тұрғанды іштей қызғанғанымен, артынан талантты мойындайтын» деп еді сонда редактор.
Жазушыларды сөз қылғанда жай пенде емес, әлдебір қасиет туралы айтып жатқандай толғанып, тебіренетін ұстаздың осы бір мысалы сол кезде аңыздай әсер еткен.

***

Ілгеріректе, бала күнімізде ауыл үлкендері қандай да бір игі ісімен көзге түскен, атағы шыққан адам туралы түрлі аңыздар құрап, аузының суы құрып тамсанып айтып отырушы еді. Өзгеден бұрын өздері соған имандай сеніп, сол адамның әлдебір оқиғасы есіне түскенде «Ол ондай емес, былай болған» деп, бірінің білмегенін бірі түзеп, толықтыратын. Сондайда «отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге жайы­лып», онсыз да танымал әлгі жанның беделі одан сайын дүркірей түсер еді. Халықтың өзі-ақ өз ішінен шыққан төл перзенттерін осылай өсіріп отыратын. Бұның жазбақ болған мақалаға қандай қатысы бар деп те ойлаған боларсыздар. Анау айтқандай қатысы жоқ та шығар, бәлкім. Өйткені жазбақ болған жанның атақ-абыройы отыз рулы елден әлдеқашан асып, төрткүл дүниені шарлап кеткені қашан. Ендігі оған атақтың да, басқаның да құны көк тиын. Біздікі тек кейінгі ұрпақ өкілі ретінде ғасырлар шежіресін арқалап жүрген абыз ақсақалға деген ілтипат қана.
«Қазір тұлғалардың соңынан аңыз ермейді. Олар әбден сақ болып алған. Аңдаусыз сөйлеуден, аңғармай әрекет етуден өздерін тыяды». Біздің заманымыздың өкілдері жайында әлдебір дуалы ауыздан шыққан осы бір сөздің салмағы қандай екенін кім біліпті. Бұрынғы ұлылардың алдын көріп үлгерген ұстаздарымыз олардың қызықты мінездерін айтып отырар еді. Сол мінезімен олар басқалардан айрықша көрінетін. Ал, бет ажарын айтпағанда, күн көрісі, киім киісі мен өзін-өзі ұстауына дейін біріне-бірі ұқсап кететін қазіргі заман өкілдеріне қарап, «бірдейлік» дегенді осы жерде қолдануға болар екен-ау деген ойға қаласың. Әлеуметтік жағдайы бір басқа дегенмен де, қазіргі көптің бір-біріне ұқсайтын тұстарын санамаласаң, табыла береді. Бәлкім, бұл әр дәуір адамдарының өзіне тән ұқсастықтары болатынының көрінісі шығар. Бұндайда әркімнің өз ерекшелігі болмаушы ма еді дейсің. Әйтсе де, елден асқан ерекшелігімен шыққан әлдекімді көріп, кеше ғана «апырым-ай» деген жұрт бүгін «сондай да болып па еді?» десе, таңғалмаңыз. Осындайда елдің есінде қалу міндет болмағанымен, ұрпаққа үлгі боларлық мінездің де ­керек екенін айтқан бұрынғылардың даналығына қайран қаласың.
Адам жанының қатпар-қыртысын түгел ашқан кім бар. Тіпті өзгені ­былай қойып, уақыт өткен сайын артыңа бірауық көз жіберіп қарағанда өз-өзіңе бөтен бола бастағаныңды байқайтын кездер болады. Әр кейіпкерден өзіңді көріп, өзіңе тән мінезді танығанда жазу­шылық деп аталатын кәсіптің ­адам­зат үшін қаншалықты маңызы ба­рын аңғара түсесің. Қанша уақыт өтсе де әдебиеттің әуелгі мұраты өзгермепті. Қаламға серт берген суреткер адам жан дүниесіне, тағдыр-талайына бейжай қарай алмайды екен. Әбдіжәміл Нұрпейісов туындыларына бейіл қой­ған оқырман осыны аңғарар еді. Жазушы шығармасына бойлаған сайын оның өзі де көп айта беретін ұлы теңіз­дің жағалауына жұпыны қайы­ғың­мен шығып алып, орта тұсына таяғанда ескегіңді есе алмай, тұңғиыққа ­батып бара жатқандай дәрменсіз күй кешетініңнің сыры неде екен. Ондағы қарапайым кейіпкерлердің күрделі тағдырын игере алмаудан емес, «өмір­дің адам баласына соншалықты аяусыз болғаны ма?» деген ойға қалудан именесің.
«Қан мен тер» романы жарық көргелі қанша уақыт өткенімен, оның кейіпкерлері көзге соншалық ыстық ұшырасады. Тірліктен бірде-бір ­рахат көрмесе де алдағы күнінің амалын ойлап, маңдайынан аққан терді сүртуге шамасы келмей ылғи да азапты күн кешіп жүретін жандарды роман тарауларынан кездестіре бересің. Олардың бойынан сондай бір өжеттік көрмегеніңмен, өмірдің қандай қатал сынақтарынан өтіп жүріп ақыр аяғында құламай қалған күрескер жандарды танисың. Романның негізгі кейіпкері Еламан да дәл сондай күрескер адам. Бай ауылдың жылқысын баққан бала күнінен бастап, жаңа заманды орнату мақсатында қолына қару ұстайтын ­азамат шағына дейінгі өсу жолында ертеңгі күнді көру үшін үнемі күресіп жүреді. Оның күресі баяғының батырларындай жауға жалғыз шабатын көзсіз күрес емес, «келер таңның тыныш атқанын көрсем ғой» деген бейкүнә арманнан туған теңдік үшін күрес. Әділдіктің орнауын Құдайдан ғана тілеп, қол қусырып отыра берсең мұратыңа жету мүмкін бе?.. Қаншама уақыттан бері байлардың қамшысы арқасында ойнаса да үнсіз бас изеуді ғана білетін көнбіс адамдардың тағдырына қарап, бұндайдың әсте мүмкін емес екенін түсінесің. Суға кетіп бара жатқан адам да жүзе білмегенімен, өзін құтқару үшін соңғы рет малтып қалмаушы ма еді. «Қан мен тер» кейіпкерлері патша үкіметі құлаған соң уақытша үкімет орнап, әлем ақтар мен қызылдар боп бөлінген тұста екі дәуір ортасында тұрып жаңа заманнан үміт етеді. Бұрынғы тіршілігіне әбден үйренген халықтың өмірдің қиындықтарын көре-көре соңында бойкүйездіктен арылып, әлдебір үмітке иланғанына куә боласың. Кейіпкерлер санасының қалай өскенін көресің. Ең үлкен күрес, өзгеден бұрын, өзіңмен күрес, өзіңді жеңсең ғана өмірдің қатал сынақтарынан өте алады екенсің. Еламан, Кәлен, Ақбала, Мөңке, тіпті Тәңірберген сынды кейіпкерлердің ішкі толғанысынан осыны аңғарасың. Романды оқи отырып, кей тұстарында өмірді қатал деп қанша күстәналағаныңмен, асылында өмір емес, адамдардың өзі бір-біріне аяусыз емес пе деген ойға келесің. Осылардың арасынан суырылып шыққан ілуде-бір Еламан, Кәлен сияқты жандар ғана сеңді бұзып, халықты оятуға тырысады.
Еламан мен Кәлен халық мінезінің көрінісі, қазақ адамының жанды ­образы. Екеуі барлық сынақтарға төзіп-төзіп келеді де, әділетсіздіктің шегіне жеткен тұсында ғана бас көтереді. Бұл, бәлкім сырт көзге шектен тыс көнбістік құсап көрінуі мүмкін. Бірақ оның астарында сабыр, төзім сияқты халыққа тән қасиетті құндылықтар жатыр. Егер қазақ көнбіс жұрт болса Еламан, Кәлендер өзінен күші де, білімі де басым Тәңірбергендерге ешқашан қарсы келмес еді. Жазушы сол кездегі әдебиетті меңдеген социалистік реализм шеңберінен шығып кеткенін өзі білді ме екен. Бұнда озбырлыққа ішкі қарсылық, еркіндікке ұмтылыс бар.
«Қан мен терді» Шолоховтың «Тынық Донымен» салыстырып жатады. Екеуі де өз халқынан бағасын алып, ұлы туынды дәрежесіне көтерілгелі қай заман. Бірақ бұндағы оқиғалар кей тұстарда ұқсағанымен, жазудағы мақсат бөлек сияқты. Шолохов өзінің сұхбаттарында «Тынық Донды» ­жазуды 1925 жылдан бастағанын және Дондағы революция туралы роман оның алдындағы тарихынсыз түсініксіз болып қаларын аңғарғанын айтыпты. Содан кейін барып шығарманың оқиғасын жоспарлауға, материал жинап, өңдеуге бір жыл жұмсаған жазушы 1926 жылдың соңына қарай роман оқиғасын соғыстан бұрынғы бейбіт жылдарға ауыстырыпты. Шолохов революция жайлы жазуды мақсат еткен. Ал Әбдіжәміл Нұрпейісов соғыстан еліне оралып, Аралдың шаң топырағын табанымен кешіп жүргенде жиырма үш жаста екен: «...Сол күні кешке қарай Арал қаласында тұратын жақын ағасы – Байғабылдың үйіне кеп түсті. Сол бойда столға отырып, қолына іліккен бір жапырақ қағазға «қан мен тер» деп тұңғыш рет түсіріп еді. Өзінің аз ғана халқының болашақ бақыты үшін қаны мен терін төккен ата-бабалар жайында күндердің күнінде сәті түсіп шығарма жаза қалса, оның атын дәл осылай атармын-ау деген ой бала жігіттің басына алғаш рет сол ­арада келіп еді». Бұл классик жазушының «Қан мен тер» қалай жазылғаны ­туралы естелігі. Кез келген жазушының жазудағы мақсаты болады. Жазу – жазғың келгендіктен емес, белгілі бір мақсаттан туатын сияқты. Құдайдың өзі соны жазу керектігін жазушының қаперіне сап отыратындай.
«Қан мен терде» ақтар мен қызылдар­дың соғысы негізгі оқиға емес. Ақ ­патша құлап, жаңа үкімет орнағанда енді бостандыққа жеттік пе деген қазақ халқы алда бұрынғыдан да қатал сынақтың күтіп тұрғанын қайдан білсін. Ел арасынан әскер жинау туралы заң шыққан соң ғана жұрт жаңа үкіметтің де ескіден айырмашылығы жоғын түсінеді. Романды оқи отырып, соғыстың қазақ халқына тигізген зардабын сезінесің. Еламанмен бірге майданға аттанған Райдың тағдыры осыған дәлел. Рай сол кездегі қазақ жастарының орындалмай кеткен арманының көрінісіндей. Елінен алыс бөтен жерде көз жұмып, басында белгі де жоқ жалғыз төмпешік боп қалған оның тағдыры шарасыздық күйін меңзейді.
Оқырманды бөлек толғандыратын Тәңірберген образы. Трилогияның үшінші кітабы «Күйреудің» аудармасын «Дружба народов» журналына жібергенде бас редактордың орынбасары, сыншы Леонид Теракопян оқып шығып, жазушыға хат жолдапты: «Кітап сөз жоқ сәтті шыққан. Онда қапысыз жазылған ұтымды сәттер өте көп. Бірақ өз басым бүкіл бөлімнің ажарын ашып тұрған Тәңірберген басындағы ақтық сахналар деп білем...». Адам баласының жаны шығарда бүкіл өмірі бір сәтке көз алдынан өтеді деседі. Тәңірберген өткен өмірін ойлап, артына көз жібергенде ­басынан ұшқан баққа сене алмайды. Сонда ғана өмірдің философиялық мәнін түсініп, пұшайман жейді. Қиындық көрмей, байлыққа малданып жүрген кезінде нені ойлап еді. Өз мүддесін ғана көздейтін. Ал оның соңғы сәтте басынан кешкендерін Еламан, Кәлендер күн сайын сезінетінін ол білген жоқ. Тек соңында ғана дүниенің шынайы бейнесін көрген соң, оны қабылдай алмайды. «Біреуге ор қазба, өзің түсесің» деген халық даналығы бар. Тәңірберген өзінен төмен халыққа жасамаған зәбірі жоқ, айлакер, сұм кейіпкер. Еламанды абақтыға қаматқан, Ақбаланы жарты жолда тастап, өзімен-өзі бейбіт тіршілік кешкен балықшы ауылды екіге бөліп, араздастырған да сол Тәңірберген еді. Дүние тұрғанша ­басынан бақ таймастай көр­ген ол соңында осынау тірлігінің баян­сыз­дығына көзі жетіп, өмірден күйрей жеңіледі.
Романның ажарын аша түсетін, оқырманды қызықтыратын образдың бірі Судыр Ахметтің образы. ­Судыр Ахметтің образы – мәңгі өлмес ­образ. Халық барда ылғи да арасынан шығып, дүниені қай кезде де екі түрлі қабылдайтын адамдардың барын жадыңа салып отырады. ­Судыр Ахмет секілді өмірді соншалық жеңіл қабылдайтындар ел арасында қашанда болған, бола да беретін шығар. Кейде Судыр Ахметтің жеңіл мінезіне ызалансаң, кейде оның осылай жаратылғанына жаның ашиды. Бұндай адамдар ешқашан өзін өзгерте алмайды және оған тырыспайтын да сияқты. Қарны тойған жерден тамақ ішіп, ауыл-аймақты кезіп өсек теретін қасиетсіз тірлігі оларға қолайлы. Одан басқаға шамасы жетпейтінін өзі де білмейді. Қолы тиіп кеткен істі үнемі бүлдіріп жүретіні де содан болса керек. Ал соған ұқсас Қарақатын образы роман басталғаннан-ақ адамды тарта түседі. Қазақ әйеліне тән биязы қылығымен емес, бетпақтығымен оқырманға ой тастайды. Мінезді өзгертуге болады деген тұжырым да кей кезде күмәнді ма дерсің. Кім білсін, кісі бойына ананың сүтімен сіңген айықпас әдет қашан көзің жұмылғанша өзгермейтін де шығар. Қарақатынның қызы Балкүмістің де анасынан айнымай қалған мінезі бар еді ғой.
Асылында, кез келген шығармада бас кейіпкер мен жанама кейіпкерлер жүреді. «Қан мен тер» романындағы әрбір образ бас кейіпкерге ұқсап көрінеді де тұрады. Олардың әрқайсысының ешкімге ұқсамаған өз тағдыры бар. Арал теңізінің жағалауында ешкіммен ісі жоқ, өз-өзімен күн кешіп жүрген аз ғана шоғыр балықшылар ауылының адамдары Еламан, Ақбала, Мөңке, Сүйеу қарт, Судыр Ахмет, Кәлен, Дос, Қарақатын, тағы да басқа кейіпкерлер бүгінгі қазақ әдебиетінің өлмейтін образдарына айналып үлгерді. Оның себебін күрделендіріп, әр жақтан іздеудің керегі де жоқ-ау. Жазушы өзінің туып-өскен топырағын, көзбен көрген, бала жасынан көңіліне түйген тірі адамдарды қаламына арқау етіпті. «Еламанның кейбіреулерге сылбырлық сияқтанып тұратын ұстамдылығы, көрінгенге көкі­регін аша бермейтін тұйықтығы, сырт көзге қой аузынан шөп алмайтын момын кісідей сезілетін ұяңдығы мен ұялшақ­тығы, не істеп не қойса да іштей елеп-екшеп, сананың сарабына сап жүретін сараб­далдығы, ең азы отының басына деген ықыласына дейін өз басымнан кешкен өмі­рімнің дәлме дәл көшірмесі болма­ған­мен де, мен үшін айрықша жақын құлық пен қылық секілденеді де тұрады» депті автор.
Шығарманы қайталап оқығанда өзге емес, алыстағы өз ауылыңда қалған Сүйеу қарт секілді қытымыр да қайсар қария, Еламан секілді ақжүрек ағаң мен Судыр Ахмет сияқты ауыл-аймақты кезіп, тыным таппай жүретін әпенденің бары есіңе түседі. Балалығыңның куәсі болған оларды қалайша ұмытуға болады. «Қан мен тер» сияқты шығармалар өзің үшін айрықша ыстық болған сол адамдарды жадыңа салып, ұмыттырмай тұратындығы үшін де құнды.

***

Үлкен ғимараттың төртінші қабаты­ның қызметкерлері әдеттегідей өзінің қарбалас тірлігіне кірісіп кеткен. Қабылдау бөлмесінің қоңыр есігі қашан ашылар екен деп күте-күте дегбірім таусылып, сүйретіліп барып кабинеттегі орындығыма жайғастым. Іште қобалжу болғанда аяғым баспай қалатын әдеті. Фотографқа алдын ала ескерткеннен кейін бе, біршама уақыттан соң: «Шығып келеді» дегенді айтып, бірге баруымды сұрады. Әлденеден құр қалардай ышқынып жеткенде қасындағы адамның демеуімен төменге асықпай түсіп барады екен. Әр сөзін жадымда сақтап қалу үшін артынан ілесе бердім. Сөзін бөлмейін деп, соңынан жүре бергенімде сыртта күтіп тұрған көлікке де таяған еді. Фотограф «барсаңшы» дегеннен кейін суретке түсу үшін шыққаным есіме түсіп жүгіріп бардым да: «Сізбен фотоға түсуге бола ма?» дедім. Жымиып, қолын ұсынды.
Бұл менің көзі тірі классик ­жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовпен екінші рет кездесуім екен. Алғаш рет «Қазақ әдебиеті» газетінде жүргенде Еркін (Еркін Жаппасұлы, «Қазақ әдебиеті» газетінің сол кездегі бас редакторының орынбасары) ағаның кабинетінде отырғанында көргенмін. Енді қазір жүздескенде, ол кезде де сырттай қарапайым ғана маған «бөтен» қарияның өзімнің алыс ауылымдағы қарт атамдай соншалық ыстық ұшырасқаны есіме түсті. Қазір де солай. Бәлкім, әуелден туысымыздай боп, кей мінезін жеңе алмай ылғи да өз-өзімен арпалысып жүретін қарапайым да қайсар, адал әрі айлакер, сұлу да сұрқай кейіпкерлердің өміріміздің ажырамас бөлігіне еніп кеткенінен кейін оларды жазған жазушыны да бөтен санамаған болармыз, кім білсін.

***

«Қандай да жас талапкердің ойлаған мұратына жетуі үшін: әуелі – дарын, содан соң оқу-білім, оңды көзқарас, ең ақыры – табанды мінез керек» депті жазушы Мұхтар Мағауин. Дәл осы қасиеттер Әбдіжәміл Нұрпейісовте бар екен. Классик жайындағы естеліктерді оқып, осыған көз жетті. Құдай берген дарынымен, терең таным-түйсігімен, сезімтал ақ жүрегімен және қасиетті сөз өнеріне қапысыз тер төккен табанды мінезімен даңқ баспалдағына көтерілген суреткерді мұратына жеткен бақытты адам деп айтуға болатын шығар.

Нұрлайым БАТЫР
«Ana tili»

 

2857 рет

көрсетілді

6

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы