• Қоғам
  • 16 Қыркүйек, 2020

ҰЛТ ЖОСПАРЫНЫҢ ТІРЕГІ – ӘДІЛЕТТІ ҮКІМЕТ

Бибігүл ИманғазинаБибігүл Иманғазина,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Бибі-Ана» қайырымдылық қорының президенті

Джон Кеннеди «Елім маған не істеді деп емес, мен еліме не істедім деп сұра» деген екен, ал менің оқымаған анам «Жақсылықты әуелі адал еңбегіңмен отбасыңа жасауға тырыс, отбасыңнан ауыссаң көршіңе, ауылыңа жаса, әрі қарай деңгейің жетсе еліңе жаса» деп отыратын.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының Халқына жолдаған Жолдауын отбасымызбан тыңдадық та риза болдық, енді телефон қолымыздан түспей, талдап жатырмыз.

ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ БОЛАШАҒЫН ОЙЛАП, БІЛІКТІ, БІЛІМДІ, ПАРАСАТ­ТЫ, ОЙЛЫ, АЛЫС-ЖАҚЫН ЕЛ­ДЕРДІҢ СЫРЫ МЕН ҚЫРЫН ЖАҚ­СЫ БІЛЕТІН, ТӘЖІРИБЕСІ МОЛ, ТЕКТІ АЗАМАТТЫҢ ҰЛЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ КЕМЕЛҰЛЫНА СЕНІМ БІЛДІРІП, ҚОЛДАУ КӨРСЕТКЕНІ ҮШІН ЕЛБАСЫМЫЗ НҰРСҰЛТАН ӘБІШҰЛЫНА РИЗАШЫЛЫҒЫМДЫ БІЛДІРІП, АЛҒЫС АЙТАМЫН.

Нұрсұлтан Әбішұлына өкпем жет­кілікті-ақ еді, бірақ шындықпен бетпе-бет келгенде, өкпеге биігімнен қарайтын мінезімнен айныған емеспін...

Қазақстанның үлкен өзгерістерге бет бұрғанына қуанамыз, жер-жаһанды жалмап жатқан, адамзаттың есінен кетпес мына індеттің өзі өмірімізге басқа қырынан қарауға үйретіп жатыр.

Президентіміздің жолдауы ­туралы айтылып жатқан бар пікірге қосыламын, тек бір азаматымыздың «Президенттің қазақшасына үш деген баға қоямын» дегеніне келіспеймін. Мен жазушымын, өз тілімді жақсы білемін, сондықтан да мен Президен­тіміздің қазақшасына бес деген баға қоя аламын.

Қай Елге көрсетсең де «Қазақтың Президенті осындай» деп мақтануға болатын Президентімізді енді сынға ала бермей, қолдау көрсетейік. Қазақтың классик жазушысы Әбдіжәміл Нұр­пейісов айтқандай «Қасым-Жомарт ­Кемелұлы­ның туының астына ­жи­налайық, ­ха­лайық!». Бұл енді жағым­паздық емес, немере-шөберелеріміз өмір сүретін Қоғам үшін мың ойланып, мың толғанып жасаған тұжырым!

Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан­дай, ауыл өлмешінің күнін көріп отыр. Күн сайын ауыл-аймақтардан келіп жататын хаттарды оқып қана қоймаймын, сол бойда шешуге тырысамын. Бірде-бір адамның үкіметтен заңсыз ештеңе талап етпейтініне көзім жетті. Дені сау адамдар екі қолына бір күрек таба алмай жүрсе, мүгедектер төрт жылда үй ішінде жүретін, жеті жылда көшеге шығатын қоларбасын, тағы-тағыларын кезінде ала алмай сергелдеңге түсіп жүреді.

Үлкенді-кішілі шенеуніктер бұл мас­қаралықты білсе де білмеген болып жүре береді. Бұл масқаралыққа да ­тыйым салатын солқылдақ емес, мығым заң керек!

Халықтың ештеңеге қолы жет­пейді, сосын өздеріне тиесіліні алу үшін де пара беруге мәжбүр болады. Менің бір танысым «Әшейін бір анықтама алу үшін бір коньяк немесе бір қорап тәтті апармасаң, мың сылтау айтып, сандалтып қояды» дейді. Бұл сұмдық па – сұмдық! Адам емес малдың құлағын саңырау ететін алуан түрлі сұмдықтар туралы күн сайын естіп, бір өліп, бір тіріліп отырамыз.

Ұрлықтың үлкен-кішісі болмайтынын бала отбасынан, мектептен ғана емес, қоршаған ортадан да көріп, сезініп өсуі керек.

Жақында мүгедек аналардан хат алдым. Бірнеше жыл кезекке тұрып алған үйін, мүгедек анасы қайтыс болса, үкіметке қайтарып беруі керек екен. Бұл қандай заң?! Мүгедек аналар мүгедектіктің бар тауқыметін тартып жүрсе де, ешуақытта балаларын жетімдер үйіне өткізбейді.

Мүгедектердің балаларына қалды­ратын басы ауыс пәтері, дүние-мүлкі жоқ, осындай заңның қабылдануын қолдаған депутат-аналардан не үміт, не қайыр?!

Асырауында балалары бар мүгедек аналардың Қоғамын құру үшін көп ойланып, көп толғандым. Өз басым көз жасын көлдетіп жүретіндерді мүгедек болсам да қолдамаймын. Сондықтан да өзім жақсы көретін «Мүгедек болса да қолдарына балық емес, қармақ беру керек» деген қағидаға сүйеніп, кенеттен мүгедек болып қалған ана­лар­дың балаларының жоғары білім алуын қаладым. Бұл маған оңай болған жоқ, ақылы бөлімге түсетіндей балл жинаған балалардың ақшасын төлеп, оқуға түсіріп, әрі қарай, жақсы оқитындарын грантқа ауыстырып, ректорлардың табалдырығын тоздыра жүріп, төлемақыларын төмен­детіп берулерін өтінетінмін. Әлі де солай, «Алтын белгімен» мектепті аяқтаған, әкесі мүгедек балаға грант берілмегені туралы Қасым-Жомарт Кемелұлына хат жазуға мәжбүр болдым.

Кез келген қайырымдылықтың ар­қа­­сында бір есеп-қисап тұратынын мойындап өскен балалардың санасын өзгертуге әруақыт тырысып жүреміз. Оларға «Жаным, енді ең болмағанда он адамға қайырым­дылық жасап жүрсең, еңбегіміздің далаға кетпегені» деймін.

Мемлекетіміз әр отбасынан ­құ­ралса, әр отбасы, ең алдымен, ауру баласына ерекше көңіл бөледі. Асы­­рауында балалары бар, кенеттен мүгедек болып қалған аналар үкіметтің ерекше қарауында болуы заңды! Отыз жылда мыңдаған мүгедек аналармен жүздестім, олардың мұңы өзімнің мұңым болды, қуанышы өзімнің қуанышым болып келеді. «Мүгедектердің тыныс-тіршіліктерін мендей білетін бір адам жоқ» дегенді енді аузымды толтырып тұрып айтуға толық құқым бар.

Мүгедек ата-анасын сүйрелеп, жоқтық­тың зардабын тартып өскен балаларға анасынан қалған пәтерінен айырылу есебі жоқ соққы болатыны анық! Ойсыз шығарылған заңның өзгертілуіне Қасым-Жомарт Кемелұлы ықпал етер деген сенімдемін.

Қазақтың «Ет бұзылса тұз себер­сің, тұз бұзылса не себесің?» деген нақыл сөзі біздің ел билеп отырған жем­­­қор­­ларға, прокурорлар мен соттарға арнал­ғандай.

Қазаққа әділеттіліктің күні әзірше алыс болып тұр, бірақ әділеттің орнайтынына Халықтың сенімі мол.

Он жасар баланың ауру анасына сорпа жасап беру үшін ұрлаған тауығы сол ауылдың полициясының тауығы болып шыққанын «Назым» деген хи­каятымда жазғанмын. Ауылдың беделді ақсақалдары полицияны алдарына шақырып, ақырында полиция шалдардан кешірім сұрап, бала аман-есен үйіне оралады.

Еліне еңбегі сіңген, абыройлы ақса­қалдарымыз жиын-тойда шенеу­ніктерден төмен отырады. Әділ сөздерін айта алмай, іштерінен тынып жүреді. Себебі ұлдары, қыздары, немерелері жұмыссыз қалады, жан-жағынан қысым көрсетіледі. Менің ­балаларым да талай азапты бастарынан өткізіп келеді. Бұл қорлық па – қорлық! Бұл зорлық па – зорлық!

Ата-анасы үшін балаларына қысым көр­сетудің де заңсыз екенін дәлелдейтін бір заң керек!

Өзімізге қажетті ауаның тазалы­ғына әрбір адам жауапты. Әр отбасында тәр­биеленіп жатқан баланың санасына көше­нің тазалығын ұстау үшін сөмкесінде бір үлбір қалта жүру керегін, өсіп тұрған гүлдер мен ағаштарды таптауға, сындыруға болмайтынын, тағы сол сияқтыларды сіңіріп өсіру әрбір ата-ана мен мектептің міндеті.

Балаларым мені Алматының айна­ласындағы әсем жерлерге апарып тұрады.

Бір барғанымызда көгалдың үстіне көлдей етіп жайылған дастарқанның айналасына жиналғандар, жан-жаққа лақтырған бөтелкелерін, тағамның қалдықтарын жинамастан тұрып бара жатты. «Ханымдар мен мырзалар, сендердің қоқырсықтарыңды кім жинайды?» деп айқай салғаным ұнамаса да, барлығы тоқтап, тап-тұйнақтай етіп тазартып болып, бастарын шұлғып, кешірім сұраған болды. Өзінің носкиі мен көйлегін бір сағат іздейтін қазақтың еркектерін әйелдері тәрбиелеу керек қой. Бірнеше тон мен бірнеше бриллианты бар әйелдің барлығын мәдениетті деп айта алмайтынымыз айдан-анық.

Қыз балаға жеті жасынан ­бастап, шыт көйлектің өзімен-ақ әдемі көрінудің қыры мен сырын үйрету де ананың міндеті. Он жасқа толған қыз балаға қонақтың дастар­қанын қалай дайындау керегін, әшекейің мен көйлегің өзің шақырған қонақтан қымбат көрінбеуін, бір жетінің ішінде жа­са­латын тамақтың кестесін алдын ала жасап қоюды, тағы-тағыларды санасына құйып өсіру де ана мен мектептің міндеті. Қыз бала білім алумен қатар болашақта ана ­бо­ла­тынын да бір сәт есінен шығармау керек.

Қыз баланың намысын таптағысы келетіндерді ешуақытта кешіруге болмайды!

Өз басымнан өткен сол бір қаралы күнді арада алпыс жыл өтсе де ұмыта алмаймын. Мен де біреудің гүлдей болып өскен қызы едім. Өзім армандаған оқуыма түскен күні, тапа-талтүсте, соңымнан қалмай жүрген көп жігіттердің ішіндегі еңгезердей бір айуан жатақханадағы бөлмеме кіре бергенімде артымнан қуа кіріп, есікті құлыптап алды. Алыс-жұлыс, ақырында ашық тұрған терезеден секіріп кеттім. Ол айуан сотталып кетті, мен болсам алпыс жылдан бері мүгедектіктің тауқыметін тартып келемін. Прокурор әкемнің, ол айуанның жетімдер үйінен шыққанын ескеріп, соттан он бес жылды сегіз жылға түсіруін өтінгені есімде. Түрмеден шыққан соң бір кемпірді зорлап екінші рет сотталып, тағы да аман-есен шығып, ақырында ішіп жүріп, өзі тұрып жатқан ескі үйде өртеніп өліпті. Міне, сол айуан кімге қандай бақыт сыйлады?! Өмірге не үшін келіп, не үшін кетті?!

Енді қызды зорлағандарды 25-30 жылға соттайтын болыпты, ол айуанды неге 25-30 жыл үкімет асырауы керек?! Не үшін?! Мұндай жалған қайырымдылық кімге керек?! Ондайлардың көзін қай жолмен болса да құрту керек! Оларға тамағы тойып, ұйқысы қанық болса болды, мал да бір, олар да бір. Сол айуанның кесірінен ата-анам ерте қартайып, көздерінен жас, көңілдерінен мұң кетпеді. Ана дүнияға да қасіреттерін өздерімен бірге ала кетті...

Кез келген қыз өсіріп отырған ата-ана «Ондай айуанның көзін құрту ­керек» дейтініне менің күмәнім жоқ!

Әділетті үкіметі, әділетті сот пен прокуроры, әділетті басшылары бар елдің ғана мығым мемлекеттердің қатарына қосылатынын барша жұрт­­шылық жақсы біледі. Жолды жөндеуге, ауыз суды тазартуға бөлінетін қаражатты жымқырудан шаршамай келе жатқандар бір орыннан екінші орынға ауыса береді, неге?! Айта берсем таңды таңға ұрармын: Неге?! Неге?! Неге?!

Алланың бермесін тартып алып жатқан жемқорлар түйені түгімен, жылқыны жүгі­мен жұтудан тыйыл­майынша кедейліктен тұралаған халықтың маңдайы ашылмайды...

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы­ның «Сталин бола алмаймын ғой» деген сөзін тыңдап отырып, қатты толқы­дым. Сталиннің адамзаттың алдында күнәсі шексіз, оған күмәніміз жоқ. Бірақ Сталин қатал болмаса соғыстан кейін теп-тез жемқорлардан, қанішерлерден елді тазарта алмас еді.

Елін, жерін, жұртын, тіпті бала-шаға­сының болашағын да аямай жатқандардың халықтың жаулары екенін мойындамасқа амалымыз жоқ, сондықтан «Жауды аяған жаралы» ­деген нақыл сөзді Президентіміздің есіне салуға да мәжбүр болып отырмын.

Менің «Ана тілі» газетіне шыққан мақаламды оқыған бір дөкей құрдасым «Елімізде тұлға аз дегеніңе көне алмаймын» деді. Екеуміз біраз жерге барыстық. Мен «Сен өзіңді тұлға санап тұр екенсің ғой. Ал, жарайды тұлға бола ғой. Олай болса сен маған мынаны айтшы, жұмыссыздықтың, жемқорлықтың, азғындықтың, парақор­лықтың, жағымпаздықтың күн сайын өсіп жатқанынан хабарың болмады ма?! Сен сияқты тұлғалар әр қаладан бір тоқал алып, әр қаладан сансыз пәтерлер салғызумен ғана айналысты, әлі айналысып келесіңдер. Үш жылдығын болжай алмайтын еркектің бірісің, сенің осы дүниеқоңыздығыңнан ертең ұрпағың жапа шегеді, ең болмаса осы сөзіме мән берсеңші. Мен сен айтып тұрғандай біреудің тапсырмасымен мақала жазып көрген емеспін, өзің таңдап алған жолды маған жапсырып, мені ашындырма» дедім.

Жер-жаһанды жайлаған індетке ­дайын емес жұртшылық абдырап жатқанда дәріні бірнеше есеге өсіріп сатқандарды қалай кешіре салуға ­болады?! Арыс қырылып жатқанда сексен жеті миллионды қалталарына басқандарды қалай түсінуге ­болады?! Сұрақ көп те жауап жоқ, сондықтан да биліктің басында отырғандарға халықтың сенімі әбден жойылып біткен...

Еліміздің егемендік алғанына қуанып, кішкене денсаулығымызды аямай, халқымыздың жалшысы болып жүрсек, қалталылар жемқорлықпен, тоқалдарын ауыстырумен ғана айна­лысқан екен. Дүниеге тоймай­тын, бірінің алдында бірі қыр көрсе­тетін, белгіленген, белгіленбеген тоқалдардың талайы күйеулерін түрмеге тығып жатыр.

Тоқал алсын, бірақ ол тоқалдарын өздері­нің еңбектерімен, тапқан жалақысымен асырасын, ең бастысы тоқалдарын майлы шелпегі мол жерлерге бастық етіп қоятындарын қайтерсіз.

Белгіленген, белгіленбеген тоқал­дарды жағалап, солар арқылы шаруаларын түгендеп жүрген, тепсе темір үзетін азаматтарға жаным ашиды.

Бәйбішесінің рұқсатынсыз қазақтың бірде-бір азаматы тоқал ала алмаған. Жасырын тоқал алудың күнә екенін, екі қатын­нан туған ұлдың екі рулы ел болатынын жұрт­шы­лыққа түсіндіру әр қаладағы Имамдардың ісі.

Әр адамның санасында Джон ­Кеннеди айтқандай «Осы мен мемлекетім үшін не жақсылық істей алдым?» деген ой пайда болмайынша, «Бүгін бір адамға қиянат жасаған жоқпын, бір адамның несібесіне қолымды сұққан жоқпын» деп, өзіне күн сайын есеп беретін министрлер мен әкімдер көбеймейінше тап қазіргі біз өмір сүріп жатқан Қоғамды өзгерту қиын.

Тойдың емес, ойдың кезеңі!

Тойсыз қалған артистердің ­аштан өлетіндей болып жатқандары масқаралық қой. Мен Президент болсам, халық артисі, еңбегі сіңген қайраткер, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты деген атақтарды алғанша жанталасып, алып алғаннан кейін өз міндеттерін ұмытатындардан бар сыйлықты қайтып алар ем. Себебі жер-жаһанды жалмап жатқан жалмауыз індет кімнің кім екенін белгілеп берді.

Мен Президент болсам, жұртты таластырып қоятын, ешуақытта ­талантты, дарындылар емес, жалпаң­байлықтың академиясын бітіргендер мен қалталылар, құйтырқы жолдар­дың мамандары ғана алатын сыйлық­тардың көзін жояр ем...

Осы заманның классик ақыны Ғалым Жайлыбайдың бір емес, екі рет Мемлекеттік сыйлықты ала алмағанын айтып, Қасым-Жомарт Кемелұлына хат жазғанмын. Ғалымның «Қара­ғанды лагері. Қара орамал» деген поэмасын күңіренбей оқу мүмкін емес. Ғалымның бірде-бір билікті мен сияқты сынағанын да көрген емеспін, не үшін талантты адам шеттеп қала беретіні түсініксіз...

Миллиондаған салықтарын төле­мейтін жемқорлардың алдында бас­тарын иіп тұратын салық жинау­шы­лардың жарлы мен жақыбайларға ғана әлі келеді.

Салық комитетінде өздеріне тиесілі заңды білмейтін білімсіздер жетіп артылады. Салық жинаушылар бас ал десе шаш алатындар, оған менің әлденеше дәлелім бар. Салық комитеті туралы айтарым көп, әзірше осымен тоқтай тұрайын.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ! Ауыл­­­­дың тұрмысы жөнделмейінше қала­ның да жағдайы жөнделмейді. Таң­данамын, таңданамын да, күр­сі­немін. Ауылға жыл сайын миллиард­таған қаржы бөлінетінін отыз жыл бойы естіп келе жатырмыз, бірақ жөнделген ауыл да жоқ, қаражаттың кімнің қал­тасына кеткенін іздеп жатқан адам да жоқ...

Ауыл шаруашылығы министрі сонда ай қарап отыра ма?! Намыс қайда?! Ұят қайда?! Ауылдарға барғанда ­министр мырза неге тек қана әкімнің кабинеті мен әкімнің дастарқанынан кері қайтады?! 90-жылдары мен автокөлікпен Қазақстанның бар аймағын аралап, бірнеше жылдан бері төсектен тұра алмай жатқан мүгедек аналармен кездесіп, өтініштерін тыңдап қана қоймай, іске асыра білдім. Тепсе темір үзетін ауыл шаруашылығының министрі де ауылдан шыққан азамат емес пе?! Ауылда еңбекқор адамдар ғана тұрады, тек оларға жағдай жасалынуы керек.

Қазақтың малын жаятын жерге зар болып отырғанын ауыл шаруашылығы министрі білмей, көрмей отыр ма?! Нұр-Сұлтан қаласының төңірегінде тұратын бір ауылды телеарнадан көрдік. Сол ауылдағы айналасы қоршалған жерді көрсеткен екі шал «Міне, мынау да, анау да бір мықтылардың жері, бір қойымызды жая алмаймыз» деп жыламсырап тұр.

Тағы бір кемпір «Бір сиырым бар еді, айналасы қоршалған жердің иелері жайылымға аяқ бастырмайды. Бір күні балам бір арба шөп шауып әкеліп еді, әлгі иығына автомат асынғандар келіп қайтадан алып кетті, баламды «Сотқа береміз» деп қорқытты. Ақыры күн көріп отырған бір сиырымызды арзан бағасына сатып жібердік» дейді, бұл масқара ма – масқара!

АУЫЛДА БОЛЫП ЖАТҚАН МҰНДАЙ СҰМДЫҚТАРДЫ КҮН САЙЫН ӨЗІМЕ КЕЛІП ЖАТҚАН ХАТТАРДАН ОҚИМЫН ДА, ҚАНЫМ ҚАЙНАЙДЫ...

ӘКІМ НЕ АЙТСА СОНЫ ҒАНА ПРЕ­ЗИДЕНТКЕ ЖЕТКІЗЕТІН ­МИ­­НИСТРЛЕРДІҢ АЛДЫНА ӨТЕ ҚАТАҢ ТАЛАП ҚОЙЫЛУЫ КЕРЕК! БҰЛ ӨТІ­НІШІМЕ ДЕ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ КЕМЕЛҰЛЫ КӨҢІЛ ­АУДАРАР ДЕГЕН СЕНІМДЕМІН.

Мәдениет министрінің алдындағы күзетшісіне шейін мәдениетті болуы керек екенін де талап ететін кез жетті.

Ата-бабамыз білімсіз болғанмен, мәдениетсіз болмаған. Жастар отырған жерде үлкендер абайлап сөйлеген. Үлкен кісінің алдынан өтпеген, қариялар отырған тойларда, отырыста қазақтың келіні, қызы суырылып бір сағат сөйлемеген, қарқылдап күлмеген. Жігіттері қазақ­тың қызының намысын қызғыштай қорғаған.

Ауылдан қалаға келген жастарымыз музей мен театрға бармайды. Сағыздарын шайнаңдатып, түнгі клуб пен кафелерді іздейді. Жеңіл музыка, жеңіл әзіл, жеңіл жүріс жастарымызды тәрбиелей алмайды.

Мәдениет министрлігінің айна­ласындағы былықтарды телеарналардан көрсете берудің өзі жастарға кері әсер етеді.

Домбыра мен қобызды қазақтың баласы да, Қазақстанда тұратын басқа ұлттар да жақсы біледі, түсінеді. Отыз елдің қатарына кіру арманымыз ғой, олай болса басқа елдің классикалық музыкаларын да мектеп қабырғасынан бастау керек. Алматы қаласында туып-өскен балалардың өзі операны түсінбейді. Бұл енді біз үшін өте ұят!

Мен Бетховеннің «Лунная ­сонатасын» күні бойы тыңдаудан жалықпайтын ем. Мүмкін сол қызыма әсер еткен болу керек, төрт жасында пианинода ойнайтын болды. Бүгінде опера режиссеры.

Мемлекеттің міндеті – жүздеген жылға жететін мығым ауруханалар мен мектептер салу, бірнеше жылға шыдайтын жолдар салу, халықты таза ауыз сумен, жұмыспен қамтамасыз ету, әкімдердің, министрліктердің әділетті жұмыс істеулерін қадағалау, қарттары мен мүгедектерін қамқорлыққа алу, тағысын тағылар...

Әр адамның міндеті – ең алдымен мемлекет маған не істеп береді дегенді мүлдем есінен шығару. Отбасының тыныштығы мен молшылығын, абыройын сақтай білген еркектің де, әйелдің де жүзі жарқын. Біреуді ағалап, жағаламайтын, ешкімнің алдында тәуелді болмайтын, өз ақылымен, өз білімімен өмір сүретін адам ғана бақытты адам.

Арақ ішетін, өзін адам орнына алмайтын күйеуден бала туа беретін әйелдерді түсіне алмаймын. Үш күндігін болжай алмайтын анасы, үш жылдығын болжай алмайтын әкесі болғаны үшін балалар ішсе асқа, кисе киімге жарымай жүргенін көріп жүрміз. Бұл енді ащы болса да шындық! Өзінің балаларын тастап, алимент төлеуден қашып жүретін, байлығы басынан асатын әйелдерді паналап жүретін еркектердің ­жазасы да қатаң болуы керек.

Бір мысал келтірейін: Менің үй жұмысыма көмек беріп тұратын Құралай деген жас келіншекті біразға шейін ­сынап жүрдім. Өзі бір айт­қаныңды екі етпейді, сағат 11-ден бес минөт бұрын келсе де, есікке қоңырау соқпай, төмендегі күзетшілердің ­жанында отыратынын да білдім. Тәртібі мен талабына риза болып, түскі астың үстінде отбасының жағдайын сұрадым. Күйеуі, он жасар баласы үшеуі қаланың шетіндегі бір бөлмелі пәтерді жалдап тұрады екен. Бәрін тыңдап алдым да «Балаң бүгін-ертең мектеп бітіреді, сенің кедейлігің балаңа, балаңның кедейлігі немереңе ұласып кете бере ме? Бір әрекет жасамайсыңдар ма?» дедім. Көзінің жасын төгіп «Күйеуім арақ ішпейді, қолынан бәрі келеді, әр тиынымызды ішпей-жемей жинап жүрміз, ең болмаса бір бөлмелі болса да өз пәтеріміз болса екен» деді.

Құралайдың күйеуіне жұмыс ­табылды, өзіне бір емес, екі жерден жұмыс тауып бердім, пәтердің кезегіне тұрғыздым. ­Айтайын деп отырғаным, қандай тығырықтан да шыға білу әр адамның өзіне ­байланысты. Үкіметтің міндеттерін жоғарыда айтып өттім ғой...

Мемлекеттің қызметін атқара­тын­дар адал еңбек етсе, әр адам бар өмірін өзі құрып үйренсе, өміріміздің өзгере­тініне менің сенімім мол... Лайым солай болғай...

Кеңес өкіметінің «Коммунизмге бет бұрып келеміз» деген ұранына баршамыз барымызша сендік, енді Коммунизмді әр адам өз отбасында құруға тырысу керек. Сонда ғана өміріміз өзгереді...

2220 рет

көрсетілді

11

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы