• Тұлға
  • 16 Қыркүйек, 2020

Абай әлемі – мәңгілік

Жақында Мәскеудің «Русский раритет» баспасынан Абайдың таңдамалы шығармалар жинағы шықты. Кітап Мәскеуде жарық көрді, ал оның басты ерекшелігі неде?

Біріншіден, мұнда ұлы ақынның шығармалары жүйелі түрде жинақ­та­лып берілген. Кітаптың бетін ашқан адам ­алдымен Абайдың қара сөзін құныға оқиды. Орыс тіліне аударылған Абайдың қара сөзі арқылы көп­шілік қауым өзінің ­фи­лософиялық танымын кеңейтеді.
Айта кетейік, Абайдың қара сөзін тәржі­ма­ла­ғандар тегін азаматтар емес. Олар – КСРО мемлекеттік сый­лығының лауреаты, белгілі жазушы Виктор Шкловский, ал Абайдың 37-қара сөзін Леонид Соболев, 38-қара сөзін Сәтімжан Санбаев аударған. Бұл – ертеректе сәтті тәржімаланған еңбек.
Екіншіден, жинақта ақын Абай­дың 60 жыры оқырман қауымға орыс тілінде ұсынылған. Оны кезінде мәдениет­танушы, ақын, философ Әуезхан Қодар аударған. Әуезхан аудармасы ақын Абайдың бала шақтан біз жаттап өскен жыр шумақтарын бірден ойға оралтады.
Үшіншіден, жинаққа топтасты­рылған шығармалардың барлығы да аударма емес. Ақынның 30 өлеңі кітапта қазақ тілінде, түпнұсқа нұсқасында жарияланған. Бұл, шын мәнінде, Абайды ана тілінде оқығысы келген кез келген адамға берілген терең таным мен зор мүмкіндік. Атап айтар болсақ, мұнда философ ақынның «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым...», «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл», «Өлең –сөздің патшасы, сөз сарасы», «Желсіз түнде жарық ай...», «Құлақтан кіріп, бойды алар», «Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Көзімнің қарасы» және тағы басқа танымал жырлары бар.
Төртіншіден, жинақта Абайға арнаған қазақ ақындарының жырлары орыс тіліне аударылып берілген. Мұнан оқырман қазақтың классик ­ақы­нының әлемдік тұлға екеніне тағы да көз жеткізеді. Шын мәнінде, Мағжан Жұмабаев, Қалижан Бекхожин, Қасым Аманжолов, Жұбан Молдағалиев, Тұманбай Молдағалиев, Қайрат ­Жұма­ға­лиевтың жырлары көкірегі ояу көзі­қарақты оқырманды Абай әлеміне ­тартады.
Бесіншіден, жинақта ақын өмір сүрген дәуірдегі суреттер берілген. Мұнда Абайдың отбасымен және балаларымен түскен фотолары бар. Он тоғызыншы ғасырдың басындағы бұл суреттер Абайдың өмірін фотодеректер арқылы айғақтай түскен. Бұл фотолар Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұражайынан алынған.
Алтыншыдан, қазақ суретшілерінің Абайға арнап салған ­су­реттері бөлек топтас­ты­рылған. Бұл ­жи­нақ­тың ажарын аша түскен.
Жетіншіден, Қазақстан мен әлем елдерінде Абайға орнатылған ескерткіштер де көрсетілген. Мұның бар­лығы да кітаптың маз­мұнын байытып, мазмұнын арттырып тұр.
Сегізіншіден, бұл ­жи­нақты құрастырған кім? Ол – Қазақстан Респуб­ликасының мәдениет са­ласы­ның үздігі, Ресей Тілдер акаде­мия­сының А.Пушкин атындағы медалінің иегері Сәуле Мансұрова.
Жалпы Қазақстан-Ресей мәдени қарым-қатынасында белсенді жұмыс істеп жүрген Сәуле Мансұрова Абай мұраларын зерттеуге көп еңбек сіңірген. 2003-2007 жылдар аралығында Абайдың таңдамалы шығармалар жинағын шығарған. Оның бас болуымен Абай мен Пушкин шығармашылығындағы байланыс туралы «Художественная литература» баспасынан бірнеше жинақ жарық көрген. Елеулі еңбегі үшін Елбасы­ның Жарлығымен «Құрмет» орденінің иегері атанған мәдениеттанушы Абайдың – 175 жылдығында ақын шы­ғармашылығына тағы қайта оралды. Сөйтіп, мерейтой қарсаңында Абайдың таңдамалы шығармалары орыс тілінде жарық көрді.
Рас, орыстың рухани әлемі Абайға жат емес. Қазір екі ұлтты ғасырлардан келе жатқан мәдени қарым-қатынас байланыстырып тұр. 2006 жылы Қазақстанның Ресейдегі елшісі ­болып тұрған уақытта Тайыр Мансұров Мәскеуде Абай ескерткішінің қойы­луына ұйытқы болды. Бұл ескерт­кіш Абай мен Пушкин жылы аясында ашылды. Салтанатты шараға Нұрсұлтан ­Назарбаев пен Владимир Путин қатысып, сөз сөйлегені белгілі.
Абай шығармашылығы, Абай әлемі – мәңгілік. Жас ұрпақ қазақтың ­данышпан ақынының терең мағыналы философиялық ойлары мен тағылымды жырларын оқыған сайын одан мол ғибрат алатыны сөзсіз.
2020 жылдың қаңтар айында сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз Абай арқылы елімізді әлемге паш етеміз. Ақынның тұлғасы Қазақстанның ұлттық рухания­тын әлемдік деңгейде насихаттауға зор үлес қосады. Абайдың мұрасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды бағытына айналуы қажет. Шынтуайтына келсек, Абай қазақ болмысының айнасы» деп атап көрсетті.
Демек Абай әлемі – мәңгі жасайтын құндылық.

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

1069 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы