• Қоғам
  • 16 Қыркүйек, 2020

Бедеулік пен белсіздік демографияға кері әсерін тигізетін күрделі мәселе

Нұрболат Абайұлы
«Ana tili»

Әрбір саналы адам артына ұрпақ қалдыруды мақсат етеді. Сол үшін де отбасын құрып, ізгі амалдар жасайды. Алайда соңғы уақыттары әлемде 50 миллионнан астам адам бедеулік пен белсіздікке ұшыраған. Қазақстан да бұл кеселден сау емес. Мәселен, елімізде табиғи жолмен бала сүю мүмкіндігі жоқ 21 мыңға жуық ерлі-зайыпты тіркелген. Яғни ресми статистика бойынша елімізде үйленген жастардың 20 пайыздан астамы белсіздік, бедеулік мәселесіне тап болған. Бұл енді дабыл қағып, аурудың алдын алу жолдарын қоғамдық деңгейде қарастыратын-ақ жағдай...

ҚЫЗҒА ТЫЙЫМ ҚАЖЕТ

Бедеулік пен белсіздіктің күрделі мәселе екеніне биылғы жылғы 1 қыр­күйектегі Жолдауында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев төмендегіше тоқталды.
«Отбасылық-демографиялық ахуал – зор алаңдаушылық тудырып отырған мәселе.
Өкінішке қарай, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отыр. Сауалнама көрсеткендей, отандастарымыздың 20 пайызға жуығы мұны ажырасуға негіз болатын елеулі себеп деп санайды.
Біріккен Ұлттар Ұйымының елі­міздегі халық санының өсіміне қатысты болжамы Орталық Азия­дағы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда көңіл көншітпейді.
Үкіметке 2021 жылдан бас­тап «Аң­саған сәби» арнаулы бағ­­­­дарламасын жүзеге асыруды тап­сырамын. ­Экстракорпоральды ұрық­тандыру бағдар­ламалары бойын­ша бөлінетін квота санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту қажет».
Мәселеге терең үңілсек, бедеулік пен белсіздіктің себеп-сал­дары көп. Ең бастысы, отба­сын­дағы ұл мен қызға берілетін ұлттық тәрбие­нің дәстүрлі жолынан жаңылып қалғанымыз. Қыздарымызға қырық үйден ­тыйымды сіңіре ал­масақ, ұлға қыздың ары алдындағы жауап­кершілікті сездіртудің төмендеп кеткені. Яғни аруларымыз тұрмыс құруға ерте ­бастан ­дайындалмаса, жігіттер де өз денсаулықтарын жет­кілікті дәрежеде күте білмей­ді. Отбасын құруға саналы түрде ­дайындалмайды. Соның ­салдары бедеулік пен белсіздікке апарып ұрындырады. Мәселен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуінше, емдеу орталықтарына қаралатын әйелдердің 70-80 пайызы қыз кезінде ­бейсаналы түрде жыныстық қатынасқа түсіп, ­жа­санды түсік жасату зардабынан бала көтере алмай жүргендер екені анық­талған. Ал еліміздегі ресми мәлі­меттерге қарасақ, мектеп жасындағы 15-18 жас аралығындағы қыздардың 30 пайызы жыныстық қатынасқа ерте жастан түскендігі тексеру барысында дәлелденген. Сауатсыз жыныстық байланыс салдарынан жұқпалы венероло­гиялық ауруларға ұшырап, оны жария етуден ата-анасынан қорқып, дұрыс емделмей, соның салдарынан бедеулікке ұрынатындары қаншама?..

ЕРКЕКТЕРДІҢ БЕЛСІЗДІГІНЕ НЕ СЕБЕП?

Уролог дәрігерлердің ­айтуынша, еркек белсіздігінің себебі әртүрлі. Ер адам жас күнінде қорғанбаған жы­ныстық қатынасқа түсіп, ауру жұқтырса, ұрық жүретін түтік­шелерде қабыну процесі жүреді. Салдарынан орхит, простатит, уретрит, везикулит, эпидидимит сияқты аурулар өршиді. Осы аурулардың барлығы еркек ұрығының сапасын төмендетіп, белсіздікке ұрындырады. Әсіресе, ­простатит (қуықасты безінің қабынуы) ­ауруы ұрықтандыруға кері әсерін тигізеді. Өйткені ұрық қуықасты безі арқылы өтеді. Сол кезде қуықасты безі ұрыққа сөл бөліп, оны сыртқы ­зиянды факторлардан қорғайды. Бұл сөл ұрықтың сапасын жақсартып, жылдамдығын күшейтеді.
Бедеулікке алып келетін ауру­дың тағы бірі – ­варикоцеле. Ол аталық безін қанмен қамтамасыз ететін тамырлардың кеңеюінен болатын ауру. Аталық без бен оның қосалқысында қан ­тамыры кеңейген кезде ондағы ­температура жоғарылайды. Ал жоғары ­температурада ұрық жойы­лады ­немесе оның сапасы мен жылдамдығы төмендейді. Өйткені аталық без адамның денесінде емес, бөлек орналасқан. Ал ондағы температура адамның дене температурасынан 2-3 градусқа төмен.
Қазір урогенитал инфекциялар, яғни жыныс жолымен берілетін аурулар өршіп тұр. Хламидия, ­гонококк, уреплазма, цитоплазма, цитомегаловирус, герпес деген вирус­тар бар. Ұрықтың өзі адам сияқты қозғалады, ол да бас, дене және құйрықтан тұрады. Соңғы екі вирус ұрыққа енсе, оның құйрығынан басына дейін жетіп, сапасы мен белсен­ділігін төмендетеді. Қазір бұл вирус еркектердің 92 пайызында кездеседі және ол толығымен кетпейді.
Белсіздіктің тағы бір себебі – гипогонадизм дерті. Гипогонадизм гормондардың бұзылуынан болады. Бұл ауру көбіне бала ержете келе пайда бола бастайды. Сондықтан педиатр, уролог дәрігерлер баланың аталық безінің дамуын қадағалауы керек.

Крипторхизм де – бала кезден пайда ­болатын аурудың бірі. Ананың құрсағында бала пайда болған кезден бастап оның аталық безі дамиды. Баланың аталық безінің ұмаға түспей қалуын крипторхизм деп атайды. Бұл процесс баланың құрсақтағы алты айлығынан туғаннан кейінгі алты аптаға дейін болуы керек. Егер балаға жүкті кезінде анасы тұмаумен, қызамықпен немесе венерологиялық аурумен ауырса және жүкті әйелдерге қабылдауға болмайтын препараттарды ішкеннен пайда болады. Уақыт созбай бала екі жасқа толғанша операция жасап, қалпына келтіру керек. Әйтпесе, арты бедеулікке ұласуы мүмкін. Бала күнінде ұма-шап жарығы (грыжа), қант диабеті, эпидемиялық жемсау сияқты ­аурумен ауырса, ол да әсер етеді.
Еркекте тестостерон, сарыдене гормоны (ЛГ) және фолликул жандандырушы гормон (ФСГ) болады. Осы гормондар мидағы гипоталамус-гипофиз жүйесі арқылы ұрықтың бөлуіне тікелей әсер етеді. Бұл гормондар керекті мөлшерде бөлінбесе, еркектің ұрықтандыру қасиеті төмендейді. Еркектің әйелге деген құмарлығы (либидо) азайса, онда еркекте сперматогенез процесі де бәсеңдейді.

ҰРЫҚ САПАСЫ НЕДЕН НАШАРЛАУЫ МҮМКІН?

Монша мен саунаға жиі түсетін ерлерде ұрықтың сапасы төмендейді. Өйткені жоғары температурада ұрық әлсірейді немесе өледі. Үнемі химиялық заттармен (бояу, жанармай, тағы басқа) және радиацияның ортасында жұмыс істейтін ер адамдарда белсіздік кездесуі мүмкін. Әсіресе, әскери адамдарда жиі кездеседі. Өйткені олар қару-жарақтың, радиацияның ортасында жұмыс істейді. Темекі, алкоголь, есірткіні шектен тыс қолданатындарда да бедеулік пен белсіздік кездеседі. Неге десеңіз, никотиннің кез келген түрі ұрықты әлсіретеді.
Сонымен қатар сыра еркектік гормонды төмендетіп, белсіздікке алып келеді. Ол еркектік репродукцияға кері әсер етіп, әйелдік гормонды өсіреді. Еркекте әйел гормоны көбейсе, сүт безі өседі және ол салбырап кетеді, белінің майы шыға бастайды. Бұл ағзада әйел гормонының көбеюінің белгісі.
Аз қозғалатын, семіз еркектерде де белсіздік кездеседі. Ер адам семірген сайын тестостерон төмендейді. Әрбір артық майда ароматаза деген фермент болады. Осы фермент еркектік гормонды (тестостерон) әйелдік гормонға (эстрадиол) ауыстырады.
Бұған қосымша ағзада Д витамині төмендесе, тікелей репродукцияға әсер етеді. Ол кезде адамның ұрықтандыру қасиеті төмендеп, әйелге деген құмарлығы болмайды. Д витамині Күн сәулесі арқылы беріледі. Күннің астында көбірек жүріп, қыздырынса, ағзада Д витамині еріп, тек репродукцияға емес, метаболизм, ­заталмасу процесіне жақсы әсерін береді. Антибиотиктер, тұмауға, суықтауға, қабынуға қарсы дәрілер де ұрықтың сапасын төмендетеді.
Сол сияқты, жігіттердің көпшілігі бала күнінен шылым шегіп, спиртті ішімдіктерге әуес болып, денсаулығын күтпей, аяғы, белінен суық өткізіп, жыныс ауруларына шалдығып, одан дұрыс емделмеу салдарынан белсіздікке ұшыраған. Қазіргі таңда елімізде бедеу әйелдер мен белсіз еркектердің саны теңескен 50-де, 50 пайыз. Тағы да аталмыш халықаралық ұйымның дерегіне жүгінсек адам денсаулығына әсер ететін бірнеше фактор тіркелген. Онда 20 пайызында туа бітті берілетін генетикалық ерекшелік болса, 20 пайызында экологиялық факторлар себеп болған. Сондай-ақ 10 пайызы денсаулық сақтау саласының үлесіне тиген. Ал қалған 50 пайызында адамның өзінің тікелей өмір сүру салтына тікелей қатыстылығы анықталған. Ендеше ұл-қызымыздың денсаулығына сәби кезден көңіл бөліп, тәрбиесін де туылғаннан дұрыс жолға қойғанымыз абзал. Отбасын құруды, дүниеге ұрпақ әкелуді саналы түрде жоспарласақ, дені сау ұрпақ қалыптаспақ. Сонда халқымыздың демографиясы өсіп, еліміздің қарқынды дамуына өз үлесімізді қосамыз. Мұны әрбір ата-ана жадында ұстағаны дұрыс.

1561 рет

көрсетілді

7

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы