• Cұхбаттар
  • 23 Қыркүйек, 2020

Алмат Қодасбаев, Алматы Кардиология орталығының директоры: КОРОНАВИРУС ЖҰҚТЫРҒАН АДАМНЫҢ ЖҮРЕГІН ДЕ ЕМДЕДІК

Коронавирус індеті бүкіл әлемді шарлап, медицина қызметкерлерінің жұмысы сынға түсті. Пандемия Қазақстанды да айналып өтпеді. Отандық дәрігерлер қолынан келгенше күресіп, індеттің алғашқы толқынын өте ауыр өткіздік. Коронавирус індетіне пневмония дерті қосылып, дәрігерлерге екі есе күш жұмсауға тура келді. Жарты жылдың ішінде қаншама азаматтарымыздан ­айырылып қалдық. Күз мезгілінде індеттің екінші толқыны болады деген қауіп те жоқ емес. Біз осы орайда кардиохирург-дәрігер, медицина ғылымының кандидаты Алмат Қодасбаевпен аз-кем әңгімелестік.

– Алмат Тұрысбекұлы, әңгімемізді әлемдегі жағдайды қиындатқан пандемиядан бастайықшы. Осы кездегі әріптестеріңіздің еңбегін қалай бағалайсыз?

– Пандемия дүниежүзіне таралды. Бұл бір мемлекеттің, бір ұйым­ның, медициналық ұйымдардың жағдайын емес, әр жеке адамның мәселесін көрсетті. Адам өз денсаулығына, жақындары мен айналасындағылардың саулығына жауапкершілікпен қарай алады ма, осыны көрсетті. Қытайдан шыққан індетке біз ғана емес, Италия, Испания сияқты дамыған мемлекеттер де дайын болмады. Бұл медицинаның әлсіздігі емес, науқастар санының күрт өсуіне байланысты екенін айтқым келеді. Барлық күшті біріктірсе де алдын алуға немесе шамадан тыс кетуіне жол бермеуге мүмкін болмай қалды. Әлемдегі елдер вируспен күресіп жатқанда біз Қазақстанда болмайтындай, болса да басқаша өтетіндей сезімде жүрдік. Біз де басқа мемлекеттер сияқты ауыр кезеңді бастан өткердік. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі алдын ала ескертіп, бірнеше бағдарламалар беріп жатты. Ал адамдар оған көп көңіл бөле қойған жоқ. Қалаларды қоршап, ­адамдарды оқшаулап, ­медицина қызметкерлерін үйлеріне қайтармай жұмыс істегенде де біз жағдайды қалыпта ұстай алмадық. ­Халықтың әрекеті де айтарлықтай әсер етіп жатты. Мәселен, дәрігерден кеңес алмай, өз беттерінше емделу, бір-бірінен ести сала қажет болсын-болмасын дәрі-дәрмекті жаппай сатып алу сияқты әрекеттер біраз кедергі тудырды. Дәрілердің, бетперденің жетіспеушілігі осы жаппай сатып алудан туды. Дегенмен, ақ халаттылар қолынан келгенін істеді.

Енді екінші толқын болады ­деген ­болжам бар. Алғашқыға қарағанда ­медицина қызметкерлері де, халық та біршама дайын деп ойлаймын. Мәселен, Алматы қаласы бойынша бірнеше жобалардың жоспары бекітіліп жатыр. Науқастарды ауруханаларға орналастыру, дәрі-дәрмек тапшылығын болдырмау, қажет болған жағдайда көпсалалы ауруханаларды инфекциялық ауруханаларға ­ауыстыру, әр мекемеге медицина мамандарын бөлу сияқты жұмыстар жүргізілуде. Екінші толқын бола қалса, медицина қызметкерлері, әскерилер мен басқа да жауапты мамандар лайықты түрде жауап береміз деп сақадай-сай тұр деуге болады.

– Пандемия кезінде Алматы кардиология орталығына вирус жұқтырған науқастар қабылданды ма?

– Иә, біздің мекеме кардиологиялық орталық болса да, вирус жұқтырған адамдарды көп қабылдадық. Адам өміріне қауіп төндіретін ауру – жүрек ауруы. Сондықтан науқастың вирус жұқтырғанын білсек те, оның өміріне араша болуға барымызды салдық. Орталықтың дәрігерлері өз өміріне қауіп төніп тұрғанын білсе де, инфекциялық ауруханадан жүрек ауруымен түскен науқасқа операция жасады. Мақсатымыз – науқастың өміріне қауіп төндіріп тұрған негізгі аурудың алдын алу. Операциядан кейін науқастарды инфекциялық ауруханаға қайта ауыстырдық. Пандемия кезінде алты науқастың жүрегіне ота жасалып, оннан астам адамның жүрегіне стент қойылды. Міне, біздің орталықтың мамандары өз өмірлеріне қауіп төндіре жүріп, өзгелердің өмірі үшін күресті.

– Коронавирус қант диабеті, пневмония сияқты бұрыннан созылмалы ауруы бар адамдарға ауыр болды. Ал жүрек ауруы бар адамдарға қалай әсер етті?

– Рас, бұл індет созылмалы жүрек ауруы бар адамдарға да оңай болған жоқ. Дәл осы пандемия кезінде созылмалы жүрек ауруы бар науқастар да өте ауыр жағдайда келе бастады. Негізгі біздің емдеу жүйеміз еуропалық кардиологтар қауымдастығының нұсқаулығы бойынша жүреді. Жыл сайын өтетін конференцияларға қатысып тұрамыз, олардың қандай нұсқаулары бар екенін білеміз. Еуропалық кардиологтардың жасаған зерттеулерінің соңғы нұсқалары бойынша, коронавирус инфекциясы ең бірінші қан тамырларын көп зақымдайды. Екіншіден, өкпенің қызметі нашарлап, зат алмасу төмендейді. Қан құрамындағы оттегі төмендеген соң, жүрек оған өте сезімтал. Себебі үздіксіз жұмыс істеп тұрған жүрекке оттегі жеткілікті түрде жетіп тұру керек. Өкпенің қызметі нашарлаған соң, ішек қан айналымы жүйесі бұзылады. Адам өзі өкпесі дұрыс істемей, жүрек қиналып жатса, қанның құрамында оттегі жетіспесе, оны бірінші сезінетін жүректің бұлшық еттері. Себебі жүректің бұлшық еті тоқтаусыз жұмыс істейді.  Тоқтаусыз жұмыс істеп жатқан жүрекке оттегі көп қажет.

Коронавирустың дәрілері өте көп, оның өзі жүрекке кері әсер етеді. Дәріні шамадан тыс көп пайдалану өкпеге пайдалы болғанымен, жүрекке ауыр. Сондай себептердің бәрі қосыла келіп, науқастардың 10-15 пайызында жүректің аурулары асқынып жатады немесе әсер етіп жүрек ауруына душар болады.

– Жүрек аурулары дегенде, ең бірінші осы жүрек қан тамырлары, инфаркт сияқты аурулар ойға оралады. Жалпы жүрек ауруларының қандай түрлері бар? Оның емделу жолдары қандай?

– Жүрек ауруларының түрі көп. Жүрек қан тамырлары ауруларына артериальды гипертензия, жүректің тұрақты, тұрақсыз стенокардия, жалпы қан тамырларға қатысты, қан айналым жүйесі ауруларының бәрі жатады. Инсульт те соған кіріп кетеді. Дегенмен, инфаркт пен инсультті екі бөліп қарастырады. Онкологиялық аурулар, туберкулез және басқа да аурудың бәрі түбінде жүрек қан тамыры жетіспеушілігіне алып келеді. Басқа органдардың қызметінің демалуға мүмкіндігі болса, жүрек бір сәт те тыным таппайды. Үнемі жүмыс істеп тұрады. Сол себепті де кез келген аурудың ауыртпалығы жүрекке кеп түседі. Қазір халық арасында кеңінен таралып кеткен созылмалы жүрек жетіспеушілігі деген ауру бар. Бұл да инфаркт сияқты, инфарктіні жүрек қан тамыр ауруларының асқынған түрі десек, созылмалы жүрек жетіспеушілігі басқа аурулардың асқынған түрі. Жұрт жүрек ауырғанда қан қысымы көтерілді деп ойлайды. Көпшілігінде қан қысымы көтеріліп жүрген соң, жүрек қызметі ­нашарлайды.

Бір науқастар бар, тексерсеңіз, қан ­тамырлары тап-таза. Бірақ аяқ-қолы ісініп, жүре алмай, өте ауыр жағдайда ауруханаға келеді. Қалқанша бездің ­аурулары ­болады, сол гармондарды дұрыс қалыпқа келтірмей ұзақ жүретін адамдар бар. Оларда жүректің бұлшықеті жойылып кетеді. Содан жұдырықтай жүрек 2-3 есе үлкейіп кетеді. Бізде жүрегі төрт есе үлкейіп кеткен бір жігіт жатты. 

Бізде созылмалы жүрек жетіспеушілігін емдейтін арнайы жабдықталған бөлімше бар. Ол бөлімнің дәрігерлері шетелдік мамандармен тәжірибе алмасқан мықты мамандар.

Ал емделу жолдарына келсек... Мен кардиохирургпын, жүрекке стент қоюға ­маман ретінде жеңіл қарай алмаймын. Жүрек алмастыру операцияларында сау жүректі алып келеді. Тігетін төрт тамыры бар, соны тігіп бересіз, сосын жүрек істей береді. Сау жүректің аты – сау жүрек. Бірақ жүрек алмастырыпты деген аты жер жарады. Жүрек алмастыруды ерлікке балауға болмайды. Нағыз ерлік кімдерде екенін білесіз бе? Нағыз ерлік сол жүректі ауыстыруға жет­кізбей, емдей алған ­маманда. Жыл ­сайын науқастың анализдерін алып, қа­сында жүріп қарайтын дәрігердің еңбегі ерен. Бес адамды ­емдеп, соның үшеуін жү­рек алмастыруға жеткізбесе нағыз ерлік сол.

Стент қоятын кезде ашық операцияда­ғыдай жүректі қолмен ұстап, көзбен көре алмайсыз. Монитор арқылы бақылайсыз. Қолдағы немесе шаптағы үлкен күре тамырлардың бірі арқылы, менің түсі­нігімде домбыраның ішегі секілді жұмсақ, жіңішке түтікшені өзі көрмеген тамырға апарып кіргізеді. Ол тамырдың ең кең диаметрінің өзі 3,5-4 мм-дің айналасында ғана. Сол арқылы контрас­ты жіберіп, ананың көлемін, диаметрін есептеп шығарады да, сол размермен қайтадан стент қоюы керек. Ол үшін стент қойылатын тамырды үрлеп, кеңіту керек, тамырдың жыртылып кетпеуін қадағалау қажет, қисайып қалмауы керек, ол бірнеше жыл адамға қызмет етуі үшін, осының бәріне сай болуы тиіс. Науқас келген кезде стент қоятын жағдай болса, оның фами­лия­сын ғана сұрап үлгереміз. Бас-аяғы он минуттың ішінде ЭКГ-де көрініп тұрған ақауды анықтап, жүрегінің бітеліп тұр­ған тамырын ашып жіберу керек. Сонда ЭКГ көрсеткен өзгерістер бірден қалпына келеді.

Мысалы, біздің орталықта жылына бес мың адамға диагноз,  оның 1600-1800-іне стент қойылады. Сол бес мың адамның биыл мыңы ғана ашық операцияға барды. Көпшілігі операцияға жеткізбей емделіп етеді. Бұл өте үлкен жетістік.

– 25 жылдық тәжірибеңізде ең ауыр болған жағдайды әңгімелеп берсеңіз?

– Дәрігерлік қызметімде адамның қан тамырын алмастыру, жүрек қақпақшаларын ауыстыру, жүректе болатын ісіктерді жою, жүрекке жақын орналасқан жердегі қолқаның операцияларын жасадым. Соның ішінде ең ауыры, есте қалған ерекше жағдай бар. Нақты айтқанда, екі аяғы, бір қолы кесілген науқасқа ота жасадық. Әдетте, жүректің қан тамырларына жасалатын операция үшін науқастың аяғынан немесе қолынан тамырлар алынып, ол жүрекке жалғанады. Бітелген қан тамырларды адам денесіндегі сау қан тамырмен алмастыру үшін жасалады. Мен айтып отырған науқаста жайылмалы қан тамырларының ауруы болды. Сырқатқа ұшырағандықтан аяғына, оң қолының жартысына ампутация жасалған. Сол қолы ғана аман. Одан тамырды алып жүрекке жалғайтын болсақ, адамның тағдыры ары қарай қиындап кетуі мүмкін. Сондықтан негізгі ауру ерекшелігін ескеріп, ол кісінің кеуде тамырларын алып, жүрегіне жалғадық. Кардиохирургияда осындай амал қолданылады. Хирургиялық жағынан бұдан да күрделі операция бар, бірақ сол науқас жарымжан бола тұра, батылдығының арқасында осындай ауыр жүрек операциясына келісті. Негізінде барлық ауруды жеңу дәрігердің еміне ғана емес, науқастың ерік-жігеріне де тікелей байланысты.

– Әңгімеңізге рақмет!

 Сұхбаттасқан

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

1296 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы