• Тіл
  • 23 Қыркүйек, 2020

АНА ТІЛДІҢ АРДАҒЫ

Егемендігіміздің бозала таңы бұрыннан ұлтым, ел-жұртым деп іштей булығып жүрген талай азаматтардың көңілінде жүрген шырақты лаулатты. «Бұл еркіндікке енді біздің үлесіміз нендей болмақ?» деген перзенттік парыз атойлап, азамат атаулыға жауапкершілік жүгі түскен кез.
Әсіресе қазақ жұрты үшін көзін латын мен орыс тілінде ашқан денсаулық сақтау саласы бейнебір мызғымас мұзтау тәрізді көрінген көк аттыға дес бермей сіресіп тұрған-ды. Енді ебін тауып бұны да жібіте беру керек. Күнделікті тұрмыста емін-еркін өмір кешіп, ғылымда да қолдануға болатын талай-талай жатық ұғымдар мен сөздердің, атаулардың өздері денсаулық сақтау саласына тастанды баладай болатын.

Дәл осы алмағайып өтпелі кезең – ұлт болашағына іскер де, мамандығына мығым, ең бастысы, өз ұлты үшін жүрегі езілетін азаматтарға зәру-тін. Сондай талай атқарған істерін дабыралатпай, ақырын жүріп, анық ­басатын азаматтардың бірі С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Исатай Әзімұлы Құлманбет болатын.
Бұл жоғары оқу орнында тіл ­дамыту мәселесіне келгенде университет әкімшілігі мен ұстаздар ұжымының қалауы өзгеге емес, тәжірибелі маман, ортасына қадір­менді осы ағамызға түскен. Бұл таңдау да тектен-тек емес, өйткені оның өз мамандығына мығым екендігін былай қойғанда, бұл азамат қалың қазақ ішінде өсіп, ұлттық ұстаным негіздерінде тұғырлы тәрбие алған, сөздік қоры мол, ең бастысы, ұлттық тілдің шын жанашыры еді. Бұрыннан дәрістерінде көптеген қазақ атауларын қолданысқа орнымен сыналап енгізіп, студенттерінің құлақтарына сіңіріп жүрген.
Медицинаны қазақша сөйлетем ­деген ішкі арманы әстелеп жүзеге асырылып жатты. Еш пафоссыз, ешкімге жар салмай, біртіндеп... Уни­верситет ішіндегі бүкіл құжаттар қазақшаланды, министрліктермен құжат айналымы тек қазақ тілінде жүрді.
Оқу орнында нендей шара қазақ тілінің қадірін арттыратын болса, соның бәрін де қамтып, мақсатына пайдалануға тырысты. Университетте «Ана тілі аруы» байқауын тұрақты түрде өткізу дәстүрін енгізген осы ағамыз. Не түрлі тақырыптық кештер, дискуссиялар, тілге қатысты сан алуан шаралар ұйымдастырылып ­жатты. Бәрін тізбелеу мүмкін емес, Исатай Әзімұлының ел бостандығы жарияланып, енді мемлекетіміздің тілі дауға түскен тағдырлы да таласты кезде неқилы пікір айтыстардың басында болған, сол кездегі Жоғарғы Кеңестің депутаты, көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қадыр Мырзалиевті арнайы шақырып, университет ұжымымен кездесу ұйымдастыруы айтарлықтай мәнді де мазмұнды шара болып еді. Ақынмен бұл кездесу толқымалы кезеңде талай неғайбыл жайттардың, күмәнді азаматтардың беттерін бері қаратқан-ды.
Исатай Әзімұлы ұлттық ғылыми сана мен ғылыми тілдің төл тілімізде түрленуіне, қолдану аясының кеңейіп, кейбір бұрынғы тілімізде бар, бірақ шетқақпай көріп жүрген атаулар мен ұғымдардың табиғи орнына келуіне барын салды. Өз саласы бойынша Мемлекеттік терминкомның мүшесі ретінде ҚазҰМУ-дың ректоратында Мемлекеттік тілді дамыту бөлімін басқарған 2005-2009 жылдары «Хабар» арнасының «Тіл» бағдарламасына талай қатысып, орнықты да дәйекті пікірлерін өткізіп жүрді.
Оқулықтар мен оқу құралдары қазақ тілінде шыға бастады, Ден­саулық сақтау министрлігінің жанынан Терминологиялық комитет құрылып, университет штабына өзі жетекшілік етті.
Ұлтжанды И.Ә.Құлманбеттің 1991 жылы «Қазақстан» баспасынан шығарған «Стоматология тер­мин­дерінің орысша-қазақша түсіндірме сөздігі» ғылыми байып­тылығымен, жаңа ізденістермен ерекшеленді. Кейін бұл кітап республикамыздағы барлық стоматолог дәрігерлер мен осы мамандықты таңдаған студенттердің қолдарынан түспейтін оқу құралына айналды.
Тіпті стоматология саласын түгелдей қазақшалап шықты десек те артық емес. Оның жетекшілігімен қаншама кітаптар төл тілімізге аударылып, студенттер ана тілінде білім алу мүмкіндігіне ие болды. «Орысша-қазақша стоматологиялық сөздік» (2004 ж.), «Сто­матологтарға арналған қазақша-орысша медициналық сөздік» (2006 ж.), «Стомато­логия мамандығы бойынша классифика­тордың орысша-қазақша сөздігі» (2009 ж.), «Ортопедиялық стоматология пропедевти­касы» (2010 ж.), «Ортопедиялық стомато­ло­гия бойынша тест тапсырмалары» (2012 ж.),  «Дәрігер-стоматолог интерндерге арналған оқу-әдістемелік нұсқама» (2013 ж.),  2014-2015 жылдары қазақ тілінде тұңғыш рет жарық көрген  екі электрондық оқу құралы – Исатай Әзімұлының қазақ медицина біліміне сіңірген еңбегінің аздаған бөлігі ғана.
Қазірде стоматологияда жиі қолда­нылатын: пародонтит – қанқұрт, пародонтоз – қанжел, артрит – сорбуын, артроз – шорбуын, анкилоз – тасбуын, фар­фор – кәрлен, гипс – ғаныш, эмаль – кіреуке,  т.б. атауларды  қазақшалап,  ғылыми айналымға енгізді. Университеттегі  Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, «Нұр Отан»  партиясы бастауыш ұйымының төрағасы ретінде  де атқарған игі істері көп.
Ең қызығы, осыншама іс тындырып жүрсе де, ел алдында өзін жарнамалаған емес. Көзге түсу үшін емес, көңілдегісін іске асыру үшін жасаған істері сол кезде бірден көзге көріне қоймады. Бірақ жылдар өте келе қарапайым оқытушының елеулі еңбегі жанды. Еңбектері елдің қолына жетті.
Әлемді шырмауына алған індет арамыздан осы бір асыл жанды да алып кетті. Исатай Әзімұлы өмірден қайтты деген қаралы хабар оның жақындарына ғана емес, әріптестері мен шәкірттеріне, емделушілеріне де ауыр тиді. Себебі ол кісіден шапағат көріп, қамқорлық сезінген адам ұшан-теңіз. Өз пікірімен бөліскенде барын салып, жанын ­салып түсіндіретін. Ағалық ақ пейілі мен жанашырлығы ақ жүзінде менмұндалап тұратын. Ең асыл қасиетінің бірі – айналасынан тек жақсылық көруі. Исатай аға үшін адамның жаманы болмайтын, ол тек өзінің жақсы тұстарын көрсете алмай жүр деп түсінетін, осы бір игі түсінікті ­насихаттайтын.
Әлдеқалай қоғамға, айналасына ­рен­жіген кездерінде, жаны жабырқаған сәт­терінде ақырындап келіп, жаныңа отырып, пікір алмасатын, ішіндегі түйткілдерін айтып, сыр сандығын ашатын.
Ол бар болмысымен «Ақырын жүріп, анық бас» талабына әбден-ақ сай келетін азамат, ұстаз, кісілігі мол, мейірбан жан болатын. Ағамыз өз ісінің шебері, әу бастан-ақ тумысынан ішкі мәдениеті мол жаратылған, кеудемсоқтықтан мүлде аулақ еді. Ол өмірден ұстаз, қазақ тілінің алғаусыз жанашыры ғана емес, айналасына нұр шашып жүретін жұмсақ жүректі, шапағаты мол азамат күйінде өтті. Осыншама ұстаздық ғұмырында өмірде кездесе беретін талай шырғалаңдарда бірде-бір қызметкермен сөзге келіп, бірде-бір студентке дауыс көтерді дегенді естіген емеспіз. Қазіргі тұстас қыз­меттестері мен еліміздің түкпір-түкпіріне тарап кеткен көптеген шә­кірттері ұстаз ағаны естеріне емірене алар болса, бұл әз аға Әзімұлы­ның өмір бойғы адал ісі мен қа­жырлы еңбегінің жемісі деп қабыл аламыз.
Қызметтес достарының қай-қайсысы болмасын Исатай ағаны өз ісін дабыралатып, шулатпай-ақ ептеп қана ­ың-шыңсыз бітіре беретін еңбекторысы ретінде бағалап, қадір тұтатын.
Өмірдің түрлі жағдайларында, небір қилы сәттерінде жан-жақты әрі игі қырынан ғана танылған елеусіздеу жүрген тұлғаның орны бүгін ойсырап қалды. Өзі таңдаған дәрігерлік парызымен қатар, өзінің азаматтық парызын жоғары қоя білген парасатты жанның көзге елене бермейтін, бірақ өнегелік мәні зор тағылымы жа­дымыздан өшпек емес. Жаныңыз жан­наттың төрінде шалқығай, Асыл аға!

Эльмира Жүнісова,
журналист

798 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы