• Тұлға
  • 23 Қыркүйек, 2020

ӘЙГІЛІ ӘУЕЛБЕКОВ

Қызылорданың облыстық партия жүйесіне басшы болып келгенше республиканың түрлі билік органдарында лауазымды қызметтер атқарған, министр, Көкшетау, Торғай облыстарында партиялық биліктің тұтқасынан ұстаған нағыз қайраткер ретінде кемеліне келген, Социалистік Еңбек Ері Е.Н.Әуелбековті жоғары билік басты байлығы тек күріш болып отырған өңірді көтере қойсын деп жібере қойды деу қиын. Әділетсіздікке қасқайып қарсы тұратын, шындық үшін биік мінбелерде лауазыммен есептесе бермейтін қайсар тұлға жөнінде ондағылардың өз есебі болмауы мүмкін емес, болды.

Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің өңірге үлкен дайындықпен келгені алғашқы пленумдағы сөзінен айқын байқалды. Қызылорда тарихы мен оның Ыбырай Жақаев сияқты Сыр бойының визиткасындай болып кеткен еңбек адамдарымен жақсы таныстығы, сондай-ақ Қызылорда астық өнімдері комбинатын жобалау мен Шиелі астық қабылдау пунктін дамытуға бірсыпыра еңбек сіңіргені өзінің облыста жұмыс істеуге дайын екенін, үлкен үмітпен келгендігін білдірді. Тіпті осындай қазақтың қара шаңырағындай елге келгеніне қуанышын да жасырмады. «Бүгінгі күннен сіздердің қатарларыңызда боламын» дегені жай қызыл сөз емес, шынайы ықыласы болғанын кейінгі өмір көрсетті.
Еркін Нұржанұлы халық арасында көбірек болып, облыстың жағдайын тереңірек білуге, өз мақсатын кеңінен түсіндіруге тырысты. Бұл үшін сол кездері қалыптасқан жұмыс нысандарын тиімді пайдалануға ұмтылды. Ол өңірді басқарудың өзіндік жаңаша стилін енгізді.
Негізінен ауылшаруашылығы бағытында ғана дамып келе жатқан облыс ол кезде республика деңгейінен кенже қалған еді. Мысалы, осы өңірде шығарылған өндіріс өнімінің көлемі республика көрсеткішінің бір пайызына да жетпейтін. Осында өндіруге болатын халық тұтынатын тауардың көбі сырттан әкелінетін. Еңбек ресурстарының төрттен бір бөлігі пайдаланылмады. Әрбір еңбеккердің реалды табысы Қазақстанның орташа көрсеткішінен 1,5 есе кем болды. Тұрғындардың азық-түлік өнімдерін пайдалануы да төмен еді. 1984 жылы облыс халқы, Ленинскіні қоспағанда, 30 кг ет жеді, ал тиісті норма 65 кг болатын.
Еркін Нұржанұлы өзін әркез бәйгеге дайында­ғандай, бір сәт талап тінін босатып көрмеген жандай еді. Бір жайды айта кетейін. Кейде обкомның асханасында дәмдес болып қаламыз. Сонда облыстық партия комитетінің қаржы және шаруашылық бөлімінің меңгерушісіне: «Мына бөлім меңгерушілеріне өз қаржыларына таразы сатып алып бер. Салмақтарын өлшеп жүрсін. Менің салмағым соңғы он жылда 100 грамнан артыққа ауытқыған емес» деп отыратын.
«Табиғаттан рақым күтіп отыра алмаймыз, оны тартып алу міндетіміз» деп санаған кеңестік сыңаржақ саясат салдарынан Арал теңізінің суы тартылып, кезінде бір көлі екіншіге ұласып жататын сулы, шүйгінді аймақ жел тұрса, көзге тұзды шаң құятын шөлейтке айналған болатын. Оның үстіне жер кіндігі Төретам өңірі (Ленинск) әскери, ғылыми-техникалық сынақ полигоны болып, қасірет орталығына айналған еді. Осының барлығы табиғаттағы тепе-теңдікті бұзды. Бірақ мұны Сырға келген мәскеуліктер көріп, біліп жүрсе де, мойындай қоймады. Орталық, негізінен, әскерилердің жағдайын жасап, жергілікті халықпен санаспады. Байырғы тұрғындардың әлеуметтік мәселелері ­назардан тыс қалды. Мұны тек Е.Н.Әуелбеков қана жан-жақты дәлелдеп, тиісті орындарға «соқырға таяқ ұстатқандай» етті. Облыста республикалық деңгейде жиын өткізіп, оған сол кездегі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты қатыстырып, Арал қасіретін айқындай түскен болатын. Міне, осындай қажырлы жұмыстардың арқасында ғана «Арал – экологиялық апат аймағы» деген мәртебе облыс пен оның аудандарын түрлі жеңілдіктерге ие етті. Бұл белгілі жағдайда еңбек адамының жалақысына 15 пайыздық қосымша үлес әкелді. Облыстың үшінші категориядан екіншіге өтуі де елеулі оқиға болды. Ол тыным таппай жүріп, Орталық партия кеңес органдарының назарын Сыр бойына бұрып, маңызды-маңызды 5 қаулы қарарды қабылдаттырды. Оның ішінде ­мынандай бірер құжатты атай кеткен артық болмас: 1986 жылғы 25 желтоқсанда КСРО ­Министрлер Кеңесінің «Қазақ КСР Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын ­жеделдету шаралары туралы», 1988 жылы 19 қыркүйекте КПСС Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің «Арал теңізі аймағындағы экологиялық және санитарлық жағдайды түбегейлі жақсарту шаралары, осы бассейндегі су және жер ресурс­тарын пайдалану мен қорғауды күшейтудің тиімділігін көтеру туралы» қаулылары. Сонымен қатар құрылыстары сәл ертерек басталған Құмкөлде мұнай өнімін өндіру үшін геологиялық барлау жұмысы тиянақты жүргізіліп, 1988 жылы алғашқы өнімге қол жеткізілді. «Шалқия» түсті метал руднигі құрылысы, Арал-Сарыбұлақ су жүйесі, қос қабатты теміржол құрылысы, жаңа Аэропорт айлағы, облыстық музыкалық-драма театры, жоғары оқу орындары, бірнеше мәдениет мекемелері мен мектептер халық игілігіне пайдалануға берілді. Мұның барлығын бас-аяғы төрт жарым жылда атқарып шығу тек Ерекең сияқты ерлердің ғана қолынан келетін еді. Ол үшін қанша тер төгілді, Қызылорда мен Алматы және Мәскеу арасында қанша табан тозды. Кейін бұлардың барлығы да облыс байлығына айналды.
Облыстың артта қалуының себептерінің бірін жаңа басшы кадрлық саясаттан іздеді. Кадр мәселесі арнайы облыстық партия комитетінің пленумында қаралды. Олар арасында парақорлық, қоғам мүлкін талан-таражға салушылық, пайдакүнемдік, жағымсыз қылыққа бейімделе қоюшылық, жағым­паздық, өз абыройын өзі түсірушілер қатты сынға ұшырады. Салтанатшылдықпен, жетістіктерді ­далитып көрсету, кемшіліктерді жасыру фактілерімен аяусыз күрес жүрді. Бірақ ешкімге артық қиянат жасаған да емес, жасаттырған да емес.
Адам баласының кең мағынадағы жеке мәдениеті қалыптаспай, оның қызметінің берекесі бола қоймайды. Еркін Нұржанұлының жұмыс режимі бөлекше, өзіне қатаң талап қойғыштығы әбден қалыптасқан еді. Ертеңгілік сағат 8-де жұмыс орнында болатын. Түскі үзіліске сағат 13.00-де шығып, 14-ке 5-15 бес минут қалғанда жұмыста отырды. Ерекең бірінші хатшы болып сайланғаннан кейін маған алғаш тапсырғаны: ертеңгілік дене шынықтыруға қажетті спорттық заттар мен 10-15 мерзімді басылым. Бұл газет-журналдар уақытылы қайтарылып, жаңарып отырды, әлдеқалай оқылмай жатып қалған емес.
Сан жылдарғы тоқыраудан шаршаған халықтың арыз-шағымдары көп нәрсеге өзінше, өзгеше қарайтын жаңа басшының келуімен обкомға қардай борады. Жұртшылық үніне сергек Ерекең бір арызды толық оқымай, ешкімге тапсырма бермейтін. Оны арыздағы негізгі мәселелердің асты қара сиямен сызылғанынан байқайтынбыз. Мәселелері жергілікті жерде шешіліп жатқан соң, жұртшылық Мәскеу, Алматыға хат жолдауды күрт азайтты. Мен арыздарды арнайы талдай қойғаным жоқ, бірақ оның басым көпшілігі шешімін тауып жатты.
Еркін Нұржанұлы – намысшыл басшы болды. Әсіресе, облысқа қатысты мәселеге аса жауапкершілікпен қарайтын. Өзі көбіне орысша сөйлеп жүргенімен ұлттық қасиеті басым еді, айқын еді. Бір мысал келтіре кетейін. Жергілікті халықты менсіне бермейтін, империялық өктемдіктің нағыз көріністері бойларын жайлаған Байқоңырдағы әскерилер кәріз суын Сырдария өзеніне ағызып жібергенде мәскеулік генералдарға дейін обкомға шақыртып, барлығын топырлатып қабылдау бөлмеде біршама күттіргені әлі жадымда. Кейін әңгіме де қатаң болғанына күмән жоқ.
1985 жылдың 22 қаңтарынан 1989 жылғы шілденің 25-інде КСРО Жоғары Кеңесінің ұлттық саясат және ұлтаралық қатынастар жөніндегі Ұлттар Кеңесі (Совет Национальностей) Комиссиясы төрағасының орынбасарлығы қызметіне ауысуына байланысты облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығынан босағанына дейін Еркін Нұржанұлы өз ұстанымынан еш айнымады.
Кешегі кеңестік кезең туралы әлдеқалай сөз болса, дереу социализмді іске алғысыз етіп сынайтындар аз емес. Әсілі, өткенге күл шашпай, тарихтан тағылымды дүниені ала білген ұтады. Әңгіме замана қайшылығына қарсы тұрып, халқына адал қызмет еткен қайсар тұлға, биыл туғанына 90 жыл болған Еркін Нұржанұлы Әуелбеков туралы айта отырып, кешегі тоталитарлық қатаң жүйе де Алаш ардақтыларының рухани арқанын үзе алмағанын айтқым келеді.
Қазақ «Жер басқанның ізі қалар» дейді. Әңгіме қандай іздің қалғанында. Ерекең Сыр бойында мәңгі өшпейтін бедерлі де айшықты із қалдырды. Өңірдің аса күрделі саяси, әлеуметтік-экономикалық, рухани өзгерістерінің басы-қасында болған, егемендіктің елең-алаңында облыс халқының сана бостандығын қалыптастыруға ерен еңбек сіңірді. Осы сәтті пайдаланып, қайсар қайраткер туралы сөзімді қазақтың белгілі ақыны Кәкімбек Салықовтың мына өлең жолдарымен аяқтағым келеді:
Ер еді ғой
Еңбек етсе міні жоқ,
Қатал деме,
Еккен нәзік гүлі көп.
Сан айқасқа атой салып кірісті,
Ары таза кемеңгердің бірі боп.
Расында да, бұл сөздерден артық айту қиын да шығар. Бар рухани болмысын халыққа қызмет етуге арнаған қайсар тұлғаның нәзік сыры да, терең мәні де осында жатыр. Сондықтан да облыс жұртшылығы Ерекең есімін Қызылорда қаласындағы №4 дарынды балаларға арналған мектеп интернатқа берді. Өзі өңірге алғаш келгенде «Бүгінгі күннен сіздердің қатарларыңызда боламын» дегені бекер айтылмаған екен. Алаштың анасы аталған Сыр бойы сонау сұлу Көкшеде дүниеге келген Ерекеңді де өз бауырына басты.

Әбдіжәлел Бәкір,
саяси ғылым докторы,
профессор

1024 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы