• Қоғам
  • 23 Қыркүйек, 2020

АГРАРЛЫҚ АЙМАҚТЫҢ ӘЛЕУЕТІ ЖОҒАРЫ

Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу қазіргі күрделі жағдайда басты міндет екенін айтқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында Үкіметке агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі жаңа ұлттық жобаны әзірлеуді тапсырды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз ету, миллиондаған ауыл тұрғындарының табысын арттыру, еңбек өнімділігін екі жарым есе көбейту, агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспортын екі есе арттыру негізгі міндеттер ретінде аталды. Осы орайда, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыстық мәслихат сессиясында Үкімет тарапынан бекітілген Жалпыұлттық іс-шара жоспары басшылыққа алына отырып, жоспар әзірленуде екенін, Жолдауда көрсетілген барлық тапсырмалар жүйелі түрде орындалатынын мәлімдеді.

221 ЖОБА ҚАРЖЫЛАНДЫРЫЛЫП ОТЫР

Облыс әкімі келтірген деректерге жүгінсек, өңір экономикасының басты тірегі – аграрлық салада, яғни ауылшаруашылығында 235,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 101,7% болды. Әлемде орын алған карантиндік режимге қарамастан, өңірде жалпы 654 мың тонна ауылшаруашылығы өнімі экспортталып, табыс көлемі 70,0 млн АҚШ долларын құрады. «Жыл ­басынан бері облысымыз күрделі жағдайда ­дамып келеді. Оған қарамастан, биылғы жылдың 7 айында облыстың маңызды әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері оң сипатқа ие болып отыр. Экономиканың басты көрсеткіші саналатын жалпы өңірлік өнім көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 6 пайызға артқан. Өсім қарқыны осы деңгейде сақталады деп жоспарлануда» деді Өмірзақ Естайұлы. Өңірде 3000-нан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 53 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 33 жоба іске асырылып, қазіргі таңда 750 жұмыс орны ашылған. Өнеркәсіп өнімі де артып келеді. Инвестициялық ахуал­ды жақсарту мақсатында облыста 9 индустриалдық аймақ құрылған. Оның ішінде 7 индустриалдық аймаққа инфрақұрылым тартылған. Бүгінде облыста 142 мыңнан астам шағын және орта бизнес субьектілері бар. Кәсіпкерліктің дамуы жағынан Түркістан облысы республика көлемінде алдыңғы орында. Бұл орайда «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы үлкен септігін тигізіп отыр. Өңірде 447 әлеуетті жоба дайын­далып, республикалық комиссия қарауына жолданған. Оның ішінен 26 миллиардтан астам теңгені құрайтын 221 жоба қаржы институттарымен қаржыландырылуда.

ЕТ ЭКСПОРТЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Облыс, сондай-ақ ірі қара мал етін экспорттау бойынша республикада бірінші орынға ие. Экспорт табысын жыл соңына дейін 97,2 млн АҚШ долларына жеткізу жоспарлануда. Ет өндіруге өңірдің аудандары қомақты үлес қосуда. Бірер мысал келтірейік, Шардара ауданының орталығында орналасқан «Ақарыс» шаруа қожалығы жылына 150 мың тоннаға жуық ет өндіреді. Қазіргі таңда қожалықта 80 бас ірі қара бар. Мал бордақылап, ет өндіру бағытында жұмыс істейтін отбасылық кәсіпте 4 адам еңбек етеді. Ет ауданның ішкі нарығы мен облыстағы өзге аудандарға жөнелтіледі. Шаруа қожалықта жеке мал сою орны мен жем-шөп дайындайтын арнайы цех бар. Алдағы уақытта қожалық аумағын үлкейтіп, мал басын арттыру көзделіп отыр. Өйткені ет өніміне сұраныс артқан. Ал Сайрам ауданында биыл 84 тонна қой еті мен 1638 тонна ірі қара еті экспортқа шығарылды. Жыл соңына дейін сайрамдықтар тағы да 500 тонна қой еті мен 2 мың тонна ірі қара етін экспортқа шығаруды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, ауданда соңғы алты айда жалпы 14 833 тонна ет, 73 095 тонна сүт, 8950 мың дана жұмыртқа өндірілген. Сондай-ақ төрт түлік саны көбейіп келеді. Ауданда бүгінгі таңда 263 353 уақ және ірі қара мал, 82 075 жылқы, 165 713 бас қой-ешкі, 132 456 құс бар. Мал бордақылаумен және егін шаруашылығымен айналысатын Бәйдібек ауданы Жамбыл ауылындағы «Ырысбек-Нұр» шаруа қожалығы да мал басын арттыруда. Қазіргі таңда шаруа қожалығында 200 жылқы, 150 сиыр, 1500 уақ мал бар. Сондай-ақ қожалық 500 гектар жерге ­арпа-бидай, жоңышқа егіп, малға жем-шөп дайын­дайды. Қожалық жылына 200-250 тонна ет өндіреді. Мал азығын дайындайтын Шаян ауылындағы «Асқар тау» шаруа қожалығы 4000 гектарға жуық жерге дәнді дақылдар егумен айналысады. Одан бөлек, 60 гектар жерге жоңышқа егіп, мал азығын дайындайды. Шаруашылықта тұрақты 10 адам жұмыспен қамтылған. Маусымдық кезеңде 30-ға жуық адам жұмыс істейді. Қожалықта биыл 200 басқа арналған мал бордақылау алаңы мен 130 гектар жерге тамшылатып суғару тәсілімен жылыжай кешенін соғу қолға алынған. Ал Келес ауданына қарасты Біртілек ауылдық округінде «ақылды» мал бордақылау алаңы іске қосылды. Жалпы аумағы 0.5 гектар болатын алаң 300 малға есептелген. Шаруашылық «ангус» тұқымды 32 бас ірі қараны Солтүстік Қазақстан ­облысынан алдырған. Мұндағы барлық «қара жұмысты» арнайы қондырғы, ­робот атқарады. Мал шаруашылығын кәсіп еткен жергілікті тұрғын Дәурен Әлімбаев осылайша өз арманын жүзеге асырғанын айтады. Қызығушылықпен бастап, кейіннен ізденіп, тиісті мамандардан кеңес алған жеке кәсіпкер бұл саланың сырын жетік білмегендіктен қиындықтарға да тап болған. ­Аудан әкімінің қабылдауында болып, құжаттандыру, субсидиялау жағынан көмек сұраған. Роботтандырылған мал бордақылау алаңында жұмыстың басым бөлігін Ресейден сатып алынған «қи тазалау» құрылғысы атқарады. Кәсіпкер бизнесін ары қарай дамыту үшін мемлекеттен аз мөлшерлі пайызбен несие алмақ. Осылайша шаруашылығын кеңейтіп, жылқы, қой бордақылайтын, сүт өндіретін ферма салуды көздейді.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА БАСТЫ БАҒЫТТАР АЙҚЫНДАЛҒАН

Биыл өңірде егіс көлемі де артып 846,1 мың гектарға жеткен, яғни 17,0 мың гектарға ұлғайған. Қарқынды баулардың көлемі 3,7 мың гектар ­болып, жүзімнен 100,0 мың тонна өнім алынды. Осы арада жүзім жөнінде бірер дерек келтіре кетелік. Жетісай ауданы Жылысу ауыл округінде орналасқан «Ер-Те Агро» ЖШС-і 33 гектар аумаққа жүзімнің 9 сортын еккен. Серіктестік биыл жүзімнің әр гектарынан 20 тонна өнім жинаған. Сатылу бағасы – 300-400 теңге аралығында. Шығындарды есептегенде серіктестік жылына орта есеппен 150 млн теңге таза табыс ­тауып отыр. Маусымдық кезде 20 адам жұмыспен қамтылады. Өнім негізінен ел аумағына жөнелтілуде. Серіктестік өнімге сұраныс артқан жағдайда жүзімдік алқабын ұлғайтуды көздеп отыр. Жалпы Жетісай ауданы бойынша 1183 гектар аумаққа жеміс-жидек және жүзім дақылдары егілген. Оның ішінде қарқынды бау 255 гектарды құрайды. Өңірдегі қарқынды бауларда жүзім мен алманың италиялық, белорустық, украиналық сорттары егілген. Жаңадан 2,4 мың гектарға тамшылатып суғару жүйесі ендіріліп, жалпы көлемі 20,0 мың гектарға жетті. Диқандар тамшылатып суару жүйесінің тиімділігі арқасында өнім көлемін арттырып отыр. Облыста сонымен қатар инвестициялық субсидия бағдарламасы жаңа бағыттағы жобаларға ірі инвесторлар тартуға оң ықпалын тигізуде. Өткен жылы 1524 жобаға мемлекеттік қолдау көрсетілсе, биылғы 7 айда 6,0 млрд теңгеге 1433 жоба қолдау тапқан. Облыс әкімі Ө.Шөкеев аудан әкімдерімен өткізген селекторлық ­жиында өңірде ауылшаруашылығын дамыту мақсатында 3 негізгі бағытты белгілеп берген болатын. Әсіресе, жаңбырлатып суғару әдісі мен азық-түлік белдеуін қалыптастыру жобасы және үйіргелік шаруа қожалықтарын дамытуға ден қойылып отыр. Түркістанның аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру жобасы аясында 31,7 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба іске асырылуда. Алдағы уақытта облыс орталығы аумағында 1458 шаруа қожалығын 9 кооперативке біріктіру арқылы 11,0 мың гектар алқапқа жаңбырлатып суғару машиналарын орнату жоспарлануда. Бұл алқаптардан алынған жоғары сапалы мал азықтық өнімдермен белдеудегі келесі ірі инвестициялық жобалардың сұранысы қанағаттандырылып, өңірде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жол ашылады. Осы орайда өңірде жаңадан салынып жатқан жылыжайлардың қосар үлесі де қомақты болмақ. Мысалы, Бәйдібек ауданындағы Жамбыл ауылында «Бақыт-Ислан» ЖШС заманауи озық үлгідегі жылыжай кешенін салуда. Аумағы 3 гектар, жобаның құны – 750 млн теңге. Жылыжайдың жылдық қуаттылығы – 700-800 тонна. Кешенде 60 адам жұмыспен қамтылатын болады. Былтыр тамыз айында құрылысы басталған жоба биыл толық аяқталып, жұмысын бастайды. Бұдан бөлек, аталған жылыжай кешенімен іргелес жатқан «Бекет Тынысбаев» серіктестігі жылына 2 өнім алады. Алғашқы өнімге қызанақ егіп, 50 сотық жерден 48 тонна өнім алған. Екінші өнімге қияр еккен. Жылыжай жылына 70 тонна өнім алып отыр. Айта кетелік, Бәйдібек ауданында ауылшаруашылығы ­саласында 2539 құрылым бар. Жалпы ауылшаруашылығы мақсатындағы жер көлемі – 539 129 гектар. Биылдың 8 айында ауданда 17 млрд 333,5 млн теңгенің ауылшаруашылығы өнімі өндірілген.

АҒЫНДЫ СУ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛЕДІ

Президент Жолдауында технология­лық тұрғыдан ескірген суару жүйесі үлкен кедергі келтіріп отырғаны, судың 40 пайызы далаға кетіп жататын кездер болатыны айтылды. Онсыз да су тапшылығының зардабын тартып отырған еліміз бұған жол бере алмайтыны ескертілді. Бұл орайда облыста суару жүйелерін қайта жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі таңда облыс бойынша 574 мың гектар суармалы алқап бар. Ал «Қазсушар» РМК Түркістан облыстық бөлімшесі оның 313 мың гектарын суармалы сумен қамтып отыр.
«Биылғы вегитациялық кезең су тапшылығына байланысты күрделі болды. Бізге жылда келетін су мөлшері биыл шамамен 30% аз болды. Осыған орай Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бірнеше мәрте көршілес Өзбекстан еліне барып, келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде трансшекаралық «Достық», «Ханым», «Ачинау» ­каналдарында суды әділетті бөлу туралы келісім жасалды. Айта кету керек, Өзбекстан қиын кезеңге қарамастан өз уәдесінде тұрып, суды келісім бойынша жіберіп отырды. Ал облыстық бөлімше тәулік бойы жұмыс істеп, шаруаларды барынша сумен қамтыды» дейді «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының директоры Денис ­Коновалов. Өңір шаруалары негізінен тік дренажды ұңғымаларды қазу, сорғы бекеттерін орнату және су бөгеттерін салу арқылы сумен қамтылған. Биыл өңірде күріш дақылының көп егілуіне байланысты өзге дәнді дақылдарға су жетіспеушілігі байқалған. Тығырықтан шығу үшін бөлімше мамандары автоматты су бөгеттерін салып, аймақтағы барлық егін алқаптарын құрғақшылықтан аман алып қалған. Филиал директорының айтуынша, бүгінгі таңда өңірдегі суару науқаны 95% аяқталған. Қазір Сырдария өзенінің сағасы бойынша ағатын су мөлшері секундына 42 текше метр болады. Ол Шардара су қоймасына жинақталуда екен. Сондай-ақ Д.Коновалов бөлімше суару жүйелерін қайта жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатқанын айтады. Мәселен, мұндай шаралардың бірі Түлкібас ауданында жүзеге асырылуда. Қазір өңірдегі суару жүйелері шамамен 63% жұмыс істеп тұр. Сондықтан бөлімше бірнеше бағдарлама ­бойынша жұмыс жүргізбек. Барлық каналдар жерді қазу арқылы тартылған. Ол, біріншіден, судың сіңіп кетуіне ­себеп болса, екіншіден, құм құрамы да үгілгіш болып келеді. Сондықтан ­арналар ­жылына 1-2 мәрте ­тазартылады. Алдағы уақытта кезең-кезеңімен ­арналар ­бетондалатын болады. Осылайша, ­ауданда көптен бері қордаланған ағынды су мәселесі кезең-кезеңімен шешімін таппақ. 2022 жылға дейін аудан аумағындағы 13 су нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 7015 гектар суармалы жер қайта айналымға қосылады. «Жалпы Түлкібас ауданына қарасты 520 шақырымды құрайтын 111 су нысаны бар. Жоспар бойынша соның ішіндегі 13 каналды темір-бетонмен қаптау жұмыстары қолға алынған. 13 каналдың ішінен жылдың соңына дейін 8 каналға құрылыс жүргізіп, аяқтау жос­парланып отыр. Егер осы жоба толық көлемінде атқарылса 4 мың гектар жер қайта айналымға қосылады. Қазіргі таңда Балықты ауылдық округіне қарасты «Боз» каналына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Каналдың жалпы ұзындығы 9 мың 800 метр. Оған 309 млн қаржы бөлінді. Күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары тамыз айының орта тұсында басталды. Жыл соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр» дейді «Қазсушар» РМК Түркістан облыстық филиалы Түлкібас өндірістік бөлімшесінің аға инженері Қуандық Өмірәлиев. ­Сондай-ақ жыл соңына дейін 69,1 шақырымды құрайтын «Құлый», «Танта», «Қызыл», «Боз», «Ұзын», «Бесқасқа», «Бала Құлан» сынды магистралды каналдары арқылы 5064 гектар ауылшаруашылығы бағытындағы жерді ағынды сумен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Ал «Қазсушар» РМК Түркістан облыстық бөлімшесі директорының орынбасары Серік Пірімқұловтың айтуынша, өңірде 6 нысан қайта жаңғыртылуда. Сондай-ақ механикалық тазалау жұмысы жүріп жатқан 130 каналдың 430 шақырымы толық тазаланған. Енді қалған 200 шақырымы вегитациядан соң аяқталмақ. Су жүйелерін қалпына келтіру үшін қазынадан 3,5 миллиард теңге бөлінген.

МАҚТА ТЕРУ НАУҚАНЫ БАСТАЛДЫ

Облыстың 35 %-нан астам халқының табыс көзі болып саналатын мақта шаруашылығы дамып келеді. Биыл ­облыс бойынша 125,8 мың гектар ­жерге егілген мақта дақылынан 331,0 мың тонна шитті мақта жинау жоспарланған. Мақта өсірумен 25,0 мыңнан астам шаруа айналысады және егістік жерлер мақта өсіруге бейімделіп, шаруалар озық тәжірибе қолдану нәтижесінде мол өнімге қол жеткізуде. Қазіргі таңда, Жетісай, Мақтаарал аудандары мен Кентау қаласында мақта терімі қызу жүруде. Өнімділігі гектарынан 25 центнер болып отыр.
Мақта терімін алғашқылардың бірі болып бастаған Жетісай ауданы Талапты ауылындағы «Алтын» шаруа қожалығы өз иелігіндегі 15 гектар аумақтың 5 гектарынан арнайы терім машинасымен 11 тоннадан астам мақта жинады. Өткен жылы Жетісай ауданы бойынша 46 655 гектарға мақта егіліп, одан 122 мың тонна өнім алынған болатын. Биыл мақта алқабы 48 943, 8 гектар болған, ал одан шамамен 125 мың тонна өнім жинау болжанып отыр. «Ынтымақ ауылдық округінің жалпы жер көлемі 6683, 5 гектарды құрайды. Оның ішінде 4664 гектарына мақта егілген. Биылғы меже өнімді жерде қалдырмай толық жинап алу. Аудан әкімі Жамантай Бейсенбаевтың тапсырмасына сәйкес округте 20 комбайн мақта терімі науқанына дайын» дейді ауыл әкімі Марат Жұрқабаев. Ал Мақтаарал ауданы Жамбыл ауылдық округіндегі «Арай» шаруа қожалығы 5,5 гектар жерге «Мақтаарал 4017» мақта сортын еккен. Шаруа орташа есеппен гектарынан 27 центнерден өнім алуда. Бұл жұмыстарға ауыл тұрғындары тартылып, терілген мақтаның әрбір келісіне 30 теңгеден еңбекақылары төленуде. Қазіргі таңда негізінен қол терім жұмыстары жүргізіліп, 125 гектар мақта алқабынан 269,5 тонна «ақ алтын» жиналған. Мақта терім науқанына дайындау үшін комбайндарға жөндеу жұмыстары толықтай жүргізілген. Қосымша ауданға АҚШ-тан 23 «Джон-Дир» мақта терім комбайны сатып алынған. Жалпы биылғы мақта терім науқанына 514 трактор, 1206 тіркеме және 151 комбайн қатысады деп күтілуде. Былтыр ауданда мақта өндіретін 5 зауыт және мақта қабылдайтын 60-тан астам бекет шаруаларға қызмет көрсеткен еді. Ал биылғы науқанға дайындығы қалай? Мырзашөл өңіріндегі ең ірі зауыттардың бірі саналатын «Мырзакент мақта ­зауыты» елімізді мақта талшығымен қамтамасыз етіп, өз өнімін шетелге де экспорттауда. Мақтаарал ауданымен қатар, көршілес Жетісай, Шардара, Келес, Сарыағаш аудандарының да мақтасын қабылдап, өңдейтін зауыт жыл сайын шаруа қожалықтарына егіс науқаны кезінде техникадан да жәрдем беріп келеді. Өндірістік қуаттылығы жоғары кәсіпорын заманауи жаңа қондырғылармен жабдықталған. Кәсіпорын басшылығы биыл 50 мың тонна «ақ алтын» қабылдауды жос­парлап отыр. Сондай-ақ көктемде Шардара ауданында жобалық қуаты жылына 50 000 тонна болатын, жалпы құны 5475 млн теңгені құрайтын «International Company of Cotton» ЖШС мақта өңдеу зауыты іске қосылған болатын. Кәсіпорын бір жыл ішінде мақта талшығына 144 000 тонна мақта өңдей алады. 47 000 тонна мақта талшығы өнімдерін Қытайға, Сингапур Республикасына және Өзбекстанға экспорттамақ.
Түркістан облысы ауылшаруашы­лығы басқармасының мәліметінше, ауылшаруашылығы тауарын өнді­рушілерге, оның ішінде мақта ша­руашылығын дамытуға мемлекет тара­пынан қомақты қолдау көрсетілуде. Мәселен, күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 39,2 мың тонна жанар-жағар­май бөлініп, агроқұрылымдарға бір литрі 161-163 теңге көлемінде босатылуда. Сонымен қатар 457 мақта теретін комбайнның 92%-ы науқанға дайын.

Е.ӘБДІЖАППАРҰЛЫ
Түркістан облысы

1615 рет

көрсетілді

149

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы