• Тұлға
  • 23 Қыркүйек, 2020

АДАМГЕРШІЛІКТІҢ АҚ САРАЙЫ

«Если мудрость лежит в сердце».
Омар ХАЯМ

Фаузия ОРАЗБАЕВА,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,
педагогика ғылымының
докторы, профессор

Өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші жылдары...
Жүрек пен жанды ерекше ыстық сезіммен тербеген біздің қатарластарымыздың алаңсыз жастық шағын еске алған сайын, сана төрінде кітапхана жағалап, кітап дүкендерін аралап, Алматының шуақ пен нұрға малынған кең көшелерін саялап жүрген, оқу іздеп, білім қуған, ғылымның «соқтықпалы, соқпақты» кезеңі жетектеген әдемі күндер, асыл ойлар, арманға толы жылдар еске түседі.

Бірі Жайықтан, бірі Ертістен, бірі Алтайдан, бірі Оралдан, бірі Сырдан, бірі Қырдан, бірі Есілден, бірі Алатаудан, бірі Көкшеден, қысқасы, қаймағы бұзыла қоймаған қазақ ауылдарының адалдығы мен тазалығын арқалап келген менің құрбы-құрдастарымның жүріс-тұрысынан қазақ жерінің төрт қиыры сезіліп тұрушы еді. Осы бір адалдық, тазалық дейтін қос ұғымның төркінінде тұтас бір дәуірдің ұрпақ тәрбиелеу үлгісі жататын. «Тәрбие көрген бала», «оқып-тоқығаны бар бала», «зейінді бала» дейтін жүрекке жылы естілер сөздер де ұрпақты түзу жолға салудың, бойына уақыт алдындағы жауапкершілік жүгін артудың жолы болатын.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген өнегелі жұрттың өрісін кеңейтудің қайнары – отбасы. Бұрымын өргізіп, көйлегінің етегін төгілтіп киюге үйрететін отбасы тәрбиесінің көздеген мақсаттарының бірі оқуға деген ынтаны қалыптастыру еді. Айналып келгенде, отбасындағы жылылық, ата-ананың тәлімі, келешекке жол сілтейтін ақылы мен тағылымы, отбасының өмір сүру салты мен дәстүрі, істері, бір-бірімен сыйластығы, әкеге деген құрметі, ­адами қарым-қатынасы – бәрі сабақтаса келіп, ұрпақ пен ұлт тәрбиесінің негізін қалайтын.

Тәуелсіз Қазақ Елінің бүгінгі алған асулары мен жеткен жетістіктері ­туралы сөз еткенде, білім мен ғылымды өркендетуде, мәдениет пен өнерді өрістетуде айрықша еңбек етіп, тер төгіп, адамның жан азығы мен рухани тазалығын қалыптастыруда ұлттық құндылықтарымыздың озық түрлерін сақтай отырып, жүзеге ­асыруда талмай қызмет етіп келе жатқан қабырғалы буын – осындай үлгі мен өнеге мектебінен өткен менің замандастарым екенін зор мақтанышпен айтқым келеді.

Біз – өткен ғасыр қабырғасын қатайтып, буынын бекіткен ұрпақпыз.

Біз – екі ғасыр тоғысындағы алма­ғайып өзгерістерді ойы, жүрегі, санасы арқылы өткізе отырып, ұлтпен бірге ұлғаю биігіне көтерілген, өткен ғасыр мен болашақ арасына көпір болып жалғанған ұрпақпыз.

Қос ғасыр жүгін арқалап, жетпістің туын тігіп, елдік пен бірлікке үн қосып, дәуір жүгін көтеріп келе жатқан сол халықшыл, еңбекқор, талантты буынның көрнекті өкілі – менің әріптес-замандасым, дос-құрбым – филология ғылымының докторы, профессор Жамал Айтқалиқызы Манкеева.

Қаршадай кезден қатар келе жатқан Жамалдың өмір өткелдерінің әр кезеңі менің жадымда. Қуанған сәті, мұңайған тұсы, қоғамда, ғылымда, өмірде қандай жеңіске қалай жеткені – барлығы менің ғана емес, зиялы қауымның да көз алдында.

Хадисте адам баласына қаратып айтылған: «...өміріңде ең жақсы, ең үлкен үйде тұр» деген өсиет сөз бар. Бұл өсиеттің білдіретін мағынасы: «Адам санасына игілікті із қалдырудың жолы – адам жанына, жүрегіне жақсылық нұрын себе білу. Игілік нұрын себе білу деген сөз – сенің адам жүрегінде қалдырған жақсы, игі істерің. Жасаған жақсылығың мен игі істерің адамдардың жүрегінен орын алса, ол жүрек сенің тілеуіңді тілейтін ізгіліктің үйіне айналады, саған қуаныш сыйлайтын, сені құрметтеп, аялайтын мейірім мен қамқорлықтың ақ ордасы болады. Ақ ордадағы ақ тілек Алланың құлағына шалынады, жүректен жүрекке жетеді. Сонда «ең жақсы, ең үлкен үй дегеніміз – адамның адамға жасаған жақсылығы, таза, адал ниетімен жүректерге салған ізі, қалдырған игі істері, мейірімі мен қамқорлығы» дегенге саяды.

Көктен түскен төрт ұлы кітаптың бірінен бастау алар осынау адамның мейірім келбетін танытар мәңгілік қағидат өмірлік мирас болып табылады. Оны қадірлей алған жанның жүрегі адал, ақ тілектің арқасында адалдық пен адамшылықтың ғажайып мекеніне айналары хақ. Адам жүрек атаулыны сондай тілек пен мақсаттың ақ сарайына айналдыра білсе, мұратына жетпек...

Менің пайымдауымда, Жамал – өзінің бар саналы өмірін ең жақсы үй салуға арнаған адам. Жамалдың жүрегі кең, жаны таза. Ол өзінің табиғи болмысымен, сабырлы мінезімен, ақылды әрекетімен әр адамның жүрегіне жол таба біледі. Жамалдың жүректерге салған үйі – адамзаттық ұлы мұраттардан бастау алар шынайы адамгершіліктің, тазалықтың, адалдықтың ұясы.

Жамал көпбалалы отбасынан шық­қан, ол – жеті баланың екіншісі. Әкесі Айтқали аға – еліміздің тың игеру кезіндегі алғашқы совхоз құрушылардың бірі. Ауылдағы шаруашылық ісін ұйымдастырған ел ағасы. Анасы Хадиша апа техникум бітіріп, қаржы саласында қызмет еткен. Хадиша апа ақынжанды, өнерге жақын, ел-жұртына сыйлы, ­жаратылысы бөлек адам болған. Жомарт мінезді әке мен жаны нәзік ана жеті баланы өсіріп, тәрбиелеп, бәріне жоғары білім беріп, адал еңбекке баулыған. Жамал сәби кезінен ерекше ұғымтал, әр нәрсеге байыппен қарайтын, мектеп жасында сабақтан өзге ештеңеге қызықпайтын, биязы болып өседі. Ата-ананың, мұғалімдердің, үлкендердің сөзін екі етпейтін, оларды ерекше құрметтейтін, шолжаңдауды да білмейтін, өте сенгіш, кітаптан бас алмайтын ол ой мен арман жетегінде жүріп есейеді. Сырттай тұйық көрінгенімен, оның ішкі әлемі кең, жан дүниесі тектілік пен төзімділіктен жаратылған. Оның «ақырын жүріп, анық басатын», үндемей отырып, үлкен іс тындыратын байсалды мінез-құлқын ­ауылдастары қатар құрбыларына үлгі ететін.

Студент кезінде бірге оқыған курстас­тары оның осы бір пәктігі мен тазалығына сырттай сүйсіне қараудан әріге бара алмайтын. Аты да Ақжамал, жаны да аппақ, адамшылығы да кіршіксіз, таза, жүрегі де ақ осы бір аяулы жанның жер қозғалса, қозғалмайтын салмақтылығы мен сабырына бәрі таңғала сүйсінетін. Біреуге ренжісе, не өкпелесе, жанарын сәл мұң торлап, үнсіз қалатын әдетін жақсы білетін қызметтес-әріптестері де оның ақ пейілін құрметтеуден еш жаңылған емес. 

Өмір өзгергенімен, Жамал бойындағы туабітті табиғи қасиеттер оны өзгерткен емес. Жамал өз еңбегімен, өз білік-бітімімен іргесін қалаған адамгершілік пен адалдыққа негізделген ордалы ақ сарайын уақыт, ­заман талаптарына сай толықтырып, ұлт руханиятының өсуіне, оқу мен білімнің өрістеуіне, тіл ғылымының дамуына елеулі үлес қосып келеді.

Ғылым саласына Жамал үлкен мектептен өтіп, жан-жақты ізденіспен келді. Ол 1967-1972 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқып жүрген кездің өзінде лингвистиканың күрделі салалары тіл тарихы, тарихи морфология, этимология сияқты мәселелерімен айналысып, өзінің зейінді, алғыр, табанды шәкірт екенін көрсетті. Сол тиянақтылық Жамалдың ғылымдағы ізденісі мен еңбек жолынан анық аңғарылады. Ол ғылым жолында – екінші курста оқып жүрген студент кезінен бастап қазіргі кезеңге дейін тіл білімінің іргелі де бірегей саласымен үзбей айналысып келеді. Ғалым зерттеп келе жатқан түбіртек, сөз тегі, бірбуынды түбірлер, негіз морфемалар, тілдік бірліктердің этнотанымдық тарихы – соның көрсеткіші.

Еңбек жолына көз жүгіртсек, талантты шәкірт университетті үздік бітіріп, аспирантураны аяқтаған соң, 1977 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл Білімі институтына (қазіргі кезде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл Білімі институты) орналасып, оның Тіл мәдениеті, Лексикология, Этнолингвистика бөлімдерінде кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, бөлім басшысы, бас ғылыми қызметкер болып, қырық үш жыл бойы бір жерде тұрақты еңбек етуде.

Жамал Айтқалиқызы 1972 жылы морфология ілімінің дамуына елеулі үлес қосқан белгілі тілші-ғалым Ыбырайым Мамановтың жетекшілігімен «Қазақ тіліндегі «өлі түбірлер» тақырыбында үздік қорғаған диплом жұмысын аспирантурада жүріп, тереңдете зерттеуге ден қояды. Ізденуші етістік түбіртектердің құрылымы мен мағынасын салыстырмалы-тарихи негізде зерделей отырып, 1987 жылы академик Әбдуәли Қайдардың ғылыми жетекшілігімен «Реконструкция «мертвых» корней глагольных основ казахского языка» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғайды.

Қазақ тіліндегі лексикалық бірліктердің тарихын түбегейлі зерттеуді мақсат еткен тілші аталмыш мәселені жан-жақты қарастыра отырып, 1997 жылы «Қазақ тіліндегі мәдени лексика» тақырыбына жазылған докторлық диссертациясын талқыға салып, ғылыми ортада сәтті қорғап шығады.

Ғаламдық жаратылыс – бір-бірімен терең байланыста жатқан тұтас дүние. Адамзат болмысы – осы күрделі біртұтас дүние құрамындағы ерекше құбылыс. Табиғат, адамзат, жер үсті және жер асты қойнаулары тұтаса келіп, жер есімді планетаның өмір сүру сипатын, ұлы ғаламмен байланысын анықтайды. Жер үсті тіршілігінің дамуына, өзгеріп, түрленуіне жағдай жасайды. Бұл – ондаған мың жылдардан келе жатқан өмір мен қоғам дамуының эволюциясы.

Адамзат тілі – әлемдік жаратылыстың маңызы мен мазмұнынан, ең күрделі қасиеттерінен тұратын дамудың жоғары деңгейіндегі тірі организм. Адамдардың ой жүйесінің сыртқы ортамен байланыста болуының көрсеткіші, құралы, қаруы болып табылатын тіл – ойлау мен сөйлеуді сабақтастықта жүзеге асыратын құбылыс. Адамның ой әрекеті мен сөз әрекеті сыртқы дүниені қабылдау, пайымдау арқылы жинақталып, тілдің қызметімен жарыққа шығады. Ұлт тілінің қалыптасуы мен дамуы адам санасына бекіген халықтың өзіне тән өмір сүру сипатынан, лексикалық қорынан, рухани қазына-байлығынан тұрады. Сондықтан ұлт тілінің базалық қоры халықтың басынан өткен тарихи кезеңдер мен бүкіл өмір көшіндегі халық санасында бекіген ұғымдарды, мағыналарды, атауларды қамтиды. Өмір көшіндегі әрбір оқиға, сыртқы, ішкі жағдай ұлт жадында қандай із қалдырса, сол өзгеріс нышандары ұлт санасы мен ұлт тіліне де солай ықпалын тигізеді. Өйткені тіл ұлт ойы мен өмірінің кемел көрінісі.

Адамзат коммуникациясында қолданыл­ған, көрініс тапқан әр ұғым, әр сөз, әр тілдік бірлік лингвистика ғылымының әртүрлі салаларында тілші-ғалымдар тарапынан зерттеу нысанына айналып, белгілі бір қоғамдық-әлеуметтік ортада тілдік қатынасқа түсуші, ой бөлісуші субъектінің, ұлт өкілінің, халықтың рухани әлемінің көрсеткіші ретінде зерделенеді.

Филология ғылымының докторы, профессор Жамал Айтқалиқызы Манкееваның зерттеу нысаны – сан ғасырлар бойы жинақталған қазақ сөз өнерінің негізінде жатқан ұлттық кодты құрайтын, хал­қымыздың көпғасырлар бедерінде қалып­тасқан ойлау, сөйлеу үлгілерін айғақтайтын, ел мен жерді, ұлт пен ұлысты, салт пен ғұрыпты, өнер мен мәдениетті кестелі сөзбен өрнектеген тілдің дәстүрлік, та­ным­дық, тағылымдық, мұрагерлік сипатын анықтайтын лексика-семантикалық, этимологиялық, этнолингвистикалық, линвомәдениеттанымдық бірліктер жиынтығы. Ғалымның өз сөзімен айтқанда, тілшінің ғылыми ізденістерінде: «... ұлттық тіл ерекшелігінің сырын, табиғатын сол тілде сөйлеуші ұлт өкілінің рухани, психологиялық, әлеуметтік, т.б. сипаттарымен біртұтастықта зерттеу» басты мақсат етіп қойылады.

Ғылымда бұл бағыттағы зерттеулер тілдің өн бойына қан жүгіртіп, жан бітіретін сөздің түпкі мән-мағыналарымен, түбіртекпен, оның көнеру, өзгеру, жаңару себептерімен, тілдік қордың ата-тегін сақтау, талдау, дамыту және бағалауымен маңызды. Бұл терең білімді, өрісті ойды, дәйекті талдау­ды және ана тілінің сөз байлығын жетік білуді қажет етеді. Тілші зерттеулері осы талаптарға жауап бере отырып, қазақ тіл білімінің адами капиталға қатысты ілімінің тың беттерін ашуға жол сілтейді. Ғалым ізденісі тіл біліміндегі когнитивтік бағытты көне тамырлы этномәдени атауларға тарихи-танымдық тұжырымдар мен талдаулар жасау арқылы тың белестерге көтереді, жаңа арналарға алып шығады.

Өз бастауын ғасырлар қойнауынан алатын тілдің мұндай қыры мен сырын, өзге тілдерге ұқсамайтын өзіндік өрнегін терең зерттеп-тану үшін адамға «ыстық қайрат», «нұрлы ақыл» және «жылы жүрек» керек екені күмәнсіз. Зерттеуші тіліміздің жұмбағы мол көркем кеңістігін дәйекті, дәлелді талдайды, тілдік көне мұраны тарихи-этимологиялық тұрғыдан білімдарлықпен, тамырын тереңнен тарта отырып қарастырады. Ана тіліміздің мың бояулы қасиеттерін үлкен сүйіспеншілікпен, жан-жүрегімен зерделей отырып, ғылыми негізде саралайды.

Жамал Манкееваның қазақ тілінің байлығын танып-білуге деген құштарлығы, ана тіліне деген махаббаты мен зердесі оны айрықша даралап тұрады. Тіл – ғылым – ұлт – ұрпақ дейтін ұғымдар – Жамал үшін ажырамас бірбүтін дүние. Ой, сана, мейірім, жүрек секілді адами қасиеттер – зерттеушінің зердесіне қанат бітірер рухани қуат көздері.

Осындайда «Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Рақымдылық, мейірбан­дылық, әртүрлі адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүректің ісі» деген кемеңгер Абайдың ұлы ой тұжырымы еске түседі.

Жамалдың жүрегі адам баласына деген рақымдылыққа, мейірбандыққа, қамқорлыққа толы. Ол зиялы қауым ортасында және өзі қызмет істейтін ­Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл Білімі институтының ұжымында үнемі жастарға қамқорлық жасап, қатарластарына зор ықылас білдіріп, үлкендерге ерекше ­сый-құрмет көрсетіп жүреді.

Осыдан біраз жыл бұрын, Жамал докторлық зерттеу жұмысын аяқтаған соң, мен оны өзім қызмет істеп жүрген Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне жұмысқа шақырдым. Ғылымдағы жаңа бағыттармен студенттер білімін кеңейтіп, толықтыру үшін ұстанымы мықты, білімі терең, шәкірт жүрегіне жол таба білер ұстаздар керек екенін айттым. Парасатты педагог, жаңашыл ғалым, озық маман, тәжірибелі мұғалім, ақылды әріптес ретінде қолқа салдым.

Құрбым ұсынысымды асықпай тыңдады. Сонан соң жайлап өз шешімін айтты: «Маған студенттерге дәріс берген ұнайды. Бірақ шәкірт кезімде осы жұмысқа қабылдаған, ғылымда да, өмірде де жолымды ашқан, қазір жастары ұлғая бастаған ұстаз апа-ағала­рымды қалай қалдырып кетемін? Кете алмаймын... Ол кісілерге қазір біздің ең керек кезіміз!.. Әйтпесе, барғым-ақ келеді...» деді.

Шынында да, мен қалай ескермегенмін?! Бұл Жамалдың жеке басынан гөрі, аяулы ұстаздарының қамын көбірек ойлағаны және өзі өсіп-қалыптасқан ғылыми ортасын ерекше бағалағанының белгісі еді. Биік адамгершілік пен адалдықтың, «нұрлы ақыл» мен «жылы жүректің» нышаны осындай-ақ болар?!.

Ғылым әлемінде ұлт – тіл – мәдениет сабақтастығы – адамтаным, қоғамтаным, ұлттаным, елтаным, мәдениеттаным мәселелерін бір ортақ өзекке жинақтайтын компоненттер. Жалпы жерүсті өркениетінің негізі саналар адами капиталдың сапасын анықтауға, ұлттық сананың рухани құндылықтар кеңістігіндегі орнын барлап-бағалауға, әлемдік өркениет айдынында тілдің дүниетанымдық табиғатын ­зерделеуге тікелей ықпал ететін, ұлттың өмір сүру қабілетін айқындайтын бұл компоненттердің адамзат өмірінде алатын орны ерекше. Лингвистикаға негізделген бұл тұтастық ұлт болмысы – тіл көрсеткіші – мәдениет көрінісі дейтін ұғымдар арқылы адами капиталдың негізгі параметрлерін айқындайды, бірімен-бірі тығыз байланысты ғылымдар жүйесін құрайды. Ғалым Манкеева қарастырған қазақ сөз өнерінің этномәдени жаратылысы осы ұғымдардың негізінде талданады.

Қазақ этномәдени лексикасының түп-тегін зерттеу әріден басталады. Еуразия кеңістігін жайлаған қазақ халқы тілінің тарихы Еуропа, Ресей ғалымдарының, көрнекті түркологтардың, тілші, тарихшы, әдебиетші, этнограф зерттеушілердің назарын ертеден аударғаны белгілі. Қазіргі қазақ тіл білімінің даму кеңістігінде бұл салаға өлшеусіз үлес қосқан аса көрнекті түрколог-ғалым – академик Әбдуәли Қайдар. Ғұлама ғалымның айтулы проблемаға арналған іргелі еңбектері ұлттың тілтаным саласын барынша кеңейтіп, тамырын тереңдетіп, әлемдік түркологияның арнасы кең жаңа бағытына айналды. Бұл – екі ғасыр тоғысында әлем түркологтары мойындаған шындық. Этнолингвистиканың қанат жаюына көп еңбек сіңірген аға буын, орта буын, кейінгі буын өкілдері бүгінде академик Әбдуәли Қайдардың басты ғылыми ұстанымдарын жалғастырып келеді.

Жамал Манкеева – тіл тарихын теориялық тұрғыдан кешенді зерттеген ғалым-ұстаздарының ғылыми мектебін жалғастырушы ғана емес, оны алға апарушы, дамытушы. Түркология ілімін дамыту барысында оқулық жазып, тарихи лексикология, сөздің этникалық тегі, этимология, этнолингвистика саласының негізін салған академик Әбдуәли Қайдар ұлттық сөздік қорды табиғат, адам, қоғам, ғалам, дүние кеңістігінде тарихи-семантикалық тұрғыдан талдап жүйелесе, ұлы ғалымның шәкірті Жамал Манкеева осы кеңістікті құрайтын материалдық лексиканың этномәдени сипатын, халықтың сөз мұрасының ұлттық рухани құндылықтарды сақтау мен дамытудағы маңызын, этнолексиканың танымдық негізін, тілдік бірліктердің лексика-семантикалық мәнін тарихи, этнолингвистикалық, антропоөзектік тұрғыдан қарастырады.

Профессор Жамал Айтқалиқызы тілтаным ғылымын ­психолингвистика, ­этнолингвистика, мәдениеттану, әлеуметтану, психология ілімдерінің тоғысында зерттеп-зерделей отырып, «тілді ұлттық ой-сана, дүниетаным, мәдениет, тарих, этностық рухты бейнелейтін таңба ретінде» лингвомәдениеттаным саласының шеңберінде қарастырады. Ғалым еңбектерінде ұлттың болмысы мен мәдени-рухани өмірі тіл арқылы өрнектеліп, ұлт пен тіл тұтастығын құраса, адами капиталдың материалдық, рухани құндылықтарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін танымдық мәні зор тілдік өрнектер мен этномәдени бірліктер коммуникативтік, когнитивтік, лексика-семантикалық, лингвоэкологиялық жағынан ұлт – тіл – мәдениеттаным тұтастығы арқылы зерделенеді.

Аталмыш модельдің ерекшелігі: мұнда ұлт та, тіл де, мәдениет те бір ортақ межені көздейді, ол меже – таным. Таным – тіл кеңістігіндегі қазақ этносының мәдени-рухани қоры, қазынасы. Зерттеуші танымды қалыптастырушы фактор ретінде ұлт мәдениетіне мынадай анықтама береді: «Тарихи-рухани негізде қалыптасқан қазақ қоғамындағы дүниенің тұтастығы, интеграциялық негізі және этностың рухани кеңістігі (мәдени дәстүрлер, т.б.) – «қазақ мәдениеті» ұғымының негізгі тірегі».

Ғалым еңбектерінің ерекшелігі, біріншіден, тілші зерттеулері ұлттың тіл қойнауында сақталып, жинақталған сөздік қордың морфемдік, лексика-семантикалық, этностық, этимологиялық құрылымы мен мән-мағынасын ғылыми-теориялық, прагматикалық-қолданымдық тұрғыдан қарастыра келіп, қазақтың сөз байлығын, тіл шеберлігін инновациялық ізденістер арқылы тың тәсілдермен, соны шешімдермен толықтырады.

Екіншіден, тіл мен ұлт тұтастығына негізделген ғылыми қағиданы нақты деректермен, тұжырымдармен, жаңа ой-пікірлермен тереңдетеді.

Үшіншіден, халықтың көкірегінде тұмардай сақталған, ғасырлар қойнауынан сыр тартар ұлттың рухани қазынасы – материалдық этномәдени лексиканы ұлттаным, дүниетаным, елтаным кеңістігінде тарихи-этнолингвистикалық негізде зерделеу арқылы когнитивтік және антропоөзектік методологияны жаңа қағидалармен байытады.

Төртіншіден, ғалым зерделі зерттеу барысында халық ауыз әдебиетінен, ақын-жыраулар шығармаларынан, көркемсөз үлгілерінен, халық арасындағы көнекөз қариялар мен кәсіп иелерінен, тарихи-этнографиялық мұражайлардан және сөздіктерден тақырыпқа қатысты жинақталған тілдік материалдарды жүйелі талдау нәтижесінде қазақтың сөз байлығын жаңғыртумен қатар, семантикалық реңктері өзгеріске түскен сөз өрнектерін ғылыми айналымға қосады. Мұндай семантикалық бірліктердің қолданысқа енуі қазақ тіл ғылымының лексикография саласының дамуына игі ықпал етеді.

Бесіншіден, халықтың салт-дәстүрлік, әлеуметтік-тұрмыстық, мәдени-психо­логиялық жағдайына байланысты тарихи-рухани негізде қалыптасқан қазақ сөзінің морфо-семантикалық ерекшелігін жалпытүркілік төркінінен тарата отырып, негізгі түбірдің мазмұнын құрылымдық лингвистика аясында талдайды.

Тіл – жүйелі құбылыс, тілдің ішкі мәні мен сыртқы қалыбын көрсететін сөз – жүйелі құрылым. Сөздің құрылымдық жүйесі аталымдық мағыналардан, ортақ ұғымдарды топтастырып, жинақтайтын тақырыптар ретінен және тілдің қатысымдық қызметін қамтамасыз ететін морфемдік-грамматикалық байланыстардан тұрады.

Осы тұрғыдан келгенде, алтыншыдан, тілші этномәдени лексиканы тілдік жүйелі құбылыс пен жүйелі құрылым ретінде әртүрлі мағыналық-тақырыптық топтарға жіктеп, олардың жалпыхалықтық, ұлттық сипатын дәйектей отырып, этномәдени бірліктерді қазақ мәдениеті мен өнерінің көрсеткіші ретінде ғылыми-концептуалдық жағынан саралайды.

Жетіншіден, тілшінің зерттеу еңбекте­рінің жиынтығы қазақ лингвисти­касында біртұтас тілдік жүйені құрайды. Бұл жүйе бірегей әдіснамалық ұстаныммен сарапталған ұлттың рухани құндылықтарының ғылыми-прагматикалық мектебі болып табылады. Ғалым зерттеу материалдарын, қазақтың этнолексикасын сыртқы формасы мен ішкі мән-мазмұнына қарай әр қырынан зерделей отырып, сөздің шығу –қалыптасу – тұрақталу – өзгеру – даму – сақталу үдерістерін жүйелілік, сабақтастық, сатылық, құрылымдық, танымдық ұстанымдар негізінде ғылыми-теориялық тұрғыдан талдайды; қазақ тілінің ұлттық қорын байытатын, белсенді қолданыстар санатына енуі тиіс сөз аталымдарының басты белгілерін атап көрсетеді. Осыған орай ғалым өзінің мақсаты мен зерттеу объектісін төмендегідей етіп жіктейді: «Мәдени атауларға ­байланыс­ты этнолексика мынадай ішкі байланыстар мен ішкі түрден құралатын жүйелі құбылыс ретінде қарастырылады: Сөздің аталатын нәрсемен байланысы. Сөздің аталуының ұлттық ерекшеліктермен, тарихи-мәдени, әлеуметтік-экономикалық жағдайларымен байланысы. Функционалдық негіздегі аналогиялық байланыстар».

Дана Абай: «Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыт бар» дейді. Жамал Манкееваның ғылым жолындағы ізденістері оның өмірлік ұстанымдары мен бай мінезінен өріс алады.

Жамалдың табиғаты: тілші ретінде – табандылығы мен еңбекқорлығынан; ғалым ретінде – білімділігі мен ізденімпаздығынан; ұстаз ретінде – ұстамдылығы мен сабырлы­лығынан; ана ретінде – мейірімділігі мен қамқорлығынан; дос ретінде – адалдығы мен адамгершілігінен; әріптес ретінде – біліктілігі мен жауаптылығынан көрінеді. Жамал бойындағы осынау ізгі қасиеттердің басын біріктіріп тұрған алтын арқау – мінезі дер едім. Аталмыш касиеттер – ғалымның өзіндік болмысы мен кісілік келбетін аңғартар өлшемдер. Замандасымыздың сөзінде де, ісінде де, жүріс-тұрысында да жасандылықтың ізі жоқ. Ол қандай кезде де табиғи таза қалыбынан жаңылмайды.

Мінезі сұлу жан – өз ортасының көркі. Қолына қызыл диплом мен аспирантураның үш жылын арқалап келіп, бір мекемеде қырық бес жылға жуық қызмет ету, әрі өз ортасына сүйкімді болу – өнер.

Жамалдың бұл болмысы атқарған қызметінен де аңғарылады. Профессор Манкееваның ұзақ жыл институттың диссертациялық кеңесінің ғалым-хатшысы қызметін үзбей атқарып келгені белгілі. Бірде хатшыны ауыстыру туралы әңгіме болғанда, институт директорының орынбасары тілші-ғалым Сәрсен Құлманов: «Диссертациялық кеңес төрағалары ауысқанымен, ғалым-хатшыны ауыстыруға болмайды. Диссертациялық еңбекке қойылатын барлық талап бойынша мүлтіксіз жұмыс атқаратын, кеңес мүшелерімен де, ізденушілермен де толық тіл табыса алатын, білімді, білікті, жауапкершілігі зор Жамал Айтқалиқызын орнында қалдыру керек!» деп өз пікірін ашық айтқанда, біз ұжым мүшелерінің ризашылықпен дүркірей қол соққанының куәсі болғанымыз бар.

Жамал Манкееваның қамқорлығымен қаншама жастардың ғылымдағы жолы ашылып, ұлттық тіл білімінің танымал зерттеушілері қатарына қосылды. Оның сыртында ғалымның өзінің ғылыми жетекшілігімен қорғаған отызға тарта ғылым кандидаттары мен ғылым докторлары еліміздің түкпір-түкпірінде әр салада еңбек етіп жүр.

Міне, мейірбандықтың, қамқорлықтың нышаны! Жылуы мол, кең жүректің көрінісі!

Екі ғасыр тоғысында өмір сүріп, елдік туын құлатпай ұстау, ұлт рухын қалғытпай, ұрпақ тәрбиелеу міндеті иығына түскен біздің буынның танымал өкілі ретінде профессор Жамал Манкеева отбасындағы өмірінде де, достармен қарым-қатынасында да өзінің адамгершілік ұстанымына берік. Жамал өзінің жеке өмірін қоғамдық ортадан ажырамас бірлікте қарайды. Ұлт үшін киелі, қасиетті саналар ұғымдар төңірегінде де шаршамай, шалдықпай, «ұзақ жолды қысқарта жүріп», бай қазақ тілін де, байтақ қазақ жерін де танып-білуден жалықпайды.

Бозбала күннен қасында бірге жүріп, жарының қабағына қарауды, алақа­нына салып аялауды жанұялық әдемі дағдыға айналдырған жұбайы – филология ­ғы­лымының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік универси­тетінің профессоры, танымал ғалым, белгілі әдебиет сыншысы Зинол-Ғабиден Бисенғали екеуінің Ұлы Дала төрінде аяқтарының ізі түспеген жер жоқ.

Жамал мен Зекеңнің байтақ Қазақстан­ның барлық аймағын тегіс аралап шығуды мақсат етіп, отбасылық «жол картасын» жасауының өзі – бәрімізге ой салатын дәстүр. Жыл сайын келетін ­демалыстарын алыс-жақын шетелдердің курорт-санаторийлерінде өткізбей, қасиетті қазақ жерінің сұлу төрлеріне арнау ел мен жерге деген сүйіспеншіліктің, отаншылдықтың өзгеше үлгісі емес пе?!

Жер мен Елдің киесі бар...

Зинол мен Жамалдың мұндай саяхаттарының төркінінде елді тану, жерді көру, әр жыра, әр сайда халық пен ерлік, ер тағдырын бауырына басып жатқан тарихи оқиғалардың ізін түгендеу, сол көргендерін өзгелерге жеткізу, тәрбиелеп отырған балаларына, ағайын-туыстарына «жыр қып» айту – отбасының ғибратты салты! Ерлі-зайыптылар бір жыл Алтайды араласа, келесі жылы Арқаның орман-тоғайларын тамашалайды. Бір жыл Қаратаудың қойын-қолтығын кезсе, келесі жылы Еділ-Жайықта жүреді. Олардың Жәңгірхан Ордасы мен Махамбет кесенесіне, Абылай хан алаңы мен Кенесары үңгіріне, Қорқыт ата зираты мен Қазығұрт тауына, Зайсан мен Марқа­көлге барған сапарлары қазақ жерінің сан ғасырлық тарихын көкірек көзінде сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге жол салады.

Сондай сапардың біріне Жамалдың ұсынысымен менің де қатысқаным бар. Ат арқасы қиянда жатқан Ақтауға Рәбиға апай Сыздық пен Көбекең Хұсайынов бастаған бір топ адам ұшақпен бардық. Әсерлі кездесу менің жадымда жатталып қалды. Төркінім – Алтай, келген жерім – Алатау. Екеуі де Алаш елінің сыңсыған орманды жасыл аймағы... Маңғыстау табиғат өзі өріп-қашаған сұлу таулардан, қиял-ғажайып ертегілерді еске салатын шатқалдарын, жал-жал құмдауыт төбелерден тұратын қайталанбас ерекше жер екен. Ақтаудан ары Бекет-Ата мазарына мәшинемен жеттік. Оғыландының қасиетті кескінін алғаш көруім. Тәу етіп, Пір Бабаның басына зиярат жасадық...

Жамал мен Зинолдың отбасындағы осы бір игі дәстүр берекелі жанұяға күш-қуат беретініне сенемін. Жарасымды отбасының тірегі – Ақмарал атты қызы мен Кенесары атты ұлы. Жайқалып өскен немерелері бар. Қазақша сөйлеу, қазақша ойлау – әулеттің бұлжымас тәртібі. Бұл асфальтта туып, асфальтта өскен, жаны, жүрегі, тілі қазақ болып есейген ұрпақтың әулет тізгінін бекем ұстаған қос ғалымның тағылымы мен тәлімінің, тіні берік ұстанымының нәтижесі екені белгілі.

Зинол мен Жамалдың ұстанымы адамгершілік пен сыйластыққа негізделген. Мен жақсы білетін төмендегі мысал сөзімді растай түсері анық.

Кеңестер дәуірінде сәбиің жасқа толар-толмастан қызметке шығуың міндетті болатын. Уақытында шықпасаң, орның сақталмайды. Басында пәтерлері де жоқ жастарға қызметтен айырылып қалудан асқан қауіп жоқ екені белгілі. Сондықтан жалдап тұрған пәтерде, не көрші үйде қамқор адам кездессе, жас отау иелері олармен келісіп, сәбилерін қарап тұруға көмек сұрайтын. Жамал мен Зекеңе ниеттеріне сай мейірімі мол Елена Васильевна атты кеңпейіл пәтер иесі кездесті. Пәтерге жібергенімен қоймай, ол кісі олардың кішкентай бүлдіршіндеріне де қарайласып тұрды. Өмір бойы байланыстарын үзбеген отбасы оған өз апаларындай жәрдемдесіп, қартайған шағында да қамқорлық жасауларын тоқтатқан емес. Той-томалақтарынан да қалдырмайтын. Өткен жылы жанұяның бір мүшесіндей болған, жалғызілікті Елена Васильевнаны Зекең мен Жамалдың өз қолдарынан о дүниеге шығарып салғаны есімізде.

Бала демекші, Зекең мен Жамалдың балалары нағыз қазіргі заманның білімді, білікті, қайсар, қағылез перзенттері болып ержетті. Екеуі де ата-аналарына қамқор, талапты, еңбексүйгіш. Кенесарының жарасымды қалжыңы да жоқ емес. Бірде рөлде отырған Зекең қарсы жақтан қатты жылдамдықпен келе жатқан көлікке ұрылудан сақтанып, жол шетіндегі жуан ағашқа мәшинесін соғып алады. Қасында Ақжамалы бар. Абырой болғанда екеуі аман. Машина быт-шыт қираған. Кенесары келіп, әке-шешесінің үрейін басып, үйге алып келеді... Арада бірер күн өтіп, көңілдері жайланған соң, Кенесары әкесіне келіп: «О-оу, каскадер-ау! Ендігәрі байқап жүрші!» дейді құшағына алып. Сөйтіп, әке мен баланың орындары ауысып, ақыл айту енді балаға көшеді.

Қаншама әзіл-шыны аралас әңгіме болғанымен, бұл – өмірдің өзгеруін танып, мойындауға жетелер, төркінінде ұрпаққа сенім артар, болашаққа ығысып орын берер дұрыс тәрбиенің жемісі! Әкенің балаға деген сенімі мен баланың әкеге деген құрметі ұлтты сақтаудың көзге көріне бермес құндылықтарының бірі екені осындай қатынастан көрініп, адамға ой салады...

Жұптары жазылмай еңбек етіп, ұрпақ өсіріп, шәкірт тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарымызды дамытуға елеулі үлес қосып отырған Жамал мен Зинолдың бірігіп шығарған еңбектерінің бірі «Қазақ филологиясы: егіз негіз» деп аталады. Ұлттың ұлы қазынасы саналатын тіл мен әдебиет әлемінде бірі – тілші, бірі – әдебиетші ретінде қатар қызмет атқарып келе жатқан олардың зерттеу нысандары да бір-бірінен ажырамас: сөз өнеріәдебиеттану мен тіл өрнегілингвистика ілімдері. Бұл ғылымдардың тегі, негізі – бір ұғымдар. Ұлттың сөз байлығы мен ой байлығын жұптары жазылмай, жарыса зерттеп, көз майларын тауысып жүрген бір отбасындағы мақсаттары мен мұраттары егіз екі ғалым маған бір құстың екі қанатындай елестейді. Өйткені олар – өмірде де, ғылымда да егіз әрі негіз. Педагогикада да, ұлт руханиятында да егіз әрі негіз болып, қазақ қоғамында өрісті, өнегелі ғұмыр кешіп, еңбек етіп келеді.

Жамал – мен үшін жарты ғасырдан астам уақыт бойы бірге келе жатқан, өмірдің күн­гейінде де, көлеңкесінде де адамгершілік пен ізгіліктің жүзіне шаң қондырмаған адал дос.

Менің ұғымымда, достық – түсіністік пен сыйластықтың дәнекері, қиналғанда қасыңнан табылып, сеніміңе қанат бітірер, қуанғанда сенімен қоса қуана білер құдіретті күш. Әрине, өмірде досыңның көп болуы – жақсылықтың нышаны. Бірақ сол достың ішінен ерекше сенімді, қай кезде де арқа тұтып, сүйенетін, сырлас, сыйлас, пікірлес, адал жанды кездестіріп, бірге жүру – тағдырдың сыйы. Шын достық таза көңіл мен кіршіксіз адамгершіліктің үйлесімділігінен, адамдардың өмір сүру ұстанымдарының сәйкестігінен, пікірлері мен көзқарастарының ұқсастығынан, алға қойған мақсаттарының үндестігінен бастау алады. «Жақсы болудың жақсылық жасаудан басқа жолы жоқ» дейді заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев. Осы бір сөзге ден қойсақ, «жақсы болу» мен «жақсы үй салудың» төркіні бір. Өмірде де, қоғамда да, ғылымда да айналасына адал еңбек сіңіріп, ана тіліне, еліне, жұртына «жақсылық жасаудан» жалықпаған менің замандас-досым, көрнекті тілші, танымал ғалым, білгір ұстаз, филология ғылымының докторы, профессор Жамал Манкееваның «өмірде өзінің ең жақсы үйін» салғанына кепілмін.

Жамал Айтқалиқызы Манкеева салған үй – адамгершілік пен адалдықтың, ұстамдылық пен ұлтжандылықтың Ақ Сарайы...

Шынында да, біз білетін, ел танып, әріптестері  сыйлайтын, қазақ қоғамына есімі белгілі Жамал Манкеева – хадисте айтылғандай өз еңбегімен, өз ісімен «өз үйін» тұрғызған ғалым, ұстаз, ана!

2225 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы