• Тұлға
  • 23 Қыркүйек, 2020

КЕМЕЛДІК КЕҢІСТІГІ

Дулат ИСАБЕКОВ,
ҚР Мемлекеттік
сыйлығының иегері

Нұрғали Ораз алпысқа келіпті. Сенейін бе, сенбейін бе? Сенейін десем, Нұрғали дегенде менің көз алдымнан жіптіктей қара торы, ұяң дауысты, биязы мінезді, кісінің бетіне тура қарап сөйлемейтін балаң жігіт кетпейді. Сенбейін десем, тууы туралы куәлігінде «1960 жылы туған» деген қасарысқан қатыгез мәлімет тұр. «Япыр-ай» деп амалсыздан мойындауға тура келеді екен. Ешқашан өкпесі өшпейтін тұлпардай, ешқашан бір тетігінен ақау шықпайтын зымырандай зулаған уақыт дүниеге келген жаңа ұрпақтың бірін есейтіп, бірін қартайтып, енді бірін тозаңға айналдырып, түк болмағандай, түк сезбегендей өз дегенін бір мысқал да өзгертпей зымырай береді екен. «Сенсең сен, сенбесең өзің біл» дегендей. Баяғыда үлкен әпкем Бибіқали менің елуге толғаныма сенбеген. Ағаларым тууым туралы метркемді көрсетсе де сенбеді. «1942 жылы туған» деген жазуды көрсетсе де сендіре алмады.
Сол сенбеген күйі кетті.
Менің елуге толғанымды әпкемнің мойындамаған себебін кейінірек түсіндім. Бала кезінен көз алдында өскен інісін «кәрілікке» қимайды екен ғой. «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек інім телефон соғып: «Дулат аға, Нұрғали ініңіз алпысқа толып жатыр екен. Әрі ауылдасыңыз, әрі шәкіртіңіз, сол жөнінде мақала жазып берсеңіз дұрыс болар еді» дегенде Бибіқали әпкем сияқты мен де: «Алпысы несі? Ол қашан алпысқа толып жүр?!» деп әуелгі кезде сенбегенім рас. Әпкеме қарағанда менің аздап өмір шындығын мойындайтын сауатым бар, туған жылына қарадым да, сенбеске лажым қалмады.

Сонымен, Бақыршаның баласы Нұрғали Ораз 60 рет қар басыпты. Әдетте, жетпіске келген адам алпысын, алпысқа толған адам елуін аңсайды, елуге толған адам қырқын армандайды. Есімде, Асқар Сүлейменов қырыққа толған кезде жақсы көріп жүрген қызы: «қырықтамын» деп айта бермеңізші, сіз отыз тоғыздасыз, бұдан кейін де отыз тоғызда бола бересіз» деп күлдіріп еді.
Нұрғали екеуміз Монтай-тас деген бір ауылданбыз. Монтай-тас – теміржол станция­сының аты. 1954 жылы сол жерден «Жданов» атындағы астық совхозы ұйымдастырылып, бүкіл балалық шағымыз өткен «Молотов» колхозын тастап, үлкен ағам Набиялхан 1959 жылы, мен Бадам станциясында он жылдықты бітірер кезде осы «Жданов» совхозына орта мектеп директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары боп көшіп келді де, табан астынан монтайлық боп шыға келдік. Нұрғалидың әкесі Балтақара менің ағаммен әрі құрдас, әрі дос еді. Мен 1959 жылы он жылдықты бітірген соң бір жыл Шеңгелді – Түркістан аралығындағы байланыс линиясында, онан соң «Жданов» совхозында электр монтері боп жұмыс істедім.
Нұрғали Ораз1960 жылы, мен околодкада монтер боп жүрген кезімде Нұрғали дүниеге келген екен. 1961 жылы мен Қазақ университетіне оқуға түсіп кеттім де, елмен байланысым үзіліп қалды. Кейіннен естідім, ағамыз Балтақара жаңа ашылған Бақырша деген бөлімшеге бөлімше бастығы боп ауысыпты. Бөлімше деген аты болмаса, қу мекиен, қу дала. Қылтиған тал жоқ, шылжырап аққан жылға да жоқ, тіршілік табы білінбейтін белес-белес адырлы дала. Осы елсіз даланың суретін «Бақыршаның балалары» деген повесінде Нұрғалидың өзі қарапайым бояумен қарапайым ақ қағаздың бетіне айна-қатесіз, оп-оңай түсіре салыпты. Повесть былай басталады: «Мына даланың ұшы-қыры жоқ-ау, сірә... Қыбырлаған тіршілік атаулы бір орыннан тапжылмай, тас төбеде шақырайып тұрып алған күннің аптабынан бой тасалап, көлеңке қуып кетіпті. Шырылдауық бозторғайлар қадау-қадау жусан түбін қорғалап, пыр етіп ұша жөнелуге жасқанып, ұйқылы-ояу, мең-зең күйде отыр. Жылан екеш жыланға дейін сасық кеуректің сабағына оратылып, қыбыр етсем оттай ыстық тақырға бауырымды күйдіріп алармын дегендей қимылсыз қалған. Маң даладағы гүл біткеннің сұлуы – құлқайырлар да тәкаппар басын жерге иіп, мүлгіп тұр».
Өзім талай көрген аптапты даланың ғажап салынған суреті! Мұндай даланың бар көрінісі мен бояуына тәй-тәй басқаннан көз қанықтырып, сол даланың бүкіл табиғаты мен иісін ана сүтімен бірге бойына сіңіріп өскен адам ғана дәл осындай сурет сала алады. Жапан даланың жанды суреті. Нұрғали шығармаларында әрбір жусанның, әрбір қурай мен кеуректің жанды бейнесі бар, образы бар. Мұндай сурет салу үшін туған жердің табиғатын сүю аздық етеді, ол табиғат сені де сүюі керек, сенімен тілдесе білуі керек, сен оны, ол да сені танитын болуы керек. Э.М.Ремарктің «Время жить, время умереть» романындағы өсімдік атаулымен тілдесе алатын Изабелладай олардың үнін тыңдай білу керек. Өзі суреттеп отырған аптапты да адырлы даласының әр түп жусаны мен құлқайыры Нұрғалиды біледі, таниды, сондықтан да олар бір-бірімен еркін тілдесе алады. Олар да Бақыршаның балалары секілді жанды образға айналып кетеді.
Айдалада жаңа ашылған бөлімшеде туған балалардың бірде-бірінде «Туған жері – Бақырша» деп көрсетілмеген, өйткені ондай елді мекен еш жерде тіркелмеген, әркімнің туған жері – өздері көшіп келген бұрынғы ауылдары. Жаңа ашылған сусыз бөлімше тұрғындары үшін басты оқиға – водовоздың келуі болса, күнге күйген қара борбай балалары үшін теңдесі жоқ мереке. Водовоздан шырылдап аққан шалшық суды шылпылдатып кешіп тұру ол балалар үшін ең бақытты сәт. Шлангадан ағып тұрған суға қарай бөлімше адамдарының шелектерін салдыратып жүгіргені, жақын маңдағы мал біткеннің водовозды алыстан танып, лобайымен осылай қарай өңмеңдеп жүгіргені де әрі қызық, әрі аянышты. Үйдегі екі шелек суды ұрлап ішуге машықтанған сиырдың «қулығы» да өте нанымды, өте әсерлі, мейлінше күлкілі. Шөл даланың ындыны кепкен сиырының «қулығы» мен «ұрлығына» күле қарайсың, тіпті сүйсіне қарайсың «Время жить, время умереть» романының «... Время жить» деген алғашқы жартысына сай, өлмес өмір үшін жанды мен жансыздың жапа-тармағай өз әлінше «күресіп» жатқанына жымия қарап, сүйсіне езу тартасың. Әдемі юмор, мәдениетті мысқыл, ұтқыр теңеу, құнарлы тіл. Бірде ауру, бірде сау, қалаған кезінде жүріп, көңіл қошы болмаған кезде «айдалада» тоқтай салатын, «жалқау» образы қанық ашылған водовоз бір күн келмей қалса бір шелек судың айырбас құны бір құнажынға бағаланатын адырлы даланың адамдарының бет-жүзінен өмірге деген наразылық, өкпе-реніш дегеннің табы да жоқ, тәңір қалап, дәм айдап келген осындай «жабайы» тіршіліктеріне разы. Олар үшін дүние-әлем Бақыршамен бітеді. Ешкімде машина жоқ, кейбір «бақыттылары» көксау водовозбен анда-санда Арысқа барып-келгендерін Американың Арканзас штатына барып қайтқандай бірнеше күн бойы жыр ғып айтып отырады. Жансыз далаға көшіп келіп, бір ұрттам суға зар болып отырған ересектер де, жаз бойы адырлы даланы жалаңаяқ кезген балалардың табандары кепкен жусанның шөгірі батпайтын көнтақаға айналса да ешқайсысының жүзінде өмірге деген налу жоқ. Бұл не? Мұнда қандай сыр жатыр? Біздің дәуіріміздің бірінші ғасырында Рим философтары, соның ішінде Луций Анней Сенека қалыптастырған күллі Адамзат өмірінің негізі – стоицизмнің (төзім­ділік, байлыққа ұмтылмау) немесе өзіміздің Ахмет Яссауи негізін қалаған сопылық ілімнің (қанағатшылдық, Жаратушының дегенімен ғана өмір сүр, көнбістік) ғарыш арқылы жарлықсыз, насихатсыз бойға тарап, сананы еріксіз билеуі ме? Қалай болғанда да, Нұрғалидың «Тасболат», «Бақыршаның балалары» деп аталған повес­тері мен шағын әңгімелерінде ешнәрсеге мұңаймайтын, алыстағыны армандаса да, осы адырлы даласын жан-тәнімен сүйетін, оның аптапты аңызағы болмаса «Тасболат» повесіндегі құдыққа құлап өлген жалғыз баласының соңынан өзі де құдыққа құлап, дүниеден ғайып болған аңыздағы кемпірдей, бұл шөл даланың адамдары да өзін қаумалаған «жабайы» табиғаттан айы­рылса әлгі кемпірдей өздері де өмірден ғайып болатындай немесе классикалық қытай аңы­зын­да алып ағаштың бұтақтарында аяқтарын салбыратып, адамдарды көрсе ішек-сілелері қатып күле беретін, бойлары тышқандай ғана жалаңаш адамдарды бұтақтан жұлып алса бірден өліп қалатын құпия тіршілік иелеріндей, бұл жақтың адамдары да осы даласыз өмір сүре алмайтындай көрінеді.
А.П.Чеховтың «Студент» деген әңгімесі еске түседі. Онда өңменіңнен өткен суық болса, мұнда «қара қарғаның миы қайнайтын» аптап. Соған қарамай Нұрғалидың адамдары өздерінше «көңілді», Чеховтың адамдарының жан дүниесін ешқашан жылымайтын мұздай мұң басқан. Оның кейіпкерлері «Матушка Россия» деп жиі айтса да, олар «кір басқан» («немытая Россия») Ресейінің жер-жебіріне жете сынап отырады. Болашақтарынан үміт күтпейді. Ондай үмітсіздікті студенттің мына бір ойынан оқуға болады. «И теперь, пожимаясь от холода, студент думал о том, что точно такой же ветер дул и при Рюрике, при Иоанне Грозном, и при Петре, и что точно такая же лютая бедность, голод; такие же дырявые соломенные крыши, невежество, тоска, такая же пустыня кругом, мрак, чувство гнета – все эти ужасы были, есть и будут, и оттого, что пройдет еще тысячи лет, жизнь не станет лучше. И ему не хотелось домой».
Нұрғалида мүлде керісінше. Оның кейіп­керлері есейген кездерінде де қанат қағып өскен сол сар даласын, аптаптан қайда барып жан сақтарын білмей, бір жусанның көлеңкесінде қанатын үрпитіп, аузын ашып отырған молда торғайын сағынады. Өйткені олар сол даласымен егіз жаралған, дала мен бала егіз боп дүние есігін ежелден бірге ашқан. Оның бұдан басқа елі жоқ.
«Сарғайған шөл далада, құс қанаты күйетін аптапта өсетін Қалыбай атамның бақшасы секілді біздің балалық шағымыз да ғажап екен ғой». «Жапатастың» етегіндегі ауылдың тіршілігі өз алдына бір қызық. Басқа жақтағы ауылдарға ешбір ұқсамайды. «Өйткені бұл жақта өзен, көл дегенің, тіпті түсіңе де кірмейді. Ағаш өспейді. Ағаш өспеген соң жеміс-жидек қайдан болсын. Айнала – маңқиған маң дала».
Осындай маң далада туып-өскен Нұрғали повестері мен әңгімелерінің кейіпкерлері өскен соң сол ауылдарын сағынады. Чеховтың студенті туған жерін сағынбақ түгілі, аштық пен аяз жайлаған туған үйіне де барғысы келмейді. Себеп? Себебі – қазақ қандай қиындық көрсе де туған жеріне кіндігі байланған, бауырында сексен көлі бар жер жаннаты Көкшені қалай сүйсе, қылтиған бір талы жоқ, бір водовоздың суына қарап отырған күнге күйген адамдар маң даласын сол Көкшеден кем сүймейді. Туған жерін табиғи бар болмысымен сүю – қазақ атаулының бойына біткен ұлы қасиет. «Осы жерді жақсы көрем бе, жек көрем бе?» деп олар өздеріне ешқашан сұрақ та қоймайды. Бетіне қарап отырған жалғыз водовоздары бір күн кешігіп, шөлден қаталап отырса да олар дәл осы шөл даласының бір пұшпағын Швейцарияға да, Мадагаскарға да айырбастамайды. Біз оған сенеміз. Оған бізді сендіре білген – Нұрғали Ораздың шыншыл шығармалары, жазушылық байқағыштығы мен суреткерлікке тән туа бітті зеректігі, тілдік қорының молдығы мен нені айтса да, нені суреттесе де шығармашылыққа ең қажетті компонент – талғам өлшемінің (чувство меры) дәлдігі. Тақырып таңдауда, оқиға өрбітуде, кейіпкер мінез-құлқын ашуда, мазмұн мен түрдің ішкі үндестігін сақтауда, құмнан алтынды ажыратып ала білетін старательдей сапырылысып өтіп жатқан өмір шындығынан көркем шындықты сүзіп ала білуде, деталь таңдауда Нұрғали «Бақыршаның балалары» деген алғашқы кітаптарының бірінен-ақ табиғи талант иесі екенін оқырман қауымға танытып өтіп еді. «Тасболат» пен «Бақыршаның балаларын» оқып отырып: «Дүниеауи өркениеттен ажырап қалған бұл ауылдың ертеңі не болмақ?» деп уайымдай бастағанда, қара борбай балалардың «Гекельбери Финнді» оқып, Шерлок Холмс туралы біле­тіндіктері алаңсыз ауылдың ертеңі туралы тұтаса бастаған уайым торын бұлт арасынан жалт етіп шыққан Бақыршаның күніндей сейілтіп жібереді. Оның үстіне бұл ауылға скважина қазатын құдықшылар келе жатыр.
Тасболаттың әпкесі Шынар оқуға түсу үшін водовозбен Арысқа кетті, онан әрі үлке-ен қалаға барады.
Жол-жөнекей шофер Тасболатқа «Маймақ аю» деген конфет алып берді.
Демек, «жабайы ауыл» емес, зайырлы ауыл. Көңілге қуаныш ұялататын «ұсақ» оқиғалар.
Нұрғали Ораз, Асқар Алтайлар әдебиет есігін ашқанда біздің кезіміздегі жаппай әкесіздік пен жоқшылық әлдеқашан ұмытылып, ел еңсесі белгілі бір дәрежеде биікке көтеріліп, тоқшылық дәуір біржолата орнығып, Брежнев негізін салған «өркендеген социализм» заманы мызғымастай дәуірлеп тұрған шақ еді. Кезінде Н.Хрущев биік трибунадан жариялап қойған 80-жылдардағы коммунизм олимпиадалық ойындармен ауысып, «Еуропаны кезіп жүрген коммунизм идеясы» коммунистер елінде «адасқан күшік секілді» (Абай) өз иесіне – Еуропасына қайтып баруға жол таппай, бара қалса бұрынғыдай «адамзат арманы» ретінде оны бірде-бір мемлекет қабылдамай, бар үміті – «коммунизм құрылысшылары» – Кеңес Одағы боп осында біржолата қоныс тепкелі келіп еді, бірақ қағаз жүзінде бар, іс жүзінде жоқ екеніне көзі жеткен сол «коммунизм елесі» бірте-бірте кейін шегіне берді. Сонымен бірге ғылыми коммунизм де, практикалық коммунизм де ұмытыла бастады. Бірақ коммунистік идеология жалғаса берді. Капиталистік әлем мен ком­мунистік әлемнің бәсекесі толастаған жоқ, капитализм мен социализм арасындағы теке-тірес жалғаса берді. «Рейганомика» (Рейган) мен «Черная чайка» (Брежнев) басқарған елдердің экономикасы мен саясаты бірте-бірте ушығып, екі ел арасында «суық соғыс» («холодная война») саясаты деген ұғым қалыптасты. «Америка ­на­­сыбай иіскесе Англия түшкіреді» деген қағыт­па сөз де сол кезде өмірге келді. Оларды Батыс Еуропа елдері де қолдай бастады.
Осындай бір-біріне қарсы кереғар саясат­тың нәтижесінде Кеңес үкіметінің идеологтары Кеңес жазушыларының алдына жаңарған міндет қойды. Ол – Коммунистік қоғамның капи­талистік қоғамнан артықшы­лығын әдебиет пен өнерде жан-жақты көрсету, көркем әдебиетте совет адамының, ұлттық емес, совет адамының жарқын бейнесін жасау. Белгілі драматург Виктор Розов жазғандай, «К великому сожалению, это нам удалось». Өндіріс, ауылшаруашылығы, мораль тақырыбына арналған, белсенді совет адамдарының образын жасау жолында тотальды «шабуыл» басталып кетті. Нәтижесінде, кеңсе, әде­биетінде «белсенді бейне» жасаған ­ро­ман, повестер кітапхана сөрелерінде лықып тұрды. Қазақ әдебиеті де бұл үндеуден кенже қалған жоқ, алғы шепте болды деп айтсақ асыра айтқандық бола қоймас. Оспанхан Әубәкіровтің «Эзоптан Ислам Шұғаевқа дейін» деп аталатын мақаласындағыдай, проза саласында Грибачев пен Горбачевтің (жазушы Горбачев) өндіріс тақырыбына жазылған, мемлекеттік сыйлықтармен марапатталған, бұл күнде ешкімнің есінде жоқ романдары секілді қазақ әдебиетінде өндіріс пен ауыл еңбек­керлерінің өмірін «паш етуге» арналған ондаған шығармалар жазылды. Драматургия саласында А.Гельманның, Ю.Бондаревтің, А.Софроновтың, Ю.Семенованың және біздің М.Сәрсекеевтің өндіріс тақырыбына арналған «белсенді кейіпкерлері» сахнаға шығып, идеология тұрғысынан «совет адамдарының жарқын бейнесі» ретінде жарнамаланып жатты.
Бұл ұрпақтың артықшылығы – олар бұл романдарды естігені болмаса, оқыған жоқ. Біз оқыдық. Совет адамдарының жарқын бейнесін жасауды үйренгіміз келді.
Бұл ұрпақтың артықшылығы – олар студент болған кезде Батыс әдебиетінің шымыл­дығы түрілген болатын. Біз оларды оқыған да, естіген де жоқпыз. Біз мектеп рұқсат еткен жалпы хрестоматия шеңберінде ғана көркем шығармалар оқыдық.
Бұл ұрпақтың айырмашылығы – олар жалған идеология мен қатаң цензураның әлсірей бастаған шағында қолдарына қалам алды. Олар өздерінің «өзіндік сынынан» сәтті өтіп, көркем дүние жасауға қабілет-қарымдарының бар екендіктеріне сеніммен қарай баста­ғанда М.Горбачев билікке келіп, «коммунизм» идеясынан кеңестік кеңістікті біржола тазартып, жариялылық пен плюрализмді, сөз бостандығы мен демократияны мемлекеттік дамудың моделі ретінде қалыптастырып, цензура дегенді атымен жойып, шығармашылықтың барлық түрінен тыйым салған ноқта-жүгендерді сыпырып тастады – енді не жазсаң да, қалай жазсаң да өзің біл, тек билік саясатын сынаудан аулақ жүрсең болғаны.
Әдебиетте еркіндік кезеңі басталды. Бұрын тыйым салынған А.Рыбаковтың «Дети Арбата» романынан бастап көптеген роман-повестер қараңғы тартпалардан жарық дүниеге шығып, оқырман қауымның қолына жедел түрде жете бастады. Қазақ әдебиеті де сол сарынға ілесіп, бір-екі «қапастағы» шығармалар «азаттық» алып көріп еді, ол шығармалардың дені саяси бағыттарының ауытқуынан емес, көркемдік деңгейлерінің сын көтермейтін төмендігі үшін «қамауда» жатып келгендері анықталып қалды.
Нұрғали Ораз шығармашылығы жайлы мақала жаза отырып, негізгі мақсаттан ауа жайылып кеткендей боп көрінетінімді білмей отырған жоқпын. Әрбір жазушының шығармасын талдап-тану үшін оның өскен ортасын, тәрбиесін, білімін, көркемдік көзқарасын қалыптастыруға тікелей ықпал еткен саяси факторлар мен моральдық модельдердің, өмір тану, әдебиет тану процестерінің жазушы шеберлігінің басталу, қалыптасу, даму эволюциясымен бірлестіре қарағанда ғана жазушының өсу жолына баға беруде басты құрал боп табылатыны анық.
Жоғарыда айтқан факторларды оқып, біліп, көріп өскен Нұрғали алғашқы әңгімелері мен повестерінде өз басынан кешкен өмірді шыншыл да шынайы қалпында өзіне тән жарасымды юмормен жайып салуға құштар болса, келесі кітаптарында заман ағымының өзгеруіне байланысты адам баласының ішкі әлеміне тереңдей еніп, оның жан түбінде жасырын жатқан қатпар-қатпар сезімдерін жабағы түткендей жайбарақат таратып, классикалық психологизм дәстүрін меңгеруге батыл қалам тербегенінің куәсі боламыз. Автордың өзімен бірге кейіпкерлері де есейіп, «ересек» өмірдің адам жанын шырмаған элегиялық сарындағы сезімдерді аша түсетін шығармалары бірінен соң бірі дүниеге келе бастады. «Түнгі жалғыздық», «Әпкем, жездем және мен», «Жылқының көз жасы» жайлы өмірді жайбарақат жазып отырғандай боп көрінгенмен «Бақ құсы» атты әңгіменің айтқанынан айтары мол. Алтын сарайдай зәулім үйде тұрып жат­қан Айгүл қыздың ішкі жан тебіреністері, биік лауазым иесінің «көңілдесі» болуының арқа­сында үлде мен бүлдеге ора­нып еш мұқтаждық көр­мей шалдуар өмір сүріп жатқан, «көзінің қиығына жы­быр­лаған ұсақ әжімдер ұя салып үлгерген», «бақытты» келіншекке мұндай байлық нағыз бақыт сыйлай қоймайды. Оның жан дүниесі басқа бақытқа талпынады. Ол бақыттың түрі – рух бостандығы, ой еркіндігі, жазушы адамның өмірі мен шығармашылық әлеміне деген шексіз қызығушылық, ішінде тұнып жатқан сол қызығушылығын жастық шағымен бірге қайта оятып, келмеске кетіп бара жатқан романтика әлеміне алаңсыз шомылуды қалайтын әйел жанының көп қатпарлы сырын бір кештік оқиға арқылы ашып бере білген психологиялық әңгіме. «Оңаша арал» әңгімесі де жарыққа ұмтылған көбелектей «өмірде жақсы» адамды іздеп таба алмаған әйел жанының құпиясын ашуға арналыпты. Романтикалық сарындағы әңгімелер циклын жазуға қатты құмартып жүрген кезі болар, Нұрғалидың «Тауда айды тамашалаған түн», «Бақ құсы» әңгімесі бір-бірімен туыстас шығармалар секілді. Мұндағы романтикалық сезім сарындарының ұқсастығын айтпағанда, екеуінде де Жапонияда Обасутэяма тауына барып айды тамашалау дәстүрі бар екенін қайталап кетуі «айдың бетіне жердің көлеңкесі түсіп тұрғандай», махаббат рапсодиясындай тап-таза лирикалық әуеннің көркін бұзып тұрғандай көрінеді екен. Бір-біріне ынтызар адамдар тау бөктерінде жүргенде айға қарамағанда қайда қарайды? Жапонияның ұлттық дәстүрін айту арқылы олар білім-дәрежесін білдіруді мақсат еткен шығар немесе барлық мерекесі тек жеуге құрылған қазағының дәстүрлі тойларын сөз астарында жасырып, сарказм сарынында білдіргілері келіп те тұрған шығар? Бәлкім... бәлкімді қоя тұрып, оның «Қазығұрт оқиғасы» деген әңгімесіне тоқталайын.
Әңгіме ашаршылық жайлы. Осы өмірімде мен ашаршылық жайлы қасіретке толы талай шығармалар оқыдым. Көркемі де бар, деректісі де бар. Халықтың тең жартысынан астамы қырылып, қазақ даласы «Долина смертей» деген сияқты «өлік сасыған далаға» айналғанын естіп, оқып, төбе шашым тік тұрып, ішім қан жылап, осыны ұйымдастырған адамдардың молаларын тауып, сүйектерін жан-жаққа шашып барып байыз тапқым да келді.
Нұрғали Ораздың «Қазығұрт оқиғасы» ашар­шылық қасіреті жайлы жазылған барып тұрған қайғылы реквием. Бұл әңгімені осыдан отыз шақты жыл бұрын оқығанмын. Мақала жазу алдында кейбір детальдар мен штрихтарды еске түсіру үшін тағы да оқуыма тура келді. Бекер-ақ оқыппын. Оқып болып үйге сыймай далаға шығып кеттім. Күйеуі аштан өлген соң, өзінен басқа бұл ауылда тірі жан қалмаған соң жас әйел төрт жасар қызын жетектеп, кішкене бөпесін омырауына қысып, Қазығұрт тауының ар жағын­дағы төркініне қарай жаяулатып шығып кетеді. Күн жүреді, түн жүреді. Қазығұрттың төбесі көрінер емес. Өліп бара жатқанда талғажу етерміз деп қалтасына салып алған қос уыс кебек қана бар.
Осылайша, бірін жетектеп, бірін көтеріп әйел екі күн жүреді. Тау көрінер емес. Әбден қалжырап бітті. Кездескен бұлақ пен жылғаның жанына кеп жығылып, қорқыныш пен үрей құшағында сол жерде түнеп шығады. Ертеңінде тағы жолға шығады. Емізулі бала тамақ сұрап шырқырап жыласа, төрт жасар қыздың жүруге шамасы келмей сүрініп құлай береді. Сол жерде отырып сәл әл жинап, қайта жүреді. Екінші күні далаға түнеп шыққан соң кішкентай қыздан мүлде әл кетті. Енді ол құлаған жерінен тұра алмайтын халге жетті. Енді не істеу керек? Өстіп жүре берсе үшеуі де өледі. Әйелдің басына сұмдық ой келді. «Қызды осы жерде қалдырып, үйге жетіп алған соң баланы сонда тастап, тез қайтып келіп қызды алып кетермін» деп сұмдық шешім қабылдайды. Басқа амал жоқ! Әйел отыз шақты қадам алыстағанда талықсып жатқан қыз анасының өзін айдалаға тастап бара жатқанын сезіп «Апа-а-а»» деп айғайлайды. Оған қайтып баруға мұрша жоқ, әйел бір құлап, бір тұрып «Рабат» жаққа қарай ілби басып, қараңғылыққа сіңіп көзден ғайып болады.
... Көзін ашса үйінде жатыр екен. Есін жиған соңғы бірінші сұрағы:
– Әже, мен қашан келдім? – болды.
– Бүгін тұп-тура жетінші күн. Балаң екеуіңді өлмеші халде жатқан жерлеріңде шөп тамырын қазып жүрген атаң тауып әкелді.
Қараңғы түнде «апа-а-а?» деп қалған төрт жасар қыздың тағдыры не болды? Арада жеті күн өтіп кетті ғой!
Әңгімені оқып шыққаныма бірнеше күн болса да кішкентай қыздың «апа-а!» деген дауысы құлағымнан кетер емес.
Осы әңгімеден соң әлгі қызбен жасты ­шө­берем Айымды орнымнан тұра сап, құша­ғыма қатты қысып аймалап сүйе бергім келетін болды.
Нұрғалидың «Қоңыр шәлі» деген әңгімесін оқып шыққанда да дәл осындай күйді бастан кешірдім.
Сиыр фермасына қарауыл боп отырған тау қуысындағы қар көмген төрт үй. Қыс ауасында бұл жаққа шайтан болмаса тірі жан аяқ баспайды. Сондай күндердің бірінде Пернебайдың әйелі Кәмешті толғақ қы­сып, жанын қояр­ға жер таппай қинала бастайды. Тез арада әйелдер бо­санатын үйге жеткізбесе жағдай қиындап кетуі мүмкін. Аязда қа­тып тұрған «кә­семсотты» трак­торшы бала оталдырып алып келемін дегенше де көп уақыт өтті. Ақыры олар жолға шығатын болды-ау! Жүрер алдында әйелі күйеуіне: «Сандықта қоңыр шәлі бар, тауып берші» деп өтініп еді, күйеуі оны таба алмады.
Олар «р»-ға тілі келмейтін баланы үйге жалғыз тастап жолға шықты. Балаға қарауыл боп көрші әйел Ағайша қалды. Күні бойғы ауыр жұмыстан әбден тоңып шаршаған әйел пеш түбінде қисайып жатып ұйықтап кетті.
Бала сандықтан қоңыр шәліні тауып алып, апама апарып берем деп «кәсемсот» кеткен жаққа қарай оның ізімен жолға шықты. Біраз жүрген соң із жоғалды, күн кешкірді. Аяз ­кү­шейді. Жол бітіп, омбы қар бас­талды.
Кішкентай бала сол күйі табыл­мады.
Көрген қорлы­ғы­ның бәрін деревнядағы атасына: «Ата, аташым, мені тез алып кетші. Мұнда мені ұрады, соғады, тамақ та бермейді, менің сенен басқа ешкімім жоқ» деп асығыс хат жазып, конверттің сыртына «Деревняға, атама» деп адресін көрсетіп, пошта жәшігіне хатты тастап қайтқанына қуанып, тәтті ұйқыға кіріскен тоғыз жасар Ванька Жуковтың хаты атасының қолына ешқашан тимейтініне жаны ашыған Чехов заманының оқырманының біразы осы әңгімені оқып болып, еңіреп жылаған екен. Әрине, ол кездің адамдары біздің кезіміздің оқырманына қарағанда жұмсақтау, бауырмашылдау, тазалау, өзгеге жандары ашығыштау, сондықтан да Ваньканың хаты атасына жетпейтінін біліп, көздеріне жас алды. Нұрғали Ораздың осы екі әңгімесін оқыған адам өздерін қаншама қасаң да қатал дәуірде өмір сүріп жатырмыз деп сезінгенмен, осы оқиғаларды оқып шыққан соң мұз жүректерінің қалай жібіп, өзгенің қайғысын өз қайғысындай қабылдай кеткендерін сезбей де қалады. Оған басты себеп тек оқиға барысы мен финалының үмітсіз тұйыққа тіреліп, оқырманның жүрегін «Тауда ұшқан тазқара» повесіндегі қара тастай ауыр сезімге бөлеуінде емес, реалистік өмір шындығы мен көркемдік шындықтың ортақ бірлестік таба білуінің арқасында оқырманға әсер етер эмоциялық қуаттың мөлшерлік өлшемнен шықпай бірте-бірте күшейе түсуінде.
Осы жасқа дейін Нұрғали Ораз он шақты кітаптың авторы боп үлгеріпті. Балалық шақтағы Бақыршадан бастап Алматыда алпысқа толғанға дейінгі аралықта ол иісі қазаққа аты мәшһүр жазушы, киносценарист, драматург ретінде кеңінен танылып үлгерді. Өзінің өсу жолына қарай оның шығармалары да тақырыптық, формалық, құрылымдық жағынан, контекст пен контенттік базаларды композициялық тұрғыдан үйлесімді пайдалана білуді шебер меңгере білген мәдениетті прозаик ретінде өз атын біржолата қалыптастырды.
Жоғарыда айтып өткен «ауыр» әңгімелер­мен қатар ол «Тауда ұшқан тазқара», «Оңаша арал» секілді формасы жағынан қарапайым, баяндалып отырған оқиға шағын боп көрін­генмен мазмұны терең, өзі жүріп өткен өмір деп аталатын жолдың екі жағында шашылып қалған өз тіршілігінің ұмытыла бастаған сынықтарын қайта еске түсіру арқылы өзінің бүкіл өмірінің ой-шұқырын аралап шыққан бұрынғы үлкен лауазым иесі Керім Меңдіғалиевтің қартайған шағында ауылдағы тойға келген бір күндік өмірі бүтін бір ғұмырға шеккен ұзақ сапардай боп көрінсе, «Оңаша арал» атты әңгіме тойдан қайтқан, аттары аталмайтын Ер адам мен Әйелдің арасындағы екеуара әңгімеге құрылған. Бұрын бірін-бірі танымайтын екі адамның екі-үш сағат ішінде өмір жайлы, адам жанының тазалығы мен арман-қиялдары жайлы ашық сырласу кезінде жайшылықта байқала бермейтін қырық қатпарлы әйел жанының ерке де еркін диалогтары арқылы тереңдеп ашыла түсуі оқырманды адамдық пен тазалықтың, сезім мен шынайылықтың оңаша аралына алып ұшып бара жатқандай сезіндіреді. Әйел жаны отқа ұмтылған көбелектей өмірден тек жақсылық күтеді, ізгілік пен шынайылықты, жақсы адамның өмірлік серігі болуды армандайды, бірақ ондай адамдар табыла бермейді. Бәлкім, табылса да бір-бірінің жанынан байқалмай өтіп кеткен болар, сонан соң, Фланнери О’Коннердің «Хорошего человека найти не легко» дегеніндей, аңсаған арманына жете алмағасын, ауыр бір күрсініп алып, шулы өмірінде жадырап, оңаша өмірінде жабырқап, бір өмірде екі адам боп тіршілік кешуге амалсыз көндіккен әйел болмысын жалаңаштап ашып бермесе де, өзінің жазу мәдениетіне сай жартылай «жалаңаштап» қана ашып бере білген Нұрғали осы әңгімесі арқылы психологиялық диалогты жандандыра түсті.
Нұрғалидың жоғарыда аталған «Бақ құсы» деген әңгімесінде мынадай қызықты са­лыс­тыру бар: «Барлық... кішкентай ауылдың аты – кішкентай ауыл, – деп ойлады ол. – Оны үлкен ауылдар үнемі менсінбей келеді. Айталық, Әуезов «Қаралы сұлуды» ағылшынша жазсыншы!.. О-о, онда Еуропаның есі бар біраз жазушысы өз шығармаларына қайта үңілген болар еді».
Иә, біз «кішкентай ауылмыз». Малды ауыл­мыз. Жапониядағыдай озық технология мен элек­троника бізде дамымаған. Біз әлемдік назардан тыс қалған елміз. Бізді ешкім әдеби державаның қатарына қоспайды, қосқылары да келмейді. Бірді-екілі сәтті туындыларымызды олар кездейсоқтық деп бағалайды. Егер Нұрғали­дың «Қазығұрт оқиғасы» әңгімесінің авторы Я.Кавабата немесе Х.Мураками болсыншы, біз, қазақтар ол әңгімені әлемдік деңгейдегі классикалық шығарма ретінде алғашқылардың бірі боп өз тілімізге аударып, «ашаршылық жай­лы бізде осындай әңгіме неге жоқ?» деп талай рет «жоқтау» айтқан болар едік. Бұл әңгіме­нің «бақытсыздығы» сол, оны тым болмаса «орыс деревнялық прозасының» өкілдері В.Шукшин немесе В.Распутин емес, қайдағы бір «Кішкентай... малды ауылдың» қазақ авторы қазақ тілінде жазғандығында. «Көшпелі елдің профес­сио­налды әдебиеті жоқ» деген стереотипті пікір батыс елдерінің санасына әбден сіңіп қалған. Ол стереотипті бұзу үшін бізге уақыт керек, жарнама тұрғысында қазақы сыпайылық пен жалтақтықты жиып қойып, әлемдік әдеби рынокта барымызды базарлай білуіміз керек. Онсыз ешқандай тауар өтпейді. Бізге талай ғасыр бойы жон арқасын беріп тұрған алыстағы батыс елдерін былай қойғанда, үш жүз жылдай аралас-құралас өмір сүріп, жетпіс жыл бойы «бауырлас бір халық» боп келсек те Ресейдің шет қалаларында, тіпті С-Петербургтің өзінде біздің әдебиетіміз бен өнеріміз жайлы кейбір көзі ашық деген адамдардың өзі бейхабар екенін байқайсың. Премьерадан кейінгі пресс-конференция кезінде журналист пе, сыншы ма, сырт қарағанда өнерге қатысы бар зиялылардың бірі боп көрінетін орта жастан асқан сақалы сәнді бір кісі маған: «Айтыңызшы, қазақ драматургиясы Петербург сахнасында қойылатындай дәрежеде дамыған ба, әлде бұл кездейсоқ қана сәттілік пе?» деген сұрақ қойды. Сонан соң қоюшы-режиссер В.Малышицкиге: «Неге сіз ұлы жазушы Булгаков жайлы орыс жазушыларының пьесасын емес, алыстағы қазақ драматургінің пьесасын таңдадыңыз?» деп тиісті.
Мен үшін де, өзі үшін де В.Малышицкий ызалана жауап берді. «Осындай жалған гегемон­дық пен суық шалған жалған «өзімбілемдікті» қашан қоясыңдар! Өздерің білмейсіңдер, білуге тырыспайсыңдар! Бұл күнде қазақ әдебиеті мен драматургиясы орыс шығармаларынан асып түспесе, кем түспейді. Бірақ оны мойындауға намыстанасыңдар! Булгаков жайлы жазылған қандай пьесаларды айтып отырғандарыңызды білемін. Оларда Булгаков жоқ, тек Елена Сергеевнаның юбкасы ғана бар. Ал маған керегі юбка емес – Булгаков! Сол керегімді қазақ драматургиясынан тапсам, несі айып? Орыс жазушысы жайлы қазақ драматургінің жазғанына қайта қуанбайсыздар ма? Осында отырған біреуің Мұхтар Әуезов жайлы немесе Галина Серебнякованың досы, сүйіктісі жалын­ды ақын Сәкен Сейфуллин туралы пьеса жазып көріңдерші, қазақ халқы сендерді көкке көтерер еді. Ал сіздер «орыс тақырыбын қазақ неге жазады» деп қызғанып отырсыздар. Бұла­рыңыз­бен мүлде келіспеймін!» деп бұдан кейінгі беріліп қалар қиямпұрыс сұрақтардың «жынын» құмыраға ашу-ызамен қайта тығып тастап еді. «Ерікті елдердің мәңгілік одағында» тату-тәтті қатар өмір сүріп келе жатырмыз деп мәз боп жүрсек, іргеміздегі Ресейдің «мәдени астанасы» С-Петербург бізді әлі менсіне қоймайды екен. Ал біз болсақ алыстағы батыс Еуропаға өкпелейміз. Дәл жоғарыдағыдай астамшыл сұрақтар маған Лондонда да қойылған. Олардың бәріне өзімше жауап бере келіп: «Ғасырлар бойы біз сіздердің жауырындарыңызды ғана көріп келеміз, енді беттеріңізді көргіміз келеді. Сонда бір-бірімізді жақынырақ таныр едік» деп жауап берген едім. Бұл жердегі негізгі мәселе қалай жауап беруде емес, негізгі мәселе – сұрақтардың түп-төркінінде болып тұр. Сұрақтардың сыры – біз әлі өнеркәсібі мен өндірісі, технологиясы мен электроникасы әлем назар аударарлықтай биікке көтеріле қоймаған, социализмнің ескі жұртында отырып қалған малды ауылдың адамдары секілдіміз. Әдебиет пен өнердің өзге елдерде танылуына сол елдің экономикасының шарықтап дамуы да тікелей әсер ететін фактор. Тіпті жақсы шығарылған тұрмыстық ыдыс-аяқтардың өзі идеологиялық насихаттың бір түрі боп бағаланады екен. Лондондағы Лордтар палатасының қабылдауы кезінде үстел үстінде тұрған жапон тарелкаларының өзі маған жеңімпаз елдің елшісіндей әсер етті. Мадам Баттерфляйға ұқсайтын жапон әйелінің суреті саған қарап: «біздің әдебиетіміз де бай, сенбесеңіз оқып көріңіз» деп жымия күліп тұрғандай.
Алпысқа келген адамды іні деп айту жараса қоймас, 26 жасар Пушкинді қабылдағаннан кейін император Николай бірінші: «Мен бүгін Россияның ең ақылды адамымен кездестім» деп жазған екен. 26 жастағы адамды біздің билік те, өзіміз де «ең ақылды» адамдардың қатарына қоса қоюымыз қиын шығар, ол үшін біздің жасымыз құрығанда елу-алпысқа толуы керек. Қазір Нұрғалиды қалай мақтасаң да жарасатын жасқа келді. Балалардың шулы өмірінен бастау алған оның шығармашылық өсу жолы бұл күнде қоғам тынысының барлық кезеңдерін адам жанындағы өзгерістер арқылы суреткерлік ерекшелігімен естен кетпес образдар жасап, әдебиетімізді әдемі юмормен, биязы мәдениеттілікпен, тілдік қорының байлығымен, деталь ұтқырлығымен, кейінгі кездердегі кейіпкерлерінің биік интеллектісімен ойлы прозаның көркемдік планкасын едәуір жоғарыға көтерген дүниелерімен әдебиетіміздің қоржынын толтыра түсті. Әрине, бір мақалада оның шығармаларының бәріне тоқталып өту мүмкін емес. Алайда оның кітаптарына тұтастай алып баға бергенде, әдебиетіміздің көркемдік көкжиегін кеңейтіп, өмір шындығын көркемдік шындықпен оп-оңай біріктіре алатын шыншыл да шынайы суреткердің алғашқы шығармаларымен-ақ қалыптасып үлгіргенін мойындауымыз керек.
Бүгінгі таңда Нұрғали Ораз көркемдік кри­терлердің қыр-сырымен керегінше қаныққан, батыс пен шығыстың әдеби үрдістері мен үлгілерінен өзіне керегін алып, не батыс, не шығыс ауанында байланып қалмай, баяндаудың жаңа пайда болған еуразиялық формасын қазақ әдебиетінің даму процесіне әр шығармасы арқылы енгізе білген қаламгер.
«Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деп Абай айтқандай, шығармашылық адам­ның жасы ұлғайған сайын оның арманы да молая түспек. «Мені жаз» деп төңірегіңде сан алуан та­қырып анталап жүреді. Оның қайсысын таңда­рың­ды білмей дай-дұй күй кешетін күндерің де аз емес.
Жазушыда шың да жоқ, еңістік те жоқ. Онда тек кеңістік қана бар. Сол кеңістікте ол келе жатпайды, бара жатады.
Кемелдік кеңістігіне.

2140 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы