• Қоғам
  • 23 Қыркүйек, 2020

ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫСҚА БЕТ БҰРДЫ

Абзал Құспан,
адвокат

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауындағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», яғни «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы былтырдан бері істелген жұмыстың жалғасы деп есептеймін. Былтыр Президент әкімшілігі жанындағы Азаматтардың арыз-шағымдарын қарау жөніндегі тұрақты комиссия жұмыс істеді. Комиссия жұмысына құқық қорғау органдарынан Жоғарғы Сот, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігінің өкілдері қатысып, Қазақстанның әр өңірінен келген арыз-шағымдарды қарастырдық.
Президент әкімшілігі аппаратының арыз-шағымдарды қарау бөлімінің сол кездегі меңгерушісі әрі Президенттің көмекшісі болған Аида Балаева: «Көп сынайсыздар, келіңіздер, көріңіздер, осы мәселені шешудің жолын бірге іздейік» деген соң, ешқандай ақы талап етпестен, комиссия жұмысына қоғамдық негізде Адвокаттар қауымдастығы атынан өзім қатыстым. Жоспар бойынша күніне елу адам қабылдаймыз, одан артық қабылдау мүмкін емес деген едік. Арыз-шағымдардың көптігінен күн сайын 200-300 адам қабылдауға тура келді. Қаншама арыз-шағым түсті, жеке қабылдау болды.
Біздің мақсатымыз – жергілікті жерде қандай проблема бар, өкілетті органдар, әрбір салалық министрліктер, салалық комитеттер, облыстағы аймақтардың басқармалары, осылардың қызметінде қандай кемшін тұстары бар, соны анықтау еді. Аңғарғаным, негізінен облыс әкімшілігі, аудандық, ауылдық деңгейде шешілетін мәселелердің көпшілігі ­Президент әкімшілігіне жолданған. Мәселен, құқық қорғау органдары тарапынан, әсіресе жергілікті қандай да бір лауазымды адамның іс-әрекетіне шағым келтіріп, Президент әкімшілігіне жүгінеді.
Жұмыс барысында шын мәнінде қаншама қатпар-қатпар өзекті мәселелердің бар екеніне көз жетті. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» деген, ең бірінші кезекте, Президент әкімшілігі немесе Үкімет емес, жергілікті жердегі ауылдық округ әкімшілігінен бастап, аудандағы мемлекеттік мекемелер екенін мемлекеттік қызметші, әр мемлекеттік мекеменің басшысы жете түсінуі қажет. Халық үнін еститін мемлекет десек, ол Астанада шешілетін мәселе, Үкіметтің шаруасы екен деген ой тумауы керек.
Адам баласы болғаннан кейін әртүрлі жағдайға кезігеді. Сан алуан мемлекеттік мекемелерге барады. Мәселен, ол Ауылшаруашылығы басқармасы, құқық қорғау органдары, Ішкі істер органдары, қаржы полициясы, қазіргі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы болуы мүмкін. Міне, осы жергілікті жерде ол азамат қандай өтінішпен келді, жан-жақты қаралып, сол жерде шешілуі тиіс. Президент тапсырма берді, енді мәселені шешудің тиімді механизмдері жасалуы керек. Біз өз тарапымыздан Президент әкімшілігіне ұсынысымызды бердік. Мен қазір ол жерде жоқпын, еліміздегі карантинге байланысты ол қоғамдық жұмыстан бәріміз де шеттеп қалдық.
Азаматтардан түскен арыз-шағымды электронды бақылау жүйесіне енгізу жөнінде айта кетейін. Азаматтың арыз-шағымы түсті делік. Ол арызды кім қабылдады, кімге түсті, кімге барды, орындаушысы кім, мерзімі қандай, қандай шара қолданылды, осының бәрі электронды бақылау жүйесінде жазылып тұрса, бұл бірінші кезекте азаматтардың өтініш, арыз-шағымдарының дұрыс қаралуына, қалалық, республикалық департаменттер, министрліктер мен Үкімет, Президент әкімшілігі тарапынан қатаң бақылауға алынуына өз әсерін тигізер еді. Адамды допша қуаламай, мәселесінің дер кезінде шешілуіне, арызының дұрыс қаралуына, әсіресе жергілікті жерде дереу шешілуіне тигізер пайдасы зор деп есептеймін.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев мемлекеттік бақылауға балама ретінде қоғамдық бақылау институтын қолдай отырып, тиісті құқықтық негіз қалыптастыру қажеттігін, мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын қамтамасыз ететін «Қоғамдық бақылау туралы» заң әзірлеп, қабылдауды тапсырғанына баса назар ­аударуымыз керек. Меніңше, Қасым-Жомарт Кемелұлы қызметке келгеннен бері бұл бағытта көптеген жұмыс атқарылды. Қараңыз, біріншіден, Ұлттық сенім кеңесі құрылды ма, құрылды. Оған қоғам өкілдері тартылды ма, тартылды. Мейлі, біреу келісер, біреу келіспес, ең бастысы, билік органдары алға қарай бір қадам жасады. Бұған дейін тәжірибеде мұндай іс болған жоқ. Бұл мемлекеттің қоғам белсенділерімен жұмыс істеу арқылы қоғаммен қарым-қатынас орнатуға жасаған бір қадамы.
Екіншісі, жоғарыда айтып өттім, Президент әкімшілігі аппаратының арыз-шағымдарды қарау бөлімінің жанынан құрылған комиссия. Мен заңгер ретінде, қоғамның өкілі ретінде сол комиссияның тұрақты мүшесі болдым. Мұны да өз басым эксперимент деп бағалаймын.
Ұлттық сенім кеңесі – қоғамдық ұйым, қоғамдық комиссия, қоғаммен қарым-қатынас орнатуға бағытталған алғашқы қадам. Енді бұл үрдіс жергілікті жерде де жалғасын табуы керек. Аймақтарда экология, ауызсу, жер мәселесі секілді тұрғындар үшін өте актуальды мәселелер көп. Осындай мәселелерді бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде сынай бермей, мәселенің шешілуіне өңірдегі қоғам белсенділері тікелей атсалысқаны жөн. Мәселен, мен Оралдың қазағымын. Атырау бізге көрші облыс. Атырауда экология мәселесі күйіп тұр. Біздің экологиялық мәдениетіміз қалыптаспаған. Соның салдарынан Жайық өзенінің айналасын қоқысқа толтырып тастаған. Атырауда онсыз да демалатын жер, тал-терек аз. Соған қарамастан, демалатын жердің айналасы күл-қоқыс тастайтын жерге айналып кеткен. Жақында қалалық әкімшілікпен бірігіп, қоғам белсенділері қоқыстан тазалау жұмыстарын жүргізіп, бірнеше камаз қоқыс шығарылды. Міне, осындай белсенді азаматтарды мемлекет өзінің қызметіне пайдалану керек. Бұл қиындық тудыратын немесе күрделі механизм емес, қарапайым ғана тәсіл.
Президенттің Жолдауында «Жұртқа жақын полиция» қағидаты, яғни учаскелік инспектордың мәртебесін заңнама арқылы арттырып, оның өнімді жұмыс істеуіне мүмкіндік берген дұрыс екені айтылды.
Учаскелік полиция инспекторларына келетін болсақ, жалпы Қазақстан полициясы дегеніміз, ол кешегі Қазақ КСР-інің милициясы ғой, негізінде сол мектеп күйінде қалды. Тек кейбір салалар бойынша тәжірибе өзгерді десе болады. Соның ішінде учаскелік полиция инспекторларына бұрын көңіл бөлініп, жақсы жұмыс істегендерін қызмет бабында көтеретін. Қазір бізге сол тәжірибе бұзылып кеткендей көрінеді. Өйткені бір өңірге өзге өңірдің полиция қызметкерін әкеліп тағайындайды. Ол тергеуші, анықтаушы-дознаватель бола алуы мүмкін, ал учаскелік полиция инспекторы мүмкіндігінше сол жергілікті халықтың арасынан шыққан, бәрін танитын, тіпті кімнің қандай көлігі, қанша малы бар, соның бәрін білуі тиіс.
Жаңадан келген инспектор әрбір ауланы аралап жүріп танысуға тиісті, танысып болғанша оны тағы да ауыстырып жібереді. Ол басқа жерге барып, қайтадан сіңісемін дегенше, кімнің қылмысқа икемі бар, мінез-құлқы қандай, зерттеп үлгермейді. Олардың мәртебесін көтереміз деп ақшасын ғана көтеріп, қосымша өкілеттік берумен шектелмей, ең бастысы оның тұрақтылығын қамтамасыз етуіміз керек. Яғни учаскелік полиция инспекторы бір учаскеге тағайындалды ма, сол жерде тұрақты түрде жұмыс істегені дұрыс. Өйткені сол учаскеде болатын барлық қылмыс үшін жауапты, қылмыстың ашылуына бірден-бір себепкер адам – осы учаскелік полиция инспекторы. Сондықтан учаскелік полиция инспекторларының тұрақтылығын қамтамасыз ету арқылы олардың жағдайын жасау қажеттігі ешқандай дау тудырмайтын мәселе. Ол әлдеқашан көтерілуі керек еді.

873 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы