• Руханият
  • 23 Қыркүйек, 2020

АНТЫМЫЗҒА АДАЛМЫЗ БА?

Қираған сол мәмләкетті

Құрастырып қайтадан,

Ел қылуға еңселі

Ант еткен жоқ па едік екеуміз?!

Сауран сұлтан

 

Қан құйысып ант ішкенбіз.

Бірақ амалың қане?

Өтпес жарлық бойға қорлық.

Қайран болмаса қайтейін?

Әбілхайыр хан

 

Ант – жеке тұлғаның ең қастерлі нәрсемен өзінің адал ниетіне сал­танатты түрде сендіруі, уәде беруі, куәлік етуі. Қазақ дәстүрінде нан, Құранды ұстап, адал­ды­ғына ант беру рәсімі ежелден қалыптасқан. Жаугершілік заманда сарбаздар елдің еркіндігі, намысы үшін жан аямасқа серттесіп, қылыштың жүзін сүйіп ант берген. Ел қорғау міндетін өтерде ант беру салты қазір жаңа маз­мұнмен байыды. 

Антұрған сөзі сертін бұзған адамды ант ұрады дегенді ұғындырса керек-ті. Оқырманның жадында болар, Қытайда түсірілген Шыңғыс хан туралы кинобаянның басында далада аң аулап жүріп танысқан екі бала Тимучин мен Жамұқаның серттескен, анттасқан тұсы бар. Шыңғыс ханға берген антынан тайған жан досы – Жамұқаның: «Мені кешіруге болмайды, өйткені мен антымды бұздым» деген сипаттағы сөздері естеріңізде ме?

Біз мұның бәрін неге қазбалап отырмыз?..

Ойда-жоқта қолға түскен бар-жоғы сегіз-ақ беттен тұратын шағын брошюра көңілімізді тап осылай тас-талқан етеді деп кім ойлаған. Қазақстанның «Халық қаһарманы» атағының тұңғыш иегері, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің ұландарына ұсынылған «ПАМЯТКА УЛАНУ» деген жадынама жанымызды соншалықты жаралап кетті. Бастан-аяқ басқа тілде басылған басылым ішіндегі Ұланның салтанатты АНТЫ деген он бір-ақ жолдан тұратын қазақшасын бұлай қорлағанша жазбай-ақ қойғаны дұрыс па еді, бәлкім?!

ҰЛАННЫҢ  САЛТАНАТТЫ  АНТЫ

Мен, (тегі, аты-жөні), армия генералы С.Қ.Нурмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің тәрбиеленушісі тізімді Отан қызметіне сарып ете отырып, салтанатты түрде ант етемін: өз Отанымды жаныммен сүюге, жақсы оқып, адал, батыл, тәртіпті ұлан болуға.

Мен «Жас ұлан» мектебінің тәрбиеленушісіне қатысты ары мен абыройын ардақтауға, әскери кішіпейілділік және мілтіксіз тәртіптілік тіл өнегесі болуға, өз Отаным – Қазақстан Республикасын қорғауға, бар ынтаммен дайындалуға ант етемін. (Қатесімен беріп отырмыз)

Міне – мәтін. Не ұқтыңыз? Осы антты қабылдаған ұланның ұлтқа қызмет ететініне мен енді сене алмайтын сияқтымын. Неге дейсіз бе?.. Осында оқитын 150 баланың 30-ы ғана орыс бөлімінің шәкірті екен. Қалған 120 ұлан қазақ бөлімінде. Сонда 120 қаракөзді орысша оқитын 30 балаға жығып берудегі мақсат не? Ұлт деген ұғым қайда қалды? Бұл әскер болашақта кімге қызмет етпек, сонда?

Жуырда өзім тұшына оқыған «Евреи были правы!» деген мақалада: «Алғаш Израильде Ресейден көшкен орыстілді эмигранттардың жойқын қарсылығына қарамастан, иврит күштеп оқытылды. Бұлар басым көпшілік болатын. Орыс тілі мемлекеттік мәртебе алуға ұмтылды. Соған қарамастан иврит жеңді. Себебі: бұл – еврейлердің тарихи, ұлттық тілінде еркін сөйлей алатын, дамытуға, зерделеуге, зерттеуге толық құқы бар әлемдегі жалғыз мемлекеттері еді». 

«Сарбаздарға бұй­рық сол еврей ті­лінде беріліп, сол тілде ұлт­тың тарихы таң­баланып, жады жаң­ғырып, әдебиеті әрле­нетін! Ел боламын деп, бесігін түзеуге бет бұрған немесе ұятты ұлты бар бар­лық мемлекеттің осы жолды таңдауы дау­сыз» дегендей пікір қа­лыптастырыпты.  Біз де осы израильдік тәсілді қолдана алсақ қой, әттең! Таласыңыз бар ма осыған?   

Жер бетінен жойылып кетті деген иврит тілін тірнектеп жүріп тірілтіп, бір ұлтты жоғалудан сақтап қалған ұлттың ерен ерлігі де осы болса керек-ті.  Белгілі бір ағамыздың: «Тіл бар жерде ұлт бар, тіл жоқ жерде ұлт та жоқ, жалғыз қағида осы болуы керек» дегеніне дүр ете түскен шапалақтың шаттығын, «Орысша сұраққа орысша жауап бермесең орныңды босат!» деп ұлтының тілін ұлтарақтың астына салып берген ұятсыз «ұлағат» басып тастады. 

Мақаламызға эпиграф ретінде алған Тахауи Ахтановтың «АНТ» драмасы:

Елім-ай, маңдайың неткен тар еді,

Екі арыстан сыймаған.

Еліне тұлға екі арыс

Бітісер жолын таба алмай

Бір-біріңнің түбіңе жеттіңдер.

Қағусыз өскен қиын елдің салмағын

Бір әйелге тастап кеттіңдер.

Белім талды ғой.

Дағдарған елді тар қиядан

Алып шығар ұл бар ма?

Қайдасың, азамат?.. – деп аяқтамаушы ма еді. Ант туралы жазып отырғасын біз де айналып өте алмадық. Қайдасыңдар, Азаматтар?!

Иә, Ант дегеніміз тек соғыста немесе әскерде ғана берілетін нәрсе емес, ол үлкен уәде.

Мұқағали:

Жамылып сағыныштың сал шекпенін,

Сағынып сенің үшін зар шеккемін.

Зарықтыр, о, Тәңірім, жалықтырма,

Мәңгілік ғашықпын мен, Ант еткемін! – дейді.

Яғни махаббатқа адалдық. Достыққа адалдық.

Солай. Ант біткенді адақтап шыққанда түйгеніміз осы болды. Қандай киелі, қандай құдіретті ұғым десеңші.

Ал біздің сарбаздың, ұланның антының түрі болса анау...

Біз ше, өзіміз Антымызға адалмыз ба? Осы сұрақты өзімізге қойып көрелікші, Азаматтар!

 Жарлы БАЙҒАНИН  

1934 рет

көрсетілді

287

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы