• Тұлға
  • 23 Қыркүйек, 2020

ҚАНДАСТАН ҚАЛАУЛЫ КЕРЕК

1985 жылы Пекин университетіне ассистенттер аспирантурасына барғанда Бейжің Ұлттар университетінде оқып жүрген жас Дүкенмен таныстым. 1987 жылы ол университетті озат бітіріп, мен қызмет ететін Шыңжаң қоғамдық ғылымдар академиясының Ұлттар әдебиетін зерттеу институтына ғылыми қызметкер болып келді. Содан бастап етене араластық.
Дүкен екеуміз тарихи Отанға бір мезгілде оралдық. 1993 жылдың көктемінде мен Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы ­Тарих және этнология институтына докторантураға келдім, ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультеті қытайтану кафедрасына қытай тіл-әдебиеті мұғалімі болып келді. Тәуелсіз Қазақстанға оралумен Дүкен екеуміздің өміріміз, тағдырымыз түбегейлі өзгерді. Елдегі бостандық Дүкен Мәсімханұлының талантын одан сайын аша түсті. Ол білікті ұстаз, зерделі ғалым және дарынды ақын ретінде қоғамға тез танылумен қатар, оның ұйымдастырушылық қабілеті де ашыла түсті. 1999-2002 жылдары аталған оқу орнында кафедра меңгерушісі қызметін атқарды.

2002 жылы ол Л.Гумилев атын­дағы Еуразия университетіне ауысып барып, 2019 жылға дейін сол университеттің шығыстану және қытай филологиясы кафедрасының меңгеруші қызметін, 2019-2020 жылдары аталған университеттің жанынан құрылған қытайтану ғылыми-зерттеу институтының директоры, 2020 жылдың маусым айынан Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры қызметін атқарып келеді.
Отанға оралған 27 жылдан бері Дүкен Мәсімханұлы Отан үшін, ел үшін тәуелсіздікті нығайту ­жолында білім беру, ғылыми және көркем шығармашылық ­салада жанқиярлықпен қызмет етіп, зор табыстарға қол жеткізді. Атап айтқанда, оның 30-дан астам әдеби, ғылыми, аударма еңбектері баспадан шықты, оның ішінде бір үлкен сөздік бар. Ол сөздіктің жаңалығы мен ерекшелігі туралы мен кезінде арнайы мақала жаздым. Сондай-ақ Мәсімханұлы осы жылдар ішінде белгілі ғалым, академик Р.Нұрғалидың ғылыми жетекшілігімен филология ғылымының кандидаты және докторы ғылыми дәрежесін абыроймен қорғады.
Ол ұлт тағдыры, мемлекет болашағы жөнінде толғаныста жүреді. Соның бірі қазақ халқының қайта бірегейлену мәселесі еді. 2000 жылы «Қазақстан» ұлттық арнасынан «Алтын бесік» хабарын жүргізіп, шетелдердегі этникалық қазақтардың тарихи Отанға оралуы және елге келген қандастардың дөп келіп отырған өзекті мәселелерін көтеріп, Елбасының диаспора саясатының тиянақтануына белсенді рөл атқарғанын атап айтуға тиіспіз.
Дүкен Мәсімханұлы Астанаға барған соң да, кәсіби және шығарма­шылық жұмыстарының көптігіне қарамастан, қандастар проблемасымен де айналысты. 2004 жылы Елордада құрылған қандастардың «Атажұрт» қоғамдық бірлестігінің төрағасы болып сайланып, қандастарға қатысты заңдық, құқықтық мәселелерді шешуге аянбай атсалысып келеді.
Бізді сүйіндіретіні – Дүкен Мәсімханұлы­ның отаншылдығы мен табиғи дарыны қабысқан еңбекқор азамат екендігі.
Covid-19 әлегі онсыз да кері ­айнала бастаған жаһандану үдерісіне дем ­берумен бірге, мемлекеттерді өздерінің ішкі әлеуетіне ден қоюға, ықтимал тәуекелдерге төтеп беру қабілеттерін арттыруға итермелейді. АҚШ шашырап кеткен өндірушілік қуатын қайыра елге тартудың, Қытай ішкі нарыққа қайта басымдық берудің, Еуроодақ сыртқа тәуелділіктен арылудың қамына кірісіп жатыр. Қысқасы, әлем елдері өздерінің мемлекеттік қауіпсіздігі мәселесін қайта қарауға мәжбүр болуда. ­Мемлекет қауіпсіздігі сөз болғанда, еліміздің ­демографиясы мәселесі алаң тудырары жасырын емес. Президентті де «отбасы-демографиялық жағдай алаңдатып отыр». «Бос жатқан жер жау шақырады» деген қадымғы жоралғыны былай қойғанда, қазіргі экономикамыздың табандап, дағдарысқа қарсылығы әлсіз, бәсекеге қабілетсіз болуының бір ұшы осы жан санымыздың аздығында ­жатыр. Жан санының аздығы – сұраныстың әлжуаздығы деген сөз. Елдегі өндірістің өркен сала алмауы да соның кесірі, өйткені жан санының аздығы өндірілмек тауардың өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік бермейді.
Ғасыр басталғалы бері мемлекеттік қауіпсіздік тақырыбында дәстүрлі факторлардан тыс, елдердің «жұмсақ күшінің» әлеуеті, мәдени жаңғыртушылық қабілеті, геоорналасуы сынды жаңа ұғымдардың бәсі үстеп барады. Еліміз геосаяси тұрғыда Еуразияның кіндігіне өте ұрымтал орналасқан. Әлемдік алыптар – ­Ресей және Қытаймен ірге көршіміз. Қытайдың аса ірі стратегиялық ­жобасы «Жібек жолы экономикалық белдеуінің» шығар есігіміз. Ұтымды ойната алсақ, таптырмас мүмкіндік! Десе де, біз бүгінгі екінші экономика, әлемдік өндірістің ошағы, алып тұтыну нарығы – Қытай жайында тым, тіпті төтенше аз білеміз. Ал Қытай болса, біздің «ішек-қарнымызға дейін ақтарып», зерттеп-зерделеп отыр. ­Демек, қытайтану саласы ақсап тұр.
Аталған екі олқылықтың орнын толтыру­дың, әрине, жолдары мен тетіктері баршылық. Мәселені шешуде күні бүгінге дейін талпыныс та болды, игі нәтиже де бар. Десе де, түпкілікті нәтиже мәселені Ұлттық масштабта, оның құқықтық қырынан қозғағанда барып қолға келеді деп санаймыз.
Дүкен Мәсімханұлы ­«Қазақ­стандағы демографиялық ахуалдың ­нашарлауы – ерекше назар аударуға тұрарлық мәселе» екенін жанымен сезінеді. Ол елге келе сала-ақ көші-қон, Қытайдағы қандастардың тағдыры туралы мерзімді баспасөздерде ­материалдар беріп, мәселе көтерген-ді. Бұл ­туралы оның өзі де «Түркістан» газетінің «Қоныс» қосымшасының жұмысына барымды, жанымды салдым. Әр нөміріне салмақты-салмақты бір-екі материал берумен бірге, Қытайдағы қазақтардың көші-қонына қатысты өте өзекті, түйткілді мәселелерге жауапты тұлғалардан сұхбат алып, мәселенің оңтайлы шешілуіне ықпал еттім» деп еске алады. Дүкен Мәсімханұлы ­2003-2019 жылдары ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңесте қандастар және көші-қон мәселелері бойынша мүше болып табаны күректей 16 жыл қоғамдық қызмет атқарып, аталған саланың ұңғыл-шұңғылына терең бойлап, осы тақырыптың «жілігін шағып, майын ішкен» азамат. Сондықтан сөз болып отырған мәселенің түйткілді тұстарын көрсетіп, оның ыңғайлы шешілуінің тиімді жолдарын меңзеп, оларды теориялық, құқықтық негіздемелермен қамтып та отырды. «Көші-қон заңы­ның» кемелденіп, қандастар туралы мемлекеттік саясаттың жетіле түсуіне пәрменді үлесін қосты. 2004 жылы Астана қаласында құрылған оралмандардың «Атажұрт» қоғамдың бірлестігіне бірауыздан төраға болып сайланған ол «Қоянды» өңірінен қандастардың қоныстануына арналған жер аумағын шешуге, бүгінгі «Қоянды» ауылының бой көтеруіне барынша атсалысты.
Қытайдағы реформа барысын көзбен көріп, бастан өткерген азамат ретінде де, Отанға оралған соң, тұрақты түрде қытайтану мәселелерімен айналысқан ­маман ретінде де сол елдегі экономикалық, әлеуметтік реформалардың қыр-сырына қанық маман. Ол елге оралған бетте-ақ «Ана тілі», «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Zaman-Қазақстан», «Азия», «Түркістан», «Парасат», ­«Алматы ақшамы» сынды басылымдарда Қытай туралы танымдық мақалалар мен сұхбаттары арқылы еліміздегі қытайтану ғылымының қалыптасуы мен жүйеленуіне елеулі үлес қоса білді. 90-жылдардың ортасы дипломатиялық қырсыздықтан Қытаймен визасыз ­режим қабылданып, кесірінен елге «қара нөпір» ауғанда, бұл мәселеге сол кездегі ҚР Жоғары кеңес депутаттарының назарын аударып, алып көршімен «визалы тәртіпті» қалпына келтіруге септескенін жақсы білеміз. Осы еңбектері еленіп, 2001 жылы Елбасының қабылдауын­да болды. Онда да ол жеке басының қамын емес, қандастардың көші-қоны, квотаның саны мен жәрдемақы мөлшері, Қытаймен қарым-қатынастың түйткілді мәселелеріне қатысты ұтымды ұсыныстар айтты.

Нәбижан МҰҚАМЕТХАНҰЛЫ,
тарих ғылымының докторы,
профессор, әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-дың жанындағы «Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының» директоры

Құрмет ҚАБЫЛҒАЗЫҰЛЫ,
экономист-ғалым, қытайтанушы

3013 рет

көрсетілді

99

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы