• Тіл
  • 23 Қыркүйек, 2020

ӘЛІПБИ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысы бойынша Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған «Түркі әлемі: тілдік ахуал, латын әліпбиі және әдістеме» тақырыбындағы онлайн режимде халықаралық семинар-кеңес дүниежүзі түркітілдес ғалымдарының үлкен қызығушылығын тудырды.
Түркі тілдері – Шығыс Еуропадан Сібір мен Батыс Қытайға дейінгі кең аумақта тұратын 180 миллион адамның ана тілі, 210 миллион адам өзінің екінші тілі ретінде қабылдайды, 40 тілден тұратын тілдер тобы.
Тіл кеңістік пен шекараға тәуелді, сол себепті үлкен аумаққа таралған түркі қауымы тілдерінде айырмашылық болуы әбден заңдылық. Бірақ әрқайсысы дербес ел болғанмен, тегі бір, мақсаты ортақ.
Семинар-кеңестің нысана қып алған басты мәселесі – зерттеушілермен, әдіскерлермен ғылыми пікір, тәжірибе алмаса отырып, туыстас тілдердің мамандары арасында өзара байланыс қалыптастыру.

Халықаралық бас қосуға ғағауыз, қырғыз, ноғай, өзбек, хакас, қарақалпақ, түрік, тыва, татар және қазақ тілдерінің ма­мандары, барлығы алты мемлекеттің (Тү­рік, Өзбекстан, Қырғызстан,  ­Молдо­ва, Ресей, Қазақстан)  ғалымдары қатысты.

Іс-шараға қатысушыларға сәттілік тілеген Қазақстан Республикасы ­Мә­дениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба түркітілдес халықтар арасындағы латыннегізді әліпбиге ауысу тарихына тоқталып өтті. «Тұңғыш Президент – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен көтерілген қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесі қорытынды кезеңге келіп жетті.  Қазіргі уақытта әліпби жобамыз тағы бір пысықталып, зерделенуде. Бірақ кейбір халықтың өзіне ғана тән болып келген кейбір әріпті жоғалтып алып, артынан сол әріпке ескерткіш қойған  өкінішті тәжірибесін де ұмытпаған дұрыс. Бүгін ортақ түрік әліпбиі, оның қажеттілігі мен мүмкіндіктері жөнінде де сөз қозғаймыз» деді ол.

Қазақстандағы тілдік  жағдайға тоқталсақ, Негізгі Заңымыз бойынша мемлекет әрбір қазақстандықтың ана тілдерін оқып-үйренуге толық қамқорлық жасайды. Елімізді мекен­дейтін түркітілдес ағайындар туралы да осыны айтуға болады. Өзбек, ұйғыр мектептерінің жүйесі жаса­лынған. Қалған тілдер әртүрлі курс­тар арқылы оқытылады. Әр облыста ашылған «Достық» үйлері, этномәдени бірлестіктер осындай оқыту курстарын мемлекеттік қамқорлық арқылы ұйымдастырады. Ұлттық ғылыми-практикалық орталық жыл сайын Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен оқу құралдарын шығарып таратады. Бірақ мәселе үйретуде ғана емес, мәселе әр адамның өзінің ана тіліне деген қатынасына байланысты.

Төраға атап көрсеткендей, осы халықаралық ғылыми басқосу барысында жаһандану жағдайындағы тілдік ахуал ортаға салынды, әліпби және түркі тілдерін оқыту әдістемесі бағытында ортақ және жеке ғылыми-әдістемелік дәстүрлер мен жаңашыл бастамалар жөнінде пікір алмасып, тәжірибелер қорытындыланды. Сонымен қатар түркі халықтары қолданатын әліпби нұсқалары, әліпби түзу принциптері, әр тілдің фонетикалық ерекшеліктері, емле ережелері жөнінде сөз болды.

Бұл мәселелер, әсіресе Ш.Шаях­метов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практи­калық орталығының ­ат­қарушы директоры, филология ­ғылым­ының кандидаты Ербол Ердембекұлы Тілешовтің «Түркі тілдері: әліпби және қазіргі тілдік жағдаят» баяндамасында кеңінен қамтылды. 

– Әлемдік өркениет көшіне үлкен үлес қосып, дүниежүзінің картасында оңтүстікте Ақ теңізден, солтүстігінде Еуразияның даласын басып, Мұзды мұхитқа дейін, шығысында Саян, Алтайдан бастап, Орал тауларына дейін аса ірі аймақты иемденетін түркі халықтарының тілдері қолданылу жағынан, дамуы тұрғысынан, ресми мәртебесі жөнінен әр алуан, деп бастады сөзін белгілі ғалым.

Қазіргі кезде түркі халықтарының 7 мемлекеті бар: Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Түркіменстан және Түрік Кипр ­республикалары. Бұл мемлекеттерде алты тіл мемлекеттік немесе ресми тіл мәртебесіне ие. Түркі тілдерінің келесі тобына авто­номиялық құрылымдардағы тілдер жатады. Олар: башқұрт, татар, тыва, саха, қарақалпақ, ғағауыз, қарашай-балқар тілдері. Ресей, Өзбекстан, Молдова мемлекеттерінің ішіндегі бұл тілдердің де қолданылуы, оларға деген қажеттілік пен сұраныс әртүрлі. Мәселе, сол мемлекеттердің ұлттық саясатында және демографиялық жағдайдың барысында. Айталық, ұлттық автономиясында басым көпшілікті құрайтын татар, саха, тыва, ғағауыз тілдеріне қарағанда,  ұлттық автономия халқының жартысына да жетпейтін башқұрт, қарақалпақ, хакас, алтай тілдерінің жағдайы бірдей емес екені түсінікті. 

Автономиялық құрылымдардағы түркі тілдеріне назар аударсақ, олардың барлығы посткеңестік кеңістіктегі тілдер екенін байқаймыз. Алдымен ­Ресей империясының, кейінірек Кеңестер одағының құрамында болған түркі тілдеріне тән құбылыс миллиондаған адамның өз ана тілдерінде білім алмауы, қызмет істемеуі. Соның салдары қазіргі кезге дейін сезілуде. Қазақстанда да осындай мәселе бар. Әсіресе үлкен қалаларда тұратындар көбінесе орыс тілінде сөйлейді, қызмет істейді. Әрине, кеңестік билік ыдырағаннан кейін посткеңестік кеңістікте ұлттық жаңғыру ерекше байқалды. Дегенмен, тіл мәселесі біздің ойымызша ұлттық автономияларға толық шешілмеуде.

Мемлекеттілігі және автономиялық мәртебесі бар түркі халықтарының тілдік мәселесінің толық шешім табуының саяси мүмкіндіктері бар. Мәселе тұтынушылары аз, шашыраңқы орналасқан түркі халық­тарының тілдік проблемасы қиындау. Біздің ойымызша, ондай тілдердің өкілдерімен біздің байланыстарымыз мардымсыз. Соған орай, осы семинар-кеңесті пайдаланып түркі тілдерінің дүниежүзілік ассоциациясы деген сияқты халықаралық қоғамдық ұйым құрылуы қажет сияқты. Қазіргі кезде «Түрксой» ұйымы, мемлекеттер мен автономиялардағы зерттеу ­институттары, орталықтар бұл ­проблемамен шұғылданбайды. Шұғыл­дан­ған күннің өзінде тек қана ғылыми қызы­ғушылықпен қарайды. Біздің ойымызша, тұтынушылары азайып  бара жатқан түркі тілдеріне дәл осылайша этнографиялық көзқараспен қарау аздық етеді.

Түбі бір – түркі тілдерінің ұқсастық­тары мен бірге ерекшеліктері де бар. Сондықтан бәріне бірдей, тіпті бірнеше тіл үшін бір әліпби жасау оңай емес. Дегенмен, біздің ойымызша, әліпби түзудің ортақ ғылыми принциптері болғаны жөн, деп ойын қорытты.

Іс-шара аясында Түркияның Башкент университетінің профессоры Суер Екер «Әліпби реформаларына лингвистикалық көзқарас», Мирзо Улугбек атындағы Өзбекстан ұлттық университетінің профессоры Н.А.Рахмонов «Өзбекстанда латын графикасының қабылдануы және ондағы туындаған кейбір мәселе­лер», Н.Ф.Катанов атындағы Хакас мемлекеттік университетінің филология ғылымының докторы Андрей Данилович Каксин «Түркі жазуын латын әліпбиіне кө­­шіру жағдайы мен алғышарттары ­ту­ра­лы» және т.б. ғалымдар  баяндама  жасады.

Әжінияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институтының ғалым-ұстазы Төрткүлбаева Тұрсынай Әбдіғазықызы:

– Шайсұлтан ­Шаяхметов атындағы ұлттық орталықтың бұл халықаралық шарасы Қазақстан Республикасының латын жазуын қабылдау және оны іске асыру мемлекеттік бағдарламасы мәселелерін қамтып қана қоймай, латын жазуын қабылдаған түркі тектес туыс халықтардың бұл жазудағы келелі мәселелерімен пікір алысқан, ұсыныс-пікірлерін бөліскен үлкен басқосу болды.

Түркі тілдес халықтар жазуындағы тілдік келелі мәселелер, ортақ шешімге келу керек болған латын жазуы бойынша көкейкесті міндеттер мұндай халық­ара­лық көлемдегі семинар-конференцияның қажеттігін көрсетіп бергені анық. Әйтпесе, Қарақалпақстан Республикасы аймағында тұрып жатқан өзбек, ­қа­ра­қалпақ, қазақ, түркімен, қырғыз, т.б. халықтар үшін латын әліпбиіндегі мәсе­лелер дер кезінде шешілмесе, туыс халық­тардың бір-бірінің жазуына түсінбей қалуы әбден мүмкін. Тіл білі­міндегі мәселелердің басын ашып алу үшін халықаралық ғылыми семинардың құны өте ерекше болды деп ойлаймын, деді.

Осы мазмұндас пікірді Қарашай-Черкес гуманитарлық зерттеу институ­тының ғылыми қызметкері, филология ғылымының кандидаты Сафият Алиевна Кукаева мен Н.Ф.Катанов атындағы ­Хакас мемлекеттік университетінің ­филология ғылымының докторы Андрей Данилович Каксин білдірді. Алдыңғысы халықаралық дәрежедегі мұндай кездесу жаңа қозғалыс – Түркологтар ­Ассоциациясын құруға жол ашады деп сенім білдірсе, хакастық ғалым қазақ тілінің болашағын қамтамасыз ету факторының бірі жалпы тұрғындардың жаппай сауат­тылығы мен прогрессивті жаңаға ұмты­луы, сонымен бірге қаржылық және тех­никалық мүмкіндіктердің молдығына тоқталды.

Халықаралық семинар-кеңес жұ­мысына Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Қазақстан ха­лықтары Ассамблеясы жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесі, Түркі академиясының өкілдері, жоғары оқу орындарының ғалымдары, республика бойынша тіл оқыту орталықтарының оқытушы-әдіскерлері қатысты.

Дүниежүзілік деңгейдегі бұл келелі кеңестің басты жетістігі – түркі тілдері мамандарының осындай ғылыми бас­қо­суларын дәстүрге айналдырып, өзекті тақырыптар төңірегінде өзара тәжірибе алмасуды жалғастыру.

 Н.БАТЫР

1707 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы