• Руханият
  • 23 Қыркүйек, 2020

ОРТАҚ МҰРАТ-МАҚСАТТАН БАС ТАРТПАЙМЫЗ

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессиясы аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының 75 жылдығына арналған Жоғары деңгейдегі іс-шарада бейне-үндеу жасады. Аталған шара коронавирус індетіне байланысты онлайн форматта өтті.

Мемлекет басшысы өз сөзін БҰҰ бұрынғы Бас Хатшысы Даг Хаммар­шельдтің: «Біріккен Ұлттар Ұйымы бізді жұмаққа жеткізу үшін емес, тозақтан құтқару үшін құрылған» ­деген қанатты сөзімен бастады.
Президенттің айтуынша, бастап­қыда бұл ұйым ұжымдық қауіп­сіз­дікті қамтамасыз ету жүйесі ре­тінде құрылғанымен, іс жүзінде әлем ха­лықтарын ортақ мақсаттар мен қағидаттар төңірегіне біріктірді. ­Қа­лып­тасқан белсенді әрі кең ауқымды халықаралық ынтымақтастық дәуірі – соның айқын дәлелі.
Мемлекет басшысы бүгінгі күннің жаһандық сын-қатерлеріне алаң­даушылық білдірді. Атап айтқанда, мультилатерализм қағидаттарына төнген қатерлерге, коронавирус пандемиясын ауыздықтаудың қиындығына, жаппай қаруланудың жаңа бәсе­кесіне қатысты қатерге, дамудың стратегиялық мақсаттарына қол жеткізудегі құбылмалы жетістіктеріне назар аударды. Сондай-ақ Президент БҰҰ Жарғысында бекітілген мұрат-мақсаттар тиімсіз деген пікірлерге қатысты өз көзқарасын да айтты.
– Мен өз елімнің Президенті және БҰҰ-ның бұрынғы жоғары лауазымды тұлғасы ретінде бұл көзқараспен мүлде келіспеймін. Бұған қарамастан, біз үміт отын өшірмей, қайта оны лаулатуымыз керек; ортақ мұрат-мақсаттан бас тартпай, оған қол жеткізу үшін күш-жігерімізге тың серпін беруіміз қажет; анархияға жол бермей, халықаралық құқыққа негізделген қоғамдастық құруды жалғастыруға тиіспіз, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы онжылдықта 2030 жылға дейінгі мерзімге арналған орнықты дамудың Күн тәртібін жүзеге асыру үшін бірге жұмылудың өте маңызды екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, осы ауқымды мақсаттарға қол жеткізу үшін күш-жігерді біріктіріп, ортақ жауапкершілікті арттыру қажет.
Мемлекет басшысы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің сенімді көшбасшылық қызметіне ризашылық білдіріп, оның бүкіләлемдік Ұйымның тиімділігін, ашықтығын және айқын­дығын арттыруға бағытталған іс-қимылдарын қолдады.
– Қазақстан БҰҰ-ның миссиясы мен Жарғысын берік ұстанады. ­Сонымен қатар еліміз тұрақты, әділетті және өркендеген әлем құру жолындағы ортақ міндетті жүзеге асыруға атсалысады, – деді Президент.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның, шын мәнінде, бір­ден-бір, әмбебап әрі баламасы жоқ халықаралық өкілетті ұйым деп есеп­тейтінін білдірді.

847 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы