• Тарих
  • 23 Қыркүйек, 2020

ЖАЛҒЫЗ ОТАН – ҚАЗАҚСТАН!

Отансыз өмір – өгей өмір. Өгейліктің не екенін Отанынан жырақта, жат жұртта туып-өскен, көңілі қаяулы адам білмесе, кім білсін! Кейінгі жылдар бедерінде жақсы тұрмыс, жайлы өмір іздеп өзге елге кетіп, бөтен жұртқа сіңісуге бейіл адамдардың әрекетіне, Қазақстаннан кеткенше асық болып тұратынына қарап, қарадай көңілің түседі. Әлбетте, жеке адамның тағдыры мен таңдауына баға беріп, бағыт сілтеуге, ақыл айтуға қақымыз жоқ. Бірақ бұл Отан туралы терең ойға қалдырады. Біреулер кетуге асық болып жүрген Қазақстанды бір көруді армандап, топырағын басып, кеудесін кере ауасын жұтып, сағым ойнаған кең далаға көзін талдыра қарауды жалғандағы жанының жалғыз жалауындай желбіретіп алыста жүрген қаншама қазақ бар десеңізші. Әне, Отан туралы сол қазақтан сұрасаңыз, қазақтың жерін жата қап сүйгіңіз келеді. Сүйгіңіз келеді демекші, тоқсаныншы жылдардың басында ұшақтан түскен бойда дізерлеп отыра қалып, қазақ жерінің топырағын сүйіп жатқан ақсақалдың суреті бар. Кең тараған сурет. Сол бір суретті көрген сайын көзіңе жас келеді; көңілің бүрлеп, жұдырықтай жүрегіңе сыйып тұрған ұлан-ғайыр Отаныңды кезе бергің келеді, кезе бергің келеді. Кезген сайын Отанның ыстық құшағына сүңги түсесің, өзге елде өткен өгей өмірің алыстай береді. Қазақстанға ашылған қақпадан қалай өткенің, қақпаны кім, кімдер ашқаны, бақытты көштің керуені көз алдыңа келіп, ойыңа оралады. Иә, қазір айтсаң, бәрі ертегі секілді, ешкім сенбейтін ертегідей.

НАЗАРБАЕВТЫҢ ХАТЫ

Әлі айтады. Сол бір шаққа қайта оралып, сол кездегі алапат сезімдерді қайта бастан кешкендей толқып айтады. Көзі жасау­рап толқып кетеді. «Осы күнді әкем көрмей кетті-ау» деп қалай жылағанын да айтады. Ол – менің ағам. Мені, мені ғана емес, бүтін әулетті Отанға жеткізген кісі. Ол кезде мен бала едім. Бізге бәрі таңсық, бәрі қызық. Кейін ағайын арасындағы басқосуларда, әңгіме тиегі ағытылғанда білдік.
Ағам айтады: «1991 жылы қаңтар айының басында Баян-Өлгейдегі «Шұғыла» секілді газет-журналдарда Назарбаевтың шетелдегі қазақтарды Қазақстанға шақырған хаты шықты. Сол хат көшке қозғау салды. ­Хатты оқыған қазақ қатты толқыды. Үлкендердің «Қазақ өз алдына ел болған екен» деп кемсеңдеп жылағаны әлі есімде. Қолдан-қолға өтіп оқылған хат Мұңғұлиядағы қазақтың сеңдей қозғалып, Қазақстанға көш түзеуіне ­себепкер болды». Қазір тарихқа айналған сол кездегі дерекке зер салсақ, ағам айтып отырған хат 1991 жылы 31 жел­тоқсанда Нұрсұлтан Назарбаевтың радиодан «Алыстағы ағайынға ақ тілек» деп арнайы сөйлеген сөзі екен. Ол сөздің ең тегеурінді түйіні: алыстағы қазақ баласын атажұрт – Қазақстанға шақырған. Радиодан берілген тарихи сөз 1 қаңтарда «Егемен Қазақстан» газетіне басылып шығады. Сөйтіп, әрі қарай шетел қазақтары арасында жедел тараған. Тәуелсіздік жарияланған ­бойда шетел қазақтарын Отанға шақыру, қалай десеңіз де тарихи шешім. Сол хаттан басталып, ұлттық стратегия­лық саясатқа ұласып, Тәуелсіздік жыл­дарындағы қиыншылықтарға қ­а­рамастан шетел қазақтарының атамекенге көшінің күні бүгінге дейін тоқ­таусыз жүріп келе жатқандығы сол тұстағы ел басшылығының тарихи маңызын жоймайтын ісі. Әрине, Қазақстан билігі Назарбаевтың хатымен ғана шектеліп қалған жоқ. Шетел қазақтарының Отанға оралуы үшін Қазақстанға қақпа ашты. Сол хатпен ашылған қақпа әлі жабылған жоқ.

 

ҚАЗАҚ БОЛҒАНЫҢ ҮШІН ҒАНА ЖАСАЛҒАН ҚАМҚОРЛЫҚ

 Тағы да ағам айтады. «1992 жылы мамыр айының 17-сі күні Мұңғұлия мен Ресей шекарасынан алғашқы көш көлігі өтті. Жүк тиеген көлік, автобус толы қазақ Қазақстанға табан тіреді. Содан бері көш тоқтаған жоқ. Кейін адамдарды ұшақпен тасыды. Қазақты ел ішіне орналастыру, ерулік көмек көрсету, үй-жай беру, жұмысқа орналастыру жағы да ұмыт қалмады» деп ширек ғасыр бұрынғы көш оқиғасын еске алады.

Сол көшпен келген қазақтарды Үкімет, негізінен, елдің солтүстік облыстарына қоныстандырды. Ол саясаттың астары айқын еді. Қазір де солтүстік аймақтарда қазақ қарасы молайса, ол сол тоқсаныншы жылдардағы көші-қон саясатының нақты нәтижесі.

Біз кейде, кейде емес-ау, көбіне әңгімені үлкен жақтан айтып, ұсақ дүниені қаперімізден шығарып, ұмытып кететініміз бар. Ал үлкен істер ұсақ нәрселердің жиынтығынан құралады. Мәселен, сол кездің тұрғысынан алсақ, өзге елде өгей баладай болып келген қазаққа «Ал келдің, енді өз күніңді өзің көр!» деп билік қайқайып отырса, қылар қайран болмай, далаға келгендей күй кешер еді. Сол тұстағы Үкімет, жергілікті билік алыстан келген ағайынға барынша жағдай жасады. Мәселен, әр үйге бір құлынды бие, бір бұзаулы сиыр, он шақты қой беріп, баспаналы етті. Ол аз десеңіз, алғашқы кезде азық-түлік ­таратып отырды. Кейін білсек, жан басына бөлінген квотаның қаражаты да берілген екен. Әр аймақта әртүрлі ерулік – көмек жасалған шығар, біздің үйге жасалған қамқорлық сол еді. Қораңа мал, қазаныңа ас, қалтаңа ақша салып берген соң, тірі адам тіршілік етеді де. Солай болды да. Қағажу мен кемдік көрмей, қазақ қазаққа сіңісіп кете барды. Өсіп-өнді.

Өсіп-өнді дегенде еске түседі. 1991 жылдан 2016 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде 261 мың 104 отбасы немесе 957 мың 772 этникалық қазақ тарихи Отанына қайта оралыпты. Төрт жылғы бұрынғы дерек. Қазір миллионнан асқан болуы керек. Екі мыңыншы жылдары арғы беттен оқуға келіп, соңынан ата-анасы, туыс-туғанын елге көшіріп алған бір досым: «Біз шекарадан 8 адам өтіп едік. Биыл әулетіміздің жан саны 25 адамға жетіпті. Елге келгелі екі есеге өсіппіз» дейді. Әнеки, мұндай мыңдаған шынайы өмірдегі мысалдарды 1991 жылы басталып, ұзақ жыл үзілмей, жолынан жаңылмаған әрі тұрақты жалғасын тапқан көші-қон ұлттық стратегиялық саясатының жемісі емес деп айтуға бола ма?! Көш орайындағы кезекті бір ұзақ әңгімесін түйіндегенде ағам бір сауал тастады: «Отанға шақырып, көшіріп алып, тіршілік етуіңе мүмкіндік беріп, осының бәрін Қазақстан не үшін жасады деп ойлайсың?». Іле іркілмей өз сұрағына өзі жауап қатады: «Қазақ болғаның үшін! Қазақ болып туғаның үшін! Отан деген – осы!».

 ШЕТЕЛДЕН КЕЛГЕН ШӘКІРТТЕР

Адам өзін іштей қарыздар сезінетін дүниелер болады. Сырт қарағанда, жалпыға ортақ жайт көрінгенмен, өз сезінуіңде сәл басқашалау. Отаныңның саған жасаған жанашырлығы екенін білесің, ішің жылиды. Әрине, бұл күнде көп нәрсеге келіспеген тұста өз көзқарас, ұстанымың тұрғысынан екшеп қарайсың. Бірақ жеке тағдырыңды өзгертіп, болашағыңа жол салған орайлы шақтарды ұмытпайсың.

Мемлекет шетелдегі қазақ жастарын Қазақстанның жоғары оқу орындарына арнайы жеңілдікпен оқытуды сонау тоқсаныншы жылдары бастады. Әлі де жалғасып жатқан осы бір саясат көштің көзге көрінбейтін жалғасы болды. Екі мыңыншы жылдары шетел қазақ жастарына арналған дайындық курсында жүздеген жас оқыдық. Көбі Қытай және Мұңғұлиядан келген жастар еді. Бір жылдан кейін дайындық курсының оқушыларына түрлі мамандықтарға шектеулі орынға оқу гранттары келді. Сол арнаулы бөлінген грантқа іліккен жастардың болашағы ашылды. Сол тұста оқығанның бәрі де өз ісінің маманына айналды. Одан бұрын да, кейін де мыңдаған қазақ жастары оқуға мүмкіндік алды.

Бұл жай ғана оқу емес еді. Оқу жолдамасымен шекара асып келген әр баланың артынан туған-туысы біртіндеп елге оралып, орнығып қалды. Әрі құжаттанудың жеңілдетілген тәртібінің енгізілуі де жақсы орай болды. Осылайша, мемлекет оқудың өзін көші-қон саясатының бір бөлігіне айналдырды.

Қоғам болған соң, көзқарас қайшылықтары болып тұрады. Әрқилы пікірлер де қылаң береді. Сол бір кездерде «шетел қазақ жастарына мемлекеттің жасаған қамқорлығы бізге неге жасалмайды?» дейтін де сөздер айтылатын. Не айтарыңды білмей, қарадай қысылатынсың. Біреудің несібесін тартып алғандай, өзгенікін жұлып ап саған бергендей ыңғайсыз күйге түсетінсің. Енді ой көзін жіберіп қарасақ, бар қазақты Отанына жинау үшін жасалған, ­сонау хаттан бастау алған саясаттың біз көрген алқауы екен. Бүгінгі күніңнің төбесінде отырып, егер сол мүмкіндік болмағанда қайтер ем, тағдырым қалай түзілер еді деп ойлайсың. Соны ойлағанда шетел қазақ жастарын шақырып, оқуға орай тудырған саясат мыңдаған адамның болашағына негіз болғанын көресің. Сөз болмайтын, тіпті ұмытылып кететін көші-қон саясатының осындай игілікті тұстары көп болғанын әділдік үшін айту парыз.

  АТАМЕКЕННІҢ  АШЫҚ ҚҰШАҒЫ

 Жақында Президенттің пәрменімен «оралман» «қандас» болып өзгерді. «Оралман» сөзін өзгерту қоғам тарапынан көп сөз болып, ақыры ол сөз де тарихқа айналды. Жұрт ішінде шеттен келген қазақтың бәріне «қандас» деп қарайды. Асылы, «қандас» дегеніңіз, шетелден келген қазақтың Қазақстан азаматтығын алғанға дейінгі аралықтағы заңмен бекітілген арнайы мәртебесі. Қандас куәлігін қолына алған адам мемлекет тарапынан жасалатын жеңілдіктерді пайдаланып, азаматтық алғанға дейін әлеуметтік және басқа көмектерді ала алады. Яғни мемлекеттің шетел қазақтарын елге әкеліп, қоныстандырудағы айрықша саясаты десек болады. Ал азаматтық алған адамның «қандаспын» деуге қақысы жоқ, елдің толыққанды, теңқұқылы азаматына айналады. Ел ішінде болса, біреу біліп айтады, біреу білмей айтады. Әп-әдемі әңгіменің аяғына «қандасты» қосып отырғанымыз, мемлекеттің сыртқы көші-қон саясатындағы отыз жылға таяу, Тәуелсіздікпен бірге үзілмей келе жатқан жұмысының жаңа бір кезеңге шығып, жалғасын тауып, бұдан кейін де жүйелі жүретінінің көрінісі іспетті екенін аңдағанымызды айту еді. Сонау 1992 жылы болған дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайында баяндама жасаған Н.Назарбаев: «Қазақстанның құшағы шетелдегі әр қазаққа әрқашан ашық» деген еді. Қарап тұрсақ, сол құшақ әлі ашық. Шетелдегі қазақ үшін Қазақстанға ашылған қақпа жабылған жоқ. Соңғы қазақ өткенше жабылмас.

P.S. 2021 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Сол отыз жылдың ішінде менің де ­Отанымда өткізген 28 жыл өмірім бар. Жалқы тағдырыңды өзгерткен – Жалғыз Отан! Жер бетіндегі жалғыз!

«Менде жалғыз ана бар – туған Анам,

Менде жалғыз Отан бар – Қазақстан!».

 Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ,

журналист

2554 рет

көрсетілді

11

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы