• Тұлға
  • 30 Қыркүйек, 2020

МАҒАУИННІҢ АҚ БАТАСЫ

Ғосман Төлеғұл туралы көп білетін секілді едім. Шыным сол. Себебі жетерлік. Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде бірге қызмет еттік. Одан кейін ол осы аттас Ақмола облыстық басқарманы 2000 жылы басқаруға кеткенде де сырттай рухани бірлігіміз ажырамай, тілектестік пейілмен жан жылуына оранып жүретінбіз. Ғосман одан әрі Ақмола облысы Тілдерді дамыту басқармасына он екі жыл жетекшілік еткен кезінде Көкшетауға барып, жаңа шыққан кітаптарымды насихаттау барысында оқырмандармен кездескенімде тіл жанашырларын ортақтастырып, шырайлы іс-шара ұйымдастыра білген еді. Сол жолы өзім білетін Ғосманды өзгеше соны қырларынан танып-біліп, жан дүнием байып оралған едім. Кейін бір хабарласқанымда, Ғосман 2016 жылдан бастап облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы ретінде мақал-мәтелімен, шешендік үлгісімен тәнті етіп тастаған-тын.

Баяғы билерше кейбір кесірлі мінез қарттардың бойынан мін тауып, тезге салған мысалдарын жіпке тізгенде, әр атқарған кәсібіне орайлы бейімделгіш қасиетіне таңғалғанымды несіне жасырайын. Мұндай ортақ іске деген жанашырлық, өзін тұтастай сол жолға бағыттай білу, жүрекпен ақтарылу, талапшылдық пен сараптамалық ерекшелік, т.б. отансүйгіштік қасиет екінің бірінің бойында қабыса бермейтіні тағы белгілі. Сөйтіп мен, Ғосманды көп білем деп жүріп, аз білетінімді осы мақаланы жазу барысында байыптаған едім. Енді не істеуім керек екен?.. Бұл олқылығымды қалай толтырамын? Ғосманды байыппен зерттеуім керек екен!..
...Ал бір алқалы бас қосудан соңғы еркін отырыста Ғосманның әнін естіп, жүрек елжірегені бар. «Ауылым қонған ­Сырымбет саласына...». Кең тынысты, қоңыр әуен әуелейтін тұсында көкке өрлеп, шалқымалы шабытпен тыңдаушыларын шаттандыра түсетін... Қанаттандырады, өзгені әннің тылсым сырына балқытады. Еріксіз туған жеріңді елеспен шарлап кете барасың... Арагідік Ғосман кескініне көз салсаң, бәтір-ау, оның жүрегі туған жерінен нәр алып жатқандай ма, тіл ­суырар тәттіні таңдайынан қалай-қалай тастамай жүр десейші... Келісті келбет туған Көкшенің сұлу табиғатына тартып та кеткен екен-ау, сірә! Ғосман, әніңді сағындым! Ылғи сағынып жүрем! «Жетпіске шықтым, қайдағы ән?» дейсің бе? Жо-жоқ сенің даусың қартаймайды! Жүрегің әнге, туған жеріңе ғашықтығы себептен... Иә, солай...
Жердің көркі – Имантау! Сырың мен сының қабысқан. Бозбалалық күндер арманымен табысқан. Ғосманымыз сондағы орта мектепті үздік тауысқан. Өмірдің ұңғыл-шұңғылына ден қойғысы келген ол бастапқыда оқу деп жұлқынбай, тракторшы, байланыс монтері боп уақыт көрігінен шыңдалды. Әскер қатарынан сұңқардайын сыланып келді де ауылшаруашылық техникумын үздік дипломмен тамамдады. Бәрібір көңіл алаң. Неліктен? Қандай суатқа бас қойса екен? Зәмзәмінен шөл басар ма? Журналистік мамандық иеленді. Қалағанына құмартып кірісті. Қолына қалам алуы керек екен! Алды! Зерендінің аудандық газетіне қызметке орналасып, төпелеп жазды, төгілдіріп, құйылдырып қаламын қалтқысыз сілтеді.
Қаламы жүрдек жігітті қалап алушылар кезеккке тұрғандай ма? ­Солай екен. Зеренді аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы, кеңшар парткомының хатшысы... Шенеуніктікке қарай сатылап бара жатқанын сезіп, тізгінді жүрегі басқа арнаға бұрды. Көңіл желігі жазбай басылмайтындай халде еді. Облыстық «Көкшетау» газетінің бөлім меңгерушілігіне тағайындалды. Қос тілге жүйрік тарланды бәрібір билік өз құзырына бипаздап шақырып, мемлекеттік қызметте баянды етіп, тұрақтатты. Жүйелеп тарқатсақ: Көк­шетау облыс­тық атқару ко­митетінің бас ма­маны; облыс әкімі баспасөз қыз­метінің жетек­шісі; облыстық тіл басқармасының бастығы; облыс әкімдігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі; Қазақстан халықтары кіші Ассам­блеясы­ның атқарушы хатшысы; ҚР Мәдениет, ақ­парат және қоғам­дық келісім минстр­лігінде бөлім бас­тығы. 2004 жылдан зейнетке шық­қанға дейін Ақмола облысы тілдерді дамыту басқармасының бастығы, ал 2016 жылдың ақпанынан – облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы. Ғосманды біле түскісі келгендерге осы деректердің өзі біраз сыр ашып тұрған жоқ па.
Мемлекеттік жауапты қызметтерді бірге атқарысып жүргенде Ғосманның әредік баспасөз беттерінде көсемсөздері жарияланып тұратынын білуші едім. Оқып, пікір айтып, қалам сілтесіне сүйсініп «жиі жаз» деп қамшылай түсетінбіз. «Әттең, уақыт тапшы-ау!» деп лықсыған ойларын тежеп қалатын. Ал министрліктің департамент директоры, белгілі жазушы Әлібек Асқаров әдеттегі әзілімен «Ғосекең менің қостілді қалқаным ғой, тапсырмамды шегелеп орындайды» деп, жұмысынан мін таптырмайтын қызметкерінің түбі әдебиетімізге көркем аудармаларымен, тіпті өзінің де талантты төл шығармаларымен үлес қосатынына сендіре сенім артатын. Әлекең не нәрсені де сезіп, біліп айтады ғой. Кейін солай болды да. Бүгінде Ғосманның қазақшадан орысшаға аударған 42 кітабы жарық көрді. Бұған орысшадан қазашаға тәржімалаған 22 кітабын қосыңыз. Ауқымды еңбек.
Аудармаларына қарап отырсаңыз, «жүрек жұтқандай» тәуекеліне тәнті ­болар едіңіз. Көбісін термелемей-ақ, бір ғана соқталы дүниесін сөз етейікші. Ол – Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мұхтар Мағауиннің ғажап танымдық «Азбука казахской истории» деп аталатын шығармасы. Кезінде «Қазақ тарихының әліппесі» деген бұл кітапты таласа-тармаса сатып алып, жата-жастана оқып едік. Тамсанғанбыз. Ата тарихтың не мың бұралаңды қалтарыстарын шеңгелдеп әкеп миыңа құя салатын кесек те келісті туынды еді. Соны орысша тайпалтып сөйлеткен ғой. Әрбір әдеби процеске қытымыр да қатаң талғаммен шұқшиятын аса талғампаз жазушы Мұхаңның өзі аударманы оқығанда мұртынан күліп, көзі жайнап Ғосманның арқасынан қағыпты. «Қалқам-ау, сен бұған дейін қайда жүргенсің?» деп разы болғаны соншалық, өзі басқарып отырған «Жұлдызға» қызметке шақырыпты. Міне, нағыз баға! Келешек шығармашылығына шамшырақ болған жалғыз ауыз сөз! Әдебиет әлеміне, оның ішінде мехнаты мен азабы қатар тартылған ауыр да тайғақты аудармашылық-шығар­ма­шылық жолда Мағауин боп көкте жар­қыраған Темірқазық жұлдызы күні бүгінге дейін Ғосманды адастырмай жетелеп келе жатқандай. Қаламгер үшін бұдан өткін бақытты мүмкіндік бола қоймас, сірә.
Мағауиннің ақ батасы бұдан кейінгі аудармаларының бағын ашты. Орыс­шаға! Қазақшаға! Ғосман үшін бәрібір, екеуі де қос қанатындай боп самғатады дейсің. Айталық, Мемлекеттік сый­лықтың иегерлері Қ.Салғараұлының, Д.Досжанның, Президенттік Бейбітшілік және келісім сыйлығының иегері С.Абдрахмановтың, Ф.Кафка атындағы және Күлтегін атындағы Халықаралық сыйлықтардың иегері Н.Келімбетовтің еңбектері орыс оқырмандарының талғамынан шықты. Әрине, алдымен шығарманың авторы аудармаға риза болмаса, басқалардан тұшымды баға күту күпірлік саналады. Осы тұрғыдан келгенде, өзі де тамаша аудармашы, қос тілдің байырғы бапкері ­Сауытбек Абдрахмановтың өзінің жанкешті еңбектерін көркем тәржімалаған Ғосманға ризашылығы алабөтен болғанын білеміз. Қос дүлдүлдің бірін-бірі жақыннан тани білгені де...
Ендігі кезекте Ғосманның орысшадан қазақшаға аударған шығармаларын сәл-пәл тізбелеп көрелік. Бұл туындылардың аттарынан-ақ тақырыптар аясы айқын­далып, аударма күрделілігі белгілі бола түседі. Мысалы, «Нұрсұлтан ­Назарбаев: Бейбітшілік және қоғамдық келісім идеясы», «Қазақстан Республикасы мемлекеттік этносаясатының императивтері», «Этносая­си сөздік», «Ағарту дәуірінің жоғалған кезеңі: арабтардың жаулап алуынан Әмір Темір заманына дейінгі Орталық Азияның алтын ғасыры», т.б. Бұлардың түрін түстеп жату артық болар. Сапалы қолдан сараланып шыққан дүниелер.
Ғосман бірқатар кітаптардың құрастырушысы әрі редакторы болып өз қолтаңбасын тарих қойнауына табыстаған даңғайыр қаламгер. Осындай аударманың отты көрігінен сәл толас шақтарда ол өзінің төл шығармасы «Жылдар жемісін» қос тілде оқырмандарына тарту етті. Тарихи шежірелі де күмбір жүректі, ой-қазыналы, тілдік қоры аса бай, білім көкжиегі кісі қызығарлық оның «шіркін-ай, көркем шығарма жазар ма еді» дегізерліктей оқырмандар ынтасын оятуы да тегіннен-тегін белең алмайтын құбылыс қой.
Ғосман Төлеғұлұлының тағы бір ­жанын әлдилеп, шығармашылығын ширата түсерлік талпыныстарына серпін беретін белесті биіктерін айта кетейік. Әрине, бұл ретте оның Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының жанындағы Ғылыми-сараптама кеңесінің (Елордада), Ақмола облысы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, облыстық Ассамблея Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы екендігі тілге оралады.
Ерінбей еткен еңбек қайтарымымен қуантады. Сондай бақыттан кенде емес Ғосман. Маңдай тер өтеуі – «Құрмет» ордені, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы, мерейтойлық медальдар, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалі, «Мәдениет қайраткері» және «Қазақ тілінің жанашыры» құрмет төсбелгілері, сондай-ақ ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің, Тіл комитетінің, облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталары... Оның есімі ҚР Мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттігінің Құрмет кітабына енгізілген. Зеренді ауданының Құрметті азаматы.
...Мен білетін Ғосман осылайша ­деректер аясына сыймай лықсып, тіпті өзі біз білерлік, жаппай құрметке лайық, кең маңдайынан келісті тартылған келбет-бітімімен, тұрлаулы мінезімен, жылы жанымен, азаматтық асыл қасиетімен, кішіпейілдігімен баршамызды өзіне үйіріп бара жатқаны несі екен?! Өйткені ол бізге өмірлік өнегесімен, шығармашылық шабытымен қуаныш сыйлап, мейірім төгіп жүрген қарапайым да ғажайып Ғосманымыз ғой!..

Қайсар ӘЛІМ,
жазушы, Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері, ҚР Президент сыйлығының лауреаты
Нұр-Сұлтан

64 рет

көрсетілді

1

пікір
Алдыңғы мақала ҚАНДАСТАН ҚАЛАУЛЫ КЕРЕК
Келесі мақала ШАМЫРҚАНБАЙ СЫНАР ШАРБОЛАТ

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Әділ Ахметов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

11 Қазан, 2020

Жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президент сыйлығының лауреаты Қайсар Әлімнің Ғосман Төлеғұл туралы төгілтіп жазған мақаласын бір демде оқып шығып, әбден риза болғанымды жасырмаймын. Өйткені мақала авторы өз кәсібінің шынар басына көтерілген әрі қалымы қарымды журналис, әрі жазушы, әрі кәсіби аудармашы, әрі әнші және ең бастысы сегіз қырлы, бір сырлы және адами қасиеті мен жаншуағы мол Ғосман Төлеғұлдың ішкі дүниесінің тереңдігі мен қостілді қос қанатындай тең меңгерген әрі көсем сөз бен шешен сөздің дүлдүлін шынайылықпен суреттепті. Ғосманмен шығармашылық байланыс орнатқалы бері оны бір кісдей-ақ білем деп жүрсем, 'білетінім - бір тоғыз, білмейтінім - тоқсан тоғыз' демекші, тоқсан қырлы, бір сырлы тұлғаға: "Мың жаса, бауырым! Қаламың еш уақытта моқалмасын!"-деп, ақ батамды беремін.

ANA TILI №43

22 Қазан, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жанарбек Әшімжан

Бас редактор