• Әдебиет
  • 30 Қыркүйек, 2020

Тұрғандайын екі дүние арбасып...

Айтқали НӘРІКОВ

Айтқали НӘРІКОВ

ӨМІР

Аяқасты қалмаса егер жаншылып,
Өскен жерден көрмесе егер таршылық,
Жыл артынан жылдар өте келгенде
Бәйтерекке айналады талшыбық.

Адамдар да сол үрдіске бағынар,
Жалған дүние кеңір, бірде тарылар.
Тірлік кешкен жұмырбасты пенденің
Маңдайында бақ пен сордың табы бар.

Шақырғанда құпиялы шартарап
Болу керек биік мақсат, нар талап.
Өмір атты ұлы көштің үстінде
Келеміз біз бойға шақ жүк арқалап.

Біреулердің жолы ашық болады,
Бақыт құсы басына тез қонады.
Біреулерге тасыр тағдыр бұйырып,
Толмай жатып, көк күйінде солады.

Неге, неге, үсті-үстіне неге деп?
Өз-өзіме сұрақ қоям шегелеп.
Жауап таппай, аңтарылып отырам,
Бұл өмірдің құпиясы керемет!

Біреулердің ойлағаны – жақсылық,
Біреулерде бұл қасиет – тапшылық.
Бес саусағың бірдей емес қолдағы,
Мәлім жайды қайтем сыртқа ап шығып.

Қатарластың шықса титтей атағы,
Іші тардан ұйқы мүлдем қашады.
Қызғаныштың қызыл итін жүгіртіп,
Топылдатып тасадан тас атады.

Бізді қоршап жүрген жоқ қой жұрт ерен,
Көктен түсе қалмас жандар кіл терең.
Қазекеңдер сонау өткен заманда
Абайға да қамшыларын сілтеген.

Жарық пенен қараңғылық алмасып,
Тұрғандайын екі дүние арбасып.
Ей, пенделер, қайда кетіп барамыз
Шайтан өрген ат жалына жармасып.

...Сап, сап көңілім, сабаңа түс, тежелгін,
Өскен-өнген ортасынан безер кім?
Қызығы мен шыжығы мол өмірде
Таусылмасын, таусылмасын келер күн!

СЕЛ СЕЗІМ

Дүрілдеп тұрған дүние,
Дірілдеп кетсе, кім ие?
Іргеде жүрген ібіліс,
Іркілмей кірер үйіңе.

Белгілі қарсы тұрарың,
Қолыңда қандай құралың?
Пәленің бетін қайтарар
Төріңде бар ма Құраның?..

«Мұсылманшылық кімде жоқ,
Тілде бар да, дінде жоқ».
Арқырап жүрген ағаның
Сөзі мен ісі тұр бөлек.

«Доллар да, доллар, доллар» деп
Табынып жүрген қорлар көп.
Яго менен Жантықтар
Жарытпас елге қорған боп.

Жүрістен тура жаңылып,
Айрылып естен, аңырып...
Құдайға қарсы шыққан бар,
Құдайдың атын жамылып.

Иегінде қаба сақалы,
Сөзі жоқ айтар аталы.
Ортамнан шықты дінбұзар,
Жаныма осы батады.

Төңірек таппай жарасым,
Ұлғайтты жүрек жарасын.
Айырмай жүрміз біз неге
Ақ пенен қара арасын?

«Не десең, о де бұ халық,
Үйренген бәрін құп алып.
Тынысын тар қып кетті ғой,
Жетпіс жыл қысқан бұғалық».

Деймін де, қайта ойланам:
Тереңге кім бар бойлаған?..
Бойкүйездік пе кінәлі:
«Қасқыр тоқ және қой да аман».

...Зулайды күндер, асып-ай,
Тағат тап, көңілім, жасымай.
Заманға қожа жандай бір,
Зілмандай болған басым-ай!

ТІРЛІКТЕ

Зулайды күндер жебедей,
Ешкімнің жайын елемей...
«Бағытым дұрыс, бұрыс па?»
Адамға кейде келеді ой.

Заманмен мына дүрлікпе
Болу да қиын бірлікте...
Бақыттан бәрі үміткер
Бес күндік жалған тірлікте.

Жолыңды ашса ақ қылып,
Түңілу деген жат қылық.
Арманшыл алға қарайды
Қиялға қанат қақтырып.
Өзді-өзді қонақ білгенге
Жер басып осы жүргендер.
Асығыс кетіп жатады,
Асығып өмір сүргендер...

Ынжық па пенде, алғыр ма?
Аяқтан қанша шалдырған...
Басыңды иіп тұрасың,
Өкпе-наз жүрмес тағдырға.

Айтқанда сөздің төтесін:
Сүзгіден қанша өтесің,
Аңқау боп бастап өмірді,
Ақылман болып кетесің.

ҚАДЫР АҚЫН ЕСКЕРТКІШІ ТҮБІНДЕГІ ТОЛҒАНЫС

Ақ Жайығың сол баяғы қалпында,
Аман-есен жүріп жатыр халқың да.
Өзің болып, көзің болып сайрап тұр
Том-том болып қалған кітап артыңда.
Ден қоюда жас, жасамыс, қарт бүгін,
Осы жолда, аға, өзіңнен артты кім.
Шашпа-төкпе болған жоқсың тірлікте,
Ғажап бірақ ой дегенде мәрттігің.

Абай дейміз жырдың алтын діңгегі,
Сендік сөздің болған емес бір кемі.
Алпыс жылдай арғымақтай арқырап,
Оза шауып, алдың барлық жүлдені.

Алға бастап, арман атты ақ құсың,
Өлең болды өмірдегі басты ісің.
Ескерткіш боп отырсың сен тұғырда,
Алшаң басқан ақын бұл күн – тас мүсін.

Көнеміз ғой, көнбесіңе шара жоқ,
Күрсінеміз дала болып, қала боп.
Құлазыған көңілдерге – сол медет,
Елің-жұртың мойындады дара деп.

Ойдан-қырдан ағылуда жұрт қалың,
Даналыққа бір бас ию – ұққаным.
...Ақындардың татқаны кіл бал емес,
Арыстардай уды сен де ұрттадың.

Жазғаныма кімнің айтар дауы бар?
Текті ғана халқы үшін ауырар.
Ақын деген көпке уағыз айтпайды,
Керегіңді өлеңінен тауып ал...

Кіндік қаның тамса дағы Жайықта
Алатауға сіңіп кеттің ғайыпқа.
Енді, міне, ескерткіш боп оралып,
Айналаға қарайсың сен байыптап.

...Десек тағы, жер де аман, су да аман,
Қайда бастап бара жатыр қу заман.
Әр кәллада оқшау-оқшау ойлар бар,
Әр кеудеде бір-бір жүрек тулаған.
Біреулер жүр өз-өзінен дүрсініп,
Ал біреулер немқұрайды – жүр сұлық.
Қысқа жібі келмеген соң күрмеуге,
Біреулер жүр аттам сайын күрсініп.

Сол баяғы өзің көрген тіршілік,
Дарақ құлап, қылтияды бір шыбық.
Түн келеді еске салып бақиды,
Фәни болып жарқ етеді, Күн шығып.

Солай, аға, біздің жағдай баяғы,
Қарттар қаусап, жастар өркен жаяды.
Біреулердің тасы өрге домалап,
Біреулердің көктен келіп аяғы...

Асау аттай жалына қол апармас
Заманменен келеміз біз сапарлас.
Түске дейін аман-саулық сұрасқан,
Түс қайтқанда кетіп жатыр қатарлас.

Қимас кетсе қалай ғана жан шыдар,
Жүрек жылап, көзден жасың тамшылар.
Қайғы қанша еңсені езіп тұрса да,
Аржағында бір қуаныш бар шығар...

Ойлағанға бір тұтам ғой сұм жалған,
Сонда дағы пенде шіркін қуды арман.
Тіршілікте титтей қызық көре алмай,
Аз ба адам барлығынан құр қалған.

«Шамаң барда асып қал да, тасып қал,
Нысанаға іліккенді басып сал».
Осы ойлармен өзгелерден озам деп,
Көп ішінде жүріп жатыр пасықтар.

Өмір күрес алаңы ғой бақ сынар,
Мыңнан біреу бас жүлдені ап шығар...
Қасиетін төңірегіне паш етпей,
Көп ішінде жүріп жатыр жақсылар.

Көлденеңдеп алуан-алуан құбылыс,
Қисық болып шығар кейде түзу іс.
Періштенің көзі тайып кеткенде,
Өз дегенін істеп тынар ібіліс...
Бәрін, аға, айтып қалай тауысам,
Көлеңкеден күнгей жаққа ауысам.
Қараулардан қашық жүріп қашанда,
Ақжүрекпен құшақ жая қауышам.

Жаратушы пенделерін бөле ме?..
Жақсы-жаман келеміз бір кемеде.
Аға, өзің жазған жырлар – бір әлем,
Бүгін, ертең, болашаққа – өнеге.

Бұл жұмыр жер адамзаттың тұрағы,
Адам барда, сарқылмас ой бұлағы.
Сендік өлең қазынасы халықтың,
Халқың барда, ол салтанат құрады!

ОҢАШАДА

Бір ойдан бір ой туады,
Бір ойды бір ой қуады.
Қарыса бір ой аяздай,
Жылытар бір ой шуағы.
«Үй десіп» кейде «бүй десіп»,
Өзара әрең үйлесіп,
Фәниде жүріп жатырмыз,
Алуан да алуан күй кешіп...

Мақсат қып біреу биікті,
Сол жолға бәрін қиыпты.
Қарабас қамын ойлаған
Болмайды елге сүйікті.

Өмір бар жерде жарыс бар,
Озу бар және қалыс бар.
Жүлдеге жеңіл қызықпас
Әріден ойлар арыстар.

Біреудің дырдай атағы,
Қолпаштап ел-жұрт жатады.
Ісіңе келсең – тым ұсақ,
Жаныма осы батады.

Жағымпаз болсаң – «күнбағыс»
Жер басып жүрме, құздан ұш!
Досыңды дос деп санама,
Күйдірсе ішін қызғаныш.

Ашылса заман араны,
Айыртпас ақ пен қараны.
Күпті көңілді серік қып
Күндерім өтіп барады.

ҮМІТ

Ғұмыр кешіп жатқан жоқпын текке мен,
Келелі бір іс тындырсам деп келем.
Өмір атты ұлы жолдың үстінде
Көретінім көп деп, аз деп шектемен.

Тек жақсылық болғай еді алдымда,
(Жастан бетер арманы бар шалдың да).
...Қимастар мен сыйластардың көбі жоқ,
Естелік боп мен солардан қалдым ба?..

Соғып тұрса жұдырықтай жүрегім,
Тіршіліктің келтірермін бір ебін.
Ұзақ өмір сүру бірақ мұрат па,
Болмаса егер биік мақсат – тірегің!

Үлгі тұтсақ, алда жүрген іріні,
Ізгілік жол жетелейді тіріні.
Сергек сезім қалғымайды ешқашан,
Еліктіріп дүниенің дүбірі.

Кезегімен таң атады, күн батып,
Бар әлемге өз әмірін тыңдатып.
Келешекті үмітпенен қарсы алу
Жұмырбасты пенде үшін шын бақыт!

САБАҚ

Біртіндеп жылжып жатыр ай,
Зулаған күнге шағым аз.
«Өлмеген құлға апыр-ай,
Болып қапты тағы жаз».

Жеткізбес арман алдымда,
Жүйткиді әрең шаң беріп.
Шау тартып әлде қалдым ба?
Барады бойда әл кеміп.

Замана жылдам өзгеріп,
Түсінбей келем бұл жайтты.
Біреуге бақыт тез қонып,
Біреуге қайғы ұлғайтты...

Мұңайсам, мұның несі мін,
Жүрегім жиі соғады.
Ісім бар күткен шешімін,
Сапарым біткен жоқ әлі.

Жақсылы-жаман көргенім,
Өмірде сабақ болыпты.
Демеймін қазір төрдемін,
Ортадан орын жолықты.

Ас ішіп, ауа жұтамын,
Құштармын осы тірлікке.
Ұрпағым – менің бұтағым,
Болса екен деймін бірлікте.

Соңымда қанша белестер...
(Алдымда азын білемін).
Өткен шақ көзге елестер,
Есте ұстап бәрін жүремін.

Таусылмай тұрса несібем,
Әлі де ғұмыр кешермін.
Қаймығам оның несіне,
Өшетін кезде, өшермін!..

ОРАЛ

47 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Сейітқасым ӘУЕЛБЕКОВ: ҚОҒАМҒА ФОЛЬКЛОРЛЫҚ КӨЗБЕН ҚАРАЙТЫН КЕЗ ӨТТІ
Келесі мақала ЕЛІНЕ ЕСКЕРТКІШ БОЛЫП ОРАЛДЫ

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №43

22 Қазан, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жанарбек Әшімжан

Бас редактор