• Руханият
  • 30 Қыркүйек, 2020

Қариясын сыйлаған елде қасиет бар

Сурет:inform.kz

1 қазан – халықаралық қарттар күні. БҰҰ Бас Ассамблеясының 1990 жылғы 15 желтоқсандағы қарары негізінде жыл сайын аталып өтілетін бұл атаулы күн біз үшін де жат емес. Қазақстан Республикасының Конституциясында қарт адамдардың азаматтық және арнайы құқықтары мен мүдделері тәптіштеп көрсетілген. Бүгінгі таңда Қазақстанда 65 жастан асқандар халықтың 8%-ын құраса, 2030 жылы 11,5 пайызын құрайтын болады деген статистика бар.

«Қарттарым – қазынам» деп қарайтын біздің қоғамда үлкенді сыйлау, қарияны құрметтеу дәстүрі – қазақ халқының ата салты екені белгілі. Елімізде қарт адамдарға деген ықылас жыл сайын артып, мемлекет тарапынан оларға көрсетілетін көмектің көлемі де ұлғайып келеді. Ардагерлер мен қарттар алдындағы парызымызды білеміз. Бұл парыз – оларға қамқорлық көрсету, оларды қолдау арқылы өтеледі. Осы парызын орындай отырып, Үкімет зейнетақы заңнамасын жетілдіруде, зейнетақы мен жәрдемақылардың мөлшерін арттыру және әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін дамытуда маңызды қадамдар жасалды.
Жастық шағын еліміздің гүлденуі мен өркендеп дамуына арнап, маңдай терін төккен аталар мен әжелерге құрмет көрсету мемлекет тарапынан ғана емес – қоғамның барлық өкілдерінің, әсіресе жас буынның басты парызы екенін де ұмытпаған жөн. Осы қоғамның іргетасын нығайту үшін бүгінгі жас буынға үлгілі, өнегелі тәрбие беретін, елжандылыққа баулу сияқты моральдық нормалардың бастауында қазыналы қарттарымыздың тұрғанын әрқашан есте ұстауымыз қажет. Сонымен қатар еліміздің жас азаматын отансүйгіштікке тәрбиелеу мен белсенді өмір ұстанымын қалыптастыруда да ардагер ата-апаларымыздың өмірі мен еңбек жолдары үлгі.
Ұрпақтар сабақтастығы жарасымымен сақталса елдің берекесі де, мерекесі де таусылмасы анық. Бейбіт заманның қадірін білетін қадірлілеріміздің ақылы – дария, өмірі – өнеге. Аузы дуалы, аталы сөз айтатын баталы қарияларды, өз қадірін білетін, көреген, адал, ақ жаулықты әжені ерекше қадір тұтқан елміз. Қарттықты қадірлеу, үлкенді сыйлау – қазақ халқының ежелгі дәуірлерден қалыптасқан қазыналы дәстүрлерінің бірі ғана емес, сол игі дәстүрлердің ең озығы, өскелең ұрпақпен жалғасқан рухани қазынасы екендігі бүгін айтылған сөз емес, ғасырлардан ғасырларға жалғасып келе жатқан асыл мұра.
Мұқағали ақын:
Ақиқатты айқындап жариялар,
Бара жатыр азайып қариялар.
Дауыл тұрса, бүлк етіп толқымайтын,
Бара жатыр сарқылып дариялар, – деп жырлағанындай, қазыналы қарияла­рымыздың азайып бара жатқандығына да қынжыласың.
Құдіреті шексіз Жаратушысына құл­шылы­ғын жасап, сөз маржанын ішкі ойдың асыл қазынасымен жіпке тізіп айтар, сан түрлі дауылдардан өтіп, тарих пен шежірені қиыстыра өрнектеп, айтып берер, ел бірлігін ойлаған қарттарды қалай сағынбайсың?! Ғұмырлық тәжірибесімен басқаларға ғибратты сөзін, ақыл-кеңесін аямайтын, ұрпағын имандылыққа баулитын аталар мен әжелер бар жерде құт-береке де бар.
XIX ғасырдың аяқ кезінде неміс ғалымда­рының бірі Ф.Фон Шварц былай деп жазыпты: «Қырғыз-қайсақтарда сұлтан, батырлармен қатар барлық жасы үлкен, қартайған ер азаматтардың бәрі де кім екеніне, қандай тектен шыққанына қарамай, ерекше сый-құрметке бөленеді. Олар барлық мерекелерде, жиын-тойларда құрметті орындарға, төрге шығарылады. Басқосуларда олар елеулі рөл атқарады. Жастар олардың айтқан сөздерін жерге тастамай, мүлтіксіз орындайды. Жас жігіт үшін үлкен табақтан ақсақалдың өз қолынан ет асау ең жоғары марапаттың белгісі саналады. Жасы кішісі үлкен адамның рұқсатынсыз дастарқан басына өз бетінше ешқашан отырмайды. Жас адамның үлкен кісінің алдын көлденең кесіп өтуі көргенсіздік деп есептелінеді. Бұл ереже әйел адамның ер азаматтың алдын кесіп өтпеуіне де қатысты. Жасы кішілердің жасы үлкендерге дауыс көтеруі сорақы әдеп­сіздік саналып, оған үзілді-кесілді тыйым салынған. Әңгіме үстінде жасы үлкен кісінің сөзін бөлуге ешқашан рұқсат етілмеген.
Жастар алыс жолға аттанарда не үй болып, шаңырақ көтерерде жасы үлкен ақсақалдардың алдынан өтіп, ақ батасын алатын. Қазақтар жасы үлкен әрі құрметті адамдардан мұндай батаны жауға аттанарда да сұрайтын».
Өткен бай тарихымызға ой жүгіртсек, қай кезеңде де қазыналы қариялар елді бірлік пен ынтымаққа, адал еңбекке бастап отырған. Дауды әділ шешіп, ешкімнің ала жібін ­аттамай, әділдіктің туын жықпай көпке үлгі, жасқа тәлім берген.
«Ата қайратты болса, бала ғибратты ­болады» деген сөз бекер айтылмаған. Халық арасында аузы дуалы, әңгімесі бәтуалы ақсақалдар барда ел ішінде алауыздықтың орын алмайтыны, жастары жөнсіз кетпейтіні белгілі.
Әйгілі Қашаған ақын былай деген екен:
Жетпістен жасы асқанда,
Сексенге аяқ басқанда,
Жастар елеп келмесе,
Келіп сәлем бермесе,
Күнде асыл кисе де,
Қартайғанда ер жетім.
Яғни жақсы сөз жанды жылытады, аяғы ауырып, жүрістен қалған шақта, қатары азайып көңілі жүдеген кезде қарттарға бұрылып сәлем беру, қариялар үшін үлкен құрмет.
Қарты жоқ қоғам бас білмей кеткен асау сынды болады десек, қарттары бола тұра құрметтемеу одан бетер қайғы екені айтпаса да белгілі. «Кәрісі кімнің жоқ болса, жастары болар дуана» деп Махамбет батыр айтқандай үлкендердің орны қоғамда әлдеқайда ерекше екені даусыз. Үлкендерге лайық сый-құрмет жасап, алғысына бөлену – адам баласының бойындағы тектілігінің белгісі. Дер кезінде асыл қазынамызды бағалап, сый-құрмет көрсетіп, өнегелі ғұмырынан ғибрат алып, сол асылдарымыздың қадір-қасиетін түсініп, бағалап, көкірегімізге сақтайық.
«Үлкенді сен сыйласан, кіші сені сыйлайды, кіші сені сыйласа, кісі сені сыйлайды» деген халық даналығы бар.
Дүниеге келер бір рет,
Дария-кеуде,
Тау-мүсін,
Құрыштан құйған құдірет –
Қарттарым,
аман-саумысың? – деп Сағи ақын жыр­лаған­дай, бабалар даналығын араға ­талай ғасыр­лар салып, бүгінгі ұрпаққа нақыш ­бояуын солғын­датпай жеткізетін қарттарымыз аман, сау болсын!
Ел қазынасын, қариясын жоғалтса, қасиеті жоғалары анық. Қазыналы қартын «жазып қойған хатына теңеген» халқымыз үлкенге деген құрметке сызат түсіріп, кемшілік жібермеуге шақырғанын біле отырып, қарияларымызды мерекесінде ғана еске алмай, әркез ескере жүрейік.
Мұның тәрбиелік мәні зор. Желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақ алдыңғы толқын ағалардың өнегелі ісін бойына сіңірсе – еліміздің ертеңі жарқын болады. Қариясын сыйлап, төбесіне көтерген елден қасиет-кие деген айналып өткен емес!

Әділкерей Әуелбаев,
Қазақстан Журналистері
одағының мүшесі

5831 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы