• Руханият
  • 30 Қыркүйек, 2020

ЕЛІНЕ ЕСКЕРТКІШ БОЛЫП ОРАЛДЫ

Белгілі жазушы, публицист Дидахмет Әшімханұлының туғанына 70 жыл толуына орай Алтайдың төрінде – Катонқарағай ауылында ескерткіш орнатылды. Ескерткіштің салтанатты ашылу рәсіміне жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әлібек Асқар, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Ақберен Елгезек, жазушы Әлібек Қаңтарбаев сынды қаламгерлер қатысты. Жазушының ұлы Дәулет Әшімханның мұрындық болуымен және аудан кәсіпкерлерінің қолдауымен дүниеге келген еңселі ескерткіш мүсіннің авторы – Ринат Әбенов.

«Аққабаның толқыны», «Он бірінші күз», «Жер аңсаған сары атан», «Самырсын сазы» тәрізді кітаптар мен көптеген публицистикалық еңбектер қалдырған Дидахмет Әшімханұлы қазақ әдебиетіндегі әңгіме жанрының шебері болды. Өз дәуірінің шындығын жазған қаламгер бүкіл шығармашылығында ұлттың мұңын, ұлт құндылықтарын жырлап өтті. Тіл туралы, жер туралы жеріне жеткізе жазып қана қоймай, осы майданда қажырлы күрескер болды. Дидахмет Әшімханұлы адами қасиетімен аға буын мен тұстастарының да, жас қаламгерлердің де ыстық ықыласына бөленген жан еді.
«Әкемнің мерейтойы – туған жерінің, елінің мерейтойы. Ескерткіштің мақсаты жас ұрпаққа үлгі боларлық азаматтың есімін есте қалдыру, оларға рух беру деп білеміз. Ескерткіштің әкем алғаш еңбек еткен Мәдениет үйінің алдына орнатылғанына да қуаныштымыз» дей келе, Дәулет Дидахметұлы мүсіннің жобасын жасау кезінде ақыл-кеңес берген Әлібек Асқарға, аудан әкімшілігіне және қаржылай қол ұшын созған кәсіпкерлерге алғысын айтты.
Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданында дүниеге келіп, бүкіл қазақтың қаламгеріне айналған, өзінің алдындағы Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақов ағалары сынды жазушы Дидахмет Әшімханұлының есімі туған жерімен тығыз байланысты. Шығармашылығымен қазақ әдебиетінің алтын қазынасына мол үлес қосқан жазушы осылайша өзінің қасиетті Алтайынан мәңгілікке орын тепті.

Дина Имамбаева

1404 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы