• Қоғам
  • 30 Қыркүйек, 2020

АУЫЛ – ҚАЙНАҒАН ЕҢБЕКТІҢ ОРТАСЫ

Қазақтың қасиетті құт мекені, қайнар көз, алтын бесігі саналатын ауыл ғасырлар бойы халықтың өзегін талдырмай өсіп-өнуіне мүмкіндік беріп келеді. Бүгінде өркениетті ел болып, даму жолын қаладан тапқанымызбен, ауылдың алар орны ерекше. Осы орайда ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғырту мақсатында Елбасы бастамасымен қолға алынған «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асырылуда. «Ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға да кірісуіміз керек. Осыған байланысты арнайы «Ауыл – ел бесігі» атты жобаны жүзеге асыру қажет. Бұл арқылы қазақстандықтардың жергілікті жердегі еңбегіне қатысты идеологияны қолға алуымыз керек. Бұл әкімшіліктердің міндеті» деген болатын Елбасы Н.Назарбаев. Бұл жоба Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан да қолдау тауып отыр. Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында ауылдың әлеуетін толық пайдалану – стратегиялық маңызы бар мәселе екенін айта келе, «Ауылдағы мейлінше өзекті мәселелерді шешуге арналған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыру одан әрі жалғасатын болады» деді.

Түркістан облысы

 

ТҰРҒЫНДАРҒА ТИІМДІ ЖОБА

 Осы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Түркістан облысында даму әлеуеті бар 614 ауылдың тізімі анықталған. Аудандардағы сапарларының бірінде Өмірзақ Шөкеев «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүйелі түрде іске асуы қажеттігін айта келе, алдымен аудан, округ орталықтары, кейін жыл сайын 5 ауылды көркейтіп, абаттандыру жұмыстары жүргізілу керектігін тапсырған болатын. Ауылдарда нысандар көбірек салынып, көшелер жөнделіп, саябақтар саны, газ, ауызсумен қамту деңгейі жыл сайын артуы тиіс екенін де аудан әкімдеріне ескерткен-ді. Бұл орайда Түркістан қаласын, аудандар мен қалаларды, ауылдық елді мекендерді газбен қамтамасыз ету деңгейін 2021 жылы 54,1%-ға, 2025 жылға қарай 69%-ға дейін арттыру көзделуде. Ал 2025 жылға дейін облыс халқын сапалы ­ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында 49 ­нысан ­салынып, 12 елді мекенде сумен жабдықтау желілері қайта жөнделмек. Нәтижесінде 25 714 тұрғын таза ауызсу тұтынатын болады. Өңірде тұрғын үй саласында да бірқатар өзгерістер енгізілуде. Аудандар бойынша жекелей мысал келтірер болсақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық және облыстық бюджет есебінен Арыс қаласы Монтайтас ауыл округінде 14 көшеге, Ақдала ауылдық округінде 28 көшеге, Арыс қаласының 13 аймағы бойынша 67 көшесінде орта және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы жөндеу жұмыстары барысында ­244 ­744 шаршы метр асфальт төселіп, 63 044 шаршы метр аяқжол салынды. Сондай-ақ 454 текше метр арық қойылып, 57 шақырым көше жарықтандырылған және 179 метр жасанды кедергі мен 38 дана жол белгілері орнатылған. Ал Сайрам ауданының орталығындағы Қ.Жандарбеков атындағы Мәдениет үйі аталмыш жоба аясында күрделі жөндеуден өтті. Тозығы жеткен ғимарат толығымен жаңарған. Нысан табиғи газ арқылы жылыту жүйесімен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ ауданда «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Ақсукент және Манкент ауылдарындағы білім, мәдениет және денсаулық сақтау нысандарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Екі ауылдық округтегі 10 жолдың орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жалғасуда.                                                                       Сарыағаш ауданында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Жартытөбе ауылдық округіндегі 11 көшенің 23,3 шақырымына, ал Қабланбек елді мекеніндегі 16 көшенің 18,8 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ аудан орталығы Сарыағаш қаласында биыл 3,7 шақырым көшеге орташа жөндеу жұмыстары басталған. «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» жобасы аясында республикалық бюджет есебінен ауданда 5 көшенің 9 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ауданды ауызсумен қамту бойынша бүгінде Атамекен елді мекеніндегі су жүйелерінің құрылысы жүруде. «ТВИК» ЖШС жүргізіп жатқан жұмыстар нәтижесінде 210 абонент, яғни 2122 тұрғын таза ауызсумен қамтылатын болады. Аймақты «көгілдер отынмен» қамту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Атамекен елді мекенінде ­«Тоболино» АГТС газ қуаттылығын арттыратын станцияның құрылысы басталған. АГТС-тің өткізгіштік қуаты – 20000 нм3/сағ. Газ құбыры жүйесінің ұзындығы – 4,73 шақырым. Биыл құрылыс жұмыстары аяқталып, бірнеше елді мекен газбен қамтылатын болады. Сарыағаш қаласының Самал шағын ауданында 900 орынға арналған мектеп құрылысы басталған. «Жаңа арна 2002» ЖШС салып жатқан мектеп 2021 жылы тамыз айында пайдалануға берілмек.

Ауыл тұрғындарының тұрмысы жақсара түсуіне «Егістіктен сөреге дейін» пилоттық жобасы да септігін тигізуде. Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы төтенше жағдай кезінде азық-түлік қауіпсіздігі – жалпы мемлекет қауіпсіздігінің негізгі кепілі екенін айта келе, аграрлық салаға барынша қолдау көрсетілетінін мәлімдеген болатын. «Отандық өнімдер мен жабдықтарды барынша пайдалану бизнесті дамытудың басым шарты ретінде белгіленетін болады. Қазақстанда 1 миллион 700 мың жеке қосалқы шаруашылық бар. Алайда олардың өнімдері сауда нысандары арқылы ресми сатылмайды және қайта өңдеу кәсіпорындарына түспейді. Мемлекет олардан салық алмайды, мұндай шаруашылықтарда жұмыс істейтіндер әлеуметтік жағынан қорғалмаған. Үкі­метке «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бірнеше өңірде «Егістіктен сөреге дейін» пилоттық жобасын іске қосуды тапсырамын» деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл тапсырма бойынша бүгінде Түркістан облысында бірқатар нәтижелі жұмыстар атқарылды. Мысалы, Ордабасы ауданында жоба аясында «Бөрте Милка» ЖШС жеке 4 шаруашылықпен біріге СПК құрып, Жеңіс ауылына сүт жинайтын контейнер орнатқан болатын. Өңірде сүт өндіретін жиырмадан астам ірілі-ұсақты компания бар. Дегенмен, бұл өндіріс орындары өңір нарығын толық қамти алмайтындығы анықталып отыр. Ал ауыл-аймақтағы ағайын кейде ірі-қараның сүтін қайда өткізерін білмей жатады. Сондықтан бұл бастама ауыл тұрғындары үшін тиімді. Өйткені сүт өнімі тұрақты бағада сатып алынады. Жобаның тағы бір тиімді тұсы – ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға жол ашады және аймақтағы сүтті ірі қара санының артуына да негіз болмақ. «Енді қосымша ветеринариялық қызмет көрсету орталығын ашайын деп отырмыз. Яғни осы СПК -лардың барлығы сапалы қызмет алады. Оған қоса үшінші жем-шөп базасымен де қамтамасыз етеміз» дейді «Атамекен» ҰКП Түркістан облысы бойынша директоры Темір Нақыпбеков.

Барлық шығынын «Бөрте Милка» ЖШС мойнына алған сүт қабылдайтын құрылғының жалпы құны 2,5 миллион теңге. Жоба ауылда ірі қараның көбеюіне де септігін тигізуде. ­Мысалы, Жеңіс ­ауылы тұрғындарынан сүт қабылдайтын Гүлнар Усманованың 70 сиыры бар. Оның 50-і сауын. Бұрын елу сиырдың сүтін өзі пісіп, одан сары май мен ірімшік жасайтын. Кейде үлгермей сүт ашып, өнім бүлінетін. Енді артық өнімді жинап өткізетін жер бар. Қосымша қаржысын да алады. Оған қоса шаруаға жем-шөп ­дайындауда көмек болмақ. Гүлнар ­Усманова енді «Бөртемен» бірігіп одан әрі шаруасын кеңейтпек. Жеңіс ауылының тұрғындары «Егістіктен сөреге дейін» жобасына ризашылығын білдіріп отыр. Өйткені үйде отырып-ақ табыс табуға мүмкіндік мол. Елімізде бір емес, екі рет «Жылдың үздік инновациялық жобасы» номинациясын жеңіп алған «Бөрте ­милка», «АГРО-V» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің құрылтайшысы, Түркістан облыстық мәслихатының ­депутаты Нұралы Әбішев өнім көлемінің, сапасының артуы соңғы технологиялармен жабдықталуға тікелей байланысты екенін айтады. «Президент жақында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз ету мақсатында ауыл тұрғындарының табысын арттыруды, еңбек өнімділігін екі жарым есе көбейтуді, агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспортын екі есе арттыруды міндеттеді. Бұл біздің жауапкершілігімізді арттырып, бүгінгіден де өнімді жұмыс істеуімізге үндейді. «Бөрте-Милка» кешенді сүт фермасы бүгінде қанатын кеңге жайып, сапалы өнімдері сұранысқа ие болуда. Осы сүт өнімдерін өңдеу кешенін Елбасының 2015 жылғы Жолдауынан кейін ашқан болатынбыз. Сол Жолдауда көтерілген бастамаларға сүйеніп, айқын мақсаттарды негізге ала отырып іске кірістік. Міне, арада бес жыл өтті, бүгінде жемісін халық көруде. Біздің кешенді ферма Жолдау жүктеген міндеттердің жүзеге асырылып жатқанын білдіретін нәтижелі жұмыстың бір ғана мысалы. Бүгінде сүт өңдеу бойынша көрсеткіштеріміз де, сапа да жоғары. Соған сәйкес жұмысшылардың айлығы да көбейген. Серіктестікте жүзге жуық адам жұмыс істейді» дейді Нұралы Әлмаханұлы.

 «Бөрте милкада» ақылды технология­ларды өндіріске енгізудің нәтижесінде сиырларды сауыншы емес, робот ­сауады. Ферманың ішін желдету арқылы ауасын тазалау, күн жарығына сәйкес электр энергиясын үнемдеу, сиырларды жем беру станциясы мен роботқа қарай бағыттау есіктері, олардың қоңдылығын анықтау, жемді өнімділігіне қарай өлшеп беру жүйесі жаңа технологиямен толық автоматтандырылған. Роботтандырылған жүйелер мен өзге де инновацияларды енгізудің нәтижесінде зауыт бүгінде тәулігіне 10-15 тонна 15 түрлі сүт өнімдерін өндіруде. Қайта терең өңделген өнім еліміздің түкпір-түкпіріне тасымалдануда. Бес жыл бұрын сатып алынған 408 «голштейн фриз» тұқымды сиыр саны қазіргі таңда мыңнан асқан. Оның 600-і сауын сиыр. «Фермамыз ­заманауи технологиямен қамтылған, барлығы автоматтандырылған. Сиырларымыз орта есеппен әрбірі 32 литр сүт берсе, арасында 60 литрге дейін беретіндері де бар. Біздің кәсіпорынның қуаттылығы 40 тонна, қазір 11 тонна сүт беріп отырмыз. Өндіріс қуаттылығын толықтай қамту үшін қосымша тағы бір ферма салуды жоспарлап отырмыз» дейді «Бөрте милканың» ферма меңгерушісі Қуаныш Мәмбетов. Фермада негізінен ­жастар, яғни 20-35 жастағы мал дәрігерлері мен операторлар жұмыс істейді. Жалпы мемлекет тарапынан жаңа технологияны тартуға жақсы жағдай жасалуда. Сатып алынған малға, тартылған инвестицияға, сауылған сүтке, малдың жем-шөбіне белгілі мөлшерде субсидия төленіп келеді.

Айта кетелік, «Егістіктен сөреге дейін» жобасы сәтті жүзеге асса, келесі жылы толыққанды бағдарлама әзірленбек. Бағдарламаны іске асыру барысында «Даму» қорының кепілдендіру тетіктерін қолдана отырып, «ҚазАгро» желісі арқылы жылдық 6% мөлшерлемесі ­бойынша жеңілдетілген шағын несие беру көзделуде. Тиісті министрлік есебінше, мұн­дай шаралар, 2 миллионға жуық ауыл тұрғындарының табысын арттырып, отандық ауыл шаруашылығы кәсіп­орындарының жүктемесін 53-тен 70%-ға дейін арттырады және әлеуметтік маңызы бар өнімдердің импортын азайтады. Түркістан облысы

БАҒДАРЛАМАЛАРДЫҢ БЕРЕРІ МОЛ

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Абайды өз заманындағы іскерліктің ұйытқысы, еңбекқорлықтың мотиваторы деуге болады. Ұлы ойшыл шығармаларында кәсіптен нәсіп тапқандарды, шаруақорлыққа үйрену дағдыларын үлгі етеді. Ол тұрмыс сапасын жақсарту үшін еңбек етудің жаңа тәсілдерін меңгеруге шақырады. Сонымен қатар ақын бастамашылдықты, кәсіптегі адалдықты жоғары қояды» деп әрбір азаматты ұлы ақынның түйінді тұжырымдарын санасына берік тоқып, өзінің тынымсыз, адал еңбегімен айналасына үлгі болуға үндейді. Бұл орайда еңбек етуге жасалған мүмкіндіктердің маңызы зор екені мәлім. Ауылдағы ағайынның жұмыспен қамтылуына, тұрмысын жақ­сартуға мемлекеттік бағдарламалар елеулі септігін тигізіп келе жатқанын айта кетелік.

Мысалы, Түлкібас ауданына қарасты Машат ауылының тұрғыны Е.Төлепбеков мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасының көмегімен жеке шаруашылығын ашып, өз ісін дөңгелетіп отыр. Ол жеңіл­детілген несиеге 75 ірі қара мал сатып алған. Кәсіпкердің алдына қойып отырған мақсаты – ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытып, шетелдерге өзі өндірген өнімді экспорттау. Ауданда аталған бағдарламаның шарапатын көріп отырғандар аз емес. Былтырдың өзінде 10-нан астам шаруа қожалығы осындай жолмен мал басын көбейтіп, өңірімізді ғана емес, өзге облыстарды да етпен қамтып келеді. Шаруашылықтың осы бағытына қолдау білдіру мақсатында ­ауданда ет өңдейтін кешен мен сүт фермасы салынған. Алдағы уақытта мұндай өндіріс орындарының қатарын ­арттыру көзделуде. Сонымен қатар «Құлан» бағдарламасы бойынша 112 жылқы сатып алу жоспарланса, қазіргі таңға 120 сатып алынған. Ал «Алтын асық» бағдарламасы бойынша ауданда 1455 бас қой алу жоспарланып, қазіргі таңға 1540 сатып алынған. Нақты мысалдар келтіретін болсақ, Машат ауылында Әбдірәсіл Медетов үйіргелік қорасына бір-екі бас жылқы малын бордақылауды бастаған. Содан бері жылына 2-3 бастан бордақылап, етін ауыл тұрғындарына өткізіп келген. Шағын ғана кәсібін өркендету мақсатында осыдан 3 жыл бұрын Әбдірәсіл Ортайұлы мемлекеттік қолдауды пайдаланып, «Ырыс» МҚҰ-нан 6,0 млн теңге несие алған. Ол қаржыға 20 жылқы алып мал бордақылаумен кәсіби тұрғыда айналыса бастаған. Қазіргі таңда кәсіпкер жылқы басын 90-ға дейін жеткізіп, бордақылауда. Айта кетелік, бүгінде ауданда 10-15 басқа арналған 76 шағын мал бордақылау алаңдары, 24 отбасылық сүт фермасы құрылған. Нұрбол Тұрашбеков басқарып отырған Ордабасы ауданында 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасына сәйкес, мал шаруашылығы саласын ­дамыту жоспары жүйелі түрде орындалып келеді. Мәселен, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 327 ірі қара мал алынды. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 4089 мал алынып, 190,7 пайызға орындалды. Ал «Құлан» бағдарламасы бойынша алынған жылқы саны 97 бас. Нәтижесінде ауданда жалпы төрт түліктің саны 520 мыңға жуықтаған. Оның 73,3 мыңы ірі қара, 420,4 мыңы қой мен ешкі, 25,4 мыңы жылқы, 740-ы түйе. Ал құстардың жалпы саны 423,9 мыңға жеткен. Сәйкесінше кәсіпкерлер мал шаруашылығы өнімдерін молынан алып, нарыққа шығаруда. Бүгінге дейін ауданда 13 311,8 тонна ет, 33 004,9 тонна сүт, 7 263,8 мың дана жұмыртқа өндірілген. Айта кетейік, Ордабасы ­ауданында мал тұқымын асылдандырумен айналысатын 6 шаруа қожалық бар. Ал жалпы мал бордақылау алаңдарының саны – 355, оның 76-сы биыл іске қосылған. Сондай-ақ 84 сүт фермасы жұмыс істейді. Үстіміздегі жылы 3 отбасылық құс фермасын ашу жоспарланса, бүгінде 4-еуі іске қосылып, жоспар 133 пайызға орындалып отыр.

Түркістан облысы

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мемле­кеттік бағдарламалар аясында ашылып жатқан жұмыс орындары, жүзеге асырылып жатқан жобалар да халықтың тұрмысын жақсарту мақсатындағы игі істер екенін аудан, қала әкімдеріне ескерте отырып, бұл бағыттағы жоспарлардың орындалуын бақылауына алған. Мысалы, Кентау қаласында биыл 8 айда «Еңбек» бағдарламасы аясында 3979 адам жұмыспен қамтылған. Жоспарға сәйкес жыл соңына дейін бағдарламаның екінші бағыты – кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру бойынша 482 азаматқа қолдау көрсетілу керек болса, бүгінге дейін 314 адам жұмысты болған. Оның 139-ы ­«Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік курсты оқыса, 45-і шағын несие алған, ал 130-ы мемлекеттік грант иегері атанған. Сондай-ақ биыл бағдарламаның үшінші бағытты – халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру бойынша 6103 адам қамтылады деп жоспарланған. Қала әкімдігінің мәліметінше, бүгінге дейін 3665 азаматқа көмек көрсетіліпті. Оның 1623-і тұрақты жұмысқа орналасса, 143-і әлеуметтік жұмыс орындарына жолданған, 500-і жастар практикасына, 1399 азамат ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылған. «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында Кентау қаласы бойынша 62 жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 223 жаңа жұмыс орны ашылған. Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы әзірге 130 адам тұрақты және уақытша жұмыспен қамтылып отыр.

Ал Бәйдібек ауданы Жамбыл ­ауылында «Бақыт-Ислан» ЖШС салып жатқан ­заманауи озық үлгідегі жылыжай кешенінде 60 адам жұмыспен қамтылатын болады. Өткен жылдың тамыз айында құрылысы басталған жылыжай биыл іске қосылмақ. Жалпы аумағы 5 гектар, ал жылыжайдың аумағы 3 гектар ­болатын жобаның құны – 750 млн теңге, жылдық қуаттылығы – 700-800 тонна. Ауданда алғаш құрылған «Бекет Тынысбаев» жылыжай шаруашылығының жалпы аумағы 50 сотық. Онда қазіргі таңда 12 адам жұмыс істейді. Жылына 2 өнім алады. Алғашқы өнімге қызанақ егіп, 50 сотық жерден 48 тонна өнім алған. Екінші өнімге қияр еккен. Жылыжай жылына 70 тонна өнім алып отыр. Жалпы ауданда ауыл шаруашылығы саласында 2539 құрылым бар. Атап айтқанда, 2161 шаруа қожалық, 128 өндірістік кооператив, 249 жауапкершілігі шектеулі кәсіпкерлік жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі – 539 129 гектар. Биылдың 8 айында ауданда 17 млрд 333,5 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Халықтың табысын молайтуға Келес ауданына қарасты Амангелді елді мекенде іске қосылған «ақылды» мал бордақылау алаңының да ықпал етері анық. Жалпы аумағы 0,5 гектар болатын алаң құрылысы 2 жыл жүргізілген. 300 мал басына есептелген шаруашылыққа ­«ангус» тұқымды 32 бас ірі қараны Солтүстік Қазақстан облысынан алдырған. Мұндағы барлық «қара жұмысты» арнайы қондырғы, яғни робот атқарады. Кәсіпкер бизнесін ары қарай дамыту үшін мемлекеттен аз мөлшерлі пайызбен несие алмақ. Осылайша шаруашылығын кеңейтіп, жылқы, қой бордақылайтын, сүт өндіретін ферма салуды көздейді.

Облыста ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін биыл 104,1%-ға, өнеркәсіп өнімі көлемін 1,5%-ға, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемін 4%-ға жеткізу болжануда. Жыл қорытындысында құрылыс көлемінің өсімі 2%-ға артып (185,7 млрд. теңге), нәтижесінде 595,6 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделуде. Мемлекеттік бағдарламалардың оң нәтижесінде 2021 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 104,2%-ға, өнеркәсіп өнімі көлемін 2%-ға, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі көлемі өсімін 1%-ға жеткізу көзделуде. Мемлекет басшысы Жолдауында кадр саясатына ерекше тоқталып, Үкіметке мемле­кеттік аппараттың қызметкерлерін қысқарту, үнемделген қаражаттың есе­бінен қалған қызметкерлердің жала­қысын көбейту тапсырылды. Осыған орай, облыстық стратегия және эконо­микалық даму басқармасының ­басшысы Арман Абдуллаевтың айтуынша, ­облыс әкімдігінің мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін 2020 жылы 10%-ға, 2021 жылы 15%-ға қысқарту көзделуде. Сондай-ақ облыста макроэкономикалық көрсеткіштерінің өсімін сақтап қалу мақсатында республикалық кешенді жоспарды басшылыққа ала отырып, жыл соңына дейінгі іс-шаралар ­жоспары бекітілген. Жоспар инвестиция тарту, нақты сектор, сервистік экономика, еңбек нарығы, әлеуметтік сала, өңірлік даму сынды 6 бағыт пен 19 тармақтан тұрады. Аталмыш жоспар іске асқан жағдайда жыл қорытындысында облыс экономикасының өсімі 3%-ды құрайды деп күтілуде. Ал 2021 жылы жалпы өңірлік өнім 2 019,2 млрд теңгеге жетіп, өсім 3,2% болады. Ұзақ мерзімді кезеңде инфляция деңгейін 6-9% дәлізінде ұстап тұру жоспарланған.

 Е.ӘБДІЖАППАРҰЛЫ

Түркістан облысы

­­

99 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Расул Жұмалы, саясаткер: ҚОҒАМНЫҢ ҚҰЛШЫНЫСЫ ҚАЖЕТ
Келесі мақала ДАҒДАРЫСТАН – ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРГЕ

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №43

22 Қазан, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жанарбек Әшімжан

Бас редактор