• Тұлға
  • 30 Қыркүйек, 2020

АБАЙ ЕЛІНДЕГІ ЕКІ КҮН

Нұртөре ЖҮСІПНұртөре ЖҮСІП,
ҚР Парламенті
Сенатының депутаты

«Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы аясында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті мүшелері Семей қаласы мен Абай ауданына екі күндік сапар жасап қайтты. Құрамында – комитет төрағасы Мұрат Бақтиярұлы, комитет хатшысы Нариман Төреғалиев, комитет мүшелері Бақытжан Жұмағұлов пен Алтынбек Нұхұлы және мен бармыз. Негізгі мақсат білім беру, денсаулық сақтау, еңбек, мәдениет және спорт мәселелері бойынша барлық ахуалды көзбен көру, ел ішінде болу, азаматтардың ой-пікірін тыңдау.

Нұр-Сұлтан қаласынан Семейге ұшып келгеннен кейін бірінші күнгі сапар Семей медицина университетінің жұмысымен танысудан басталды. Әуежайдан күтіп алған қала әкімі Ермак Салимов мырза 27,81 мың шаршы метрге орналасқан көне де жаңа Семейдің тыныс-тіршілігінен хабардар етті. Қала халқы 350 мың адамнан асыпты. Оның ішінде таза Семей қаласында тұратындар 328 мың 400 адам. Қазақ халқының үлес салмағы 72,5 пайызға жеткен. Семей қаласының әкімшілік құрылымына 14 поселкелік және селолық округ кіреді.
Семей медицина университетінің іргетасы 1953 жылы 1 қыркүйекте қаланған. Бастапқыда 320 студент қабылданған оқу орны бұл күнде медицина мамандарын ­даярлайтын бірден-бір іргелі жоғары оқу орнына айналған. Мұнда «Жалпы медицина», «Фармация», «Медико-профилактикалық іс», «Қоғамдық денсаулық сақтау»  мамандықтары бойынша кадрлар ­даярланады. Оқу қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде жүргізіледі. Мұндағы ­медицина орталығы, бірлескен оқу-ғылыми лаборатория, оқу-клиникалық орталық қажетті жабдықтармен жабдықталған. Студенттерге арналған 3 жатақхана бар екен. ­Мединститут басшылығы мен ұжымы ­Жапония, АҚШ, Сингапур, Израиль, Оңтүстік Корея мен Ресейдің жоғары медицина оқу орындарымен тығыз байланыста көрінеді. Үндістаннан келіп оқып жатқан студент жастар да бар.
Пандемия жағдайында ­студенттер ­онлайн режимде оқып жатыр екен. Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда айтқан: «Пандемияға орай эпидемиолог, инфекционист, реаниматолог, пульмонолог, кардиолог сияқты сирек мамандық иеленетін дәрігерлерді даярлау мәселесі өткір қойылып отыр» деген сөзді алға ­тарта отырып, осы мамандықтарды оқыту, ­мамандар даярлау мәселесіне қатысты нақты сұрақтар қойды.
Медицина университетінің басшы­лығы депутаттарға өткен оқу жылының қорытындысы бойынша түлектердің 90 пайызы денсаулық сақтау мекемелеріне жұмысқа орналасқанын хабарлады. ­Алайда бұл жеткіліксіз деп есептейді сенаторлар. Елде дәрігерлердің жетіспеушілігі байқалады, әсіресе қазір пандемияның екінші толқыны күтіліп отырған кезеңде инфекционист дәрігерлер мен вирусологтарды даярлау қажет. Бұл туралы депутат Мұрат Бақтиярұлы Семей қаласының медициналық жоғары оқу орындары оқытушыларымен кездесуі барысында айтты. «Дәрігерлерді даярлау ісі де жаңа форматқа көшкенін көріп отырмыз. Семей мемлекеттік медицина университетінің базасымен танысқан кезде онда білікті дәрігерлердің, оқытушы-профессорлық құрамның бар екенін көрдік. Бірақ ескере кететін бір мәселе бар. Жалпы мамандыққа байланысты Денсаулық сақтау министрлігі бір бетбұрыс жасауы керек. Мысалы, біздің елімізде 4000-ға жуық дәрігер, әсіресе инфекционистер, вирусологтар жетіспейді. Осыған байланысты тиісті мамандықтар мен кафедраларды ашу қажеттілігі туындап отыр» деді Мұрат Бақтиярұлы.
Елге келген індет көп жағдайды өзгертті. Эпидемиолог мамандар ауадай қажет. Осы ретте біздің кейде бюджеттік реттеулерді ретсіз жасайтынымыз еске түседі. ­Санэпидемстанса қызметін мүлдем төмендетіп тастадық. Соның ­салдарынан эпидемиолог мамандар басқа салаға ­ауысып кетті. Саланың мәртебесі дұрыс болмағандықтан төтен індет келген кезде алдын алу, сақтану шараларын ойдағыдай жасай алмағанымыз да жасырын емес.
Қазір екінің бірі пневмонияға шалдығып жатыр. Ал бұл тұрғыда пульмонолог ­мамандарсыз не істей аламыз? Онсыз да Қазақстанда жүрек-қантамыр аурулары асқынып тұр. Мықты кардиолог мамандар жетіспейді. Мемлекет басшысы өз Жолдауын­да осының бәрін жіліктеп көрсетіп берді. Медицина кадрларын ­даярлайтын жоғары оқу орындары бұл тапсырманы қаперінде ұстауы, тиісті шаралар қабылдауы тиіс.
Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Үкіметке медицина мекемелерін кадр­лармен қамтамасыз етуге арналған ұзақ мерзімді (он жыл) болжам әзірлеуді тапсырамын» деген нұсқауы аяқсыз қалмаса дейміз. Өйткені пандемиямен күрес қанша уақытқа созылатыны, жағдайдың қашан оңды қалыпқа келетіні белгісіз. Қазақтың «Сақтансаң – сақтаймын», «сақтықта қорлық жоқ» деген даналық сөздері тектен-тек айтылмағанына күн өткен сайын көзіміз жетіп келеді.
Пандемия демекші, біз Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын зерделеп оқыған тәрізді едік. Мұндай індет, кесел, дерт қазақтың басынан айналып өтпеген ғой. Сонау Абай заманында да елдің шетін індет жайлаған кезең болған. «Абай ­жолында» осы жайттың суреттелетін тұсы бар. Қадірменді оқырманға шамалы үзінді келтіре кетсек, айып-шамы болмас.
«Осыдан әрі Абай жаңағы айтылған ауру, өлім жайын тағы сұрады. Дәмежан енді бұған шынайы ауыр індет жөнінде біртіндеп отырып, көп танытты.
– Алысты білмейміз, естуімше, ар жақта өлім саябырлау болса керек! – деп Дәмежан тың сөзге ауыса бергенде, Жәбікен қосыла сөйлеп:
– Ар жақтың да анау Затон жағы, шет-шеті көп ауырып тұр деседі.
Дәмежан оның сөзін өз бетіне қалдырды.
– Қасымызды, осы бер жақты, мына өзіміз білген айналаны айтайықшы. Бұн­дайда өрекпіген алып-қаштыдан жаман жоқ!
Абай бұған бас изеді.
– Рас, көргендеріңді, жақын маңыңды айтшы. Осы тұста да індет пен қаза бар ма?
– Бар, сол!
– Бар болғанда жиілеп барады! – деп, енді шешіле түскен Жәбікен Дәмежанға тағы қосыла түсті.
– Кімдер, қане! Кім ауырды, кім өлді? – деп сұраған Абайға бұл екеуі кезектеп отырып, соңғы екі жұма ішінде өлген көршілерін санай бастады. 

– Керейбайды білуші ме едіңіз? Ең әуелі соның кәрі шешесі өлді. Одан келсе Садық шал қаза болды.

– Семейбайдың енесі өлді. Жылқыбайдың әкесі, Жұмабектің қатыны, мынау тұсы­мыздағы Жұбандықтың үш бірдей жас баласы өлді! – деп, балалардың өлімін де Жәбікен еске алғанда, Дәмежан ілесе сөйлеп:

– Баланың өлімі тіпті көп! Мен жаңа ересектерді айтып ем. Нелер көздің ақ пен қарашығындай, біреудің жалғызы, бір үйдің алғаш көрген тұңғышы талай үйде қайтыс боп жатыр.

Абай бұлардың айтуынан апаттың шын ауыртпалығын тани бастап, малдасын құрып алып, Дәмежанға қадала қарап отыр.

– Ал ересек еркек, әйел ше? Қарекет, қайрат адамдары қалай? Олар арасында ауру сирек емес пе? Айтуларыңша жаңағы атаған үйлеріңді білем ғой, тегі кәрілер мен бала жағының шығыны көп пе, қалай?

Бұл сөздерін Жәбікен қостай жөнелді.

– Солай, солай! Осыныңыз дәл рас.

Дәмежан дәл бұған тоқтай қалған жоқ. Ол өзге өлімді еске алды.

– Неге, оны қалай айтасың? – деп, Жәбікенге үлкен жаудыр көздерін жалт еткізіп, ойлана бір қарады. – Сен Бұқпаны, Сапарды, Қайырды, Исабекті қайтесің? Сондайлар тепсе темір үзеді дейтін, атпал азаматтар емес пе еді?

– Е, бәрі де жұмысбасты, ер жанышты титығына жетіп жүрген сорлылар ғой! Мойкада жүн жуғанда, тері жайғанда жүрген, күнкөргішін таба алмай келген аш-арық еді ғой! – деп, Жәбікен үйлері нашар кедейлер жайын еске алды. Дәмежан бұл сөзге бас изеп қостап отыр. – Рас-ау, Абай аға, тағы бір байқағанды айтайын ба? Осы ауруға ашыққан үйлер мен ауыр жұмыстан жаншылып, бейнет басып кеткен еркек, әйел тез ұшырайтын тәрізді. Оның үстіне біреуден біреуге жұғады дейді. Әйтеуір осы қатарымыз құймалас көршілеріміз, бес-алты үйіміз әзірше аман тұр. Соны шүкірлік етіп, балаларды да ешқайда шығармай, көп жандарға қатыспай, қолдан келгенше қымтанып қана отырған жайымыз бар! – деді» деп ұлы Мұқаң сол замандағы індет жайын кеңінен баян етіпті.

Індет меңдеткен ауру өң жағынан жаман боп кетеді екен. Дәмежанның айтуынша: көздері шүңірейіп, иек-мұрны шошая береді. Көзінің айналасына, «өлім таңбасы» дейді, бір көкшіл ноқта түседі. Адамның шөлі қанбайды, тек сусын-сусын дей береді екен.

Біздің не иіс, не дәм сезбей қала беретін жағдайымыз секілді ғой.

Романда «Өзі аса қауіпті, жұқпалы ауру – ел таңдамайды. Бар жұртқа ортақ апат. Бұрын да, қазір де ең әуелі Индиядан шығыпты. Содан Россияны, Еуропаны, Англияны, Қытайды, Жапонияны, тіпті Солтүстік Американы да аралап өткен екен. Қазір Россияда елу-алпыс губернияға жайылыпты деген сыбыс бар. Бірақ әр ортада, халықтың тұрмысына, жағдайына қарай, салты мен қалпына орай ауру әралуан өтеді. Әйелінің Павловқа тапсырып, Абай сияқты халық адамдарына білдір деген сөздері бар екен. Алдыңғы сөздерін Абайға қысқа ғана айтып келіп, Павлов Абайдың бұдан былайғы сөзді ерекше тыңдауын өтініп алды.

Содан кейін айтқаны: қазақ халқының жайы. Бұл ел өлімді аса зор ықыласпен күтеді екен. Біреу өлсе, соның үйіне жаназаға көп кісі жиылады. Жаңа ғана өлім шыққан үйге тегіс кіріседі, онда көбінше ас ішеді. Бір емес, бірнеше рет жиылысады. Осының бәрі қазір Слободкадағы қазақ халқының арасына мынау жаман ауруды аса шапшаң таратып отыр» деп суреттелген тұсты оқып, қазіргі қазақ арасындағы жағдай көп заман өтсе де өзгере қоймағанын аңдайсыз. Әлі күнге дейін жаназаға көп болып жиналу, түрлі той-томалақта бас қосу тыйылмай отыр.

Семей қаласындағы №3 орта мектепке барғанымызда 1977 жылы 940 оқушыға арнап салынған оқу орнының улап-шулап, сапырылысып жататын балаларсыз тұрғанын көргенімізде көңіліміз пәсейіп қалғаны рас. 24 сыныптық кабинет пен жаңа модификациядағы 10 кабинеттің ішінде көздері мөлдіреп отыратын шәкірттер жоқ. Жалпы аумағы 5458 шаршы метр болатын мектептің оқушы балаларсыз бос тұруы қаңырап қалған ғимаратты көргендей әсер береді екен. Алайда екі ауысыммен оқитын бұл мектеп оқушыларының өз парталарына оралатын күні жақындаса деп іштей тілек еткеннен басқа амал жоқтығын бәріміз түсінеміз.

Мектеп кітапханасындағы кітап қоры – 22 622. Оның ішінде 13 926 оқулық, 5649 көркем әдебиет, 3047 әдістемелік кітап бар екен.

Бұл мектеп «Қазақстанның ең үздік эко­мектебі», «Ғылыми менеджмент мектебі» деген мәртебелі атақтарды иеленген. Жапонияның Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырған «Өсімдіктер тамыры» атты бағдарламаның 23 миллион теңгелік грантын ұтып алған көрінеді.

Парламент «Ұстаз мәртебесі туралы» Заңды қабылдап, Президент бекіткенін білеміз.

Жолдауда Президент: «Коронавирус індетінің салдарынан дүниежүзіндегі мектеп оқушылары мен студенттердің басым көпшілігі қашықтан оқуға көшті. Бұл жұмыстың тәсілі мен мазмұнын түбегейлі өзгертуде. Қашықтан оқыту ісін ұйымдастыруда Үкіметтің жіберген қателіктерін жақсы білеміз. Ашығын айтқанда, әлі күнге дейін нақты бір онлайн-платформа жоқ. Мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар күндіз-түні «WhatsApp»-тан бас көтермейтін болды. Толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет. Дегенмен, сапалы білім алу үшін әдеттегідей сабаққа қатысып, мұғалімдермен және сыныптастармен араласудың орны бөлек. Сондықтан санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім алудың қалыптасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшудің тәртібін әзірлеген жөн. Бұл, әсіресе мектептер үшін маңызды. Күнделікті мәселелерді шешумен қатар, балалардың бәріне бірдей мүмкіндік туғызу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Балаларымыз қай жерде тұрса да, қандай тілде оқыса да сапалы білім алуы керек» деп атап көрсеткен болатын.

Мемлекет басшысы Қазақстандағы білім беру мәселесіне ұдайы көңіл бөліп келеді. Өз Жолдауында «Білім саласындағы басты мәселенің бірі – ұстаздар жалақысының аздығы. Мен 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көбейту жөнінде шешім қабылдадым. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта береді. Бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 триллион теңге бөлінеді» деп мәлімдегені талай ұстаздың көңіліне үміт отын тұтатқаны әмбеге аян. №3 орта мектеп ұстаздары сенаторлармен кездесу барысында мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлыққа шынайы ризашылық білдірді.

Семей қаласындағы Жедел жәрдем ­ауруханасы көпбейінді, нағыз осы заманға лайықталған мекеме екен. Аурухана Елбасы­ның «Жүз мектеп – жүз аурухана» бағдарламасы арқылы 2013 жылы ашылған. Мұнда 829 персонал жұмыс істейді: оның ішінде – 115 дәрігер, орта медицина персоналы – 347, одан басқа тағы 367 адам денсаулық сақтаудың қырағы күзетінде. Дәрігерлердің орташа жалақысы 185 мың теңге көлемінде. 375 төсекке арналған ауруханада заманауи жабдықтың бәрі бар. Тіпті мұндай жақсы жарақталған аурухана ас­та­наның өзінде табыла бермейтінін айтқан абзал.

Аурухана Семей өңірінің халқына қызмет көрсетеді. Семей қаласы мен Семей ауданының Аягөз, Шар, Курчатов қалалары мен Абыралы ауданының жұрты, Бесқарағай, Абай, Бородулиха, Жарма, Үржар аудандарының тұрғындары осында емделеді. Мақаншы мен Қалбатау ауылдары да назардан тыс қалмаған. TRIAGE зонасы арқылы жылына 27 000 адам стационардан өтсе, 14 000-ға жуық адам жатып емделеді. Операция блогында 6 ота жасайтын зал бар. Залдың бәрі санитарлық талаптар мен нормаларға сай орналасқан. Мұнда жылына 8000-ға жуық хирургиялық және травматологиялық операция жасалады. Аурухана директоры Ерлан Бүркітов мырза 2019 жылы 736 операция жасалғанын, оның 62-і ашық нейрохирургиялық ота, 674-і эндоваскулярлық, 27-і гибридті ота екенін айтып берді.

Былайғы жұрт Семей қаласы облыс орталығы мәртебесінен айрылғасын әбден жүдеп-жатап кеткендей көреді. Өзіміз де сондай ойдың жетегінде болдық. Әйтсе де Президент бекітіп берген «Жол картасы» арқылы қала 30 миллиардтан астам қаржыға қол жеткізген екен. Соның арқасында қаланың шетінен «Қарағайлы» шағын ауданы бой көтеріп жатыр. «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде телекоммуникация, сумен жабдықтау, жылу жүйесі мен электр жүйесі толық тартылған. Магистралдық жүйелердің жалпы құны 2 миллиард 800 мың теңгенің үстінде. Мұнда 2016 жылы Назарбаев Зияткерлік мектебі пайдалануға берілген. Негізінен физика-математика бағытындағы бұл мектепте 120 бала оқиды. Жаңа шағын ауданда 3 мектеп, 6 балабақша болады. 2020-2025 жылдар аралығында 130 үйдің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға беріледі.

Осы Қарағайлы шағын ауданының көркін көпбейінді мәдени-спорт кешені ашып тұр десек те болады. Былтыр желтоқсан айында іске қосылған бұл кешенді салуға 26 миллиард теңге жұмсалған екен. Бір мезгілде бірнеше мәдени-көпшілік және спорт шараларын өткізе беруге болады. Жалпы алаңы 33,8 мың шаршы метр болатын осы кешеннің қала тұрғындары барлық игілігін көре алады. Кешенде ­заманауи медиаклуб, ­жайлы VIP орындықтар, 545 көрермен ­сыятын орындықтары бар демонстрациялық бассейн бар. Бұл бассейнде кез келген халықаралық спорт жарыстарын өткізуге болады. Бассейннің ұзындығы 50 метр, ені – 25 метр, тереңдігі 1,8 – 5,0 метр. Жалпы көлемі – 3757 шаршы метр. Сонымен қатар мұнда сауықтыру бассейні де жұмыс істейді. Балаларға арналған ойын-сауық аймағы тағы бар. Не керек, нағыз жанның рақаты!

Мәдени-спорт кешенінің директоры Шыңғыс Таипов қағілез жігіт екен, келген меймандарды өзі бастап аралатып, тегіс көрсетіп шықты. «Семейдің күйі кете қойған жоқ. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы осындай ғажайып кешенге ие болып отырмыз. Бұл Семей қаласының ажарын ашатын нысанға айналады» деді.

Құдайдың құдіретін қараңыз: Канадада өсетін Веймутов қарағайы осы Семейдің қапталында сыңсып өсіп тұр дегенге айтса адам сенбес: Ертістің екі жағалауында орналасқан Семей қаласының жағдайы басқа қалаларға қарағанда орман саласы бойынша ерекше. Дүниежүзінде кілең қарағай ғана өсетін екі жер болса, соның бірі – Канадада, екіншісі – Семей қаласының қапталында. Ресейдің Алтай өңіріне дейін созылып жатқан қарағайлы орман аумағында туберкулезді емдеу санаторийі, балалар демалатын лагерьлер, кәсіпорын, мекемелердің демалыс базалары орналасқан.

Жабайы нарық тұсында осы орманды қолдан өртеп, ағаш сатып, жеке бас пайдасын көздегендер көп болған көрінеді. ­Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Семей орманы» атты мемлекеттік табиғи орман резерватын құру жөнінде Үкіметке тапсырма беріп, ағаштарды қию, шығару, сатуға тыйым салды. Осы шаралардан кейін әдейі от қойып жағып жіберу, заңсыз кесу күрт тыйылған. Әйтсе де 665 мың гектар орман алқабының 130 мың гектары талан-таражға түскен. Бірақ құрып кеткен орман бөліктерін қайтадан қалпына келтіру үшін қаншама жыл керек десеңізші. Жаңадан отырғызылған көшеттердің бойын 1 метрге жеткізу үшін 5-7 жыл бағып күту керек екен.

Семейге барған адам мұндағы Мұхтар Әуезов атындағы педколледжге соқпай кетсе – өкінеді. 1903 жылы 23 қыркүйекте өз жұмысын бастаған мұғалімдер семинариясы бастауыш училищелер мен бастауыш орыс-қазақ мектептеріне және ауылдық қазақ мектептеріне мұғалімдер даярлады.1906 жылы 5 қазанда мұғалімдер семинариясының жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылды. Мұнда Мұхтар Әуезов семинарист болған. ­Сондай-ақ Әбікей Сәтбаев, Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев тәрізді ұлт зиялылары білім алған. Мұғалімдер семинариясы 1920 жылғы қыркүйекке дейін жұмыс жасап, халыққа білім беру институты болып қайта құрылды. 1922 жылы осы оқу орнының құрылымдық негізінде екі педагогикалық техникум (қазақ, орыс) ашылады. 1924 жылы 24 қаңтарда халыққа білім беру институты жабылып, оның барлық мүлкі Семей педагогикалық техникумына беріледі. Семей қазақ педагогикалық техникумының 1922 жылдың 1 желтоқсанында директорлығына тағайындалған көрнекті Алаш қайраткері, педагог Әбікей Сәтбаев бұл қызметті 1927 жылдың шілде айына дейін атқарады. Сенатор Алтынбек Нұхұлы Әбікей Сәтбаевқа қатысты мұрағаттарға зейін қоя үңіледі. «Бұл кісінің маған тікелей туыстық қатысы болғандықтан, осы колледжді көруге асықтым» дейді Алтынбек.

Қазақ педагогикалық техникумы – Алаш қайраткерлерін тәрбиелеп шығарған ­алтын бесік. Көрнекті Алаш қайраткері Халел Ғаббасов, педагог, журналист Сейітбаттал Мұстафин, педагог, жазушы, драматург ­Тайыр Жомартбаев, педагог, театр қайраткері Ғалиақпар Төребаев, ағартушы-журналист, педагог Мәннан Тұрғанбаев осында еңбек еткен. Семей қазақ педтехникумынан оқып, тәлім-тәрбие алған көрнекті қайраткерлер қатарында академик Әлкей Марғұлан, профессор Мұсатай Ақынжанов, 1941-1955 жылдары Қазақ КСР оқу министрі болған, педагогика ғылымдарының докторы Әбдіхамит Сембаев, Қазақ КСР Ішкі Істер министрі Шырақбек Қабылбаев, белгілі журналист Ғайса Сармұрзин, журналист, педагог Тұрлыхан Қасенұлы, Социалистік Еңбек Ері Жақия Шайжүнісов, көрнекті жазушы Әзілхан Нұршайықовтар бар.

Тәуелсіздік тұсында педколледж жаңа серпінмен жұмыс істей бастаған. 1992 жылы 25 мамырдан бастап оқу орны педагогикалық колледж болып қайта құрылады. 1992 жылы оқу орнының басшылығына философия ғылымының кандидаты, ұстаз-ғалым Нәубат Қалиевтің келуімен ұжымдағы ғылыми-зерттеушілік жұмыстардың деңгейі, сапасы артқанын ел біледі. Қазір оқу орнын білікті басшы, іскер ұйымдастырушы, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері Шағангүл Жанаева басқарып отыр. Республикамызға ­танымал іргелі білім ордасында 100-ден астам мұғалім жұмыс ­істейді. Олардың 44-і жоғары санатты, білікті ұстаздар, Ы.Алтынсарин атындағы медаль иегері, «Қазақстан Республи­касы білім беру ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісінің иегері атанған ұстаздар бар.

Мұрат Бақтиярұлы осы оқу орнында Ермұқан Бекмахановтың оқығанын естігенде таңданысын жасыра алмады. «Жаңа кіреберістегі қабырғада суреттері ілулі тұрған қаншама қазақ арыстарының бейнесін көргенде тұла бойым дір ете түсті. Ал Ермұқан Бекмаханов осында оқыды дегенді көргенде тіптен таңғалдым» деді.

Колледж директоры Шағангүл Алдамжар­қызы сенаторларға «Республикамызда педаго­гикалық колледждер жеткілікті. Алайда біздің оқу орнының жөні де, жобасы да, жосығы да бөлек. Ұлт зиялыларының алтын бесігі болған мекемемізге арнайы мәртебе белгіленсе, нұр үстіне нұр болар еді» деп өз бұйымтайын айтты. Өзара талқы барысында сенаторлар бұл оқу орнына Ұлттық колледж мәртебесі дегенді лайық көргендей болды. Басқа да ұсыныстар жасалды. Тегінде тарихы терең, тірлігі ­кемел осы оқу ордасына мемлекет та­ра­пынан ­арнайы мәртебе белгіленгені дұрыс іс.

Сапарымыз жұма күнге орайлас кел­гендіктен 1836 жылы Тінібай қажы салдырған, өз уағында Құнанбай келіп басын сәждеге тигізген, Абайдың табаны тиген, Ахмет Байтұрсынұлы зайыбы Бәдрисафамен некесін қиғызған көне ғибадат орны – ағаштан тұрғызылған мешітке бас сұқтық.

Бірінші күнгі сапар Түйемойнақтағы «Бейбітшілік аралы» монументіне барумен түйінделді. Семей ядролық сынақ полигонының бүкіл зардабы мен қасіретін көрсететін, архитектор Шота Уәлиханов жасаған қаралы ескерткіш адамның аза бойын қаза қылады. Жүректі өкініш пен қайғының оты өртейді...

Сапарымыздың екінші күні Семейден шығып, «Абай жолына» түсуден басталды. Ұзақ жолда «жол қысқарту» қашаннан бар нәрсе ғой. Сөз орайы келгенде мен «Мұхтар Әуезов өз роман-эпопеясына неге «Абай жолы» деп ат қойды? «Абай әлемі», «Абай жұмбағы», «Абай рухы» деп қойса да болар еді ғой» деп ой тастап, бір әңгімені бастадым. Сауалдың жауабын да бергендеймін. Ұлы Мұхтар Әуезов мұны әдейі қойып отыр. «Абайдың жолы» – тура жол! Абай жолы – қазақтың жолы! Ағарту жолы, білім жолы, надандықпен күрес жолы. Алланы тану жолы, ақиқатпен өмір сүру жолы, адамзатты сүю жолы! Әуезов осыны нұсқап отыр!» деп пікірімді тиянақтай түстім.

Сенатор Бақытжан Жұмағұлов зерделі кісі ғой, бірден айтылған сөзге құлақ асты. «Нұрекеңнің пайымдауы дұрыс. Бұл әлем әдебиетіне эстетикалық талғам әкелген ғажайып туынды ғой. Кезінде Луи ­Арагон, Ромен Роллан сияқты тағы басқа талай адам жоғары баға берген. Мұқаң бұл романға әуелде «Телғара» деген атау бермек болған. Бастапқыда үш кітаптан құралуы тиіс ­туынды екі кітаптан тұратын «Абай», ­сосын осылардың жалғасы болып табылатын «Абай жолы» романы жазылды. Екі кітап үшін Әуезов Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығын алды. Ал төрт томдық «Абай жолы» роман-эпопеясы үшін 1959 жылы Лениндік сыйлықтың лауреаты атанды. Әлемнің 116 тіліне аударылған бұл туындыға тең келер нәрсе жоқ. Абай жолы – қазақтың жолы ғой!» деп әңгіме өрбітті.

Мектептер мен мешіттер босап қалған заман-ай!..

Қасқабұлақ ауылына бұрылатын тұста Абай ауданының әкімі Жарқынбек ­Байсабыров мырза күтіп алды. Бірден М.Әуезов атындағы орта мектеп пен мектеп жанындағы интернатқа бардық. Мектепке кезекші топта оқитын балалар ғана келеді екен. Үлкен, жақсы мектеп. Жөндеу жұмыстары жүргізілген. Небары 227 бала оқиды. Ауылдық жер. Балалар ­ауысыммен оқыса да болатындай. Осыған қатысты Мұрат Бақтиярұлы өз пікірін білдірді. «Балалар ауылда бәрібір араласпай, ойнамай тұрмайды. Үлкен қала емес. Автобусқа мінбейді. Сапырылысып жүрген бөгде адам жоқ. Барлық сақтық шарасын жасай отырып, осындай ауылдарда білім алуды қашықтан емес, бұрынғыдай жақыннан жүргізсе де болады ғой».

Пәлекеттің беті аулақ. Қашықтан оқу нағыз оқуға, мектеп партасында отырып, ұстаздан көзбе-көз білім алғанға жетпейді. Бәлкім, босаңдату шарасына осындай ұсыныстарды кіргізсе де болар ма еді. Шалғай ауылдардағы балаларға интернет оңтайлы болып тұрған жоқ. Онлайн оқу деген аты болмаса, заты келісіп жатпағанын айта кеткен артық емес.

Абай ауданында 16 000 халық бар. Ауданның 3 миллион гектар жері бар! Қандай байлық?!.

Осындай аумақта орналасқан Қасқабұлақ ауылдық округінде 55 шаруа қожалығы бар екен. Округтегі мал басы саны жағынан алған деректерге қарасақ, мұнда 16 817 қой мен ешкі, 2620 жылқы, 8440 сиыр, 45 түйе бар көрінеді. Ауылда 9 жеке кәсіпкер тірлік жасайды. 1 ЖШС ғана бар. Ауылдық округ төңірегінде мыс өндіру мен байыту ісімен айналысатын «БАСТ» акционерлік қоғамы жұмыс істейді. Жалпы бұл аумақта мыстың қоры мол болса керек. Кезінде Қаныш Сәтбаев сәбет өкіметі бәрін жұлмалап, опырып әкете ме деген қауіппен кейбір кен орындарын көмескілеп, картада ашық көрсетпей кеткенге ұқсайды...Жә, бұл бөлек әңгіме.

«Сырт Қасқабұлақ» – Абайдың кіндік қаны тамған жер. Шыр етіп дүниеге келген жер. Тәй-тәй басып жүрген жер. Қасқабұлақ ауылынан 3 шақырым теріскей бетте орна­ласқан. Сондықтан Сырт Қасқабұлақ аталады.

2020 жылғы 1 шілдеде осы жерде төбеден қарағанда домбыра пішіндес, төбе жағына «Туғанда дүние есігін ашады өлең» деген ­стела орнатылған, Абайдың қарасөздері қашап жазылған 45 мәрмар тас қойылған орын түгел жасалып бітті. Осы ескерткішке 50383,256 мың теңге жұмсалған. Біздің қазақта «Біткен іске – сыншы көп» деген сөз бар. «Домбыраны аяққа таптағаны несі?», «Домбыраны басып жүру – намысымыздың өлгені» деген тәрізді түрлі пікір әлеуметтік желіде отқа тиген шырпыдай қау ете түскен.

Бардық. Көрдік. Жүрдік.

Соншалық өрескелдік көрмедік. Қайта кең даланың төсінде өте жарасымды ­композиция пайда болған.

Жалпы биылғы Абайдың 175 жылдығына байланысты тірліктің бәріне Шығыс Қазақ­стан облысының әкімі Даниял Ахметов мырза өзі бас болып, тұрақты бақылауға алып, тікелей араласқан көрінеді. Қайда бар­сақ та, облыс басшысына алғысын білдіріп жат­қан азаматтар жиі ұшырасты. Аудан әкімі Жарқынбек Байсабыров та, Семей қаласының әкімі Ермак Салимов та облыс әкімінің қол­дауы мен қамқорлығын сезінгендіктерін айтады.

Құнанбай мұражайы, Ақшоқыдағы Құнанбай әулетінің зираты, Жидебайдағы Абай мұражайы, тағы басқа талай нысан құрылысы мен жөндеу жұмыстарын әрбір екі аптада өзі келіп, қадағалап отырыпты.

Тарихтан белгілі: Жидебайды тобықты руының Мамай, Жігітек аталары қоныс еткен. Он тоғызыншы ғасырдың орта тұсында Жидебай, Борсықбай, Барақ деп аталатын шұрайлы қоныстарды Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлы иемденіп, қыстау салдырған. 1850 жылы Құнанбай Жидебайдың солтүстігіне қарай он бес шақырым жердегі күзеуден, Ескітам деген қонысқа ­жиырма балаға арналған ­медресе салдырып, өзінің және туыстарының балаларын оқытқан. Абай сегіз ­жасынан бастап сол медреседен дәріс алып, сауат ашқан. Абай Жидебайда 1880 жылы өз қаражатымен жаңадан медресе салдыртқан. Жидебай қонысы Құнанбайдың Ұлжаннан туған кенже баласы Оспанның еншісіне тиген. Інісі Оспан дүние салған соң, Абай осы қонысты тұрақты қыстау етіп, дүние салғанша уақытын осы жерде өткізгені белгілі.

Жидебай – тарихи-мемориалдық қорық. Қорық құрамына Абайдың тұрған үйі, Абай – Оспан және Шәкерім – Ахат ескерткіштер кешені, Зере, Ұлжан, Құдайберді, Ғабитхан молда, Шәукенбай, Еркежан бейіті басындағы белгілер, Кеңгірбай бидің бейіті, Құнанбай құдығы, Оспан көлі, Мұсақұл төбесі, Махмұт қорасы, Орыс қорасы, Зұлғарыш қорасы, Ырыздыбай қорасы, Тұрағұл қорасы енгізілген.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абайдың тойы – ас ішіп, аяқ босататын той емес, ойдың тойы, тағылым алу тойы» болсын деген мазмұнда аталы сөз айтқан болатын. «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Абай – рухани реформатор» деген баға берді. Үлкен баға! Зор баға!

«Қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді. Сондықтан Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы» деген Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзін үнемі ­назарда ұстау керек.

«Абай – Шәкәрім» кесенесі де қайта жаңғыртылыпты. Мұнда сонау 1980 жылы курстас досым Бейбіт Сапаралымен бірге бір келгенмін. 1987 жылы Бейбіт үйленгенде тағы келгенбіз. 2001 жылы «Жас Алаштың» 80 жыл­дық мерейтойында қайыра табанымыз тиген. Абайдың 150 жылдығы тұсында кең даладағы кеме пішіндес осы кейінгі ескерткіш тұрғызылды. Маған әу бастағы, қара жердегі Абай зираты сол қалпында қала бергені дұрыс секілді көрінеді де тұрады... Шәкәрім мен Абай зиратының арасын мәшине жүретін жол бөліп жатушы еді. Шәкәрім мен Ахаттың моласы ақ кірпіштен қаланған, көзге қораштау болатын...

Енді оның бәрі тарих. Жабылған парақтар...

Әр жерде Абай ескерткіші бар. Қарауыл­дағы «Аға сұлтан» алаңындағы Абай ескерткіші қатты ұнады. Біріншіден, таза мыс. Екіншіден, ескерткіштің тұғыры мен тұрқы өте келісті.

«Абай неге жерге қарап тұр?», «Пушкин аспанға қарап тұр, Абай жерге қарап тұр» деген тақылеттес сөздерді естіп те қаламыз. Әлеуметтік желіні мұндай пікірлер кернеп те кетеді кейде. Абай жерге қараса – өзінің туған жері емес пе? Айға қарағанды апақ, жерге қарағанды сапақ ете бергеннен не ұтамыз?..

Абай ұрпақтарының тағдыры қиын болды. Алып бәйтеректің тамырын аралап тастағандай...Көзі тірісінде сүйікті ұлы Әбдірахман, оның қырқын беріп жатқанда Мағауия, іле-шала Абайдың өзі өмірден өтті. Артында қалған еркек кіндіктің біразын соғыс жалмады, репрессияға ілікті... Қандай қасірет!

Қарауылдағы Абай ескерткішіне гүл шо­ғын қою рәсімінен кейін Жарқынбек Борашұлы­мен аз-кем тілдесіп қалдық. Оған кезінде «Айқынға» Абайдың еркек кіндік­тен та­райтын ұрпағы Даниярдан арнайы сұхбат ал­дырғанымды, сенатор Мұхтар ­Құл-Мұхаммед­тің «керек болса, қазақтың кез келген қызын таңдасын, тойын бастан-аяқ өзім жасап берейін» деген сөздерін жеткіздім. Данияр «причем Абай, причем я» деп айтты дегенімде Жарқынбек «жарайды, өзі үйленбей-ақ қойсын, бірақ биометриялық шәуқатын қалдыруға келісім берсе ғой, шіркін!» деп қалды.

Ойланатын жағдай.

Әлі де болса бір мүмкіндік бар...

Аудан әкімі Жарқынбек Борашұлының мамандығы – ветеринар. Ветеринария қызметі түгел облысқа қарайды. Бұл салада айтарлықтай мәселе бар. Бір жерге бару үшін жергілікті ветеринар облыстан рұқсат сұрайды. Бұл қалай сонда? Сондай-ақ келесі жылдан бастап аудандық оқу бөлімдерінің барлық құзіреті облыстық білім басқармаларына беріледі. Аудан әкімі «Мәселен, бір мектептің шатыры ұшып кетсе, мен қазір тікелей жөндеу ісіне араласа аламын. Ал күні ертең мектептер облысқа қарағанда оны кім істейді? Пандемия кезінде денсаулық сақтау мәселесін әкімдерден сұрағанын білеміз. Орта­лықтандыра берудің кейде осындай да олқы тұстары бар» деп біраз түйткілдің бетін ашты.

Семей өңірінде ядролық сынақ жасау арқылы сәбет өкіметі Абай өскен, Абай шыққан жерден екінші Абайлар шықпасын деген пиғылды да көздесе керек. Абыралы, Абай, Қайнар, Қарқаралы, ту сонау Павло­дардың Май, Баянауыл аймағына дейінгі жерді шарпыған қасірет отын қайда қоясыз...

«Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» деген жазбасында Абай былай деп жазады. «Біздің қазақтың Амудариядан қорқып қашып келіп, Сырдарияның аяғында қалмақтан жеңіліп, Ақтабан шұбырынды көретұғын себебі Нәдірден қашамын деп болған. Сол Нәдір Афшардан еді. Осы күнгі Нәсіриддин шаһ – Қажардан шыққан кісі. Кім жетсе, табады, өнеріменен жетеді. Оларға атаң қалмақ деп кім бөгет болады?

Есте жоқ ескі мезгілде, маңғұлдан бір татар аталған халық бөлінген екен. Қытайлар «татан» деп жазды. Асыл түбі қазақтың — сол татар. Осы күнде де қазақтың төре нәсілдері өзін-өзі біз татармыз деп айтысады. Онысы біз келімсек емес, түпсіз емес, таза тұқымбыз деген орынға айтылады, татардың кім екенін білгендігімен айтқаны емес.

Дін исламға кіре алмай қалған осы күнде Күншығыс Сібірінде қазақтың ағайындары бар. Тілінен, әдетінен, түсінен туысқандығы анық көрініп тұрады. Әсіресе Енесейскі гүбірнеде Минусинскі уезде «ясышынай ­татар» атында бір халық бар. Қазақты өздеріне ағайын тұтады дейді һәм бір тұқымдас екендігіне көрген кісі таласпайды. Тағы еш қазақ қырғыз бен қазақтың бір тұқымдас екеніне таласпайды. Сол қырғызды қытайлар «брут» деп атайды, өз тауарихтарында оның себебін, неліктен «брут» дегенін еш білдім дегенді көрмедім. Қашан маңғұлдан Шыңғыс хан шыққанда, қазақтар «құтты болсынға» барыпты. Бірақ қай жерге барғаны мағлұм емес, сүйтсе де осы Шыңғыс тауында, әскер Қарауыл өзенінің бойында жатып, он екі рудан он екі кісі маңғұлдың өз заңы бойынша «Хан» деген үлкен биіктің басында, ақ киізге Шыңғысты отырғызып хан көтерген дейді. Тауының Шыңғыс аталып, биігі Хан аталмақ себебі де сол болса керек.

Сол он екі кісінің бірі қазақтан Майқы би деген кісі екен. «Түгел сөздің түбі бір, түп ­атасы – Майқы би» деген мақал болған. Майқы сол кісі екен. Шыңғыс аламандыққа аттанып, әскер тартып шыққанда әскерінің көбі татар екен дейді. Оның себебі: ол маңғұл өздері ­татардай ассыздық, сусыздыққа, ыстық-суыққа шыдамды болмаса керек. Қазақтың соғысқа жарарлық адамы сол Шыңғыстың әскеріне қосылыпты, бұларды Шыңғыс Жошы деген үлкен баласына билетіпті».

Шыңғыс ханды хан көтерген Шыңғыс тау алыстан бұлдырай көрінеді...

«Сұр бұлт түсі суық, қаптайды аспан» дегендей күзгі ауыр бұлттар жерге жабыса жөңкіледі...

О, дариға дәурен!

Күйікбай асуын, Ералы жазығын, Ақшоқы­дағы Құнанбай мұражайы мен Жидебайдағы Абайға қатысты жәдігерлерді көзбен көргеннен кейін, бұрын-соңды бұл өңірде болмаған, осы сапарда тұңғыш рет Абай елін танып отырған сенатор ­Нариман Төреғалиев: «Бара салысымен «Абай ­жолын» қайта оқуым керек болды. Бұрын түсінбегенімді, бәлкім енді түсінермін» деді.

Біз «Абай жолы» роман-эпопеясын, Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін үнемі оқып отыруымыз керек.

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамасы дәл әділетті қоғам идеясын дамыту мақсатымен ұсынылған: «Билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалог мемлекетке деген сенімді нығайта түседі. Үкімет мүшелері, соның ішінде министрлер мен әкімдер мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар мәселелерге қатысты шешім қабылдаған кезде азаматтардың ұсыныстары мен тілектерін ескеруі керек». Қасым-Жомарт Тоқаев «Бұл – Абай меңзеген әділетті қоғам қалыптастырудың бірден-бір шарты» деп атап көрсетті.

Сапар қорытындысы бойынша, депутаттар өңірдің оң дамуын атап өтті. «Жұмыс сапары аясында біз Семейде және Абайдың отаны Жидебайда болдық. Ұлы Абайдың 175 жылдығы атап өтетін жылы біздің сапарымыздың мақсаты ел Президенті Жолдауының орындалуын бақылау болды. Жұмыспен қамтудың жол картасы аясындағы барлық жобалар жақсы орындалуда, өңір дамып келеді. Соған қуандық» деді комитет төрағасы Мұрат Бақтиярұлы.

257 рет

көрсетілді

1

пікір
Алдыңғы мақала ШАМЫРҚАНБАЙ СЫНАР ШАРБОЛАТ
Келесі мақала АҚЫННЫҢ ҚҰПИЯСЫ ӨЗІНЕ АЯН

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Гүлбану

01 Қазан, 2020

Өте жақсы сараптама

ANA TILI №43

22 Қазан, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жанарбек Әшімжан

Бас редактор