• Тұлға
  • 30 Қыркүйек, 2020

АҚЫННЫҢ ҚҰПИЯСЫ ӨЗІНЕ АЯН

Қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлы мерейлі 70 жасқа толып отыр. Жуырда «Фолиант» баспасынан таңдамалы жыр жинағы жарық көрді. Ақынның бүгінге дейін шыққан екінші таңдамалысы екен. Кітапты оқып шығып қайран қалдым. Талант қашанда өз биігінде. Жырларының болмысы да, бояуы да бөлек. Қазақпен бірге жаралып, Абаймен аспандап, Мағжанмен түлеп, Қасыммен қанаттанып, Мұқағалимен маздаған қара өлең тағы бір биікке көтеріліп, Айтұлының жырларымен тіптен айшықтала түсіпті. Таспадай өрілген ой, тау суындай тұп-тұнық тіл соның анық дәлеліндей. Өлеңдерінде өмір, өзегінде өксіген тағдыр бар. Сол тағдырдың жазуы­мен кең аспанның астынан пана таппай, тасқа табан тілдіріп ары-бері көшсе де «Қасиетін халқымның тонатпадым, Бесігімді арқалап босып жүріп» дейді ақын. Сарғайып сартап болған сағынышы сары атанға жүк болардай. «Тарбағатайдың жон арқасы сөгілген сайын, беломыртқасы күтірлейді». Алып империялардың күшімен талауға түскен туған жердің тағдыры жайлы мұнан артық не деуге болады?..

Өмірдің балы мен уын көп татқаннан болар, өлеңдерінде ащы зар да, мөлдір мұң да, атойлаған рух та, нәзік ­лирика да бар. Қайсысы болса да өзіндік қолтаңбасы қасқа аттың маңдайы құсап, алыстан көзге менмұндалап тұрады.
Несіпбек Айтұлының шығармашы­лығына шынайылық, нақтылық, дәлдік тән. «Артық алу, не кем салу» (Шәкәрім) оған жат дүние. Барынша табиғи суреттейді. Талант дегеніңіз де сол табиғилығымен сұлу. Себебі табиғилықтың бойында тұп-тұнық табиғат, тереңінде жүрекке байланған тамыр жатады.
Жетпістің желкесіне шықса да жүйрік баптап отырған жыраудың құлдыраңдап қырда ойнақтап жүретін балалығын сағынғанда түсіне құлын кіретіні бар. Көшпенділердің ұрпағы болғасын, иісі қазақтың қаймағы бұзылмаған ортасында туып-өскесін, жылқыны жанындай жақсы көріп, ат жалын тартып бәйгеге сан мәрте шапқасын бұл заңдылық сияқты көрінеді. Және жай құлын емес, «күлте жалды, сүйкімді торы құлын». Өзінің бала күнінде баптап бәйгеге қосқан Шұбартау жерінде аты аңызға айналған Бәйгеторысы. Ертең-ақ мойнына арқан түсіп, үлпілдеген арқасына ер батарын ойлап көңілін мұң басады. Ақын жырлап отырған құлын астарлы жиынтық бейне. Ол алдында қандай қилы тағдыр күтіп тұрғанын білмейтін күнәдан пәк, момақан өзінің құлын күні. Осылай түсінде шұрқырасып табысып, ең болмағанда «анда-санда» келіп жүр амандасып деп қимай қоштасады. Міне, бұл нағыз жылқытекті қазақтың болмысы. Қалада тұрып жатқанына жарты ғасыр болса да, жүрегі даланы аңсап ұлиды. Өзі де жылқы мінезді – тарпаң. Жасында «жүген ап жырдың үйіріне кіріп», бүгінде «Бостандық жырының бозжорғасы» атанған ақынның сөзден сүрінген жері жоқ. Керісінше, төрт аяғын тең басқан жорғадай келісті де көркем жырларымен қазақ жырын кемелдендіріп, тың теңеу, тосын ой, жаңа образбен байыта түсті.
Есейіп ер жетіп, торы аттан көз жазып қалғанында елдегі қадірлі ағасы Тілеуберді Тынымбайұлына арнап «Хат» деген өлең жазады. Кеудесіндегі күллі сағынышын арқалаған сол «Хатқа» тұтас өмірдің де пәлсапасын көшіргендей. «Жылдардан жүйрік мініп озбасын сезіп», «табиғаттың өзіндей тазалықты іздейді дүниеден». Ауылдағы торы атты аңсап көңілі тыпыршиды. Торы атсыз қалу, байгенің артынан будақтап ұшқан шаңды көрмеу шабандоз ұл үшін үлкен қасірет. Жүйрік аттың дәуреніндей ақ білекті жастанып таң атыратын жастық дәурен де тым қысқа екен. Содан да болар, ақын осынау ғұмырды «соңына сопаң етіп шыға келер шолақ сайға ұқсатады». Қырда өскен көшпенді қазақтың көзіне осынау көркем образ оттай басылып, көңіліне тұп-тұнық ­сурет болып тұна қалары анық.
Бір сәт арғымақ болмысты ақын айдың сүттей сәулесіне шомылып ұстатпайтын періштенің пырағын іздейді. Ол ай астында қоңырауы сыңғырлап ойнақтаған боз құлын бейнесінде елес береді. Бұл ­жерде қаламгер дүниетанымының қазақ ­мифологиясымен терең ­астасып жатқанын байқаймыз. Бейне тұлпарымен сырласқан эпостағы ­батырлардай ақын періштенің пырағымен іштей тілдеседі. Кеудесіндегі үміт шырағын өшірмей асыл арманын айтуға асық. Ғұмыр бойы соңынан ілесіп іздеуге бар. Таптырмасын білген сайын көруге құмартады. Періштенің пырағын аласұрып іздеген жүрек кейде кеудесінен құс боп ұшып кетуге шақ қалады. Бұл ақын бойындағы тазалыққа, ізгілікке, аппақ арманға, жарқын болашаққа деген мәңгілік құштарлық болса керек. Бір қарағанда жоқты іздеген құр қиял ­болып та көрінуі мүмкін. Бірақ түсінген адамға жүрек түкпіріндегі бар құпияны ашып тұр. Өмір дегеннің өзі де сол жоқты іздеуден, барыңды жоғалтудан тұрмай ма?..
Қасымды қастерлеп пір тұтқан ақын Несіпбек Айтұлы Абай мектебінің көрнекті өкілі. Абайды бойына әбден сіңіргені өлеңдерінен анық аңғарылады. Сондықтан да сезім мен ойға бай.
Өмірім өлеңіммен бірге өрілген,
Өрнегін келтіре алмас кім көрінген.
Ақынның құпиясы өзіне аян,
Ұясын жүрегінің мұң кемірген, – деп жырлайды.
Жасынан ұлы ұстаздары Әлішер мен Абайдан қалған қалың елдің қайғысын енші етіп, қазақтың қабырғалы қаламгеріне айналды. Шығыстың әйгілі жеті шайырының бірі Абай ұстаз тұтқан Әлішер Науаидың «Ескендір қорғаны» мен «Ләйлі-Мәжін» дастанын ана тілімізде сөйлетті. Әрине, айтуға оңай болғанымен, қажырлы еңбек екені сөзсіз.

Несіпбек Айтұлы
Талантты сақтайтын – тегеурінді мінез. Ақын өз-өзіне сыншы. Дауылдай мінезі бар. «Ашу менен сезімді үрлеп оттай, Бірде жағып жалпыға, бірде жақпай» жүретіні де сондықтан. Дүние бірқалыпты тұрмағасын, ақын жаны қайдан байыз тапсын. Күйінеді, сүйінеді, өртенеді, осы күйлерді кешіп барып өлең тумай ма? Тұрмыстың ­арбасына жегілу де тұлпарға қасірет қой. Демек, «Үйрене алмай дәртеге жүрген аттай, қос бүйірге неге осқырына қарайтыны» да түсінікті. Сірә, қоғаммен жарасып өмір сүру ақынға жат мінез. Себебі оның ­бойында «Шамшыл көңіл, кінәмшіл қаншыл жүрек» бар. Жанын ұғуға тырыса білудің өзі үлкен құрмет ол үшін. Өзінің «Қисық ағаш секілді қу мінезін, сан сүргілеп түзете алмай әуреге түсуінің өзі» пендеде кездесе бермейтін мыңмен жалғыз алысқан Абай сынды биік ақындарға ғана тән қасиет.
Бала күннен қолының алғашқы табы түсіп, ұзақ жылдарғы қолтаңбасы сақталған қара дәптер ақын жүрегінің ең жақын сырласындай. Ішінде бүкіл жан дүниесі мөлдірейді. Бал-бұл жанған жүзі де, өмірінің жаз бен күзі де осында. Бір күні осы қойын дәптерінің де «құлындай шырқыраған шыр айналып» жетімсіреп қаларын ойлап мұңданады.
«Үстінде ақ қағаздың жорғалаған» қаламмен сырласу ақындардың қай-қайсысына да тән қасиет. Жасампаз рухты жалғыздардың өмір бойы серігі болатын қалам үлкен қасиетке ие. Бірде өзіңнің, бірде ұлтыңның, бірде Түп Иенің өзі боп жазып кететін қаламға қалай ғана жүгінбейсің. Сондықтан ақын «Сорғалап өлең болып төгіліп кеткенде қаламының тайпалған жүрісінен жаңылмауын тілейді». Ал қалам жүрісінен жаңылса «Болдырған шабан аттай жолда қаларын анық сезеді». «Қалам наданның қолында қор болып, ақынның қолында жарқырайды». «Ала-құла адамдардың ішінде тек қаламына сүйенген» қаламгерлердің қадір-қасиеті де сол қаламмен өлшенсе керек. Қаламынан ойлы жыр төгілген сайын жанарынан күн күліп, жаны жадырай түспек. Ақынның қаламға байланған ғұмыры, болашаққа қойылған тұғыры іспетті. Оның нарқын уақыт көрсетпек.

Арман ШЕРИЗАТ

1255 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы