• Білім және ғылым
  • 30 Қыркүйек, 2020

«Тілін тауып, жанын ұқтым баланың...»

Ұстаз болу – адам бойындағы ұлы қасиет. Жас ұрпаққа білім беруден қадірлі мамандық жоқ. Мұғалім – шәкірт бойына жақсылық пен ізгілікті сіңіретін тұлға.
Осыдан Х ғасыр бұрын әйгілі ғұлама ғалым әл-Фараби: «...ұстаз тарапынан ­барынша ынталық пен табандылық қажет. Өйткені бұлар, жұрт айтқандай, тамшымен тас тесетін бейне бір су тәрізді» деп тегін айтпаса керек.
Ұстаз шәкіртін өмірге баулушы, оған өмірлік азық боларлық пайдалы білім мен жанына ізгіліктің нәрін егуші, жақсы мен жаманды, обал мен сауапты үйретіп, адамгершілік қасиеттерді сіңіруші, өзінің тәжірибесімен бөлісетін жанашыры әрі ақылшысы. Жас ұрпақ болашағымыз ­десек, сол жас жеткіншектердің ­саналы азамат болып өсуіне бірден-бір қызмет етіп жүрген мұғалімдер, ұстаздар дер едім. Дәл сондай ұстаздардың бірі – Сұлтанбекова Райхан Бергентайқызы.
Мұғалім мамандық болса, ұстаздық – қасиет. Бойыңа қуат, жаныңа жігер беріп, өрге сүйрейтін де осы қасиет екен.
«Ендеше, өсу жолындағы биік­теріме шәкірт жүрегіне жол табу арқылы жеттім, адамдық пен адал­дықтың дәнін себуге тырыстым» дейді «Әр шәкіртім ең қымбатты адамым» деген кітабында Райхан Бергентайқызы. Ол нағыз ұстаз болудың қыры мен сырын үйренуден, үйретуден ешқашан жалыққан емес. Ұстаздан өзінің жұмысына деген құштарлық аңғарылып тұратын. Оқушылар сабағына қызу қатысатын, сабағы әрқашан көңілді өтетін, себебі мұғалім бойындағы күш-жігерін, жан жылуы мен шуағын шәкірттеріне арнайтын. Шәкірттерін әсерлендіре білетін, сабағынан сергіп шығатынбыз. Ұстаз ретінде өнерлі өнеге мен тәлім-тәрбиені шәкірттерінің бойларына сіңіруді мақсат ететін. Табандылыққа, алдағыны армандай білуге бейімдейтін.
Жастардың бойында Ұлтқа, Отанға, Ана тілге, дінге деген сүйіспеншілік болсын деп, бар білімін, күш-жігерін салатын, тереңнен түсініктеме беретін.
Райхан Бергентайқызы: «Жарты ғасырдай ұстаздық еттім. Тәубә ететін бір нәрсе, көз алдымда әр салада жемісті еңбек етіп жатқан ұл-қыздарымыз, шәкірттеріміз тегіс ұстаздар еңбегінің жемісі іспеттес...» депті.
Тілін тауып, жанын ұқтым баланың,
Олар барда жеңе алмады нала-мұң.
Мейірімге шөліркеген кездерде,
Мөлдіреген пәк жандарға қарадым.
Көздерінен көрдім елдің жан-арын,
Мұрагері мынау кең байтақ даланың.
Халық атты ұлы мұхит тамшысы,
Әр шәкіртім ең қымбатты адамым.
Сендер десе нұрланып-ақ кетемін,
Өздеріңмен асқарға да жетемін.
Жақсылық, ізгілік
бойларыңды кернеген,
Өздеріңді әрқашан мақтан етемін, – деп шәкіртке деген көңілін жырмен өріпті.
Райхан Бергентайқызы – сегіз қырлы, бір сырлы ұстаз. Бір ғажабы, ол кісі үлкен психолог. Үлкендермен кішірейе, қатарымен терезесі тең қалыпта, жасы кішімен тәжірибелі мұғалім, ана болып сөйлесе біледі.
Райхан апай ұстаздық майданында 1968 жылдан бастап еңбек етті. 1975 жылдан бастап Алматы қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиада жеткіншектерін дайындайтын мектеп-интернатта сабақ берді. 1999 жылы аталған мектептің Астана қаласына көшірілуіне байланысты Алматы қаласындағы Каркен Ахметов атындағы республикалық мектеп-интернатқа жолдамамен ауысты. Өз мамандығына шын берілген ұстаз шәкірттерді қазақ халқының ұлттық мақтанышы болған қазақтың көк байрағын Олимпиада ойындарында, әлемдік жарыстарда желбіреткен шәкірттерді тәрбиеледі.
«Қазір шәкірттерімді ұлан-байтақ еліміздің барлық аймағынан кездестіремін. Әрине, олардың дені – өмірдің қилы-қилы соқпақтарынан өткен әйгілі тұлғалар. Олардың арасында еліміздің көк туын желбіреткен спорт­смендер де, доктор да, инженер де, кенші де, өнерпаз да, жазушы да, ғалым да, сот қызметкері де бар. Олардың «менің мұғалімім...» деген сөзінен артық марапат жоқ» деп жиі-жиі шәкірттеріне тілекші болып отырғаны.

Айжан Армияқызы

122 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала ЫСТЫҚ ҚАЙРАТ, НҰРЛЫ АҚЫЛДЫ ҰШТАСТЫРҒАН
Келесі мақала МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІ – ҚОҒАМ АЙНАСЫ

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №43

22 Қазан, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жанарбек Әшімжан

Бас редактор