• Білім және ғылым
  • 30 Қыркүйек, 2020

МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІ – ҚОҒАМ АЙНАСЫ

«Алты Алаштың баласы қосылса, төр – мұғалімдікі». Мұны Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаев өткен ғасырда айтқан. Содан бері қанша уақыт өтсе де, бұл асыл сөз өз құндылығын жоғалтпады. Жыл сайын 100-ден астам мемлекетте Дүниежүзілік мұғалімдер күні атап өтіледі. Бұл – барлық мұғалімдердің, оқытушылар мен жалпы білім беру саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Бұл мамандық иелерінің бүгінгі мәртебесі қандай? Бұл сұрақтың жауабы – «Педагог мәртебесі туралы» Заң. Ұстаздардың құқығы, беделі, әлеуметтік жағдайы заңмен бекітіліп, үлкен құрмет көрсетілген соң, оларға қойылатын кәсіби талап та арта түседі. Мұғалімдер күні қарсаңында «Қазір мұғалімнің ­шынайы мәртебесі қандай?», «Биыл күшіне енген «Педагог мәртебесі туралы» Заң мұғалімдер үшін қандай өзгерістер әкелді?» деген сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Роза СЕКСЕНОВА Роза СЕКСЕНОВА,
Абай атындағы РММИ
директоры, Алматы қаласы:

– Мұғалімнің мәртебесі қай мемлекетте, қашан да жоғары болуы керек. Тәуелсіз еліміздегі бүгінгі мектептің басты міндеті – оқушыны оқуға, ойлануға, болашақ тағдырын жете танып, білуге үйрету екені айқын. Қазіргі таңда мұғалімнің мәртебесіне ­рухани жағынан, Заң жүзінде де ерекше көңіл бөлінуде. Әрі мұғалімге жүктелген талап та жоғары. Өскелең ұрпақты тәрбиелеп, білім беретін маманға өркениетті елдер аса құрметпен қарайды. Мұндай көзқарасқа біз де қол жеткіздік. Сондықтан да тәуелсіз Қазақстанда мұғалімге деген құрмет жыл сайын артып келеді деп сенімді жауап бере аламын. Сөзімнің дәлелі – биыл күшіне енген «Педагог мәртебесі туралы» Заң.
«Педагог мәртебесі туралы» Заңның 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында педагогтің ­ерекше мәртебесі танылады, бұл оның кәсіптік қызметін жүзеге асыруы үшін жағдайды қамтамасыз етеді. Заңда педагогтің әдебі, кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезіндегі құқықтары, педагогті материалдық және материалдық емес қамтамасыз ету, т.б. мәселелер қамтылған.
Бірінші, материалдық емес ынталандыруға тоқталайын. Педагогтің аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін оған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік наградалар, оның ішінде «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы беріледі. Бұл атаққа ие болған педагог республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшерінде біржолғы төлем алады. Сонымен қатар Заңға сәйкес педагог білімін жетілдіріп отыруға, қайта даярлау курстарынан өтуге, біліктілігін мерзімінен бұрын көтеруіне болады.
Екіншіден, Заңда педагогті материалдық ынталандыру көзделген. Заң аясында педагогтерге адал еңбегі және өзінің кәсіптік міндеттерін үлгілі орындағаны үшін ұйымның ішкі тәртіп қағидаларында көзделген көтермелеулер қолданылады. Білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша білім алушылар мен тәрбиеленушілер арасындағы халық­аралық олимпиадалардың, конкурстардың және спорттық жарыстардың жеңімпазын, жүлде­герін дайындаған педагогке тиісті мемлекеттік білім беру ұйы­мының қызметі бойынша үнемдеу есебінен үш лауазымдық айлықақы мөлшерінде біржолғы сыйақы төленеді. Жергілікті атқарушы органдар біржолғы сыйақы төлей отырып немесе онсыз, жергі­лікті ерекшелік белгілері мен құрметті атақтарды тағайындау және ынталандырудың өзге де нысандары арқылы, оның ішінде Қазақстан Республика­сында белгіленген мерекелік күндерге орай педагогтерді көтермелеудің қосымша шараларын белгілеуге құқылы. Жыл сайын республикалық бюджет қара­жаты есебінен «Үздік педагог» атағын иеленушіге Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын мөлшерде және тәртіппен сыйақы төленеді.

Айбар АБАЙҰЛЫАйбар АБАЙҰЛЫ,
Талапкер орта мектебінің
тарих пәні мұғалімі
Ақмола облысы:

– Мұғалімнің мәртебесін шынайы анықтайтын ­фактор – оқушының мұғалімнен алған білімі. Білім саласындағы ­реформалар осыған басымдық бергенде ғана мұғалімнің шынайы мәртебесі анықталады. Қазір жалпы орта білім сапасы мұғалімнің оқушыны тоқсандық бағалауына негізделген статистикалық мәліметпен өлшенеді. Бірақ бұл жерде субъективті әртүрлі әсерлер болғандықтан оны нақты шынайы мәліметке жатқызуға келмейді. Дегенмен, мұғалімнің қазіргі жағдайы бұрынғыдан көп жақсарды деп айтуға болады. Оған әсер ­еткен Айман Сағидулла, Мейіржан Темірбек сынды белсенді мұғалімдердің ақпарат құралдары арқылы мұғалім мә­селелерін өткір айтып, қоғамның назарын аудартуы, мұ­ғалім үніне құлақ асқан қазіргі БжҒ министрі Асхат Аймағамбетовтің көптеген жұмыстары екенін білеміз. Мұғалім толық мәртебеге білім саласындағы білім мен білік­тілік сапасы шынайы анықталған уақытта ғана ие болады.
«Педагог мәртебесі туралы» Заң мұғалімдерге серпіліс әкелді. Мұғалімнің құқы арнайы заңмен қорғалатын болды деген ақпарат мұғалімнің қоғам алдындағы еңсесін бір көтеріп тастағаны анық. Ал заңда көрсетілген мұғалімнің құқығы «Білім туралы заңда», «Еңбек кодексінде», т.б. заңдарда да бұрыннан бар болатын. «Педагог мәртебесі туралы» Заң да осы заңдар қатарында жатып қалмауы үшін мұғалім өз құқығын заңмен қорғай білуі маңызды. Ол үшін мұғалім мектептегі басты тұлғаға айналып, мұғалімнің оқушыға сапалы білім беруіне барлық жағдай жасалынуға тиіс.

  Марат ҚАНИМарат ҚАНИ, Ақшұқыр
мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Маңғыстау
облысы:

– Мені кейде «мұғалім мәртебесін қалай түсіріп алдық?» деген сұрақ мазалайды. Иә, министр Асхат Аймағамбетовтің бүгінгі таңда жасап жатқан реформаларын кемел келешекке жетудің бастамасы десек болады. Жалғыз менің емес, оған ұстаздардың көбі дән риза. Кездестіріп қалған қай мұғалімнен сұрасаңыз да қазіргі өзгерістер жайлы жылы пікірлер айтатыны сөзсіз. Ескі айдың бітіп, жаңа айдың басталатын шағын қазақ «өліара» дейді екен. Қазіргі қазақстандық педагогтардың шынайы мәртебесі – осындай.
Аталған заң мұғалімдердің өміріне оң өзгеріс әкелді. Бірінші, жаппай қағазбас­тылықтан құтқарды. Енді болмайтын бір құжат үшін аудан мен облыстан сабылып келетін комиссияның жолы кесілді. Екінші, еңбекақы мәселесі шешілді. Үшінші, аш­қанның алақанында, жұмғанның жұды­рығанда жүретін дәурен өтті. Дегенмен, еліміздің әрбір түкпірінде кейбір мектеп басшыларының жаңа тәр­тіпке бейімделе алмай жатқанын білеміз. Мұғалімнің кәсіби қызметіне деген адалды­ғына, теориялық білімінің тазалығына қара­май, қалтасына қарайтындардың бары рас. Олардың да «күні» сөнетініне сенеміз.
Қашықтан оқу тағы да мұғалімдердің ­шынайы мәртебесін анықтап берді деп ойлаймын. Балаға білім беру, үйрету ата-аналарға үлкен салмақ түсіріп жатыр. Экранның арғы бетінде отырған балаларға сапалы білім беру жолында менің әріптестерім аянып қалып жатқан жоқ. Жасы да, жасамысы да жаңа технологияларды тез игеріп, әртүрлі платформаларда сабақ жүргізуге бейімделіп кетті.

Көктемде елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты, өткен оқу жылының төртінші тоқсаны қашықтан оқыту форматында өтті. Бұл коронавирустың таралуына қарсыкүрес шараларын күшейту мақсатында жасалған. Дәл сондай сақтық шараларын әлі де сақтау үшін 2020-2021 жаңа оқу жылы да қашықтан, онлайн оқумен басталды. Тәжірибеге сәйкес, онлайн оқыту бағдарламалық жүйелер мен теле-сабақтар арқылы жүзеге асырылады. Қашықтан білім беру саласында жұмыс істейтін «Bilimland», «DDaryn.online», «Күнделік»,«Univer», «Platonus», «EduPage», БИЛ, «BTS education», «U-study» және «AGS» сынды ұйымдардың өкілдері және педагог-әдіскерлер, мектеп директорлары мен оқу ісі жөніндегі орынбасарлары және ЖОО проректорлары бірігіп, арнайы жұмыс тобын құрды. Бұл топ қашықтан білім беру мен онлайн сабақтар өтуге мұғалімдер мен оқушыларды дайындауға күш салып отыр. Міне, осындай біріккен күштің нәтижесінде бүгінде барлық білім алушылар онлайн оқып жатыр. Бұл жағдай еліміздегі ұстаздар қауымының қадірін арттыра түсті. Баласын үйде оқытып, әбігерге түскен әрбір ата-ана жағдайдың тезірек оңалып, балалардың ұстаз алдына барып оқуын тілейтіні рас.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

17203 рет

көрсетілді

9

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы