• Білім және ғылым
  • 30 Қыркүйек, 2020

БІЛІМ БЕРУДІҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҮЛГІСІ

Әлемде өз дамуы барысында білім саласында тиімді реформалар жүргізіп, солардың нақты жемісін көріп отырған мемлекеттер аз емес. Олардың ішінде Финляндия, Норвегия, Германия, Ұлыбритания, Малайзия, ­Сингапур мемлекеттері алдыңғы қатарда тұр және де олар тек өздеріне тән ұтымды білім жүйесін құра білуімен ерекшеленеді. Біз үшін осы мемлекеттерде тиімді жүргізілген реформалардан үйренетін нәрсе – әрбір өзгерістерді заман талабына, халықтың сұранысына, тарихи қалыптасқан ұлттық дәстүрге сәйкестендіруге тырысқан. Әрбір қадамын егжей-тегжейлі ойластыра келе, түбінде әр білім алушының талғамын қанағаттандыруға бағытталған оқыту бағдарламаларын жасаған. Сайып келгенде, олардың білім жүйесінен дәріс алғандар бәсекеге қабілетті, ал экономикасы әлемде алдыңғы қатарда және әртараптандырылған, шикізатқа тәуелділігі өте мардымсыз.
Қазақтандық сарапшылар, білім саласының мамандары осы мемлекет­тердегі білім моделін зерттеп, тиімді жақ­тарын біздің елімізде енгізуді ұсынып та жүр. Мысалы, мен Норвегия мемлекетінің білім жүйесіне назар аудардым.
Норвегия мемлекетінде келесі білім беру деңгейлері бар: бастапқы білім беру, орта білім және жоғары білім.
Мектептегі тұңғыш білім беру 1739 жылы басталған.
1889 жылдан 7 жылдық, 1969 жылы 9 жылдық, ал 1997 жылдан 10 жылдық білім беру жүйесі енгізілген.
Бұл елдің білім беру саласындағы негізгі реформалар 1976, 1994, 1997, 2006 жылдары жүргізілген.
Соңғы өзгерістерге сәйкес 1-7 кластар – бастапқы білім беру (1-4 бастауыш – Lower primary stage, 5-7 аралық кезең – Upper primary stage деп бөлінеді) және 8-10 кластар – Lower secondary stage – орта білім берудің алғашқы деңгейі болып белгіленді. Бастапқы білім алған 16 мен 19 жас аралығындағы кез келген азамат мектептегі жоғарғы сатыда (алғашқы орта білім) білімін жалғастыруға мүмкіндік алады.
Мектептер тек бастапқы білім беретін (1-7), тек жоғарғы сатыда білім беретін (8-10) және толық орта білім беретін (1-10) болып бөлінеді.

ОРТА БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІ

 Бастапқы білім деңгейі 1-ден 7-класқа дейін созылған, сол 7 жыл бойы балаларға 1 мұғалім сабақ береді. Балалар мектепке 6 жастан барады. Оқу бағдарламасы баланың жалпы дамуы үшін ғана жасақталған. Мысалы, әріптерді үйреткенде олардың мән-мағынасын ерекше түсіндіріп, мысалдармен қанықтырып, әрбір әріпті үйренуге кемінде 1 апта уақыт жұмсалады. Осылайша 1 жыл бойы тек әріптерді үйренсе, ал 3-класқа дейін арифметикадан тек алу мен қосу, ал көбейту мен бөлуді тек 3-4 кластарда өтеді (кеңестік дәуірде бізде де әліппені 1 жыл үйретуші еді, ал қазір 4 айда аяқтайды).

Бастапқы деңгейде балалардың қандай да бір құқықтарын шектеуге жол бермеу өте қатаң қадағаланады. Мысалы, үй тапсырмасы өте аз беріледі, оқушы тақта алдына шығып сабақ айтпайды, тақпақтар жаттау мүлдем берілмейді десе болады. ­Сонымен қатар химия, физика, дүниежүзілік тарих, көркем әдебиет және т.с.с. пәндер тек 8-кластан оқытылады.

Жүйенің осылайша құрылуы – бала­лар­­дың еркін, тәуелсіз өсуіне, олардың жас санасын алуан түрлі, болашағына еш қажет болмауы мүмкін дәрістермен толтырмауды мақсат етеді. Ал үй тапсырмасын орындамады деп оқушының көңілін бұзу және кластастары алдында тақтаға шығарып ұялтуды норвегтер баланың құқығына нұқсан келтіру деп есептейді. Сонымен қатар инклюзивті білім беру кең дамыған: мүмкіндігі шектеулі балалар басқа балалармен бір сыныпта отырып сабақ оқиды.

Қазақстандық білім деңгейлерінің ішінде Норвегияда жоқ мектепалды даяр­лық деген саты бар. Егер осы сол­түстік елінің тәжірибесінің жақсы жақ­та­рын алып, 1-3 класқа дейінгі оқу бағдар­ла­масын жеңілдетсек, мектепалды даярлық­тың еш қажеті болмайды.

 КӘСІПТІК БІЛІМ  БЕРУ ЖҮЙЕСІ

 Норвегияда білім жүйесіне жүргізген 1994 жылғы реформадан кейін толық орта білімді аяқтаған оқушы кәсіби мамандық алып шығатын болды. Ол үшін 10 жылдық мектепті (толық емес орта білім) бітірген оқушыға 3 бағыт бойынша таңдау мүмкіндігі беріледі:

1-бағыт – жалпы білім беру, оқушы­ларды жоғары оқу орнына түсуге дайындайды;

2-бағыт – әртүрлі мамандықтар ­бойынша кәсіптік-техникалық оқыту;

3-бағыт – қысқартылған бағдарлама бойынша оқу.

Осы 3 бағыттың біреуін таңдау құқығы оқушыға он жылдық мектепті бітір­геннен кейін 1 жыл ішінде сақталады, ал мүгедектер үшін – 3 жыл.

Кәсіби бағдарын таңдау жұмыстары мектептерде 9-10 сыныпта басталады, сол кезде оқушылар 15 Базалық курстардың ішінен өздеріне біреуін таңдайды. Олар: «Жалпы білім беретін бағыт», «Театр», «Спорт және дене тәрбиесі», «Медицина және әлеуметтік жұмыс», «Өнер», «Дизайн және қолөнер», «Қонақүй қызметі, қоғамдық тамақтану», «БАҚ және телекоммуникациялар», «Құрылыс», «Өндірістік құрылыс», ­«Электротехника», «Металл өңдеу және слесарлық іс», «Полимерлерді өңдеу», «Ағаш өңдеу және столярлық іс», «Сауда менеджменті»,  «Ауылшаруашылығы, балық аулау, орманшылық».

«EDTECH» Халықаралық білім орталы­ғының зерттеулеріне сәйкес отандық мектептердің 10-11 класс оқушылары екі жыл бойы Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалатынын, ал университеттер 1-курс студенттерінің 70% мамандықты ата-анасының нұсқауымен таңдағанын айтқан. Яғни қазақстандық жалпы орта білім беру жүйесінде кәсіби бағдарлаудың жеткіліксіз екендігін көреміз.

Осы Базалық курстарды үздік аяқта­ғандар мамандығы бойынша тереңдетілген курстарға жіберіледі.

Осылайша, 9-10 кластарда оқушы алғашқы кәсіби шыңдалудан өтеді + 1 жыл өндірісте тәжірибеден өтеді (стипендия алады), сөйтіп мамандық иесі болып шығады. Ал егер орташа жалақы төлейтін тәжірибені таңдаса – онда 2 жыл өндірісте болады. Сонымен қатар кез келген оқушы қысқартылған курстарда да мамандық алуға мүмкіндігі бар.

Осындай оқу тәжірибелеріне қатысып, өздерінің өндірістік базасын колледждерге пайдалануға берген өндірістік мекемелерге мемлекеттен арнайы қолдау қаржы (дотациялар) төленеді.

Барлық тәжірибеден өткен оқушылар арнайы емтихан-тест тапсырып, маман­дығы бойынша біліктілік сертификатын алады және ол сертификат Норвегия мемлекеті аумағында жұмысқа тұруға мүмкіндік береді.

Осы жоғарыда аталған әрбір сатыдағы оқу толығымен мемлекет есебінен жүреді, яғни ақысыз.

Жалпы Норвегияда еңбек нарығын білікті жұмысшы мамандармен қамта­масыз ету білім саласының басыңқы бағыты болып есептелінеді.

Міне, білім берудің Норвегтік моделі қысқаша осындай.

Қазақстандық білім жүйесімен салыс­тырып көрелік.

Әуелі отандық кәсіптік білім беруге тоқталайық.

Біріншіден, өндірістік тәжірибеден (прак­тика) өту тетіктерінде жұмыс беруші­лерді бұл үрдіске қызықтыру қарал­маған. Яғни ең басты мәселені – практикаға оқушыларды қабылдауға мекемелердің құлқын (мотивация) арттыруды шеше алмай келеміз.

Екіншіден, колледжердің оқу-материалдық базасы тым жұтаң және өндірістен артта қалып қойған. Ең жаңа, тың идея мен инновациялар негізін­де жасақталған қондырғылардың кіші­рейтілген моделін немесе тек интерактивті, яғни компьютерлік баламасын ғана көруге болады.

Үшіншіден, өңірлерде колледжер желісі аз. Мысалы, Норвегияның 200 мыңға жуық тұрғыны бар Ставангер қаласында 32 колледж бар, ал өндірісті аймақ Маңғыстау облысында барлығы 27 колледж (704 мың халқы бар).

Төртіншіден, колледжерге сабақ беру үшін өндірістен білікті мамандар тартудың тиімді тетіктері көзделмеген. Норвегияда оқу орындарына дәріс беруге өндірістен ең мықты және білікті мамандар ғана шақырылады, сәйкесінше бұрынғы жұмысындағы жалақысы сақталады.

 ОРТА БІЛІМ

 Ғұлама әл-Фарабидің мына қанатты сөзін әрбір мектеп мұғалімі жақсы біледі: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Мектеп – қоғамнан тыс өмір сүре алмайтын әлеуметтік институт. Орта білімді аяқтаған түлек қоғамның ­рухани өміріне не әкелуде? Тәрбие берудің мектептік компоненті бүгінгі заман дамуының негізгі трендтеріне сай келе ме?

Ұрпақ тәрбиесінің жаңа Концепциясын (Тұжырымдама) дайындайтын кез келді. Қазақ халқының әділдікті, даналықты, білімге құштарлықты, бауыр­мал­­дылықты, кішіпейілділікті және іскерлікті ерекше пір тұтатын текті мінез-құлқы (менталитеті) мен мыңжылдық дәстүрлері жаңа тұжырымдаманың негізгі арқауы болуы тиіс.

Ұлы Абай жастардың бойындағы кемістіктерді, арсыздық пен ұятсыздықты, дөрекі надандықты тәрбие мен білім арқылы жоюға үндеді. Ақын ол үшін қазақ балаларын оқытатын мектептерді көбірек салуды жақтады: «Балаларды ата-аналарынан алып, мектепке беру керек, олардың біразын мамандықтың бір түріне, біразын басқа мамандықтарды игеруге бағыттау керек. Мектептерді көбейту қажет, оларда тіпті қыздар да оқитын болсын» (қырқыншы қара сөзі).

«Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек. Әуелі надандық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі – залымдық деп білесің. Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік – хайуандық болады. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады. Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан қисабына қосылады» (отыз сегізінші қара сөз) дейді Абай.

Осылайша, қазақтың ұлттық педагогикасына асыл арна болып қосылған Ұлы ақынның қара сөздері, еліміздің кемел келешегінің мектеп қабырғасындағы сапалы білім және саналы тәрбиемен қалыптасатынына ерекше көңіл аудартады.

Әбу-Насыр әл-Фарабидің филосо­фиялық туындыларынан бастап, Ұлы Абайдың шығармалары мен дана халқы­мыздың осы күнге эпостық әдебиетпен жеткен мол рухани қазынасын, оқыту тіліне қарамай, барлық білім ордаларында дәріптеу – қазақстандық қоғамда дүниетанымның жаңа парадигмасын айқындап, шынайы біртұтас ұлттық (қазақстандық) сананың қалыптасуына алғышарттар жасар еді. Ұлы Абайдың тілі – мемлекеттік тілдің де мәртебесі асқақтап, мінсіз қажеттілігі туындап, лайықты құрметке ие болары сөзсіз.

Айтылғандардың негізгі идеологемасы мен нақты бағыттары Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында мазмұнды баяндалды, ендігі жерде жүзеге асыруды қолға алуымыз шарт.

Дамыған Жапония, Корея, Норвегия, Германия, Израиль елдері де осы жолмен жүріп өткені тарихтан мәлім.

 БІЛІМ БЕРУДІҢ  СТАНДАРТТАРЫ

 «Техникалық революция» мен советтік идеологияға бейімделген бағдарламалар өзектілігін жоғалтты, қазіргі қоғамда гуманистік құндылықтармен сусындаған әлеуметшіл жастарға деген қажеттілік басым екендігін өмір көрсетіп отыр. Ұлы Абайдың өмірлік философиялық ұстанымында да «Атаңның баласы ­болма, адамның баласы бол... жақсы көпке ортақ, пайдаң еліңе, халқыңа тисін» деген гуманистік ой-пікір болды емес пе.

Қазақ халқының ғасырлар бойы жинаған баға жетпес гуманистік идеяларын білім жүйесіне енгізетін уақыт жеткен тәрізді, ол үшін мектеп бағдарламасында гуманитарлық пәндердің мазмұнын кеңейтуді қолға алған қазіргі заман ­талабы.

Айталық, өзім химия пәнінің мұғалімі ретінде, мектеп бағдарламасынан мына тақырыптарды азайтып ­немесе толық алып тастауды құптар едім: «Электролиттік диссоциация теориясы», «Термодинамика негіздері», «Мұнай өндіру», «Қышқылдар мен тыңайтқыштар өндіру», «Кірпіш өндіру», «Домна пеші» және т.с.с. Осы ­саланы таңдаған балалар бұл тақырыптарды тереңдетілген кластарда, колледждер мен университеттерде оқығаны ұтымды. Ал олардың орнына ­химия пәнінің жалпы білім стандарты адам өміріне күнделікті қажеті бар тұрмыстық химиямен толықтырылса құба-құп. Осындай көзқарас физика мен биология пәндері бойынша да болса деймін.

Дене тәрбиесі пәнін жаңа мазмұндық деңгейге көтеріп, ұтқыр бағдарламалар әдісімен құрылғаны абзал. Германиядағы тәжірибеге сүйенсек, 5 күн сабақ кезінде емес, сенбі-жексенбі күндері ауыл, қаладағы спорт кешендерінің әлеуетін тиімді пайдалану арқылы дене тәрбиесі пәнінің жаңа стандартын дайындаған абзал. Себебі қазіргі мектеп спортзалдары сын көтермейді: оқушылар сыймайды, суға шомылу бөлмелері жұмыс істемейді, алқынған, терлеген күйі оқушылардың келесі сабақтарды жалғастыруы – дәрістің сапасына кері әсерін тигізетінін мұғалімдер жақсы біледі. Сонымен қатар қыруар қаржыға бой көтерген зәулім спорт кешендері балалар үшін қолжетімді болар еді, осы саладағы жекелік-мемлекеттік әріптестіктің (ГЧП) дамуына да ерекше серпін беріледі.

 

ТОҚСАНДЫҚ ОҚУЛЫҚТАР ЖҮЙЕСІ

 Оқушы сөмкесінің ауыр салмағы – өскелең ұрпақ денсаулығына орны толмас әсер келтіретіні жөнінде ғалымдар дәлелдеп, дабыл қағып жүр. Мемлекет басшылығы бұл мәселеге білім функционерлерінің назарын бірнеше рет аударғаны мәлім. Осы орайда, педагогикалық тәжірибеде тоқсандық оқулықтар енгізу идеясы бой көтере ­бастады. Яғни оқушы мектепке тек 2 кітап апарады: қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттар бойынша. Осылайша, әр тоқсанға 2 кітаптан, жыл бойына оқушы кітапханадан тек 8 кітап алатын болады. Бұл идея жүзеге асса, оқушы мектепке күніне 6 кітап ­тасымайды, зіл сөмке көтеруді ұмытады, денсаулығы сақталады.

Қорыта айтқанда, отандық білім саласы ашық, жүйелі және пәрменді өзгерістер күтеді. Біз – бүгінгі ұрпақ, білім берудің ешкімге ұқсамайтын өзіндік қазақстандық моделін қалыптастыруды келер ұрпақтың еншісіне қалдырмай, іске қазір кіріскеніміз маңызды деп ойлаймын.

 Қаныбек Жұмашев,

ҚР Білім беру ісінің үздігі

2267 рет

көрсетілді

111

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы