• Cұхбаттар
  • 30 Қыркүйек, 2020

Абзал Құспан, адвокат:ТІЛГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУ – АЗАМАТТЫҚ ПАРЫЗ

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерген заңдық-құқықтық істерде Абзал Құспан есімі жиі аталады. Оның бұл саладағы атқарып жүрген шаруасы – кейде оқырманға жетіп, кейде жетпей қалатын да кезі көп. Оған қоса елдің мәдени-рухани тынысын жақсартуға септігі тиер бірнеше кітап пен жобалардың да басы-қасында жүрген осы азамат екенін көпшілік біле бермейтіндей. Ел болашағы, тіл кеңістігі туралы батыл да өткір ойларын айтудан таймаған адвокатпен әңгімені туған топырақтан бастауымыздың себебі – қанмен келген мінездің жайын білуге ұмтылғанымыз еді...

– Қазақ «туған жеріне кіндігі байланған» дейтін еді ғой. Сіз де сондай адамдардың қатарынан секілдісіз. Әйтпесе Нұр-Сұлтан мен Алматыда тұруға көп кедергі жоқ қой. Жалпы сіз үшін туған жер, өскен орта, Орал қаласы қаншалықты ыстық?

– Бұл сұраққа өзіңіз жауап беріп қойдыңыз-ау. Иә, дұрыс айтасыз, Нұр-Сұлтан мен Алматыда тұруыма ешқандай кедергі жоқ. Кез келген қазақ секілді мен де өз Отанымның кіндік шаһарларында тұрғым келетін. Өз Отанымның қай қаласын да, қай өңірін де ешқашан жатырқап, жатсынған емеспін. Ол аз болса, төрт-бес жыл бұрын астанаға отбасыммен қоныс аударамын деп жақсы бір ауданнан жайлы пәтер де сатып алған болатынмын. Болашақта осы қос қаланың біріне қозғалмасам болмайды екен дегенмін. Жалпы астана мен Алматы қызметтік мансабыма да, бизнесім үшін де жайлы болар еді. Бұл қалаларда жақсы қызметке тұрып, ісімді дөңгелетіп әкетеріме сенімдімін. Осы қос қаланың биігінде отырып Оралыма көз тастағандар үшін ол Қазақстанның бір бұрышында ғана жатқан шағын облыстардың бірі болып көрінуі мүмкін. Бірақ осы бір алақандай өңір менің осы жасқа дейінгі адам болып қалыптасуымның куәгері. Әр адамның ең аяулы сезімдері сол туған топырағында жасырынып қалады екен. Осы жасқа келгенде соны анық ұғындым. Ол жерде менің әкем мен шешем жатыр. Ата-бабамның бейіті бар. Бала кезімнен маған рухани ұстаз болған, өлең-сөзі арқылы бағдаршамыма айналған Абайдың «Туған жер, өлген мола жібермейді, әйтпесе тұрмас едім осы маңда» деген жолдары бар. Иә, Абай бұл сөзді туған халқына кінә арта тұрып айтқан болар. Алайда мен оның «Туған жер, өлген мола» деген сөзін ғана бөліп алып, айтқым келеді. Мені де туған жер мен өлген мола жібермейтінін ұқтым. Ұқтым да астанаға көшпеймін деген шешім қабылдадым. Бір қызығы, сол шешімді нық қабылдап, Оралымнан ешқайда кетпеймін, қара шаңырағым сол мекен деген шешімді жүрегіммен бекітіп, отбасыма айтып, астанадағы пәтерімді сатқан сәтімде сіз маған «туған жерге кіндігіңіз байланған жансыз ба?» деген сұрақ қойдыңыз. Иә, тағы да қайталап айтайын, туған топырақ мені алысқа ұзатқысы келмейді екен, өзімнің де алысқа ұзағым жоқ.

Мен үлгі тұтатын, шығармашылығына бас иетін екі тұлға бар. Оның бірі – Абай. Сол Абай өмір бақи Жидебайынан алысқа ұзамады. Орыс, араб, түрік тілдерін білді ғой. Орыс ұлтынан қаншама тілектес, сөзі жарасатын адамдары да болды. Ол қолын бір сілтеп басқа жаққа көшіп кетуіне не кедергі еді? Өзі айтқандай, «туған жер, өлген мола?» ма екен? 2017 жылы, бес балам бар, отбасымызбен Жидебайға барып көрдік. Қазақтың кәдімгі бұйығы өңірі. Абай рухы биіктетіп жіберген сол мекен қазір қазақ үшін «жолдың бәрі Жидебайға апарады» деген киелі ұғымға айналып келеді. Оны айналдырған Абай еді. Абайдың айналасы болатын. Ол ­Жидебайдан алысқа ұзамай-ақ өзінің төрт қабырғасын университетке айналдыра алған кемеңгер. Бүкіл әлемнің ғұламаларын Жидебайында отырып-ақ танып-білді.

Пір тұратын екінші адамым – ­Толстой. Иә, ол жас күнінде аяғы жеткен жердің бәрін аралады. Тіпті соғысқа да қатысты. Бірақ айналып келгенде аяулы мекені «Ясная полянаға» келгенде ғана жаны жай тапты. Демек, әр адамның да өз Жидебайы, өз «Ясная полянасы» бар. Біреулер оны жүрегінде әлдилеп жүретін шығар, екіншілер, нақты сол жерге табаны тигенде, яғни тікелей қарым-қатынасты сезінгенде ғана жүрегі тыншиды. Мен сол екіншілердің қатарынан екенмін.

Екі тұлғаның туған жерге деген жақындығын мысалға алғанымда өзімді олармен теңдестіріп отырғаным жоқ. Олардан өнеге алғанымды айтқым келген еді. Осы екі тұлға туған жерін бекер қадірлемеген шығар. Сол жердің энергетикасы олардың тұлғалық бітім-болмысына белгілі бір дәрежеде әсер еткен болар.

Өзім де астана мен Алматыдан шаршап қайтқанымда өз ауылыма барсам ғана жаным жай табады. Туған жерім Жаңақала ғой. Әкемнің қара шаңырағына бас сұқсам, бауырларымның үйіне барсам жаным жадырайды. Жасырып қайтемін, менің жүрген жерім дау-дамай ғой. Түрлі сот процестеріне қатысамын, адамның түрлі келбетін көремін. Ондайда адам жан дүниесіне шаң қонғанын сезеді. Міне, сол шаңды туған жерімнің желі ұшырып әкете ме, Жаңақалаға барсам баяғы тап-таза, әлемі мөлдір бала күніме қайта оралғандай боламын.

Туыстарымды көріп, мауқымды басқан соң тай-құлындай тебісіп өскен достарымды іздеймін. Олармен қалжыңдасып, тіпті алысып-жұлысып алып, балалық шағыма қайтып оралғандай боламын.

– Қазір Оралда тұрасыз ғой. Балала­рыңыз ауылға қаншалықты жиі барады?

– Өзім ғана емес, ауылда балаларым да өсіп келеді. Оқудан қолы босай сала, біздің жақта қыр дейді ғой, қырға кетеді. Үшке енді келген Жаһаншағым ауылдан он шақырым жердегі үлкен ағамның шаруа қожалығына қуана барады. Үлкендер кіші ұлымның қозы-лақпен бірге құлдыраңдай жүгіріп жүрген талай видеосын жолдап қояды. Кей-кейде «Кішкентай баланы ол жаққа неге жібересің? Бірдеңеге ұрынып қалса қайтесің?» деп таныстарым таңырқап сұрап жатады. Сол далада біз ештеңеге ұрынбай-ақ өстік қой. Олар неге ұрынуы керек? «Бала жетіге келгенше жерден жеті рет таяқ жейді» деген сөзге келсек, балаға атамекеннің топырағы да дәрі. Он бірден асқан Қалижан деген ұлым бар. Атқа мінсін деп, оны да қырға жиі жіберемін. Әкем Темірғали марқұм ұдайы үйір жылқы ұстайтын. Бала күнімізде тайға мініп, бозбала шағымызда жылқымен дос болып кеттік. Жылқының да өз сиқыры бар. Атқа мінудің пайдалы жақтарын қазір ғылыми тұрғыда дәлелдеп жүр ғой. Ол туралы айта бермейін. Әйтеуір жылқы мініп өскен баланың жаман болғанын байқамадым. Өзге қыздарым да, ұлдарым да ауылдан ажыраған емес.

Ақын-жазушыларымыздың шығар­маларын оқысаңыз, ел мен жердің қадірін, ауылға деген ұлы сағынышын айтқан, туған жердің тауын, тасын әспеттеген, жан-жүйкеңді елжіретіп жіберетін талай сөзге кезігесіз. Бірақ қазір сол жермен түк байланысы қалмаған секілді. Сәті түскенде ғана ауылына барып кететіндей әсер қалдырады. Ал балалары атамекенге тіпті жоламайтындай...

Біздің жағдай керісінше, туған жерге деген жүректе жазулы тұрған сезімімізді шығаруға шорқақтау шығармыз, алайда қолымыздан келгенше іспен көрсетсек дейміз.

– «Жоғалған ұрпақ» деген сөз бар. Өз замандастарыңыз, құрдастарыңыз сол «жоғалған ұрпақ» қатарына жататын секілді көрінеді. Себебі сіздердің балалықтарыңыз өткен кезең басқа идеология, басқа құндылықтарға сәйкес келді де, одан кейін үлкен өзгерістерді бастан кештіңіздер. Өз бағыттарыңыздан адасып қалғандай бір сезім мазаламай ма?

– Өз басым қазақ ұлтының болашағына үлкен сеніммен қарайтын адаммын. Иә, қоғамда, негізінен, проблемалық мәселелерді көтеремін. Өкіметті мақтап, жетістікке жетіп жатырмыз деген сияқты сөздерді сұхбаттарымнан таба алмайсыз. Жекелеген адамдарды, лауазым иелерін ұдайы сынаймын. Жек көргеннен емес. Ал тұтас елге сенбеу, мемлекетті жек көру маған мүлдем жат. Керісінше, әрбір азамат елге, мемлекетке адал болуы керек, ел мен Отанның жыртығын жамаса деймін. Сол үшін қазақ ұлтының болашағына үлкен сеніммен қараймын.

Иә, біздің қатарластарымыз бен ­замандастарымызда мәселе көп. Неге десеңіз, бала күнімізде КСРО тәрбиесімен өстік. Саналы кезеңіміздің бастауы да КСРО-да өтті. Қалыптасу кезеңінде еліміз үлкен трансформацияны бастан кешіп жатыр еді. Бұл өткелектен өткендер де бар, өтпегендер де жоқ емес. Арғы жағада қалып қойып, мына заман мінберінен бұрынғысын қимайтындарды мен де көп көремін. Ал мен өзімді «жоғалған ұрпақ» қатарына жатқызбаймын. Себебі тәуелсіздіктің қадірін әр тамшы қаныммен сезіндім. Осы күні «тәуелсіздікке қанмен жеткен жоқпыз, сондықтан оның қадірі аздау» деген сөзді естіп қаламын. Біз тәуелсіздікке намысымызды жани жүріп жеттік. Тәуелсіздіктің елең-алаңында да намысымыз қайралып, жүзі өткірленген пышақтай бола түстік. Сізге бір ғана ­мысал айтайын. Баяғыда Сәкен ­Сейфуллин билік қолында тұрған кезінде Оралға үш күнге іссапармен келіпті. Сол үш күн ішінде Орал қаласындағы дарынды балаларға арналған қазақ мектеп-интернатын ашып кеткен. Осы күні Сәкеннің де атына түрлі сөздер айтып жатады ғой. Міне, сол С.Сейфуллиннің Оралдың балаларына жасаған жақсылығы – әлгі мектеп қалада қазақ тілінде білім беретін жалғыз-ақ білім ордасы еді. Мен, міне, сол Сәкен Сейфуллин атындағы № 11-ші мектепті бітірдім. Бұл мектеп Оралдағы біраз қазақ оқушысының көкірегіндегі ұлттық намысын сөндірмеген мекен болатын. Біздің оқушы кезіміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарына тұспа-тұс келді ғой. Ол кезде Оралда өзге ұлт өкілдерінің даңқы аспандап тұрған. Қазақ жастары жүре алатын үш-төрт қана жер бар. Біріншісі – мектеп-интернатымыз орналасқан орталық базар маңы. Екіншісі – ауылшаруашылығы институты, үшінші – пединституттың айналасы. Біз жалғыз-жарым даңғылдың ­бойына да шыға алмайтын едік. Шықсақ өзге ұлт өкілдерінің бізбен құрдас балаларынан таяқ жейміз. Себебі олар көп ­болатын. Ал «көп қорқытатынын» өзіңіз де білесіз. Оралда Курений деген аудан болды. Ол ауданға тіпті тұмсығыңды да сұғуға болмайды... Иә, біздің ауданға келсе олар да сыбағасын алады. Осы күні мұны ешкім айтқысы келмейді. Оралда тәуелсіздік таңында үлкен-үлкен оқиғалар болды ғой. Ол кезде біз жасөспірімбіз, араласа алмадық. Алайда бабалардың қанымен беріле ме, бір «жыртық» көңіл бізде де қалды. Одан әрі қала қазақтанды. Бірақ сол уақыттың салқын лебі кеудемді әлі де мұздатады. Жоқ, бұл өкпе де, кінә арту да емес. Бұл болған оқиға. Біз сол болған оқиғаны еш жасырып-жаппай айтып үйренуіміз керек. Өз атамекенімізде отырсақ та, санымыз аз болса қандай күй кешетінімізді кейінгінің де құлағына әбден құйып тастаған жөн.

Иә, бұрынғының жолымен тілі орысша шыққан қаншама азаматтарымыз бар. Діңі берік, рухы азат. Лұқпан Ахмедияров деген замандасымды мысалға келтіргім келеді. Оралда көше, жер-су аттарын ақырындап қазақыландырып жатқан кезімізде сын садағына алып талай мақала жазды. Кейін түсіністік. Ол да түсінді.

Ел мен жерге туған тілін қайтару әсіреұлтшылдық емес, ол азаматтық ­борышымыз екенін ұғынған жұрт көп қазір. Жалпы адам санасы қатып қалған гранит емес. Адам өзгереді. Дәл қазір кейбір адамды «жоғалған ұрпақ» деп есептесек те, олардан үмітімізді үзбеуге тиіспіз. Дәл өзім кім-кімнен де жарқын болашақ көргім келеді.

Сөз орайында тағы бір мәселені айтқым келеді. Үндістан мемлекеттілігінің жаңа заманғы бастауында тұрған Гандидің өмірінен сыр шертетін жақсы фильмдер көп. Соның біріндегі мына деталь маған қатты әсер етті. Ағылшын оқуын оқып келген Гандидің қасында ағылшын досы жүреді. Бірде Ганди екеуі үндінің оқыған азаматы әрі бақуатты адамымен кездеседі. Әңгіме соңына таяғанда әлгі азамат: «Бұл тек қана үнділердің мәселесі» деп Гандиді оңаша алып кетеді де, «Сен араласа алмайтын жайт» деп ағылшынды жеке қалдырады. Қазақтың өзіне тән проблемасы бар. Оған ешкімнің араласуына, төрелік айтуына, айыптауына құқы жоқ. Себебі ол қазақтың басынан өткерген тағдыры. Қазақтың ғана басынан өткерген өмірлік тәжірибесі.

– Енді тіл мәселесіне ойыссақ. Қазақ тіліне қатысты отызға жуық сот проце­сінде жеңіске жеттіңіз. Сонда да мемле­кеттік тілге қатысты мәселесін айтудан қорған­шақтайтын немесе ол менің заңды құқығым деп ойламайтын адам көп. Бұл біздегі құқықтық сауаттылық жоқ деген сөз бе?

– Мүлдем жоқ деп айта алмаймын. Құқықтық сауаттың төмендігі шығар. Аты аталмай қалған азаматтар өкпелемесін. Мен білетін қостанайлық Қуат Ахметжанов, павлодарлық Руза Бейсенбаева, астаналық Оғыз Доған, оралдық Нұрлан Сәдір деген азаматтар мемлекеттік тілге қатысты құқығы тапталса оны сот алдына дейін жеткізіп, тілдің абыройын қорғап жүр. Қуат Ахметжановқа заңгер-көмекші болып келе жатқаныма жеті-сегіз жылдың жүзі. Тілге қатысты заңдық-құқықтық көмек керек болса, кім-кімге де қолдау көрсетуге дайынмын.

Соңғы кезде азаматтық белсенділік табиғи түрде артып келеді. 1990 және 2000 жылдары тілге қатысты сот отырыстары аздау еді. Қазақстан бойынша мемлекеттік тілдің сөзін сөйлеп, сот алдына дейін барып, құқығын талап ететін елу адам шықса, тілдің де жағдайы реттелді. Елуімен де жұмыс істеуге дайынмын. Бұл адамнан табандылықты, жүректілікті және құқықтық сауаттылықты талап етеді. Алдыңғы екеуі болса, құқықтық көмек ­беруге әркез әзірміз.

– Тілге қатысты сот процестерінде өзіңіздің атыңызды атағыңыз келмейді. Неге?

– Себебі мен кәсіби адвокатпын. Мен тілге байланысты қандай да бір мәселеде сотқа беріп, жеңсем, әрине қуанатындар табылатын шығар. Бірақ менен үлгі алмайды. Себебі сол сала бойынша университетті үздік бітірген, осы салада талай жыл еңбек еткен, кәсіби заңгердің сот процесінде жеңуі кімді таңғалдырсын? Ал арамыздан қарапайым тіл белсенділері шықса, олардан үлгі алатындар да көбейер еді.

– Сонда да сіз Орал қаласындағы қоғамдық көліктердің, Банк мекемелері мен өзге де құзырлы орындардың қазақшалануы үшін бірталай жұмыс істедіңіз. Бұл сізге не үшін керек болды?

– Әңгімені әріден бастайын. Мектепте оқып жүрген кезімде тарих пәнінің мұғалімі, қазір марқұм болып кетті, ағайымыз Кіші академияның мүшесі қылды. Содан ізденіңдер деп архивке апарады. Жанды түршіктіретін сұмдық құжаттар оқыдық. Аштықтан, қуғын-сүргіннен өмірі қиылған қаншама адамның дерегіне кезіктік. Әлі буынымыз бекімеген бозбаламыз ғой. Ол жайт бізге қатты әсер етті. Жігіт болғымыз келіп жүрсе де көз жасымызға ерік берген сәттер көп болды. Сол оқиғалар жүректе жазылып қалады екен. Кейінгі өмір жолымда «боздақтар жетпей кеткен әділдіктің ең болмаса кішкентай бір бөлігін орнатсам» деген арман жүрегімде оянды. Оқуымды үздік бітіріп, жақсы жерге жұмысқа тұрдым. Қызмет баспалдақтарынан да тым жылдам көтеріліп келе жаттым. Бірақ жүрек түбінде шоғы қоздап жатқан әлгі ой бәрібір тыныштық таптырмады. Оны айтасыз, бір уақытта «Осы менің жүрегім ауырмай ма екен?» деген күдік те келгені рас. Прокуратурада қызмет етіп жүрген уақытта, маусым сайын медтексеруден өтіп тұрамыз ғой. Сонда дәрігерлерге «жүрек тұсым ұдайы сыздап тұрады» деп шағымданамын. Олар тексеріп көреді де, денсаулығымның дұрыс екенін айтады. Кейде ойлап қарасам, төрт құбылам түгел секілді. Отбасым бар, ұл да сүйдім, қыз да сүйдім. Жақын-жуығым, дос-жараным қасымда. Бірақ бір жоқты іздеп жүргендеймін. Ақыры мұным болмас дедім де, өз еркіммен арыз ­жазып, қоғамдық жұмысқа кеттім. Бала күнімізден Мұхтар Мағауинді оқып, тамсанып өстік қой. Сол кісі секілді жоспар құрдық. Бұл 2004 жыл еді. Сол жоспарыммен, арманыммен, мақсатыммен келе жатырмын. Соның бір тармағы қазақтілді БАҚ-та заң, құқық мәселесі бойынша тақырыптан бас тартпаймын деген едім. Осы кезге дейін бірде-бір қазақтілді БАҚ өкілінен бас тартқан кезім болған емес. Пікір сұраса жауап беруге ұдайы уақыт табамын.

Өзім қалаған қоғамдық жұмысқа араласқан сәттен бастап жүрек түбіндегі әлденені іздеген сезім де мазаламайтын болды. Сірә, өз жолыңды табу деген осы шығар. Үнемі еңсемді езіп тұратын, ауыр салмақтан құтылдым. Үлкен дүниені кішкентай істен бастап, алғашқы жеңіс дәмін сезгенде кәдімгідей рух пайда ­болады.

Сол уақыттан бері үндемей жүріп іс бітіру деген принципке сүйендім. Сөйтіп жүргенде Астанадағы Тілдер комитетінің сол кездегі басшысы Оразкүл Асанғазы шақыртты. Заңды сақтамай отырған көп­теген мекемелердің жұмысын тексеріп, жауапкершілікке тарттық. Яғни тіл мәселесін шешуде «Тілдер туралы» заңды емес, «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» заңды басшылыққа алудың қаншалықты маңызды екенін дәлелдедім. Осылайша, астанада жұмыс істеп бастадық та, көрінбеске амалым қалмады. Сол арада Бекен Қайратұлы деген журналист ағамыз «Астана ақшамы» газетінің айқарма бетіне «Тілім десең – тірілсең» деген тақырыппен сұхбат алды. Бұл тілге байланысты жұмысыма қатысты алынған кең көлемді сұхбат болған еді. Әлеуметтік желідегі парақшамды оқып жүрсеңіз, күнделікті ісім туралы, қызметім туралы жазба жарияламауға тырысамын. Шетелге шыққан сапарларымды да желіге салмаймын. Өйткені жағдайы жоқ, шетелге шығуға ақшасы жетпейтін ағайындарымыз көріп, олардың орынсыз қызғанышын ­тудыруым мүмкін. Мұның барлығын не үшін айтып отырмын. Әуел баста осы істі ешкім білмей-ақ қойса екен деп едім. Амалсыз әрі менің еркімнен тыс ­жария болды. Тіл деген киелі нәрсе деп есептеймін. Тілге ақша үшін, атақ үшін емес, риясыз қызмет еткім келеді.

– Үйде балаларыңызға Абайды оқытудың бір жүйесін қалыптастырған екенсіз. Сол ­туралы әңгімелеп беріңізші.

– Осы күні елге белгілі тұлғалардың ­балалары қазақша білмейді. Бұл екіжүзділік пе? Сатқындық па? Қазақ тілі, мәдениеті, руханияты туралы әңгіме қозғаған адам оны тәжірибеде қолдануы керек еді ғой. Мысалы, балаларым қазақша балабақшаға барды, қазақ мектебінде оқып жүр. Екінші тілі – ағылшын. Орыс тілін онсыз да біледі. Осы күні Абайды оқымайтын, оның ең болмаса бір өлеңімен таныс емес қазақ аз. Бәрі тамсанады да жүреді. Оның сөзін әдемілеп тұрып тұздық етіп пайдаланады. Бірақ сол Абайға абстрактілі қарайды. Абай сөзі бұрынғыға ғана арналғандай сезінеді. Мен үшін Абай – үлкен мектеп. Абайдың бүкіл шығармаларын үйімде тәрбие құралы ретінде, тәжірибеде қолданамын. Осы кезге дейін маған мұндай сұрақ қойылған жоқ. Айтпас та едім, себебі тіл бар, көз бар. Алайда сіздің сұрағыңызға жауап берейін. Балаларымның алды 19-ға толды. Қыздарым ұяң, ұлдарым жыр айтып, домбыра тартады. Осының бәрі Абайды тәжірибеде қолдануымның арқасы. Бала үшін ең бастысы – тәрбие. Ол тәрбиені мен мектеп мұғалімдеріне, болмаса университеттегі ұстаздарының еншісіне беріп қойып, қарап отыра алмаймын. Көпшілік не нәрсені де жетістік тұрғысынан өлшесе, мен тәрбиеге көп көңіл бөлемін. Екі қызымды Лондондағы мектепке бер деді, алайда қыздарым өздері бас тартты. Өзім де қыз баланы ерте жастан шетелге жібергенім қалай деп жүр едім. Жоқ, қыздарым жүрексінгеннен әлде тіл білмегеннен емес, олар да өзіңіз айтқандай «туған топырақта жүргісі келгендіктен» осы маңдағы оқу орындарын таңдап алды. Қызым Нұрай волонтер болып та жұмыс істейді. Ол – құстар әлемін сүйеді. Құстарға ұя жасап берді. Табиғатты қорғайды. Оның осы әлемін менің де бұзғым келмейді.

Отбасымызда жұма сайын Абайдың өлеңін оқып, талқылаймыз. Дастарқан басында ұялы телефон қоспай, мәнді-ғибратты әңгіме айтамыз. Бұл да біздің отбасылық дәстүр.

– Отбасы хрестоматиясы деген көпшілікке белгілі жоба бар. Одан басқа ХХ ғасыр басында қазақша аударылған кітаптарды қайта шығаруды қолған алған топтың жоба жетекшісісіз. Бұл қайдан келген жоба? Сіз заңгерсіз ғой...

– Өткенде ғана облыс басшысымен кездескен едім. Ол кісі елдегі жағдайды сұрап, заң жағына ойыса берді. Мен ­мә­дениетке қатысты әңгімені айтып қоямын. «Заңгер емессіз бе, ол саланың жағ­дайын қайдан білесіз?» деп сұрады. «Ғани Нәжімедденұлы, заңгерлік, адво­каттық – менің мамандығым. Ал мәде­ниетке қызмет ету – өмірлік мұратым» дедім.

Абайдан үйренгенім көп. Рухани жетілген адам қоғамға, елге, халыққа пайдалы. Білімді, бірақ рухсыз адам да қауіпті. Өзімді кемел адаммын деп есептемеймін. Мақсатым – балаларыма рухани тәрбие беру. Ал сіз айтқан жобада ұйымдастыру жағын мойныма алдым. Қаражатымды салдым. Сайдың тасындай жігіттер таңғажайып әңгімелер айтады. Олардың әңгімесін естіп шабыттанамын, рухтанамын. Енді әлгі сөзді өзгеге жеткізейін десем ұмытып қаламын. Сол себептен мұны кітап қылып шығаруды ұсындым. «Әлдиден – эпосқа дейін» деген кітап осылай пайда болды. Мына қу тірлік ізденуге кедергі келтіріп жатады ғой. Сол үшін жігіттерге «сендер тек осы ғылым-біліммен айналысыңдар, мен жалақыларыңды төлеп тұрайын» деп ұсындым. Кейін кітаптарымыз жақсы сұранысқа ие болып, жақсы сатылды. Сондықтан қаржы құю деген міндеттен көп ұзамай-ақ босадым.

Өзіңіз білесіз ғой, 1920 жылы біздің Алаш азаматтары жұмыссыз қалып, биліктен жаппай қуылады. Сол кезде олар салы суға кетпей, қайткенде де елге пайдамыз тисін деп, әлемнің бүкіл шедевр шығармаларын қазақшаға тәржімалауды қолға алған. Ол іске Әлихан Бөкейхан басшы болған-ау деп жобалаймын. Ең ғажабы олар кітапта өздерінің атын көрсетпеген. Тек лақап атпен берген. Міне, төте жазумен және көне латын қарпімен жарық көрген сол кітаптарды кириллицаға аударып шығарып жатырмыз. 100-ден аса шығарма тасқа басылды. Мемлекеттік бағдарлама немесе жоба аясында жарық көрсе деп тілеп едік. Ол болмады. Сондықтан тағы да өз қалтамыздан қаржы құюға тура келді. Қазір 4 кітап шықты. Үлкен топ болып жұмыс істейміз. 4-5 кәсіпкер ақша құяды. Айбек Нәби мен Мұхит Төлеген деген жігіттер бас алмай шығармашылық жұмыспен отыр. Бұл еңбектер алашордалықтарды жаңа қырынан көрсетеді. Бүкіл балалар әдебиетін қазақшаға аударып тастаған. Арада 100 жыл өткенде шаң басып архивтерде жатыр.

– «Жалпы адам баласын заман өсіреді. Кімде-кім жаман болса, замандасы виноват» дейді. Сіз жүгініп отырған Абайдың сөзі. Демек, бүгінгі қоғамның кем-кетігіне бәріміз кінәліміз, жетістігіне де бәріміздің үлесіміз бар. Кінә мен жетістік тұрғысынан алсақ, неге көңіліңіз толады, неден көңіліңіз қалады?

– Жас күнімде өзге де құрдастарым секілді қазақ тілінің дамымай жатқанына президент кінәлі, министр кінәлі деп ойлайтынмын. Бір күні «Мен ше? Мен кінәлі емеспін бе?» деп өзіме сұрақ қойдым. Заңда қазақ тілінің мәртебесі тайға таңба басқандай көрсетілген. Неге өзге ұлт өкіліне басқа тілде сөйлеймін? Демек, өзімнің де кінәм болып тұр ғой. Осындай жағдай менің прокуратурадан кетуіме әсер етті. Қоғамдық жұмыспен айналысуыма ­себеп болды. Бұл менің көңілім толатын жайт. Адам өзіне адал болуы керек. Мен өзіме адалмын деп ойлаймын. Мамандығымда да үлкен жетістіктерге жеттім. Қазақстанда Сайрагүл Сауытбайдың сот процесіне ­шетел ­назар аударды. Ел-жұрт түгел қолдады. Сол сот ісінде тергеудің бастан-аяқ орыс тілінде жүргенін, ҰҚК тергеушісінің ­фамилиясы Антонов екенін журналисттер аңғармады. Аудармашының көмегін пайдаланып сот процесін орысша жүргізсек қана мұны халықаралық дәрежеге шығара аламыз деп кеңес бергендер болды. Бірақ оларды тыңдамай процесті қазақ тілінде жүргіздім. Бұл процеске тарих бағасын береді деп сенемін. Яғни қазақ тілінде сауатты іс-қимыл жасай алсаң, ұлтаралық ауқымда ештеңе кедергі келтірмейді. Соны түсінгеніме және оған өзгелердің де көзін жеткізгеніме көңілім толады.

– Бүгінгі пандемия жағдайы құндылық­тарды қайта қарастыруға себеп болды ғой. Сіздің ойыңызша, нақты қандай құндылықты алға шығаруымыз керек екен? Пандемия кезінде оны қалай түсіндіңіз?

– Осы пандемияда аяулы анамнан айырылдым. Құрбан айттың бірінші күні о дүниелік болып кете барды. Денсаулығы мықты адам еді. Індет айналасы аз-ақ күннің ішінде қаншама жақынымызды бауырына тартып алды ғой. Бұл адамзатқа үлкен ескерту шығар. Табиғатты аяламаған күнде жағдайдың осындай ауырлайтынын көрсеткісі келген болар. Ер-азаматпыз ғой, ел басына төнген қайғыны бір кісідей көтеруге тырыстық. Анамның қазасы өте ауыр соқса да, пандемияның бізге берер сабағын бір кісідей түсіндім-ау, ой елегінен өткіздім-ау деп ойлаймын.

Бұрын іссапарға көп шығатынмын. Енді таңнан кешке дейін отбасыммен бірге болдым. Бала-шағаммен бірге таңда тұрып жүгірдік. Мұны осы пандемия сіңірген әдет деуге болады. Екінші – той тойлаудың артық ысырап екенін көпшілігіміз жете ұғындық-ау деп ойлаймын. Шынын айту керек, тойшылдық шегінен шығып кетіп еді. Індеттен бойымызды тіктесек, күллі қазақ болып осы әдеттерсіз жаңа өмірге қадам басатын шығармыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

– Осы кезге дейін ешкім қоймаған сұрақ қойғаныңыз үшін, ешкімге айтпайтын сөздерімді айтқызғаныңыз үшін сізге рақмет!

 Әңгімелескен

Қарагөз Сімәділ

2125 рет

көрсетілді

93

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы