• Тұлға
  • 30 Қыркүйек, 2020

ТОНИНИ ҚАЙЫҚТА ТҰРЫП ЖАТЫР

«АҚША БОЛСА, ҒАРЫШҚА ИТ ТЕ ҰШАДЫ...»

 – Тездетіп еңбек демалысыңды ал да, бөгелмей жет, басталды... – деген өте қысқа бұйрық түсті.

2004 жылдың қыркүйегі еді. Тоқтар Әубәкіров Қызылорда облысы бойынша №44 сайлау округінен Парламент мәжілісіне депутаттыққа кандидат болып тіркелген. Бұған дейін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне екі мәрте депутат болып сайланған ғарышкер-батырдың республикалық дәрежедегі депутаттық үшін жасаған бұл үшінші талпынысы болатын.

Әуелден келіскен жайымыз бар. Өзім де тас-түйін әзір жүргем, алып-ұшып жолға шықтым. Әлі ұмытпаймын... Сайлаушылармен бірінші кездесуді тобықтан құмтопырақ кешіп тұрып далада өткіздік. «Жедел жәрдем» стансасының ауласы екен. Халық көп жиналды. Ғарышкердің саяси науқандағы төтелей қарсыласы кешегі қала әкімі... Әйтеуір, шаһардағы барлық Мәдениет үйлері бос емес: бірі жөндеуде, бірінде мәдени ­шаралар өтеді, енді бірінде ­сайлаушылармен экс-әкімнің өзі кездеседі-міс. ­Оппонентке – тұңғышқа, ғарышкерге, батырға тұсау салудың ­сылтауы көпекөрінеу көзге ұрып тұрды. Ұшақтан түскен бетім... уақиғаның дәл бұлай үйлесетінін күтпегем, топырағы борпылдаған «Жедел жәрдемнің» ауласынан жедел түрде Шаһизада Әбдікәрімовке телефон соқтым. Мән-жайға аузымды ашып үлгергенше қаныққан арқалы ақын досым күйіп кетті: ­«Мынау масқара ғой, ­шын ­­ба?.. Масқара!»

Екінші кездесу Шаһизада Әбдікәрімовтің тәуелсіз «Қоғам» телеарнасының ғимаратында өтті. Қызылорданың бұрынғы қалалық әкімдігінің 300 орындық акт залы сайлаушыларға лық толды. Бейнекамераларды үш бұрыштан орнатқан профи-телешебер-магнат төртінші операторды залдың алғы шебінде желе-жортқызып қойды. ­Манадан бері бар жайтты сахнаның төрінен бақылап, сыр сақтап сабырлы отырған Тоқаң кенет құлағыма көңілдене ­сыбырлап: «Тәке, сен осы Қызылордада туған жоқ па едің?» дегені-ші. Дереу көзімнің қиығымен залға кіретін айқарма есіктің аузында қасқайып паң тұрған, аспан түстес қылаусыз көк костюмді, көзілдірікті ақсары жігітті «нұсқай» қойдым.

Медианың майын ішкен ғой, шіркін, біздің Шаһизада! Залдың бірінші қатарына қаланың кіл құрметті, аса сыйлы ақсақалдарын жайғастырыпты. Қос қапталдан ­микрофон ұстаған «қоғамдық» ­журналистер байыз таппады. Оқтын-оқтын дуылдата қол соғылып, кездесу ешбір мінсіз, сондай жаймашуақ өтті. Әйгілі эстрада жұлдызы Батырхан Шүкеновтің әкесі – қаладағы сөзі өтімді ең беделді азамат Камал ағамыз зал мен сахна арасында ғарышкермен керемет бір әңгіме-сұхбат жасап, бүкіл елді аузына қаратты. Халықты қазақтың тұңғыш ғарышкерін қолдап дауыс беруге шақырды.

Жиналыс аяқталғанда Шаһизада Әбдікәрімовтің қолын қысқан Тоқтар Әубәкіров: «Шәке, айналайын, рақмет! Мың жаса!» деуді ұмытпады. Қас-қағым сәттегі ақын мен батырдың көңіл толқыныстарын бақылап куә болудың өзі де бір қызық!.. Жиналыс­тан тиесілі дауысты Тоқаң тап қазір жинап алып қойғандай-ақ сезініп, тарадық. Бірақ бәсекенің аты – бәсеке! Бір күні жергілікті бір кішкентай ­газеттен «...неге сонша өзеурейсіңдер, ақша болса, ғарышқа ит те ұшады!» ­деген мақаланы оқып, «қырылып» қала жаздағанымыз да бар. Енді сол газетті Әубәкіровке көрсетпеуге, ол жайында тіс жармауға қам жасап, жанымызды салдық. Ертесіне... ­«Мынандай «ит пен ғарыш» туралы газетте жарияланған оспадарсыздыққа» жаны шыдамаған Сәлима Жұмабекова, Шырынкүл Қазанбаева бастаған атақты күріш өсіруші бес апа – барлығы Социалистік Еңбек Ері, облыстық телеарнаның бас ғимаратына төтеннен «басып кіріп», өздерін тікелей ­эфирге шығаруды талап етті. Сол кездегі облыстық телеарнаның ­директоры белгілі тарихшы-ғалым, танымал журналист Амантай Шәріп те нағыз ер ғой, жалтақтамай-тайсалмай ­Батыр апаларға теледидардан сөз берді. ­Апалар «Халық батырының атына да, ­затына да қылау түсірмейміз!» деп атой салды! Теледидардың сол күнгі ­айбынды апаларымыз қатысқан адуынды кешкі «суыт» бағдарламасын Батырға көрсетпеудің амалымен, студенттер «сұрауына» орай аяқ-асты тосын-сый кездесу ұйымдастырғанымыз да есімде!.. 

Кандидаттар санының көптігінен екінші турға созылған тартысты ­сайлауда біздің үміткер – қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров айқын басымдықпен дауыс жинап, Мәжіліс депутаты атанды. Айтпақшы, «жанымызды шүберекке түйдірген» сол бір «ғарыш-ит» оқиғасынан Тоқтар аға күні бүгінге дейін бейхабар...

МЕН ҚАЛАЙ  «БОМБАРДИРОВЩИК»  АТАНДЫМ!?

 Қолайнаның көлеміндей ғана парақшаның бір бетіне ғарышкердің суреті, екінші бетіне қысқаша өмірбаяны жазылды. Мұқият оқылып, тексерілген соң мәтінді баспаға жіберу жағы маған тапсырылды. Миллениум кезінде Тоқтар Әубәкіровке «Ғасыр адамы» атағы берілген-ді. Өмірбаянның соңғы сөйлемі санатында сол тіркес қосылып жазылды. Кейін бір кеңесші Батырды «Ғасыр адамын» «Ғасыр саңлағы» деп әсерлеп түзетуге көндіріпті. Ол жағы, яғни түзету – іле-шала маған ескертілді...

Абай даңғылына шықсам, үйге жете қалатындай сезінетін асығыс күйде жүретін жайым бар-ды, бір бағытты көшенің аялдамасына ентелей жеткен Абайға дейін көтерілетін кішкентай «Пазикке» ентелеп міндім. Жүргізушінің арқа тұсындағы екі орын бос екен. Жолаушыларға жалғыз өзім бетімді беріп, ыңғайсыздана... жайғастым. Жайғасуымды күтіп тұрғандай-ақ қалта телефоным «шар» етті. «Қап», күллі жұрттың назарын аударып сөйлеспей-ақ қояйыншы деген ниетпен телефонның қақпағын ашып қалсам, «Тимур» деген жазу жылтылдап тұр. Тимур Сәркенов – біздің мекемеге «Хабар» телеарнасынан келген заңгер жігіт. Орысша сөйлейді. Биязы. «Тәке» деді. «Салам алейкумін» айтты. «Сәл кейін сөйлессек бола ма, телефонның қуаты өшейін деп тұр» дегенімді күтпей «...қазір, бір ­секунд ­телефонды ұсынайын» деп қалды. Шұғыл шаруа болғаны ғой...

Телефоннан құлағымды жарып жіберердей әлдекім гүр ете түсті. Жоқ, директордың дауысы емес. Бірақ дауыс... таныс секілді. Кім? Халықаралық заң бөлімінде мұндай «гүрілдек» ешкім жоқ еді ғой?!

«Сен... мен саған айттым емес пе? Не істедің, ..., а?» «Кешіріңіз, нені айтып едіңіз, түсінбедім?!». «А-аа, түсінбедім дейсің бе, ...? Әскер қатарында болған әрбір ер азамат кейде ашуланғанда, кейде сөз байланысы үшін айта салатын таныс «термин-сленгтер»! Төзімім де таусылып барады-ай... мен де солдат шинелін кигенмін, мен де экстремальді әскери топта қызмет еткенмін. Ондай ортақ тілдік «қордың-жауһарларынан» мен де құралақан емеспін... «Эй, ..., сен өзің кімсің?...». «Мен бе, сұрайсың ғой тағы, а,... мен – Тоқтар Әубәкіровпын!..». «О-һ... оо... о... аға...». Осы екі арада телефонымның да қуаты түгесіліп, «тұяғын серпіп» үлгерді.

Оп-пәле!.. Салон толы жұрт тек маған, менің мимикама қарап отырған сияқты. Есікке қалай жеткенім есімде жоқ. Аялдамаға келіппіз, «үһ»!

Сөйтсем, сөйт-сеем... телефон терезесіндегі жылт етіп жазылған ­«Тимур» – заңгер Тимур Сәркенов емес, Тоқтар ағаның үлкен ұлы «Тимур» болып шықты! Тимур (Әубәкіров) күнде телефон шалып жатқан жоқ! Кім ойлаған?! Қысқасы, «Жыл саңлағы» түзетілмей (Ұмытқан, әрине, мен!) «Жыл адамы» болып кеткен ғой!..

Ертеңіне жолықтық...

Жүзінен кешегі ашу мен айғайдың сызын да байқамадым. «Ұстаның ашуы көріктегі темір қызғанша» деген рас-ау! Әрі Тоқаңның ашуы ешуақытта серияланбайтын. Бұл жолы да солай, түк болмағандай... сонадайдан дауыс­тап, жарқылдай сөйлеп келе жатыр. «Қалайсың?». «...Өзіңіз қалайсыз, Тоқтар аға?!. (Ұяттан «өліп» барам...). Кеше телефонның қуаты аяқ-астынан ­таусылып...» деп ақталған сықпытпен міңгір еттім. Арада біршама уақыт өтті. Қоштасуға ыңғай беріп жатқанымда, жүзіме тесіле бір қараған көкем, кенет: «Сен өзі нағыз «бомбардировщиксің» ғой!» дегені-ше күлімсіреп... Жүзімнің оттай жанып алаулап бара жатқанын сезді, қапсыра құшақтай алды...

Авиация тарихында алғашқы бомба­лау­шы-ұшақтан алғашқы бомбаның гранатаға ұқсатып қолмен лақтырылғаны туралы деректен хабардармын. Ал қазіргі заманғы супер-бомбалаушы ұшақтар қанатты ракеталарды алып ұшады.

Тоқтар ағамның мені осы екі «бомбалау­шының» қайсысына теңегенін ұғына алмай-ақ қойдым. Бірақ, сол бір ескірген оқиға қапелімде есіме түссе, өн бойымды еріксіз бір күлкі қысады... Қысыламын.

 ТОНИНИ ҚАЙЫҚТА  ТҰРЫП ЖАТЫР

 Ұйықтар алдында желіден ажыратып өшіріп, өшірмеген жағдайда бес метр қашықтықта қалдырып қоятын қалта телефонымның үдей соққан қоңырауынан ояндым. «Тоқтар аға!». Ұйқым шайдай ашылды. Түймені ­бастым: «Ассалаумалейкум аға!». «...­Ұйқыңды бұздым ба?». «Жо-жооқ...» «Өзім де солай ойлағам, жата қоймаған шығар деп ем...».

Аз-кем мүдірді. «Ал, қоныс не болып жатыр?». «І-імм...қандай қоныс, аға?» «Әлгі алатын үйіңді айтамын!..».

«Қоныс, қоныс...». «Пәтер, үй, ­баспана» деп үйреніп қалған аузымыз бен құлағымызға «қоныс» сөзі орысша ойлы Тоқтар ағам айтқанда біртүрлі қызық естіледі екен!? Күліп жібердім. «Ой, аға, өзіңіз қазақша күшті сөйлеп бара жатырсыз ғой!». «А, сен қалай ойлап едің?..». Әсілінде, орыс тілімен көзін ашқан бүгінгі сан-сылтау айтушыларға «Ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтан үлгі алыңыздар!» дер ем! Қазақша сөйлеуде шын ниеті бар, қабілетті кез келген азамат осы кісіні үлгі тұтсын!!! Тоқсаныншы жылдардың басында елге оралған сәттегі Батырымыздың «қазақшасын» барша қазақ білеміз емес пе!?

«Мишел Тонини туралы естуің бар ма?». «Жоқ, аға... А, тоқтай тұрыңыз... аты-жөні таныс сияқты». «Таныс болса... сондай француз ғарышкері бар, менің досым, әскери сынақшы-ұшқыш, Ле-Буржье авиакөрмесінен таныспыз. Бір рет Кеңес Одағының, бір рет АҚШ мемлекетінің зымырандары арқылы ғарышта болып қайтқан мықты жігіт». Сонымен... Тоқтар ағам түн жарымнан ауғанда телефон арқылы үлкен бір әңгіменің тиегін ағытты.

Бұл елімізге төбеден тосын инфляция жауған 2007-2008 жылдардың іші-тін. Елді үрейлендіріп «үлескерлер» деген атау шықты. Пәтер аумағын кеңейтем деп «сүрініп», «үлескер» атанғанның бірі мен едім. Қабырғасы тұрғызылып, төбесі жабылған көпқабатты үйдің тек әрлеу мезгілі беймәлім уақытқа созылып, әрі-сәрі күй кешіп жүргем...

– Бірде Париждегі кездесуде сол Тонини мені үйіне қонаққа шақырды, – деп басталды түнгі әңгіме. – Содан Париждің қақ ортасындағы әлемге әйгілі Лувр музейінің алдын кесіп өтіп, Сена өзенінің оң жағалауымен жүріп отырдық. Жағалауда иін тіресіп тұрған, кіл нөмірленген күймелі қайықтың біріне келіп бір-ақ дамылдадық. «Мұның жаяу барамыз дегені қайда» деймін іштей. «Енді қайықпен жол тартамыз ба?» деп ойымды жиып үлгергенше, «Құрметті досым, менің шаңырағыма қош келдің, төрлет» деді әріптесім. Сөйтсем, сенесің бе, кезінде Бонапарт Наполеонның өзі тағайындаған Францияның ең жоғарғы марапаты саналатын «Құрметті легион» орденінің командоры Мишель Анж-ШарльТонини мырза қайықта тұрады екен. Неге? Өйткені, біріншіден, мекенжайы – ел астанасының орталығы Парижде! Екіншіден, қызметіне жақын. Жол жүріп, уақыт ұттырмайды. Тыныш. Толқында тербеліп, тынығып, демалады. Заты қайық демесең, комфорт-баспана... Бірақ сен бұл француз батырының басында дұрыс баспанасы жоқ екен деп ойлап қалма. Қала сыртында хан сарайындай вилласы бар. Оған қолы қалт еткенде соғады. Бір Париждің өзінде, Сена бойындағы сеңдей соғылған қайықта осындай Тонини секілді танымал ­немесе қарапайым қаншама адам өмір сүріп ­жатыр, білесің бе? Айтайын дегенім... тау баурайындағы әсем қала Алматының сол Парижден қай жері кем, а... Тек қайығы жоқ демесең?!

Екі жақтап күліп алдық...

Біріншіден, қоныс деп үйді нағыз қазақшалап айтқаны, екіншіден, әріптесі француздың ғарышкер-ұшқышының өмірін мысалға алуы өз басыма қатты әсер етті. Әлдебір сөз арасында ереңсіз ғана айтылған пәтер әңгімесін ол кісі есінде қалай сақтап қалған!?. Таң-тамашамын. Көпке дейін көзім ілінбеді. Тек қана үнемі көңілді жүретін азаматтың эталоны іспетті көкірегі көріктей көкемнің астанада жүріп менің қамымды жеп жүргені қатты толқытты...

 «Жақсы сөз – жарым ырыс», Жаңа жылдың қарсаңында Тоқтар ағам айтқандай жаңа қонысқа мәре-сәре болып кіріп жаттық...

Кеңес Одағының Батыры, Жер шарының тұңғыш ғарышкері Юрий Гагариннің досы әрі кәсіби кеңесшісі 90 жастағы Георгий МОСОЛОВ пен Жуковскийдегі (Мәскеу) ұшу-зерттеу орталығының Бас конструкторы, Ресей Федерациясының Батыры Анатолий КВОЧУР «Егемен Қазақстан» газетінің тілшілері Айнаш ЕСАЛИ және Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫМЕН бірге. АСТАНА. 27 шілде. 2016 жыл. Суреттерді түсірген автор.

Кеңес Одағының Батыры, Жер шарының тұңғыш ғарышкері Юрий Гагариннің досы әрі кәсіби кеңесшісі 90 жастағы Георгий МОСОЛОВ пен Жуковскийдегі (Мәскеу) ұшу-зерттеу орталығының Бас конструкторы, Ресей Федерациясының Батыры Анатолий КВОЧУР «Егемен Қазақстан» газетінің тілшілері Айнаш ЕСАЛИ және Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫМЕН бірге. АСТАНА. 27 шілде. 2016 жыл. Суреттерді түсірген автор.

«ЖҮРЕГІМДЕ, ЖАН АНА, БЕЙНЕҢ СЕНІҢ!»

 Теміртаудамыз. Көлікті бес қабатты бетон қабырғалы ескі үйдің жанына қаң­та­рып, қол созым жердегі зиратқа бет алдық.

Жүрегімде, жан ана, бейнең сенің

Ақ сүтіңді арманым – ақтау менің!

Мәрмар тасқа ойылып жазылған қуатты өлең жолдары көзіме оттай ­басылды. «Қамия Еңсебайқызы ­(1904 – ­17.02.1968)» деген жазуы да айшықты... Батырдың анасы. Қарағандыда, шіркін, мықты ақындар жетіп артылады ғой, мәрмар тасқа өлең жолдарын Тоқтар ағамның ойынан дөп шығатындай етіп таңбалапты. Тоқтар Оңғарбайұлының Анаға, Анасына, жалпы әйел қауымына деген шексіз құрметінің көп жылдан бергі бірегей куәсімін. Тізе бүктік. Мен Құран аяттарын оқыдым, бет сипадық.

– Сіздің доп теуіп жүріп құлаған жеріңіз...

Тоқтар ағам маған жалт қарады. ­Жанары жарқ етті.

– Есіңде қалған екен ғой...

– Иә, өзіңіз айтқансыз...

– Ол кезде мына төңірек таза алаңқай еді, мұсылман бейіті анау әріде жататын, – деп қолын созып айналаны меңзеген ағам жаңа әңгіме бастады. – Армавирдегі ұшқыштардың жоғары әскери авиациялық училищесінің соңғы курсын аяқтап жатқанмын, «Анаң дүниеден қайтты, тез жет» деген хабар алдым. Жан дегенде жалғыз сүйенішім – аяулы анамнан айырылу маған оңай соқпады. Жүрегім езіліп, елге қарай құстай ұштым.

Ағайын-туған, жақын-жұрағат, дос-жаран түгел жиналып анашымды арулап, ақтық сапарға шығарып салдық. Бейіт басындағы бір көрініс көз алдымда көлденеңдеп, бір ой тынышымды алып маза бермеді... Бірақ ешкімге тіс жармадым. Қысқасы, былай ғой...

Аула балалары жаз бойы осы алаңқайда доп тебеміз, яғни футбол ойнаймыз. Осы алаңда есейдік. Бірде аяғымды қолайсыз сермеген де емес едім, тұрған орнымда жерге топ ете түстім. Құладым дейінші. Отырып қалдым, орнымнан тұра алмаймын. Еш жерім ауырмайтын да сияқты, аяқ-қолым, сүйегім сау. Не болғанын түсінбеген балалар үрпиісіп қолтығымнан сүйеп әлек. Үйге ілбіп басып әрең жеттім. Маңдайымнан сипаған анашым «Қызуың көтеріліп тұр ғой, балам» деді таңданып. Қызуымның не үшін көтерілгенін де түсіне алмадым. Бір күннен соң түк болмағандай, құлан таза айығып, жүгіріп кеттім. Сондағы мені баураған қандай тылсым күш, ұғынсам бұйырмасын. Мені ойға қатты шомдырғаны – анамның бүгінгі зираты дәл сол мен құлап, қызуым көтерілген жерге қойылыпты.

– Жарайды делік... осы жерде футбол алаңы еді. Сіз құладыңыз. Анаңыздың зираты дәл тура сол жерге, сол нүктеге түскенін қайдан біле қойдыңыз?

Бұл кісінің мен білгелі жалған сөйлеп, әсірелеп айтып, тіпті сөзіне өтірік қоспайтыны дейікші, өз басыма өте жақсы мәлім. Оған сенімім де бек. Бұл «жүгірмек» мені неге сонша тергемек болды дегендей ме, Тоқтар ағам қабағын сәл түкситіп, «Сенбесең, өзің біл!» деді.

Ана зиратынан бес қабатты байырғы ескі үйлерге зер салдым. Дәл осы тұстан екі үйдің арасындағы қуыстан үшінші ескі үйдің сұлбасы шықты. Сол қанатта... алыс­тан Теміртау мұржаларының түтіні шудалана қалыпты... Осы байырғы екі көрініс себепші! Таптым! Дәлдік пе – дәлдік! Бұл, әрине, менің өзімнің ішкі долбар ойым, фантазиям.

Түз қыраны ұшар биіктен көзін бір рет жарқ еткізіп ашып-жұмғанда жердегі 360 градус аумақта жорғалаған жәндіктің сұлбасын аңдап үлгереді. ­Дыбыстан жылдам реактивті жойғыштың ұшқышына да сондай қасиет тән. Оның үстіне Әубәкіровтың математикалық моделдендірудің нағыз хас шебері екеніне тәнтімін. Қыран көзді жігіттің бозбала кезінде өзі доп қуған алаңының әрбір шаршысы санасында көбейту кестесіндей сақталып қалуы даусыз!

Ендеше... сенемін, аға, сенемін!

 МӘСКЕУДЕН 16 БАТЫР-ҰШҚЫШ  КЕЛГЕН ЕДІ...

 – Ассалаумалейкум, Көке! Желіп жеткен жетпіс жасыңыз құтты болсын!..

– Уәлейкумассалам, Тәке, бауырым!.. Рақме-ет...

Құдайшылығын айтайыншы, ғарыш­кердің құлағын «көкеге» үйреткеніммен, өз құлағым осы бір «Тәкеге» үйрене алмай-ақ қойды... Күллі халық алақанына салып аялайтын тұңғыш ғарышкердің, атағы алты құрлық асқан сынақшы-ұшқыштың, ғылыми тағылымдары қоғамдық ортада әлі де көп айтыла бермейтін танымы зор ғалымның жасының үлкендігіне, барша мансабына қарамастан ілтипатпен «Тәкелеп» тұруы, енді... Сірә, мұның сырын өзінің туа бітті ішкі мәдениеті мен тәрбие-тәлімінің астарынан іздеген ләзім шығар-ау деймін!

– Сіздің туған күніңізге «Егемен Қазақстанның» астанадағы үлкен жиыны тұспа-тұс кеп қалды. Бір-екі әріптесімді ертіп алып, үйге барамын...

– Күллі редакцияны ертіп келсең де есік ашық, өзің білесің! Тек қана кешкі сағат 5-тен кейін... Күтем!

Артық сөзі жоқ ағамның 2 қазан күні – тұңғыш қазақ Тоқтар Әубәкіровтың ғарышқа ұшқан күні, «Үш аюдағы» үйінің есігі азаннан қара кешке дейін ашық тұратынын астана жұртшылығы – ағайындары, достары, жақын-жұрағаттары жақсы біледі. Әрине, мен де!

Діттеген уақыттан сәл кешігіңкіреп, Алматыдан редакциялық жиынға бірге шық­қан әріптестерім – «Егеменнің» екі аруы Гүлзейнеп Сәдірқызы (Әбдірахма­нова) мен Айнаш Есалыны ертіп жетіп келсем, ұлан-асыр той басталып кетіпті. Ат шап­тырым таныс аула мәре-сәре... ­Депутаттар, Үкімет мүшелері, кәсіпкерлер, әріптес­тері мен туысқандары. Ақшаңқан шатырдың бас үстелінде қатар отырған Қазақ­тың Үш Ғарышкерінің келіскен кел­беті де көңілге сондайлық сүйсініс ұялат­қаны туралы да айтпасқа болмас, сірә! Тоқтар, Талғат, Айдын! Үш ғарышкер, қазақтың үш тұлғасы! Қандай жарасымды!

Етектегі бос орындардың біріне ұмтылған біздің жолымызды бөгеп, Тоқаң өзі жол нұсқап төрге оздырды, үстелімізді айқындап берді. Бұл тойға Мәскеуден 16 батыр-ұшқыштың келгенінен хабардар едік. Ал керек болса, сыңғырлаған алтын жұлдызды сайыпқыран азаматтардың ортасынан ойып тұрып орын алдық! Бір пәсте басымыз айналды да қалды. Өңшең аңыз адамдар, кіл көк қырандары... ­Алтын жұлдыздардың шапағына шомылған әріптестерімнің екі езуі екі құлағана жеткен – мәз! Сондайлық ұлық адамдардың кішік болатынына тағы бір қаныққандаймыз. Бәрі сыпайы, бәрінің аузында – «Тоқтар Әубәкіров!». Орайлы сәтті қалт жібермей дастарқандас аса танымал екі мәскеулік қонақпен сұхбаттасып үлгердім.

– Менен көбінде сіздер секілді журналистер «Сіздің досыңыз Гагарин қандай адам еді?» деп сұрайды, – деді, 90 жастағы Мәскеу батыры, сынақшы-ұшқыш ­Георгий Мосолов ақсақал. – Ондай сұраққа мен ылғи да «ол да адам, бәріміз секілді екі көзі, екі құлағы бар еді...» деп әзілдеп жауап қайтарамын. Бірақ сол жаңа ұшақты аман сақтаймын деп планетаның тұңғыш ғарышкері Юрий Гагарин бейбіт күнде көз жұмды. Жаңа ұшақты қайтадан жасайтын да едік қой, ал Гагаринді енді қайдан табамыз, өкініштісі сол. Менің әріптесім әрі атағы зор ­досым Тоқтар Әубәкіров те дәл сондай батыл жан. Авиациялық сынақ үстінде өміріне төтенше қауіп төніп тұрғанына қарамастан, Тоқтар қаншама ұшақты апатқа ұшыратпай аман сақтап қалды. Сіз білесіз бе?..

Дүниежүзі авиациясы мен ғарыш саласының тек БАҚ-тан ғана жүзі таныс «жұлдыздарымен» бұлайша дастарқан басында жүздесу түс пен өңнің арасы екенін ішіміз сезіп тұр-ай... Әубәкіровтың шәкірті, Ле-Буржьеде ұшағы жарылып өзі катапультамен ұшып, аман қалған сынақшы-ұшқыш Анатолий Квочурмен тілдесудің өзі неге тұрады? Шіркін, Тоқтар аға, жасай беріңіз!!!

...Біз той ауласынан шыққанда көкте жұлдыз жамыраған. Алтын жұлдыздардың сыңғыры, баяу тербелген музыка үні, белгілі әнші-асаба Нұрлан Абдуллиннің майда қоңыр дауысы артта қалғанымен, көпке дейін құлақтан кетпей тұрды...

– Ноутбугіме қолым жеткен бойда фейсбукте қайда болғанымды сүйіншілеп хабар жазамын, – деді Айнаш тамсанып.

– Тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіров те өзіміз секілді... екі құлағы, екі көзі бар адам баласы екен ғой, – деді қандай әзіл айтса да түбін түсіретін Гүлзейнеп Сәдірқызы Мосоловтың ­Гагарин туралы айтқан сөзін қайталап...

 Талғат СҮЙІНБАЙ

АЛМАТЫ

1644 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы