• Тіл
  • 07 Қазан, 2020

ӘЛЕМ ОЙЫН ҚАЗАҚША СӨЙЛЕТКЕН...

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Қазақстанға инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын, білімді адамдар да ауадай қажет екенін атап өткен болатын. Бұл тұрғыдан алғанда философ Әсет Абайұлы өз саласы бойынша үлкен биіктен көріне білген жан.

Әсет Құранбек «Жаңа гуманитар­лық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асыру барысы мен бастауында Қазақстан Республикасының 300 үздік аудармашылар қатарынан табылды.
2017-2020 оқу жылдары 100 жаңа оқулықтың қазақ тіліне 77 кітабы аударылып, еліміздің 132 жоғары оқу орынына тегін жеткізілгенін атап өткен жөн. Білім беру жүйесіне енгізілген жаңа оқулықтар оқыту­шылар мен ізденушілер тарапынан жоғары бағасын да алып үлгерді.
Антуан де Ривароли – аударма поэтикалық шығаршылықтың кемшін тұстарын ашып, ана тілін әлдеқайда жетілдіре түсетінін атап өтеді. Әлемдік академиялық мәтіндерді қазақ тіліне аудару ана тілімізді халықаралық ғылыми лексикамен байыта түсуге, ғылыми стиль мен терминологияны қалып­тан­дыруға, қазіргі әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер мен әдістердің әдіснамасын меңгеруге мүмкіндіктер береді. Аударма ісі екі шартты ескеруді талап етеді. Олардың екеуі де маңызды, бірінен-бірі ажырағысыз, олар: тілді білу және тілдің тамыры шырмалған өркениетті білу.
Әсет Абайұлы 100 жаңа оқулық жобасы шеңберінде есімі әлемге танымал француз философы, Анри Лефеврдің шәкірті Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы» атты еңбегін аударып шықты. Реми Хесстің кітабында философиялық ой кеңістігі Платон мен Аристотельден бастап Бергсон мен Хайдеггерге дейінгі әлемдік философия тарихы автордың аса төл тапқырлығымен өріліп шыққан. Кітап қарама-қайшы идея­лар, даналыққа толы поэзия мен болмыстың ойлау қуатына сусаған оқырман қауымға арналған.
Әсет Абайұлының аударған келесі кітабы – Коннектикут (АҚШ) университетінің ағылшын тілі профессоры Джули Ривкин мен Темпл (АҚШ) университетінің кино және медиа профессоры Майкл Райанның екі томдық «Әдебиет теориясы: ­Антология».
Оқырманның көзінен тайған мәтін тұстары аудармашының назарынан тыс қала алмайды. Бір өлеңді аударып шығу үшін ақынның сырын толық білмек керек емес пе?!
2020 жылы жобаның шеңберінде Әсет Абайұлының редакторлығымен Джонатан Вольфтың «Саясат философиясы», Жил Делөздің «Кино 1. Қозғалыс-бейне», «Кино 2. Уақыт-бейне», Семен Фрейлихтің «Кино теориясы: Эйзенштейннен Тарковскийге дейін», Халед Әл-Руайхеб пен Сабина Шмидткенің «Ислам философиясы: Оксфорд жинағы», Пурушоттама Билиморианың «Үнді философиясының тарихы» кітаптары әзірленді.
Әсет Абайұлы әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университетінің философия факультетін 2000 жылы тамамдаған. Оның ғылыми-педагогикалық қызметі 2000-2001 жылдары Ілияс Жансүгіров атын­дағы Жетісу мемлекеттік уни­верситетінің философия және саясаттану ­кафедрасында басталды. Осы кезеңде ол әл-Фараби атында­ғы Қазақ ұлттық универси­теті­нің аспирантурасына түсіп, оны ой­дағыдай тамамдағаннан соң шы­ғармашылығын жалғас­тыру мақсатында философия ­ка­фе­драсында қалады. Ал 2010 жылы аталған ғылым ордасында «Қазақ философиясындағы дәстүр мен жаңа­шылдық (ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басы)» тақы­рыбында кандидаттық диссертациясын қорғайды.
2005 және 2017 жылдар аралы­ғында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультетінің философия кафедрасының ассис­тенті, оқытушысы, аға оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісінің ғылыми және инновациялық қызметі бойынша орынбасары ­лауазымдарын атқарды. Кафедраның ғылыми және педагогикалық қыз­метінің дамуына елеулі үлесін қосты. Әсет Абайұлының жетек­шілігімен әлемдік және қазақ философиясы шеңберінде дипломдық және магистрлік диссертациялар қорғалды.
2017 жылы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің әлеуметтік және гуманитарлық кафедрасының доценті қызметін атқарады. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» республикалық Жобасына қатысады. Қазіргі таңда Әсет Абайұлы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарып жүр.
Қазіргі таңда әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университетінің фи­лософия кафедрасы бакалаврдан бастап, постдокторантураға дейін білім беру бағдарламасының барлық деңгейлері бойынша философ мамандарды даярлау үстінде. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламасы түлектерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарына деген талаптар айтарықтай күшейтілді. Оқулықтарды аудару мен баспадан шығару қызметінде әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен, ғылыми орталықтарымен, баспа үйлерімен ынтымақтастық орнатылды. Бұл шаралардың біздің ізденушілерге әлемнің озық ойлы білімінен тәлім алуға зор мүмкіндіктер беретіні сөзсіз.

Татьяна ЛИФАНОВА,
философия ғылымының ­кандидаты, ҚазҰУ-дің философия
кафедрасының оқытушысы
Әлия НЫҒМЕТОВА,
философия ғылымының
кандидаты, ҚазҰУ-дің философия
кафедрасының оқытушысы

1471 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы