• Тұлға
  • 07 Қазан, 2020

ҰСТАЗ

Біздің жаққа алыстан келіп, Алатауды қарап, Үш Меркіні көктей өтіп, Көлдіаша, Екіаша, Шоңтасты көріп, қайыра Қайыңды мен Көлсай барып, көкорай белдер асып, сарқырай аққан өзендер, мөлдір көлдер жалдап, қызыл да қызғылт, көк те көкше, сия көк, алқызыл да ақ сары түске боялған тұтас алап, бүтін алқап, гүлдер тұнған, көбелектер қонып, аралар гулей ұшқан жұмақ мекенде ­белуардан көкорай шалғын кешіп, армандай аралап, түу Қарақияға тамсана көз тастайтын қадірменді қонағымның бәрі бір ауыздан,
– Ойпырым-ай, мынандай ғажайып өлкеде туған сенің суретші болмасқа әддің жоқ екен! – деп, таусылар-ды...

...Оған сөз бар ма? Алайда сұлу өңірде туып, сырлы өнерге бейім болу бар-дағы, ол бейімді адастырмай, дер кезінде дұрыс жолға салу және бар ғой? Ол жолды ата-анаң да байқамай, «әйтеуір аман болсыншыдан» аса алмай да аңдамай қалса ше?

Мұндай кезде пешенеңе көкірегі сара ұстаз дөп кезіксе, бағыңның  жанғаны. Мені көрінген есікке бас сұқтырмай, кереге тасқа маңдай соқтырмай, сурет салу соқпағына дәл түсіріп, оң бағытын сілтеп жіберген, мектептегі бейнелеу-сызу сабағынан дәріс берген мұғалім, Сәкен аға Чүйкеев болатын.

Ол кісі – біздің бала кезде аты дүрілдеп тұрған, қазақтың небір майталман суретшілері білім алған, ­Алматы Көркем-сурет училищесінің түлегі. Сондағы салған суреттерін сонау Ленинград, Мәскеу, Львовтың жоғары оқу орындарынан ­мамандар келіп, ұнатып, өздеріне шақырып, жолдама ұсынған қазақтың аса дарынды суретшілері санатында тұрды.

Осы күнгі бірге көрме жасап, бірге жүрген құрметті аға, қадірлі әріптесіміз, суретші, әрі ғалым, этнограф, қару-жарақ танушы Қалиолла Ахметжанов Сәкен ағайыммен сурет училищесінде бірге оқыды. Берік, Сәукен дейтін жігіттермен төртеуі жан аямас жолдас болып, студент шақты бірге өткеріпті. Қалиолла аға:

– Сенің Сәкен ағаң ақ көңіл, аса мейірімді, досқа адал жанның бірегейі. Адамгершілігі мол, мықты суретші. ­Отбасы жағдайына байланысты кәсіпқой суретшілік соңына түсе алмады демесең, таланты қайтып, тауаны шағылған жері жоқ. Ол мақтана-даурығып, кеудесін соға, мінберге жұлқына шығып, арзан атақ жинайтындардың қатарынан да емес, қайта, қарапайым, жұрт көзіне түсе де бермейтін бейнеткеш қалпымен-ақ менің көңілімнің биігіне шығып кеткен жан.

Уақыт озып, ортамызға сандаған жылдар түсіп, екеуарамыз сонша ұзап, зәуде кездескенімізде (әлдекімдерді әп-сәтте тезіне салып, оп-оңай өзгерте салатын) мезгіл шіркін оның жан байлығына биттей де нұқсан келтіре алмапты. Бәз-баяғы, ақжарқын қалпы екен. Сегіз қырлы, бір сырлы болмысы да мұқалмаған. Сәкеннің соңғы кезде әлеуметтік желіде жариялаған «Оразай болыс», «Жалғыз оқ», «Қара өгіздің өлімі» атты әңгімелер топтамасын оқып таңғалдым. Қабілет-дарын шіркін бөгесін біткенді бұзып-жарып та шыға береді, ә?  Бееу, сенің суретші ағаң жазған әңгіменің тілі қандай, сюжеті қандай? Жазғаны тарихи дерек қана емес, көркем әңгіме ғой.

***

Сәкен аға оқытушылық желісін үзбес­тен жүріп, кейін институтқа түсіп, көркем-сурет факультетін тауысты. Қолынан сандаған сурет, алдынан жүздеген шәкірт озды. Қазір жазу-сызуынан екі елі ажырамаған күйі, зейнет жасына шығып, Алматы қаласында бақуатты ғұмыр кешуде.

***

Сәкен ағаның адами жаратылысы талантты суретшілікпен, дарынды ұстаздықпен қатар жымдаса, ажырағысыз жалғаса өрілген. Алматы облысы Кеген ауданы Жалаңаш ауылы мектебінің ұстазы бола жүріп қолынан Қанат Тұрысбеков сынды, Қабыл Халықов секілді, Қуаныш Қабышұлы тәрізді (қапілеміде тап қазір аузыма түсе қоймаған ұл-қыздарды да) сурет өнерге бейім, талантты балаларды ұшырды. Ауылда жүріп-ақ Алматы қаласында болып жататын «Жігер» дейтін мәшһүр фестивальдің көрмесіне қатысып, ылғи картина жолдап тұрды (сонда алғаш көрдік кенеп қалай тартыларын, сонда байқадық май бояу қалай жағыларын да жазыларын).

Жалаңашта 1973-1982, мен оқыған жылдары оқу үрдісімен параллель, мектептің ішінде түрлі пәндерден олимпиадалар, неше алуан спорттық іс-шаралар өтіп жататын. Кәсіпқой әнші ұстазымыз да бар еді. Ол кісі оқушылардан хор ұйымдастыратын. Сурет үйірмесі де жұмыс істеді.

Аптасына екі рет болатын сол үйірмеге тағатым таусыла күтіп, ұшып-қона жететінмін. Ұстаз кешіксе жолын тосып жүретімін. Сонау алыстан Сәкен ағаның нұрлы дидары, ақ-сары жүзі көрініп, биік тұлғасы мен-мұндаласа-ақ ­бойымды шаттық кернейтін. Асығып, аптығып, салған суреттерімді, күйелеш те шимай-шатпағымды алдына жаятынмын. Асықпай, байыптай әр парақты құқшия қарайтын. Һәм, басын олай-бұлай қисайтып, суретті қолына алып, алыстата-жақындата, бар назарын сала қарайтын. Сонан соң, «мүмкін!» дейтін дауыстап.

– Талмай, танбай сала бер! Бір сызығың қисық түсер, екіншің де қисық түсер, үшіншің де, төртіншің де, түзу болмас. Ал бесінші сызығың – міндетті түрде түп-түзу шығады, – дегені әлі есімде. Күні бүгіндей құлағымда.

Өзі сөзге ұста. Оқып отырған дәрісін өте ұғыныңқы да қызықты етіп, көңілге,  анық та айқын жеткізетін. Айтқаны көкейге бұлдырсыз, тұнық сіңетін.

Иегін алдыға қарай соза, ақ борды қара тақтаға қуатты суретші қолдарымен жылдам сызып, жуан да жіңішке штрихтарды шиыра лақтырып, су төгілмес жорғадайын тайпалап бір кететін. Әп-сәтте қарақоңыр тақта бетінде аппақ сызықтар, дақ, штрихтар болып түсіп, бір-бірімен сәнмен үйлесе, графиканың сөніп жанған, тыныс алған жанды кадрлары кинодайын жүріп беретін. Сонда нағыз суретшінің тынымсыз шыр айналған шеберлік сағатын қарап, тамашалап отырып, бір сәт тынысымыз бітіп қалатын. Тыныштықты сарт-сұрт еткен, тақта бетін тесердей тарпыған (кейде ортасынан борт ете сынған), тарпаң бор дыбысы ғана бұзып тұратын. Оқта-текте ғана «көрдің бе?» деп дауыстайтын. Онысы бүкіл класқа жаңғырса да, өзгеге емес тап, маған арнап айтылғандай естілетін. Сонда, «шіркін, тап осындай суретші болсам!» дейтін арман санама сіңетін.

Неше түрлі натюрморт, сандаған адам, аңыз-ертек-мысал кейіпкерлерін, ою-өрнек, төрт түлік, толып жатқан аң сұлбаларын,  табиғат көріністерін, заңғар тау, биік жартас, ағаш-дарақты әп-сәтте бейне қылып түсіріп тастайды. Тақтаның көлеміне орай, композиция талаптарынан да еш жаңылмайды. Қарындаш ұштасы қандай еді, қыл қалам ұстасы қандай-ды? Сәкен аға менің шама-шарқыма, мектеп жасыма келетін бейнелеу өнердің күллі заңдылықтарын, қарындаш пен бояуды, оның түрлерін ажыратуды, су бояудың ерекшеліктерін, құрғақ қылып та, ылғалды етіп, суын ағызып та жазуды, «суық» та «ыстық» реңтерді ажыратуды, контраст, жарық-көлеңке ерекшеліктерін, графика-кескіндеме өзгешеліктерін, перспектива заңдылықтарын, аппликация, мүсін жасау секілді бейнелеу өнерінің сан-саласын, сын-сырын бүкпесіз  үйретті. Қалтарыссыз көрсетті. Зәуде зорықтырмады, еш шаршатпады. Композицияның алғы шарттарын көкейіме құйды. Ылғи бала көңілімді шарықтай көтеріп, жанымды майдай ерітіп, мипаздап мақтап отыратын.

Түрлі-түсті репродукцияның неше атасын тауып әкеліп, қабырғаға көрнекі құрал, тәлім етіп, орнын-онына келтіре монтаждап, коллаждап, сәнін кіргізе, көркем де көрнекі етіп іліп қоятын. Сөйтетін де, қиялдай қызықты сурет әлеміне жүр-жүрлейді. Әңгіме соқпағын суретші Әбілхан атамыздан тартып бастап, Орал Таңсықбаевқа түсіп, Евгений Сидоркинді қаузап, қазақтың суретшілерінің талайын түпкірлей тәптіштеп, кешегі Врубель, орыс бейнелеу өнері, сонау еуропа сурет әлемін шарлап, қияндағы Леонардо да Винчиден бір-ақ қайыратын. Караваджоны айтып бір кететін, Микеланджелоны айтып бір кететін. Тайыздап, қайраңдамайтын.

Мектептің сызу-сурет пәнінен сабақ беретіні бір төбе, оның таусылмас бейнеті өз алдына, колхоздың мереке сайынғы ал қызыл матаға лозунг жазу, сақал-мұртты көсемнің суретін салу, партия плакаттарын  андағайлатып-айшықтатып  ­жасау дейтін, шегі таусылмайтын бейнетті жұмысы, бәрі-бәрі, түп-түгел, жиылып-теріліп келіп осы кісінің ғана мойнына түсетін (қияндап, «шу қарақұйрық» деп, «тіршіліктен ұзап, ада-күде суретші ­болып кетемін» дейтін әз арманын осы бір бейнеттер мен «қаусап қалаған анамды ­тастап қайда кетермін?» дейтін жегі сұрақ тұқыртып, тұсау салатын).

Плакат қаламымен тушқа матырып, үлкен көлемде жазу жазу, гуашпен көркемдеу, бояу бүрку, трафарет оюды да осы, Сәкен ағадан үйрендік. Калька қағаздың қалай боларын, ватман, акварель қағаздың қандай екенін осы кісіден білдік.

Әмбебап еді. Өзге пәннің ауырып қалған, әлдебір себеппен келе алмай қалған әріптестерінің де сабағын емін-еркін жүргізе беретін. Туған ағасы Сұраубай Шүйкеұлы бір кездегі Кеген ауданының ғана емес, Алматы облысының ең мықты, беделді де абыройлы математигі болып саналатын. Ол кісі де миғұладан матеметик жасай алатын туасы мұғалім, талапшыл да жүзіне жан шыдатпайтын адуын ұстаз болатын.

Мен мектепті бітіріп, «суретші болсам» деп арман қылып, жоғары оқу орнына тапсырмаққа құжат жинап, ­ауылдан аттанғалы тұрғанымда айбыны алыстан көрінетін, әдебиет пен қазақ тілінің мұғалімі Мұқан Молдасынов дейтін ағайымыз мені ұстап алып, кәдімгідей ренжіді. «Сеннен жап-жақсы жазушы шығатын еді. Мұның не, қайдағы жоқ суретті таңдап?» деп кейігені есімде анық қалыпты. География сабағының да мұғалімі меннен үміті зор тұғын. Несін айтасыз, осы күні көпшілік салған суретіме шын таңырқап, жазған эссеме рас тәнті болып отырса, менің ұстаздарымның расында шетінен мықты болғандығынан.

Сәті түсіп, институтқа іліккенен кейін де ауылға барсам, ата-анамнан соң Сәкен ағаға сәлем беруге барамын. Сол үйдегі Бәтжан апамның пісірген бауырсағын жеп, Сәуле тәтемнің құйған шайын ішіп отырып, аға екеуміз баяғы қазақтың бітпес оюындай суретке, шегі жоқ бейнелеу өнеріне шығандап және кететінбіз...

***

Заман аунап түсіп, тапшылық келіп, байтал түгіл бас қайғыға айналып, жұрт тұрған үйін бұзып, қалаға үдере көшкен шақтарда, Сәкен аға да тұрмыс жағдайымен, отбасын арқалап Алматыға қоныс аударды. Жер ортасын еңсеріп, ­компьютер шіркінге мойын бұрылмай, қолы қатып қалды-ау деген шағында, «Алма­тықалабезендіру» мекемесі құра­мынан бір-ақ шықты. Мен жұмыс істеу түгіл атын да жөндеп білмейтін CorelDraw, Фотошоп, 3D дейсіз бе, толып жатқан суретші-дизайнер бағдарламаларын игеріп, даңғылдар бойындағы билборд, көшелер қапталындағы жарнамаларды жасасып, Алматының сәнін кіргізуге зор үлесін қосты. Бізбен сурет факультетінде бірге оқыған Мұрат Біләл суретшімен тізе қоса, беріге дейін еңбек етті.

Кейін Астанада, «Дара жол» бағдар­ламасына түскенімде, сонау Алматыдан үнін қосып, менің балаң табиғатымды, суретші болсам дейтін арман-мұратымды образ қылып көрушілердің көз алдына мөлт еткізіп әкелген де, осы, Сәкен аға.

Суретшілер туралы жазған «Ақ зер» кітабымның Алматыдағы тұсау кесерінде де болған осы ұстазым.

Әбілхан Қастеев музейінде ашқан жеке көрмемнің де лентасын алғаш қиған, абзал ағайым!

Әлі күнге сыртымнан бақылап, салған, қалам ізі түскен тұсымды қарап, естегі дүниелері мен естігендерін қағазға түртіп, салған суреттерімнің біразын телефонына көшіріп салып, жұртқа көрсетіп, мақтан қылып, жаман шәкіртін дабырайтып айтып жүрген де осы, мың болғыр Сәкен аға!

– «Сарала қаздар ұшқан жазыңды», «Нұр жауған» картинаңдағы балақай мен құлынды сериялап, бойда қуат барында тереңдей жазсаңшы? – деп ақылын әлі күн аямайтын да бір өзі!

***

Баяғыда, даңғайыр Мұхтар Мағауин докторлық диссертациясын қым-қиғаш, шытырманның ішінен қорғап, «уһ» деп демін басқасын, ресми оппонент болғандарға да, өзіне көмек көрсеткендерге де жағалай рақметін айтыпты да ғажайып ұстазын тарс ұмытып кетіпті. Өзін тура тоғыз жыл бойы бағып-қаққан, аспирантураға алып, бар жолына батасын, сәулесін түсірген, соншама қамқорлық жасаған, Мұхаң үшін ­талай ұйқысы бөлінген, бар жақсысына өзінен артық қуанған Бейсембай ­Кенжебаев атамыз «Әй, Мұхтар, сен маған рақмет те айтпадың ғой!..» дегенінде, Мұхаң ­«Бейсеке, адам өзінің әкесіне рақмет айтпайды ғой!» деп, табанда сөз ­тауып, ­суырып-салып, ұстазын жадырай толқытыпты деседі.

Мен күні бүгінге дейін суретші дейтін ауылдың аты болып жегіліп, арбасын сүйреп келе жатсам, әлдебір қариядан бата алып, осы жолға арнайы түсейін демеппін, мамандық етіп таңдамаппын. Бұл өнер о баста қанымда болыпты, Тәңірі жіберіпті, ата-анаммен келіпті. Ары қарай, тамырымды басып, дәл танып, қолыма қарындаш пен қағазды уақтысында дұрыстап ұстатып, акварель мен палитраны алдыма қойған (әлі күнге жөндеп рақметімді де айтпаған), өнердегі әкемдей болған, ұстазым – Сәкен аға, Чүйкеев еді.

Сіңірген ұшан-теңіз еңбегіңіз, маған жасаған риясыз жақсылығыңыз – күндердің бір күні болғанда алдыңыздан андыздап, алақайлап шықсын, жақсы аға! Қолы тимей, сізге телефон шалуға жарамай жүрген шәкірттеріңіздің де іштей айтып жүретін, көкірегінде сайрап тұратын алғыстары да, жымы білінбей жетіп, жүрегіңізді жылытып, жаныңызға жарық болып құйылсын, жайсаң аға!

 Жеңіс КӘКЕНҰЛЫ,

суретші

2103 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы