• Тұлға
  • 07 Қазан, 2020

Біздің Құдыс ағай

Қарғалы ауылында туып-өстім. Күн сайын мектепке барып, қайтып келе жататын Құдыс Әбсәметұлын кездестірудің өзі бізге, балаларға, ерекше әсер беретін. Көрші тұрдық. Бала болсақ та сол кезде Құдыс ағаймен үлкендердің ерекше ілтипатпен сәлемдесуіне қарап, мектеп директоры екенін біле қоятынбыз. Әсіресе менің әкем, 1943 жылы Алматы облысында бірінші болып осы ауылдан мешіт ашқан имам Абдықадыр қари Иминов Құдыс аға дегенде ерекше ықылас танытатын. Мен мектеп табалдырығын аттағанда Құдыс Әбсәметов мектеп директоры еді. Ал он жеті жасымда орта мектепті аяқтап, өз мектебімде еңбек жолымды бастадым. Ұстазым әкелік қамқорлығын аяған жоқ. Қолы қалт еткенде өмірі туралы сыр шертетін.

...Қолдан жасалған нәубет елді титықтатқан 1934 жыл. Батырақ-шаруаның отбасынан шыққан ұл жеті жылдықты аяқтаған соң сауат-сыздықты жою мектебінде дәріс бере бастапты. Алматы педагогикалық училищесін 1939 жылы аяқтаған соң, Алматы мұғалімдер институтының ­тарих факультетіне түседі. Туған ­ауылына білікті маман болып оралып, тарих пәнінен сабақ беру арманы болатын. Бірақ арман бірден орындалмады. ­Кенеттен басталған кесапат соғыс арманын алыстатып кетті.
1941 жылдың шілдесінде Құдыс өз еркімен майданға кетті. Әскери училищеге түсіп, кадр офицері, артиллерияшы болып шықты. Бүкіл ­Еуропаны жүріп өтіп, Берлинді алуға қатысты. Оқ пен оттың ортасында жүрді, бірнеше мәрте жараланып, қайта қатарға қосылып, майдан ­жолын жалғастырды. Жеңіске жетіп, 1946 жылы туған ­ауылына оралған соң, орындалмаған арманын орындауға құлшына кірісті. Алдымен ­Прудкиде, сонан соң Ұзынағаштағы Крупская атындағы орта мектепке директор ­болып еңбек жолын жалғастырды. 1949 жылдың қыркүйегінде денсаулығына байланысты Қарғалы кентіне ­ауысты. Міне, содан бергі өмір жолы осы ауылмен тығыз байланысты. Осынау табиғаттың жомарт сыйы іспетті Қарғалы ауылының жергілікті халқына, орыс, ұйғыр, неміс аралас меймандос, қарапайым халқына бауыр басып кетті. Олар Құдысты ерекше бағалап, «Біздің мұғалім» атап кетті.
Қарғалы кентінде 1917 жылы С.Шахворостов атты фабриканттың қаржысына ашылған мектеп болатын. Бұл облыстағы ең байырғы мектеп еді. Қарғалы шұға комбинатының балаларына арналған бұл мектеп соғысқа дейін-ақ жоғары білім деңгейі арқылы республикаға кеңінен танымал оқу ордасы болып үлгерген.
Соғыстан кейінгі мектептің халі де белгілі. Мектепке ұстаз болған алты ер мұғалім де майданға аттанып, қайтып оралмады. Мектеп директорлары болған Семен Хорошилов, Петр Жигалов та сол боздақтар қатарында кетті. Осындай ауыр кезеңде Құдыс ағаймен бірге мұғалімдердің жігерлі тобы да қызу еңбек майданын бастап кетті. Құдыс аға бас болып, нақ ­солар мектептің атын алысқа танытып, абыройдың биігіне өрледі. Мәселен, Қ.Досымбетовты, К.Боранқұловты, Қ.Әбуовты, Ә.Фуксты, А.И. Драбчукты, П.М.Федоровты, И.М.Панасенконы, Д.Н.Ярковты, Л.Р.Тименскаяны әрқашан ілтипатпен есіме түсіремін. Қимастық сезім деген осы... Лидия Рудольфовна ғарышкеріміз Талғат Мұсабаевтың алғашқы ұстазы еді.
1966 жылы Қарғалы №2 орта мектебі пайдалануға берілді. Осы мектептің тұңғыш директоры Құдыс Әбсәметұлының өзі болды. 1968 жылы бірінші мектепке қайтып оралып, орнына досы, әріптесі Г.К.Досымбетовті директорлыққа ұсынып, бекіттірді. Кентіміз уақыт жылжыған сайын өсіп, өркендеп, аумағы кеңейді.
1984 жылы Қарғалыда №3 орта мектеп есігін айқара ашты. 1990 жылы қажырлы еңбегінің арқасында жас ұстаздар «Мұғалімдер үйі» деп аталған жаңа ғимараттан пәтер алып, мәз-мейрам болысты.
Мемлекетіміз Құдыс Әбсәметовтің еңбегін лайықты бағалап, Социалистік Еңбек Ері атанып, ордендер мен ­медальдарды өңіріне қадаса да, ол кісі жерлестері мен оқушыларының сый-құрметін биік қоя білді.
Өмір деген алып теңіз, ағысы күшті. Жаныңда жанашырың, тілекшілерің болмаса, ойыңдағы арманыңның орындалуы екіталай. Бұл орайда мен бағы жанған адаммын. 2000 жылдың 1 қыркүйегінде мені мектеп директоры етіп тағайындағанда, құттықтап, сәт сапар тілеуге Құдыс ағаның өзі бірінші болып келді. «Адал еңбек ет, әділ бол, аянбай еңбек етсең, сый-құрмет пен абырой сені өзі-ақ іздеп табады» деді ұстаз. Бұл сөз менің өмірлік қағидам, адастырмас темірқазық ұстанымым болып қалды.

Исмаилжан ИМИНОВ

1611 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы