• Руханият
  • 07 Қазан, 2020

БЕКЗАТ МІНЕЗДІ ЖАН ЕДІ...

Біріміз «Ажа», біріміз «Ажеке» атап кеткен – Әбеңнің – ­қа­зақтың ұлы жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің өмірлік серігі болған асыл жары, химия ғылымының докторы Ажар Керешқызы Ілиясова өмірден озғанын естігенде қатты қобалжыдым.
Әрине, Ажекең жаман жасаған жоқ. Алланың пешенесіне бұйырған жасын жасады. Тоқсан Құдайдан сұрайтын жас. Қазақшалап айтқанда, нағыз немере мен шөберенің шуақты күлкісіне кенелер кейуаналық кезең.
Ажекең жақсы өмір сүрді...
Тұрлаулы тарихтың еншісіне айналып бара жатқан қос ғасырдың күнгейлі, көлеңкелі тұстарының бәрін елегінен өткізу, уақыт, заман талаптарына сай бойжету, жар таңдау, оқу оқып, білім алу, ғылым дейтін ғажайып әлемнің тұңғиығына сүңгу, ұрпақ сүю, қал-қадерінше ұлтына қызмет ету, т.т. жұмырбас пенденің мына жарық дүниеден сұрайтын қызығы мен қуанышын көру бақыты маңдайына молынан жазылған жанның, менің ғана емес, Нұрпейісовтер отбасын жақыннан жақсы білетін игі тілекті адамдардың қай-қайсысының да айрықша бөліп айтар басты бақыты – Әбдіжәміл Нұрпейісовпен тағдыр қосып, ұлы жазушыға жар болғаны деп ойлаймын.
Сондықтан...
Бүгін мына «екі дүние» дейтін қанаттас қос ұғымның бірінің – жарық жалғанның дәмін тауысып, ешкімге пенделік артық салмағын артпай, ақырын жүріп, анық басып, екінші – шын дүниеге – бақилық мәңгі дүниеге аттанып бара жатқан Ажекеңнің тәнін – жерге, жанын көкке тапсырып тұрып, «Бақұл болыңыз! Рухыңыз пейіш төрінде шалқысын!» деген інілік ізетімді білдіргім келеді.
Иә...
Аз да емес, көп те емес, біз Әбеңмен, сөзін естіп, алғаш қолын алып, амандық сұрасқанымызға, жарты ғасырдай уақыт өтіпті. Атағы жер жарған «Қан мен тердің» авторымен ағалы-інілі болып сыр бөліскен, өмір, қоғам, заман жайлы пікір-додаларына түскен сәт-сағаттарда есеп жоқ. Шуағы мен нұрын шашқан қуатты кездер де, аспанымызда бұлт үйіріліп, найзағай қамшы ойнатқан сәттер де болды... Өмір! Өмір болған соң, бәрі болады!.. Бір жақсысы сол сәттеріміздің қай-қайсысы да адал, әділ айтылған тұжырымдармен бекітіліп, түйінделіп отыратын... Бірде үлкен басын «араға салып» Әбең келсе, бірде інілік ықыласымды «шытынатпай» аға алдына мен баратын ем. Ондай сәттерде ағамыз шынтағымнан шеңгелдей ұстап: «Бала, қалай! Осы адамдар не дейді?!» деп әңгімеге тартатын. Біз шұрқыраса табысып, әңгіме-дүкеннің ауанына ергенде, қайран Ажекеңнің жайшылықтағы тұйық реңінен қуаныш пен ризашылықтың нұры шашырап, дүние сәулеленіп кеткендей болатын. Ақырын ғана: «Нұрлан, айналайын, ағаңның мінезін білесің ғой... Кешірімді бол! Бұл кісінің сырты суық болғанмен, іші жылы. Қиындықты көп көрген адам. Вы же писатели все такие...» деп жымиятын...
Айтса, әңгіме көп...
Ажекең оқылмаған кітап секілді жұмбағы мен сырын сыртына беталды шығарып, айта бермейтін сабырлы мінездің, бекзат бітімді жаратылыстың иесі еді.
Жанына жәннат төрінен орын бұйырсын!
Артында қалған Нұрпейісовтер әулеті мен қазақ көркемсөзінің ғана емес, тұтас бір дәуірдің аманат жүгін арқалаған, ұлтымыздың қажетті жерде – айдыны, қажетті жерде айбыны болып, жарасып төрімізде отырған өмірлік қосағы – Әбеңе қайғырып, көңіл айтамын!
Бекем болыңыз, Әбе!
Ажекеңнің ұрпағына, немере-шөберелеріне ұзақ өмір тілеймін!

Нұрлан ОРАЗАЛИН

1063 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы