• Cұхбаттар
  • 07 Қазан, 2020

«ГҮЛДЕНСЕ АУЫЛ – ГҮЛДЕНЕМІЗ БӘРІМІЗ...»

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2020 жылдың 1 қыркүйегінде «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкіметке агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі жаңа ұлттық жобаны әзірлеуді тапсырған болатын. Сонымен қатар Президент Жолдауында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз ету, миллиондаған ауыл тұрғындарының табысын арттыру, еңбек өнімділігін екі жарым есеге көбейту, агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспортын екі есе арттыру басты міндеттер ретінде аталды. Агроөнеркәсіп кешені туралы әңгіме болса, міндетті түрде ауылдағы фермерлердің жай-күйі сөз болады. Біз осы орайда «Қазақстан Фермерлерінің Қауымдастығы» заңды тұлғалардың және жеке кәсіпкерлер қауымдастық нысандағы Бірлестігі Басқарма төрағасы Жигули Дайрабаев мырзаға көңілде жүрген бірнеше сауалды қойған болатынбыз.

– Жигули Молдахалықұлы, өзіңіз басқарып отырған қоғамдық бірлестіктің негізгі мақсат-мүддесі қандай? Осы жөнінде айтып өтсеңіз.

– «Қазақстан Фермерлерінің Қауымдастығы» заңды тұлғалардың және жеке кәсіпкерлер қауымдастық нысандағы Бірлестік 2003 жылы Қазақстан Республикасы азамат­тарының ерікті бірлестігі арқылы олар­дың кәсіби және әлеуметтік ұста­нымдарының негізінде құрылды. Біздің қауымдастық еліміздің аграрлық секторындағы ең ірі үкіметтік емес ұйым. Оның республиканың барлық облыстары мен аймақтарында өкілдіктері мен филиалдар желісі бар. Қауымдастықтың басты мақсаты – шаруа қожалықтарының және агроөнеркәсіптік кешеннің басқа қатысушыларының қызметін дамыту және жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасау. Біздің қауымдастық 212 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтыған 40 мыңнан астам ауылшаруашылық тауар өндірушілерін біріктіреді. Бұл дегенің үлкен ұйым. Қорыта айтқанда, ауылдағы фермердің жай-күйі, олардың күнделікті қызметіндегі кездесетін кедергілерді шешу жолдары қандай, міне, осы жайттардың барлығын біз ­мониторинг жасау арқылы тиісті орындарға жеткізіп отырамыз және оның орындалуын қадағалаймыз. ­Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегіндегі Халыққа арнаған кезекті Жолдауында ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту мәселелері жан-жақты сөз болып, Үкіметтің алдына ауқымды міндеттер жүктелді. Келешектегі атқарылар осынау биік міндеттердің барлығын толығымен жүзеге асыру шаруасында біздің Қауымдастықтың қосар үлесі зор деп білемін.

– Жақында іссапармен еліміздің бірнеше өңірлерін аралап келген екенсіз. Фермерлердің жағдайы қалай?

– Қыркүйек айының алғашқы онкүндігінде ауылшаруашылығымен айналысатын Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарын аралап қайттым. 10 күннің шамасында жеңіл көлікпен 7 мың шақырымнан астам жол жүріп, ондаған шаруа қожалықтарының жай-күйімен жақыннан танысуға тура келді. Өзіңіз білесіз, тоқсаныншы жылдардың басында ел жапатармағай қалаға көшті. Көптеген ауылдар қаңырып бос қалмаса да, оларда тұрғындар тіптен азайды. Соның салдары ма, ауыл мен ауданды байланыстыратын жолдар тіптен ескірген. Қаладағыдай теп-тегіс ­асфальтты айтпағанның өзінде, қарапайым шағыл төселген жолдардың өзі мүлдем жарамсыз. Бұл дегенің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өздерінің дайындаған өнімдерін орталыққа жеткізе алмайды деген сөз. Жол – экономиканың күретамыры ғой. Оның болмауы жастардың қалаға ағылуын тездетіп, кей елдімекендерде білім ошақтарының жабылуына әкеліп отыр. Мысалы, Ақтөбенің Ырғыз ­ауданы Бейшер елдімекенінде 40 отбасы бар. 9 жылдық мектеп жұмыс істейді. Аудан орталығына дейін 90 шақырым. Жол дегенің атымен жоқ. Жолаушылар автобусы қатынамайды. Жоғары сынып оқушыларының аудандағы орта мектепке қатынауының өзі үлкен мәселе болып отыр. Мұндай жағдай өзіміз аралаған басқа облыстарда да кездесті. Ауылды көтереміз, ауылшаруашылығын жандандырамыз десек, елдімекендердің арасындағы жол мәселесіне дереу көңіл аударған жөн. Осы мәселені шешу үшін мемлекеттік «Ауыл жолдары» бағдарламасын қабылдап, әрі кеткенде 3-5 жыл аралығында еліміздегі барлық ауыл жолдарын жөндеуге болар еді. Жол жөнделмей, ауылды дамыту қиынға соғады. Бұл – бірінші мәселе. Екінші мәселе қаржыландыру тетігін жетілдіру керек.  Бұл ретте, қазіргі уақытта мемлекеттік қолдаудың барлық тетіктері ірі өндірісті ынталандыруға арналған, ал орта және ұсақ фермерлердің едәуір бөлігі арзандатылған кредиттерге, субсидияларға және басқа да қаржылық емес қолдау шараларына қол жеткізе алмай отыр. Нәтижесінде фермерлердің арзандатылған кредиттер мен субсидияларды 5 мыңдайы алуда немесе барлық фермерлердің бар болғаны 3 пайызын құрайды. Ал ауылшаруашылығының жалпы өнімінің жартысын өндіретін 1,7 млн-ға жуық жеке қосалқы шаруашылықтар, тіпті мемлекеттік қолдауды әлеуетті алушылар қатарынан мүлдем алынып тасталған.

Сонымен бірге өз меншігіндегі айналымдық материалдық және қаржы құралының жетіспеуі, материалдық-техникалық және жем-шөптік базаның нашарлығы, ескірген технологияны пайдалану, ауылда қажетті өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымның дамымауы, өнімді өткізу жүйесінің, сервистік инфрақұрылымның, тұқымдардың жеткіліксіз болуы ­сынды проблемалар шешілмеген күйінде қалып отыр.

Фермерлердің мемлекеттік қолдауға қолжетімділігін арттыру мақсатында Қазақстан фермерлерінің қауымдастығы тарапынан Ауыл шаруашылығы ми­нистр­­лігіне субсидия қағидасына өзгерістер енгізу және «ҚазАгро» хол­дин­гіне кепіл ­саясатын өзгерту, атап айтқанда жылжымайтын мүлік объектілерін, жер учас­келерін, сатып алынатын ­малды кепілге қабылдау тәсілін өзгерту, төмендету коэффициенттерін жою жөнінде ұсыныстар жолданды. Атап айтқанда, фермерлерге бір қаржы ­институты арқылы ұзақ мерзімді, кем дегенде 10-15 жылға жеңілдетілген пайызбен ­несие беру. Жамбыл облысында ­ауылды қолдау мақсатында 2,5 пайыз­бен ­несиелер беріліп келеді. Осы тәжірибені басқа өңірлерде де қолдануға болады ғой. Мемлекеттен берілетін субсидия бағыттарын біріктіру керек.   Сондай-ақ ауылшаруашылығының аталған проблемаларын кооперация құру арқылы шешуге болады. Дамыған елдерде, дәл осы кооперативтер арқылы ауылшаруашылығы өнімдерінің 80 пайызға жуығы жүзеге асырылады және ауылшаруашылығы үшін негізгі құралдарды жеткізудің 50 пайыздан астамы қамтамасыз етіледі.

Мемлекет үшін фермерлерді тиімді жолмен дамыту, оның әлсіз жақтары мен негізгі өндірісінің ерекшеліктерін ескере отырып, ауылшаруашылығы өндірушілерін ынталандыратындай қаржы саясатын, оны жүзеге асыру механизмдерін іске қосу өз деңгейінде жүргізілетін болса, тек фермерлер үшін ғана емес, бүкіл ел экономикасына жаңа серпін берер еді. Ол өз кезегінде, халықты отандық ауылшаруашылығы өнімдерімен толықтай қамтып қана қоймай, экспорттың әлеуетін ­арттырады.

«Іс тетігін білікті маман шешеді» деген ұлағатты сөз бұрыннан бар. Жол салынар, жеңілдетілген несиені де бірқалыпқа келтірерміз. Бірақ егіс алқабында таң атқаннан кешке дейін кім жұмыс істейді, төрт түлік малды кім бағады, техниканы кім жүргізеді. Кезінде барлығымыздың балаларымыз  жапатармағай заңгер, экономист, менеджер болуға ұмтылды. Агроном, мал дәрігері, механизатор атты ауылшаруашылығына аса қажет мамандықтарға оқыту белгісіз себептермен ұмыт қалды. Енді осы ­шаруаны шешу жолдарын тездету керек. Әлгі мамандықтарға баулитын арнайы оқу орындарын ашармыз. Орта мектептерге бюджет есебінен кем дегенде бір трактор алып берілсе дейміз. Жоғарғы сынып оқушылары арнайы пәнде әлгі техниканың қыр-сырын үйренеді. Баяғы кәсіптік-техникалық училище жұмысын жаңа талапқа сай жандандыру қажет. Осынау мәселелерді білім министрлігі тез арада шешуді қолға алса дейміз. Қаладағыдай ауылда да әлеуметтік, қолжетімді баспана салу мәселесін ойлауымыз керек. Сонан соң, ауылшаруашылығы қызметкерлерінің зейнетақы жасын белгілі бір мерзімге дейін төмендетсек, нұр үстіне нұр ­болар еді. Осындай әлеуметтік жағдайлар шешілсе, ауылға білікті мамандар да тартылады. Ауылдың берекесі сол кезде кіреді.

– Жигули Молдахалықұлы, ауыл дегеніміз тек қана тіршілік көзі ғана емес, ол ұлтымыздың сан ғасырлық мәдениетінің сақталып қалатын бірден бір нүктесі емес пе?

– Дұрыс айтасың. Ауыл дегеніміз айналып келгенде ұлтымыздың ­бастау алар қайнар көзі. Төрт түлік малды мыңғырта өсірген халқымыз оны тек қана тіршілік көзі ретінде ұстамаған ғой. Бұл жерде сан ғасырдан бермен жалғасып келе жатқан төл мәдениетімізді көздің қарашығындай сақтау мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету шарасын да ойлануы­мыз керек. Ауылшаруашылығы – Қазақстанның экономикасындағы негізгі сала. Ауылшаруашылығы өткен ғасырдың 90-шы жылдарының ­басында қарқынды дамыды. Оның үлесі елдің жалпы ішкі өнімінің 30 пайызын құрады. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш шамамен 4-5 пайыздан аспай отыр.

Қазақстанның аграрлық секторы – елдің азық-түлік қауіпсіздігін ғана емес, оның әлеуметтік-саяси тұрақтылығын қамтамасыз ететін экономиканың ең тез дамып келе жатқан секторларының бірі, өйткені бүгінгі күні аграрлық өндірісте халықтың шамамен ­20 ­пайызы жұмыс істейді және ауылдық елді ­мекендерде 7,7 миллион халық тұрады. Бұл шамамен ел тұрғындарының 41 пайызын құрайды. Қазіргі уақытта шаруалардың 60 пайыздан астамы тек қана өсімдік шаруашылығымен айналысады, осылайша ауылдағы халық жыл бойы тұрақты жұмыспен қамтылмаған.

Статистика Комитетінің мәліметіне сүйенетін болсақ, 2019 жылы мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 4 пайызға, (2,3 триллион теңге) артқа­нымен, ауылшаруашылығы дақылда­рының егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру бойынша мақсатты жұмыстар жүргізуіне қарамастан өсімдік шаруашылығы өнімінің өндірісі 1,7 пайызға (2,9 триллион теңге) азайған. Осы орайда, ауылшаруашылығы өндірісінің негізгі буыны – фермерлік шаруа қожалықтары серпінді дамыған жағдайда біз еліміз үшін аса маңызды екі міндетті – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және экспорттың әлеуетін арттыруды шешер едік. 

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректері бойынша елімізде ауылшаруашылығы өндірісімен – ­шаруа немесе фермер қожалықтары – 212 мыңға жуық бірлік және жеке қосалқы шаруашылықтар (ЛПХ) – 1,7 млн жуық бірлік айналысады. Шаруа немесе фермер қожалықтарының шамамен 85 пайызы шағын шаруашылықтар. Ет, сүт, көкөніс, жеміс, бақша дақылдары өндірісінің 80-95 пайызға жуығын жеке қосалқы шаруашылықтар және фермерлер өндіреді.

Көріп отырғанымыздай, қалып­тасқан ахуал кәсіби тұрғыда  қоғаммен, әсіресе өңірлердегі ауыл тұрғындарымен кеңінен  талқылауды талап етеді. Ауылдың тағдырына қатысты маңызды шешімдер көп жағдайда жергілікті мамандар мен тұрғындардың пікірлерін ескерместен қабылданады. Мәселен, келешегі бар немесе келешегі жоқ ауыл деп айдар тағу – бұл министрлік кабинеттерінде асығыс қабылданған шешім. Статистикалық есептердің әділдігі мен нақтылығы – өз алдына жеке мәселе. Егер экономикалық нәтижеге қол жеткізіп, құйылған инвестицияны қайтарғың келсе, біздің статистиканың бір жақты екендігін жермен жұмыс жасап жүрген шаруалар бұрыннан-ақ жақсы біледі. Әкімдіктер орталық органдарға жалған ақпарат береді, соған қарап республикалық органдар нысаналы бағдарламалар мен мемлекеттік бюджет жобаларына АӨК-дегі жағдай бойынша сенімсіз есеп-қисапты қосады. Мұндай тұйықталған шеңберді бұзу керек. Ауылшаруашылығына аудит жүргізіп, ақпаратты бұрмалауға және қосып жазуға жол берген статистикалық мәлімет үшін арнайы маман жауапкершілікке тартылу қажет деп санаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

 Сұхбаттасқан

Кенжебек ТҰМАНБАЙҰЛЫ

1260 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы