• Тарих
  • 07 Қазан, 2020

ЖАМПОЗ

Шегебай Құндақбаев

Шыққандарына бүгін төртінші күн. Азығы мен алып шыққан суы жеткілікті, жол бойында кездесетін ұры-қарыдан аман келе жатқан кірешілердің аса шаршай қойғаны байқалмайды. Парлап ұстайтын көліктің реті болмай, апарған азын-аулақ малына алған заттарын қолдағы бар түйеге артып, «нар тәуекел» деп жолға шыққан. Жолбасы Қызылдың қалың құмдарының соңғы асуларын артқа тастап, Іңкәрдің кепкен арнасынан өткеннен кейін ішінен бір терең демалғанын жанындағыларға сездірмеген. Енді, міне, алыстан асу берместей көрініп, жоталана біткен құмдар тақырашты, майда құмды жолдармен шаршаған жүргіншіге жол ашып, Зеңгірдің жалынан өткеннен кейін жүрістері де өнімді болған сыңайлы.

Күн батпай алдындағы Жаңадариядан өтіп алып, Жылқыайдар жалынан ба­тысқа созылған майда құмадақтың таусылған жеріндегі табаннан қазылған құдық маңына түнеуді көздеген шағын топ Қараөткел мұнарасының шығыс түбін бетке алып ентелей жылжып келеді. Амандық болса, анда-санда алдыңғы табанымен жерді тарпып қойып, арқасындағы жүкті елге аман жеткізеріне сенімді келе жатқан жануарларды бір тынықтырып алса, есеп бойынша Қарақ тауының оңтүстік-батыс бетіне жағалай қоныстанған Шөмекейлердің жайлауына жету үшін бір жарым күндік жер қалады.
Күн намаздыгерге таяп қалған тұста дария жиектегі қалың сексеуілді жара салынған керуен жолмен жағалауға келген бұлар ат-көліктерін суарып алған соң қамағанда жаудан жаман, ызыңдаған сары маса мен майлы топырақтан тырбия-тырбия шығып көзіне көрінген қараға тұра ұмтылатын кенелерден ұзаңқырап кетуді көздеп, «я, сәт» деп алғашқы түйені жетектеп, жолға салды.
Талай өтіп жүрген жері. Дарияның осы тұсындағы кешпесі биылғы жылы түйенің тізелігінен сәл-ақ асатынын осылай өтерде көрген. Суға түсерде астыңдағы көліктің маңдайын арғы беттегі Жылқайдар үйтамы тұрған жалдың биік шоқысына туралап, аздап көлбей жүріп барып, орта тұсқа жете бере қарсы қабақтағы жайпауытқа қарай бұрсаң, екі түйе қатар сыятын табан жолдан таймай өте шығасың.
Су сәл көтерілейін деген бе, жолба­сының астындағы Жарық бас күрең үзең­гіліктен аса берген суға танауын тығып, парылдап келеді. Тағы бір жолаушының аты әлде мекіренген, әлде кісінегісі келген дыбыс шығарғандай болды. «Әйт, әйт, жануар, Ойсылқара!» деп, бір-біріне дем беріп келе жатқан жүргіншілер кешпенің жар ортасынан ауған соң су деңгейі ат баурынан төмендеп ендігі жердің таяздай бастағаны білінді. Жүк артқан түйелер болса кезек-кезек суға тұмсығын бір малып алып, оны салпы еріндерімен дөңгеленте шашып бір-бірінің ізімен артқы аяқтарының арасына иірім үйрілдіріп, тартып келеді.
Кірешілердің алды құрғаққа шығып, көліктері кептірінудің рәсімімен сілкіне бастап еді, кенет жағаға жақындап қалған жастау атанның бірі әлденеден үркіп, жолдың әділ табанынан солға қарай қиыстап кетті. Алдыңғы түйенің жазы ағашына байланған бұйдасын шірене тартып екі араны ұзын мойнымен жалғастырған күйі алға ұмтылып еді, жағалаудың тап осы тұсы тізеліктен төмен тік жар екен, алдыңғы аяғынан оңбай сүрінді. Мұрындық түбінен үзілген бұйдадан басы босасымен екі алдыңғы аяғын тіктей алға ұмтылғанда артқы аяғы әлде тайып кетті, әлде аяғы ­тиген жар құлап кетті ме, үстіндегі жүктің салмағымен сол жамбасын ала ошарыла құлады.
Түйе жарықтықтың бір құласа оңбай құлайтынын білетін жұрт асып-сасып, қапелімде не істерін білмей жүргенде, «күті-і-р» ете қалған дыбыстан ортан жіліктің омырылып кеткенін анық сезіп қалғандар да болды.
Қырсық бір шалайын десе уақыт та, ыңғайлы жер де талғап жатпайды екен, амалсыз ат тізгінін тартып кідірген жүргіншілер құлаған түйеге артылған ­наруанды құрғаққа шығарып, пышаққа ілінген атанның терісін сыпырып, етін жіліктеп жүргенде ымырт үйіріліп, қараңғы түсті. Масаның қалың жерінде мазаның болмайтынын білгенмен басқа еш лажы табылмай абыр-сабыры шыққан жұрт бірнеше жерден түтіндік салып, от жағып, кешкі астарын қамдауға кірісті.
Түннің бір уағы болып, ай төбеге көтерілген кезде Жолбасы серіктерін ортадағы оттың айналасына жинап алып:
– Бір-бірімізбен ың-шың деспеген қалпы жолдың көбін артқа тастап, ел шетіне келдік. «Еркек үйден қырық қадам шықса – мүсәпір» дегендей, ұзақ сапар шеккендердің басынан бұндай қиындықтардың талайы өткен. Кездес­кен азғантай кедергіге ұнжырғаларың түспесін. Мен ертеңгі жолдың қамын ойлап отырмын. Бізде жүксіз келе жатқан артық көлік жоқ. Тұтастырып таңған ­наруанды бөлшектеп, бөліп тией алмаймыз. Ақ адал малымызға алған мүлікті тастап кетіп, екі күншілік жерге қайта келудің тағы реті жоқ. «Нар жолында жүк қалмас» деп, белгілі Әлібай атанмен тумалас, айырға шөккен үлектің қоспақ туған тұқымы ғой, таң азанмен Дабылдың Сары атанына екі наруанды қиюластырып артсақ деп отыр­мын, – деп, күнұзақтағы ойын ортаға салды.
– Е... Сары атан ба? Түйенің жампозы ғой. Құнанында да, дөнен шығарында да атан жарыстың алдын беріп көрмеген сүйекті мал. Бір жараса сол жарар, – деп, осы топтың үлкендерінің бірі, жігіт ағасы болып қалған Досым жанындағы Дабылға қарады. Онысы: «Бұл шешімге қалай қарайсың» дегені. Жас та болса малдың егесі, белгілі Бостан бидің баласы екендігі тағы бар. Белден басқаннан гөрі ақылдасқан дұрыс болар деп, істің бітер жағын да ойлай сөйлегені.
– Е-е, Дабыл не дер дейсің, сүрін­генді демеген, жығылғанды жебеген Бостекемнің баласы емес пе ол, өзі де аш-арыққа сүйеу болар, қара халыққа демеу болар деп жүрген біртуар азаматымыз, – деген сияқты қолпаш әңгімелер отырған жұрттың назарын Дабыл мен оның Сары атанына аударған.
Жол жөнекей жүк көліктерінің ­жайын аңғарып келе жатқан Дабыл бұл әңгімелерге қарсылық көрсете қойған жоқ. Мұның Сары атанынан тейлі, жүріске де мініске де одан төзімді мал бұл келе жатқандардың ішінен табыла қоймайтынын сезіп отыр. Ағаларының ауызы қалай қисаярын бағана, мертіккен түйенің терісін сыпырып жатқанда-ақ байқаған. Ендігі бұлданыс мұның абыройын азайтпаса, арттырмайтынына көзі жетеді.
Таң сыз бере керуен жолға жиналды. Наруандар артылып жолға дайын болған соң Сарыатаннаң екі жақ жазы ағашына қосымша екі сойылды қабаттап айқыш- ұйқыш тартылған арқандардың арасынан бір біріне қосыла біткен екі өркешті өткізіп, жануардың денесіне арқан батпайтын барлық жағдайын жасап, екі наруанды тең артып болғаннан кейін жүк тиеушілер иек қақты.
Жатқан түйенің бұйдасын сол қолына алып, тұра бергенде тез босату үшін шынтағынан асырып қарына ілген ­Дабыл:
– Бостан бидің баласы Дабыл болған менің сорым, сонша түйенің ішінен керуен басының көзіне түсіп, түйенің жампозы атанған сенің сорың, тарт жануар, – деп, бұйданы сілкіп қалды.
Сары атан кеудесін көтеріп басын кекжең еткізген кезде бұйданың шынтаққа іліккен жерін босатып, алдыңғы қос тізені тірегеннен кейін жайлап жебей тартты. Келесі сәтте көтеріле берген түйенің артқы жіліншіктен жоғары қарай ойнай жөнелген бұлшық еті санға сіңіп жоғалып кеткенде жануардың толық тұратынына көзі жеткен жұрт: «Я, Алла, жар бола гөр» десіп шулап қоя берді.
Екі түйеге жүк болар ауыр наруандар өзімен бірге жануардың сүйегін қоса сықырлатқанда мал егесі аяп кетті ме, әлде оны енді жетектеудің реті жоғын білді ме, Сары атанның бұйдасын мойнына іліп жолға салды да, қасына үш жігіт ертіп, соңынан жүріп отыруды жөн көрді.
Не ойға түспей, не биікке өрмелемей, жердің тегісін таңдап жолда кездескен жалтақа төбелерді таусылған басынан айналып өтіп келе жатқан жануар Мәслихат төбесінен оңтүстікке созылған құмның Аққыр бетіндегі кезауытынан айналып, ірге құмның терістігімен Ерімбет мешітіне қарай созылған шұбарға түскенде күн тас төбеден ауып бара жатқан еді.
Жануардың жершілдігі мен төзімді­лігіне риза болып келе жатқан төрт жігіт­тің астындағы аттары ұзаққа созылуға ай­налған сары желістен алдымен құлақ­тың түбі, ізінше мойындығы ақ көбіктеніп, жонынан шып-шып тер шыға бастағанда, көлік­терінің болдырып қалуынан қауіп­тенген жігіттер екі-екіден бөлінуге мәжбүр болды. Бір тобы түйенің соңынан жүрсе, екінші топ аяң жүріспен төтелей салып жолды ұтудың жайын қарастыра бастады.
Күн намазшамға таяғанда ауылға жеткен жануар үлкен ақбоз үйдің алдына келіп шөккен кезде қара көрінім жерде келе жатқан төртеу ентелей ұмтылып, ентіге келіп тоқтаған аттарынан түсе-түсе қалды. Ырғала-ырғала ширығып қалған арқанды шешуге шыдамай, қындарынан пышақтарын суырып-суырып алды да, керілген қалпында қиып-қиып жіберіп, босаған наруанды екі жаққа ығыстырып тастады. Жиналап қалған бозбалалар орнынан маңғаз тұрып, дүр сілкініп алған Сары атанды бұйдасынан жетелеп, кездіруге алып кетті.
Төрт ат пен бір түйені іңір түскенше кездірген жігіттер тас қылып таңасырған соң ауыл адамдары кірешілер тынығып жатқан үйге жиналып, жолаушылап келгендерден жай сұрай бастады.
Осы оқиғадан кейін жарықтық Сары атан жұрт аузында «Жампоз» деген атауға толық ие болып еді.

1917 рет

көрсетілді

218

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы