• Руханият
  • 07 Қазан, 2020

Рухани әлемде шекара болмайды

Еліміз тәуелсіздік алған жылдары шетелден «Атажұртым» деп қан­дастарымыз көптеп көшіп келе бастады. Сол 1997 жылдары Еуропаны дүр сілкіндіріп, Париж қаласының «Opera Nationol de Paris» театрында халық әні «Елім-айды» орындап, әлемнің таңдаулы әншілерінің арасынан бас жүлдені қанжығасына байлап, тыңдаушысын таңғалдырған Майра Мұхамедқызының өнері сөзбен айтып жеткізе алмайтын халқымыздың қуанышы еді.

«Елге ел қосылса – құт» деген қанатты сөздің мағынасын енді түсінгендейміз. Тәуелсіздіктің арқасында ортамыз толып, керегеміз кеңейді. Қазақ жеріне келіп, мәдениетімізге рухани серпіліс берген, хас талантты өнерпаздар – әлем жұртшылығына мақтанышпен көрсете алатын тұлғалар. Қара сөзбен қазаққа дес бермей келе жатқан ақындар әулеті – Кәп Құмарұлы, Егеухан Мұхамәдиқызы анамыз туралы, ұл-қыздары туралы сағаттап айтуға болады. Тәуелсіздік алғанға дейінгі Алматы қаласында өткен халықаралық ақындар айтысында айтыскер-ақын Қатимолда Бердіғалиев рухани бірліктің мәрттігін көрсетіп, «өзім аспаған шекарадан киелі қарагер домбырам ассыншы» деп Егеухан анамызға сыйлап жіберіп еді. Кейін тәуелсіздіктің таңы атқан жылдары сол қарагер домбырамен ортамызға оралған Дәулеткерей Кәпұлы әке-шешесінің аманатын арқалап, өнер додасында жасындай жарқылдады.
Кейінгі жас буын жазба, айтыс­кер ақындардың ішінен елге оралған қандастарымыз Тоқтарәлі ­Таңжа­рық, Ұларбек Дәлей, ­Бауыржан ­Қара­ғызұлы, Гүлманат Әуелхан, Ұларбек Нұрғалым, Ырысбек Дәбей, ­Ержанат Байқабайұлы, Қазірет Бердіхан, Әділет Ахмет қатарлы ­таланттарды мақтанышпен айтуға болады.
Қазақ әніне қайрат бітірген ­аяулы ұстазымыз Қайрат Байбосыновтың мектебінде оқып, аз ғұмырында өшпес із қалдырған Шерікбай әншінің орны бөлек еді. Кең диапазонды талғамы терең әнші еді, әттең өмірі қысқа болды. ­«Орнында бар – оңалар» демекші, бүгінде Шерікбайдың ұлы Өзгеріс қазақ ән өнерінде өзіндік қолтаңбасын салып келеді. Қытай елінен келіп, өнердің додасында жүрген Cәулежан Тағзия, Асқар Мұқият секілді әншілеріміз қандай ән байқауы болсын бас жүлдені жеңіп алып жүрген өнерпаздар. Қытай мемлекетінде танылып, сол елдегі өнерпаз жастарға «Ескендірдің маягіндей» болған тұлға – Қытай халық артисі, марқұм Хамит Ысқақ ағамыз еді. Әттең, көзі тірісінде келіп, қазақ жерін әнімен сусындата алмады. Бізге, тек үнтаспа арқылы тұщына тыңдау бақыты ғана бұйырған екен. Марқұм ­Хамит Ысқақ ағамыздың ізбасары бүгінде еліміздің мақтан тұтар әншілері Отанбек Еңесханұлы, Құрманбек Әлімғазы, Риза Қайырбай, Шаба Әденқұлқызы, Бибігүл ­Қилым­ханқызы сынды өнерпаздарды атауға болады.
Рухани мәдениетіміздің ішіндегі өлмес өнердің бірі – би өнері. «Бүркіт биі», «Қоңыр аю биі», «Тотықұс биі», «Қара жорға биі», тағы да басқа ­тарихи тамыры терең билермен халық қайта қауышты. Германиядан келген Арыстан Шадетұлы ағамыз «Қара жорға» биімен он мыңдаған шәкірттерімен бірге билеп, бұл бидің медицина тұрғысынан пайдасы зор екенін дәлелдеп, «Гиннес» рекордтар кітабына енді. Арыстан Шадетұлы қазақ би өнерінің бәйтерегіне айналса, солқылдақ сазға біткен бүлдіршіндей, нәзіктіктің бойтұмары болған Шұғыла Сапарғалиқызының би өнерін тамсанбай қарамау мүмкін емес. ХХ ғасырдың басындағы қилы кезеңде қазақтың төл өнері деп нақтылап берген Шара Жиенқұлова, Әубәкір Исмайлов сынды өнер майталмандарының еңбегі далаға кеткен жоқ.
Күй өнері – ғасырлар куәсі, халқымыз­дың алуан түрлі шежіре тарихының кілті десек қателеспейміз. Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов –«Қазақтың ар-ұяты күйінде ғана қалды» деуі бекер емес. Күй өнерін зерттеп, зерделеп, ғылыми сара жолға салған академик А.Жұбанов, Е.Ысмайылов, З.Қоспақов, А.Сейдімбек, У.Бекен, Т.Әлімқұл, Т.Әсемқұловтай ғалым-қайраткерлердің ізін жалғастырып келе жатқан Жанғали мен Сәрсенғали Жүзбай сияқты зерттеуші-күйшілермен қоса, ­шетелден атажұртына келіп, қазақ күй өнеріне ерекше екпін берген, орасан зор еңбек сіңірген ­Базаралы Мүптеке марқұмды айтпай кетпеу мүмкін емес. Ғалым-күйші ағаларымыз Базаралы Мүптеке мен ­Таласбек Әсемқұловтың ­пайымдауынша, Қытай жерінде ондаған ғасыр сақталып келген «Сары өзен» күйінің тарихы сонау ғұн дәуірінен бастау алатыны айтылады. Бұл күйді қазақ жеріне жеткізген 1969 жылы Қытай өлкесінен келген күйші-сазгер, ғалым-жазушы Әбілғазы Дәулетхан. Алдыңғы толқын ағаларымыздың аманатын арқалап келе жатқан күйшілер Мұқаш Таңғытұлы, Аршын Кәсімбайұлы, Еркін Ергенұлы сынды азаматтар. «Шын жүйрік өрге салсаң өршеленер» деген қанатты сөз, саусағынан саз саулаған бал бармақты күйші-ғалым Ардаби Мәулетұлына арналғандай. Халқымыз­дың күй өнері ­тарихында күйші қыз­дардың да орны бөлек. Күй атасы Құрманғазының мұрагері, дәулескер күйші Дина Нұрпейісова, аққуға домбырасының үнін қосқан Аққыз күйші, замандасымыз әлемге аты мәшһүр күйші Айгүл Үлкенбаева сияқты бал бармақты күйшілеріміздің ортасын толтырған, Қытай жерінде туып, атажұртымызға келіп өнерін ұштаған, бірнеше аспапты қатар меңгерген күйші Венера Табысқызы. Өнер-білімін Елордадағы Қазақ ұлттық университетінде жалғастырып, сол университетте ұстаз болып жүр.
Өмірінің 49 жылын Қытайдың тар қапас түрмесінде, қалған өмірін үй­қамақта өткізіп, том-томдап кітап жазып қалдырған Қажығұмыр Шабданұлының тағдыры ­ерекше. Тәуелсіздіктің таңы атқанға дейін көштің басын бастап келген заңғар жазушы Қабдеш Жұмаділов, еліміз тәуелсіздік алған ­жылдары алғашқылардың бірі болып елге оралған жазушы Жақсылық Сәмитұлы, ­жазушы Қабидаш Қалиасқарұлы, ­тарихшы Зардықан Қинаятұлы, ақын-жазушы Серік Қапшықбайұлы, жазушы-ғалым Оразанбай Егеубайұлы, жазушы ­Зейнолла Сәнік сияқты абыздарымыз тарихымызды тереңдете зерделеп ­жазып, санамызға сіңіріп келе жатыр. Алтайдың арғы бетінде дүниеге келіп, бүгінде атажұрты қазақ жерінде рухани бірлігімізге аянбай еңбек сіңіріп жүрген Талапбек Тынысбекұлын да ерекше атағымыз келеді. Қазір ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Сыртқы істер министрлігі жанынан құрылған коммерциялық емес акционерлік қоғам – «Отандастар қорында» халыққа қызмет етіп жүр.

Ерлан Құжиман,
өнертанушы, «Отандастар қоры» қандастарды қолдау
департаментінің менеджері

1169 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы