• Руханият
  • 07 Қазан, 2020

ЖҮЗ ҚАРАЛЫҚ ДОМБЫРА

Еліміздің әр қиырында шашылып қалған рухани қазынамызды еселейтін сирек жәдігер екенін ескерсек, бұл домбыраның бәсі жүз емес, мың қаралық, тіпті баға жетпес құндылық десем, артық болмас. Әңгіме – тума талант иесі, дүлдүл әнші, дәулескер күйші, айтулы композитор, айдарлы актер Манарбек Ержановтың домбырасы туралы болып отыр.
Осы мақаланы жазар алдында сұрастырып көрсем, әншінің қолтаңбасы қалған бір домбырасы Алматыдағы Ықылас Дүкенұлы атындағы Ұлттық музыкалық аспаптар мұражайына қойылған екен. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігінде осы домбырасымен Үлкен театрдың сахнасында «Қыз Жібек» операсындағы Шегенің ариясын орындаған әншінің қуатты дауысына көрермендер дүрілдете қол соғумен болыпты. Бұдан өзге деректер көзіме түспеді. Бәлкім, өнер зерттеушілері толықтыра жатар.
Әлемнің әр түпкірінде әйгілі шебер Страдиваридің 500-ге жуық скрипкасы бар деседі. Әрине, оның басым бөлігі көшірме болуы ықтимал. Арасында түпнұсқасы да бар екені күмәнсіз. Ең таңдаулы музыка мамандарынан құралған эксперттік комиссияның сараптауынан өткен мұндай скрипкалардың құны да өлшеусіз. Мысалы, 1713 жылы жасалынып, Страдивариди пайдаланған сондай бір скрипка үш рет сатылымға түскен екен. Ең соңында оны «Амадеус» квартетінің бас скрипкашысы Норберт Брайнин 1 млн 200 мың долларға сатып алған. Сол сияқты, уақыт өте келе хас талант Манарбектің өмірінің соңғы сәттерінде жан серігі болған бұл домбыра да шын өнерді қадірлейтіндер тарапынан өз бағасын алар деген сенімдеміз. Осы орайда, Мәдениет және спорт министрлігі бұл жәдігерге ерекше назар аударып, Елордадағы орталық музейлердің біріне алдыруды ойластырса деген игі тілегіміз бар.

Қойнауы құт, баурайы береке, ерте көктемнен қара күзге дейін жап-жасыл барқыт жамылғандай құлпырып жататын Тарбағатайдың (Барқытбелдің) батыстан күншығысқа қарай созылған адырлы жоталарының бірі Ақшоқы аталады. Ертеректерде бабаларымыз жайлаған атамекенді бір аралап көру көптен бергі арманым еді. Кезекті демалысымды алып, ел жаққа келген соң, жөн-жосық көрсететін, жол білетін ақсақал іздедім. Жора-жолдастардың көмегімен Мақаншы ауылында тұратын Мәулітқазы Құлжатаев ағамызбен осылай таныстым.
– 45 шақырым жердегі Үржарға барып, содан соң, қайта келіп, уақыт кетірмей-ақ қояйық. Баратын жеріміз алыс, дәл шекараның түбінде. Ертең ертерек біздің үйге кел. Мекен-жай мынау... – деді Мәкең.
Таңертеңінде айтқан ме­кен-жайға інім жеткізіп салды. Кезінде аудан орта­лығы болған үлкен ауылдың солтүстік бе­тіндегі шеткеректеу жерде екен. Екі қа­батты үлкен үйдің үс­тіңгісі бітпегені көрініп тұр. Қора-жайы кең сияқты. Ішкері жақта екі құлынды бие байлаулы тұр. Бірақ кіріп-шығып жүрген басқадай жан бай­қалмайды.
– Бала-шаға өсіп келе жатқан соң, осы үйді ­бастап салып едім, – деп, отағасы менің ойымды оқып қой­ғандай. – Бітпей қалды. Қалада болса бір сәрі, келімді-кетімді кісісі көп, ауылға үлкен үй тұрғызып бекер екен. Алты ай қыста жылытудың өзі бір азап. Ұл-қыздар да, немерелер де бүгінде қалада тұруды қолайлы көретін сияқты. Жан-жаққа тарап кетті.
– Ал, үйге кіріңдер, қымыздан ауыз тиіңдер. Өзім сауғам, – деп, саумал исі аңқыған қымыздан бір-бір кесе құйып берді. Таңдайға татып бара жатқан соң, тағы бір-ер кесесін жібердік.
– Үйді көріп тұрсың, әйелдің жоқ­тығы бірден білінеді, – деп, Мәкең сөйлеп жүріп, киіне бастады. – Апаң Талдықорғанға кеткен. Ұлымыз ЧС-тің полковнигі еді, әскерден босаған соң, сол жақты мекендеп қалды. Коттедж салып, қазір есі шығып жатыр. Апаң немерелерді бағады...
Залдың бір жағындағы шағын бөлме сол немерелерге арналған болу керек. Ұлдардың суреті ілінген. Ауылда көп кездесе бермейтін ақ пианино тұр. Жинаулы жүктің үстінде екі-үш домбыра қатарласа қойылған екен. Әсіресе сүйкімді қоңыр футляр бірден көз тартады.
– Бұл Манарбек Ержанов атамыздың домбырасы!
Қалам ұстаған адамның әдеті емес пе. Елең ете түстім.
– Солай ма?.
– Иә, солай. Жол ұзақ. Тарихын сонда айтып берермін. Өзіңді журналист деп естідім. Бір қажетіңе жарар.
Мәкеңнің рұқсатымен «бісмілла» деп домбыраны алып, шертіп көріп едім, көптен ұсталмағандықтан ба, үні тосаңдау қоңырлау шықты. Әрі тиегі биік секілді. Сосын иесіне қайтара ұсындым.

(Басы 1-бетте)

– Өзіңіз тартасыз ба?.. Ол құлақ күйін келтіріп сәл тұрды да, ыңылдап бір әуенді бастап кетті.
Әмірін темір нарком орындаған,
Аумаған, ауыспаған құрыш табан.
Жарқырап жүз мың вагон жетегімде,
Әнімді естіртейін аңқылдаған.
Паровоз арқыра, ауылда,
Жарқыра өндірте, артылта, артылта!..
Бірден білдім. Бұл Әбділда Тәжібаев сөзін жазған атақты «Паровоз» әні. Бала кезімізде жиі еститінбіз. Манарбек Ержановтың сүйіп орындайтын әндерінің бірі. Қарлығыңқы дауыспен айтса да, әуенге беріліп, ойнақыланған Мәкеңнің домбыраға ебі барын аңғардым.
Сосын домбыраны иесімен қоса ­суретке түсіріп, жолға шықтық.
Көлік рулінде Мәулітқазы ағаның өзі. Айтуы бойынша осы Мақаншының тумасы. Ер мұрынды, қасы мен мұртына қылау түспеген, киіктің асығындай ылдым-жылдым қозғалатын бұл кісіні 72-де деп айтудың өзі артықтау. Шымыр. Бойы орталау болғанымен, алақаны күректей. Еркін күрестен КСРО спорт шебері, Қазақстан ұлттық ат ойындарының Жоғары санатты төрешісі деген атақтары бар екен. Қазақ спортының жарық жұлдыздары Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыхановпен бірге түскен суреттерін де байқадым. Өзі Шекара әскерінің қарсы барлау бөлімінде ұзақ жыл қызмет істеген зейнеткерлікке шыққан офицер. Ресей, Украина, Қазақстанның бірқатар заставаларында болып, осы жердегі Бақты шекарасында зейнетке шыққан. Тақтайдай тегіс күре жолға түскен соң, диктафонды қосқаным сол еді, сөз тізгінін ағытты дейсіз бір.
– Ал, Қақа, менің әңгімемде аздап елдің, рудың аттары аталады. Бірақ, оған қарап, мені бір соншалықты рушыл екен деп қалмаңыз. Мен өзі мектепті де, институтты да орысша оқығанмын, басымнан бақайыма дейін таза интернационалист адаммын.
Мәкең лекіте бір күліп алды.
– Өзің қай елсің?
– Сізге бөтен емеспін. Қаракереймен туысатын Төртуылдың Ақболатымын.
– Ә-ә, жөн екен. Сөздің сыралғысы ғой. Руға соқпасақ, Манарбек атамыздың бізге жақындығы туралы ұға қоймайсыз. Мына алдыңдағы қарауытқан Арқалды тауының етегіндегі Көктал дейтін ауыл біздің атақонысымыз болады. Әкем Мұхамедсадық өзің айтқан Қаракерейдің Байыс-Байғана тармағынан шыққан, қоңырқай тіршілігі бар шаруа адамы болатын. Аягөздің базарына мал айдап жүріп, шешем Зәмзамиямен танысып, бас қосқан екен. Төркіні Шұбартаудың Көксаласында. Ал нағашы әжем Жаниха сол өңірге белгілі, ауқатты кісі Дүтбаев Әділшенің қызы. Сүйегі арғынның ішіндегі Дадан тобықты.
– Абай өлең арнаған Дүтбайдың тұқымы емес пе?
– О жағын анық білмедім. Бүгінде білетін адамдар да қалмады-ау. Әйтеуір, атасының үлкен ат зауыты болған деседі. Дүтбай туралы «Дүтім кетсе, Көкшенің құты кетер» деп, ел арасында айтылған сөз бар дейтін. Сол кісіге арналды ма, жоқ па, оны қазыңқырап көрерсің.
(Шынында да, осы жазбаға кірісер алдында қарастырсам, Абайдың «Дүтбайға» деген өлеңі бір жағынан құдасы, екінші жағынан, кейінірек күйеу баласы болған Дүтбай Уандықұлына арналған екен. Ал «Дүтім кетсе, Көкшенің құты кетер» дегенді айтқан Көкбай ақын болып шықты. Бірақ екі Дүтбай бір адам ба, жоқ па, оны анықтай алмадым).
– Манарбек дүниеге ­келген Қарағанды облысының Ақтоғай ­ауданы Қарабұлақ ауылы Семейдің Шұбартауымен өзектес жатыр. Төскейде малы, төсекте басы қосылып дегендей, іргесі ажырамаған ел. Манарбек Ержановтың өзі Тобықтының мандар атасының ұрпағы. Біздің апамызға бауыр боп келеді. Нақтырақ айтсам, Жаниханың анасы Ержанның апайы. Түсіндің бе? – деді ағамыз бағжия қарап. Жоғарыда аталған ұсақ руларды санама сіңіре алмай келе жатқанымды сезіп қойды.
– Түсінбейтін несі бар? Түсіндім, – деймін мен де сыр бермей. Туыстықты қуаласақ, сіз о кісілерге жиеншар әлде көгеншар боп шығасыз ғой?
– Иә, солай. Енді, ары қарай тыңдаңыз. Жаниха әжемнің күйеуінің аты Сарман. Сарманның ұлы Бидахмет. Бидахметтің қарындасы – менің ­шешем Зәмзамия. Нағашым ұзын бойлы, ірі денелі, қыран көзді кісі еді. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, анау-мынаудан онша ыға қоймайтын зор ­дауысты жан болатын. Білетіндер ­дауысы «баритон» дейтін. Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік Опера және балет театрында жетекші әнші болып, өнер ортасында өзіндік орнын иеленген тұлға. Дүйім жұртты тамсандырған хас талант иесін бүгінгі ұрпақ көп біле бермейді. Іздеушісі жоқ болса, жұлдыздар да көмескілене береді екен ғой.
Сөз астарын ұғар жан болса, ­Мәу­літқазы ағамыздың айтып отырған базынасын түсінуге болады. Кезінде ­басты рөлдерде ойнап, ­«Айман-­Шолпанда» – Маман, «Ер Тарғында» – Қожақ, «Дударайда» – Садыр, «Абай» операсында – Сырттан, «Қыз Жібекте» – ­Базарбайды сахнаға шығарып, өнердегі өз қолтаңбасын айшықтаған Бидахмет Сармановтың есімін ұлықтау бүгінгі таңда биік деңгейде емес сияқты. Әйтпесе, ұлттық өнеріміздің алғашқы көшін бастаған Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Манарбек Ержановтармен бірге опера-балет театрының қалыптасуына, дамуына еңбегі бір кісідей-ақ сіңді емес пе?!
– Сол Би-ағаң ­апамыз ­Жаниха мен жеңгеміз Қаншаны алып, біздің ауылға әлденеше рет келіп-кетіп жүрді. Менің домбыраға әуестігім де нағашымның ықпалы шығар. Ауыл арасында өлеңші атанып, аудандық айтысқа да қатысқан кез­дерім болды. Әлі есімде, 1958 жылы мені ­Жаниха әжем Алматыға әкет­пекші болды. Тіпті отбасымызбен тегіс көшіруге үгіттеді. Оған әкей көніңкіремеді. Ата мекенді қиып ­тастап кету жасы келген адамға оңай нәрсе емес екенін енді біліп жатыр­мыз ғой. Содан 1962 жылы жаз­дың соңын ала Бидах­мет ағатайым өз нағашысы Манарбек ата­мызды қасына ертіп, тағы келді. Әкем тай сойып, қол қусырып, қадірлі мей­мандарды ерекше ықыласпен қарсы алды.
Ел ардақтаған атақты әнші арнайы келген соң, бүкіл аудан басшылары дүрлігіп, шапқылап кетті. «Алдын ала айтпайсыз ба?» десіп, колхоз-совхоздарды аралатуға ниет білдірді. Бірақ ауыл аралауға 60-ты алқымдап, шау тартып қалған Манарбек Ержановтың денсаулығы көтермейтін болған соң, Мақаншының мәдениет үйінде ағайынды қос дүлдүл әншінің үлкен концерті ұйымдастырылды. Залға сыймаған жұрт есік, терезелерді ашқызып тастап, далада тыңдап тұрды. Қалың елдің ықыласын жанымен сезінген Манарбек көкеміз «Амангелді», «Паровоз», «Қуанамын», «Жеңген солдат», «Би күйі», «Аққу», «Жетісу», «Шегенің термесі» сияқты әндері мен күйлерді кезекпен кезек жіберді дейсің. Самайынан шүмектеп аққан терге де қарамады. Әсіресе «Ақ сиса» әнін орындаған сәтте, бойындағы бүкіл сырқатынан айыққандай, айбарланып түрленіп шыға келді ғой сабазың! Бидахмет те «Айман-Шолпан», «Ер Тарғын», «Қыз Жібек» операларындағы батырлардың кейпіне кіріп, бүкіл Мақаншыны жаңғыртты. Концерттен кейін аудан, ауыл басшылары тайлы-тұяғымен әншілерге ілесіп, біздің үйге келді. Думанды кеш арықарай жалғасты. Менің он төртке аяқ басқан кезім. ­Естияр болған соң, Манарбек атамыздың шекпенін, домбырасын алып жүру маған жүктелді. Сырты қоңырқай қапшықтағы қалақтай домбыра. 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігіне үкілеп апарған аса қастерлі дүниесі екен. «Біреу-міреудің ­жазатайым қолы тиіп кетпесін, шырағым» деп, қатты тапсырған соң, жатсам-тұрсам қасымнан тастамаймын. Арада көп жылдар өткен соң, сол құтты қазынаға мен ие боп қаламын деген ой жоқ ол кезде.
Содан ертеңінде, бір қаға беріс сәтте, Манарбек атамыз жиналғандарға қарата: «Елге ел қосылса – құт» деген, ағайындар. Осы жаққа көрші елден келіп, құйылып жатқан қалың көштің ішінде абыз қариялар, сөз ұстаған шебер ақындар, күміс көмей әншілер аз емес сияқты. Қаймағы бұзылмаған елдің мөлдіреген ән-жырын төгіп-шашпай, жинап алғанымыз оңды болар еді» деп, ел тізгінін ұстағандарға назын білдірді. Аспандағы аққуды әнімен қайырған Қажытай Ілиясов сынды дарынды перзенттерін «орыс тілін білмейді» деген сылтаумен мал соңына салып қойған басшыларға ой салғысы келді-ау деймін. Өзі шығыс өңіріндегі Риддерде бірер жыл Жұмысшылар театрына басшылық жасаған адам, қарап жүрмей, терең ізденгенін аңғартып, осы жақтағы елеусіз қалған Дулат Бабатайұлы, Шәкір Әбенов сияқты біраз халық ақындарының тағдырына тоқталды. «Ағашаяқ» атанған ақын, әнші Берікбол Көпенұлы туралы біз сонда алғаш рет естідік. Цирк ойындарынан хабары бар Берікбол­дың ұзын екі бақанға шығып алып, жүгіргенде, шапқан атқа жеткізбейтінін жүйріктігіне іштей таңырқағанбыз да. «Ел арасындағы сондай талант иелерін тауып, жағдай туғызыңдар, қолдаңдар» деп, сөзін бітірген.
Манарбектің осы әңгімесінен кейін ойға-қырға хабарласқан ел басшылары Шәуешектен ауып келіп, Текбұлаққа қоныс тепкен Ауған деген ақынмен жүздестірді. Бұл тарихтан белгілі Қабанбайдың сенімді серіктерінің бірі болған Шыңқожа батырдың шөбересі екен, таңды таңға ұластыратын ақпа ақын болып шықты. Қымыздан ұрттап қойып, қиссаны төгілткенде, екі иығы селкілдеп, жанын жеп айтады. Шағантоғайлық тағы бір күйші, Таскескен ауылына қоныстанған Ысқақ Ермекбаев үш ішекті домбырасымен келді. Манарбектің айтуынша, мұндай домбыраны Абай мен Шәкәрім қолданған екен. Осы кездесулерге куә болған Бидахмет аға келген адамдардың есімдері мен «Қабанбай жорығы», «Салкүрең», «Жорға аю», «Көк қаршыға» дейтін, басқа да көптеген күйлердің атауын маған жаздыртып отырды. Содан есімде қалғандары осылар ғана. Ал дәптерді олар өздеріне қалдырды.
Бір аптадан кейін біз де үйімізді сатып, сол кісілермен бірге Алматыға көштік. Қаланың іргесінде Абай дейтін жасыл бау-бақшасы мол керемет ауыл бар екен. Бәрімізге ұнады. Бидахмет нағашымыздың туыс бауыры Сәнияз Шиянбаев сонда бас дәрігер болып жұмыс істейді екен. Жағдайымыздың бәрін жасады. Үй-жай, жұмыс түгел табылды. Мені қалаға алып келгенімен, қазақ мектебі болмай, оқуымды орыс сыныбында жалғастырдым. Басында аздап қиналғаныммен, зеректігім бар болар, оқып кеттім. Кейінірек Медицина институтында білім алдым. Ол енді ұзақ әңгіме. Қысқаша айтқанда, біздің туысқандық өмір тарихымыз осылай, қалқам.
– Сөйтіп, домбыраның өз қолыңызға қалай тигенін айтуыңыз ғана қалды.
– Оның мәнісі былай. Ғұмырының соңына дейін Жамбыл атындағы Қазақ филармониясында әнші болған ­Манарбек Ержанов 1966 жылы өмірден озарының алдында осы домбырасын жиені Бидахмет Сармановқа өз қолымен аманаттап кетіпті. Ал Би-ағаң 1981 жылы 64 жасында қайтыс болады. Мен ол кезде Украинаның ну орманында құпия әскери тапсырмамен жүр едім. Қайтқанын кеш естідім. Сырқаты меңдеп, өзінің бұ дүниелік емесін сезген нағашым өмірлік қосағы Қаншаға: «Бұл домбыраның қадірін бір білсе, Мәулітқазы біледі. Соған берерсің» деп, тапсырған екен. Елге оралған соң, қолыма тиген сәттен бастап, бұл қастерлі домбыраны өзім қайда барсам, сонда алып жүрдім. ­Шекара бойындағы Нарынқол, Жаркент, қырғызбен көршілес Қордай қазақтары да оның тарихын естіп, тамсанып, үнін естіп, қызықтаған еді.
– Ал, Мәуліт аға, көңіліңізге ­ти­месін, бір сұрағым бар. Ең алдымен, 15 қыркүйекте алты мүшелге тол­ғаныңызбен құттықтаймын! Мынандай пандемия кезінде мүшелден аман-есен шығудың өзі үлкен олжа. Бақуатты болыңыз, ұзақ ғұмыр тілеймін! Енді, сұрағыма көшейін. Сөзіңізге қарасам, ұл да, қыз да, немере, жиендер де өнерден аулақ, бірі әскер, бірі бизнес, бірі ұшқыш, бірі туризм сияқты салаларды таңдаған екен. Теріс демеймін. Дұрыс. Бәрі де адамға қажетті мамандықтар. Бірақ солардың арасынан осы мұраңызға ие боп қаларлық біреуі бар ма?
– Әй, қайдам! Балалар тұр ғой, бұл күнде үлкендеріңнің өзіне байлықтан өзге ештеңе керек болмай қалды ғой. Менің де тауда бір үйір жылқым бар. Ұл болса, соны Жетісуға қалай алдырудың қамымен жүр. Ал домбыраны қызым қалағандай болып еді. Ойланып жүрмін.
Осы арада бағанадан жайдары отырған Мәулітқазы Мұхамедсадықұлы­ның қабағына көлеңке үйіріліп, жаны шын қиналғанын аңғардым. Аталар аманаттаған асыл дүниені аман-есен ұстап қалудың өзі де үлкен жауапкершілік емес пе! Бұған дейін Ұлы Даланың төсінде қаншама жауһардай жәдігерлеріміз атаусыз қалды? Соларға кім ие, кім іздеп жатыр?
– Баяғыда Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында ­Манарбек мектебінің ашылуына ұйытқы болған Жәнібек Кәрменовке осы ойымды жеткізсем деп жүр едім. Жолығудың сәті түспеді. Кейін қапыда жазым болғанын естідім. Ал былай қолқа салып, сұратушылар көп қой. Олардың қатарында Мәжілістегі әнші депутат та, өнер академиясының оқытушысы да бар. (Мәкең айтқан екеуін де аздап таниды екем. Өнер өлкесінде белгілі тұлғалар. Бөтен ойдан ада, тек киелі домбырамен сахнаға шыққысы келген ниеттері дұрыс болған­дық­тан ғана, есімдерін атамадым).
– Бірде қызық болды, – деді сөзін жалғаған ағамыз. – Мал қоралана, үйге орта жастағы екі мейман кіріп келді. Керей үлгісіндегі тақияларына қарағанда, арғы жақтың қазақтары сияқты. ­Солай боп шықты. «Құдайы қонақпыз» ­деген соң, бәйбішеге қазан көтерттім. Ас ішіліп болған соң, бұйымтайларын сұрадым. «Бұйымтайымыз сол, бір ақын бауырымыздан осындай домбыра барын естіп, келіп қалдық... Қарсы болмасаңыз, он қысырақтың құнын әкеліп тұрмыз» деп, үстелдің үстіне қомақты конвертті тастады. Америка ақшасымен он мың доллар! Ондай олжаны бұрын көрмеген бәйбішемнің көзі шырадай жанды. «Келіссеңші, бәтір-ау!» дегендей, аяғымды бір-екі рет басып та жіберді. Келіспедім. Миымдағы бір дауыс ­намысымды қайрап, ондайға жібермеді. Үйден қоштасып шығып кеткен қонақтар таңертеңгілік шай үстінде қайта келіп тұр. «Бірдеңесін ұмытқан болар» деп, төрге оздырдым. Сөйтсем: «Ағайындарды көмекке шақырып, кешегінің үстіне тағы екі мың қосып әкеліп тұрмыз» дейді. Бұл жолы қатты назаландым. «Неғылған сөз ұқпайтын адамсыздар? Әй, бұл аманат дүние дедім ғой. Құны жүз қаралық ­болса да, сатылмайды!». Осы әңгімем елге кең тарап кеткен сияқты, қазір батылы ­барып, қолқа салушылар азайды.
– Ал, Мәке, –дедім ол кісі саябыр­лағанда.
– Жасырары жоқ, жасыңыз болса, келді. Әрі қоныс аударуға құйысқаныңыз көтеріліп тұрған секілдісіз. Бұл домбыраның болашақ тағдыры мені де ойлантып отыр. Сенсеңіз, бұл жәдігер бүкіл қазақтың ортақ қазынасы! ­Домбыраны реставрациядан өткізіп, сәл сылап-сипаса, әлі де кәдеге жарайтыны көрініп тұр. Манарбек пен Бидахмет ағалардың ұрпақтары да жәдігердің иесі кім екеніне куәлік береді деп сенемін. Меніңше, қазақ өнерінің жарық жұлдызы Манарбектің төл мұрасы астанадағы мемлекеттік мұражайлардың бірінде тұрғаны дұрыс сияқты. Халық көрсін, қонақтар таныссын! Осы ұсынысымды қабыл көрсеңіз, жауабыңызды қоса берейін. Не айтасыз?
– Егер үкімет тарапынан нақты ұсыныстар болып жатса, ойласуға ­болады, інім. Халық әншісінің жан серігі – домбырасы жаңа Елорданың төрінде тұрса, қастерлеп, қадірлейтін ел-жұрты болса, Манарбек әншінің бір бақыты сол емес пе! Бір өтінішім, «келіңіз, көреміз» деп жатса, құп көрем, бірақ басталған істі сөзбұйдаға салғанды ұнатпаймын.
– Жарайды, аға. Уағдаласудың орайы келер. Мақала шыққан соң, сізге мәдениет тұтқасын ұстап отырғандар ­хабарласады деп ойлаймын. Сұрағандарға телефоныңызды берермін. Біз әлі кездесеміз.
...Иә, кездейсоқ жол үстіндегі осы бір игі келісіміміз жүзеге асардай ­болып жатса, келер жылы туғанына тура 110 жыл толатын Халық артисі, сегіз қырлы, бір сырлы, тума талант Манарбек Ержановтың торқалы тойына керемет тарту болар еді!

Қайым-Мұнар Табеев,
журналист-жазушы

390 рет

көрсетілді

1

пікір
Алдыңғы мақала Рухани әлемде шекара болмайды
Келесі мақала ӘЛ-ФАРАБИДІҢ СЫБЫЗҒЫСЫ

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

johnan

08 Қазан, 2020

PNwLG8 http://pills2sale.com/ viagra cialis

ANA TILI №43

22 Қазан, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жанарбек Әшімжан

Бас редактор