• Қоғам
  • 08 Қазан, 2020

ЖАҢА ӘЛЕМДІК ТӘРТІП...

Смағұл ЕЛУБАЕВ,
жазушы, киносценарист

Өзімшілдік – адам табиғатына тән қасиет. Тіптен, туабітті десе де болады. Адам пенде әрдайым «Өзім шыққан төбем биік болсын» дейді. Жақсы емес. Бірақ, шындық. Жаратушымыз «Сүй!» деп, жүректі берген адамға, «Ұр!» деп жұдырықты да беріпті. Жұдырықты мына қиянатшыл дүниеде «Өзіңді-өзің қорға!» деп беріпті. Адам пақыр өзін-өзі қорғай алмаса не болар еді?! Көрінгенге қолжаулық болып, тағдыры ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетер еді. Ендеше, адамға өзін-өзі қорғайтын ерік берілген. Ол ерік өзгеге қарсы бағытталса адам агрессорға айналады. Агрессияға баратын себебі, адам пенде өзінде барды қанағат етпейді. Өзгенің бағына, байлығына сұқтанады. Кедей «бай болсам» дейді, бай «Құдай болсам» дейді. Адамның арзымас бұл қасиеті тарихта агрессияшыл империяларды тудырды. Адам Атадан бергі 124 мың пайғамбар ашкөздік, ынсапсыздық, қантөгіске қарсы күресті. Алайда соңғы 2-3 ғасырда Құдайдан безген Батыс Ібілістің ізіне ерді. Капитал құдайын таққа отырғызды. Алапат нәпсіге жол берді. Мораль, ұждан былай қалып, байлық, билік алға шықты. Агрессия асқынды. Жер бетінде империялық дауылдар көтерілді. Дамыған елдер дамымаған елдерді екі бүктеп, бір шайнады. Кім күшті болса, соның жұлдызы жанды. Осы тұста Англияда 1727 жылы байлардың ықпалды 300 әулеті құрған, қиянатшыл қағидаларды ту еткен «Комитет 300» дейтін астыртын ұйым дүниеге келді. Бұл ұйым өмірге келген күннен бастап «Құдай сөзін сөйлейтін әлем діндерін құрту керек» деген қағиданы жариялады. Өйткені «Өлтірме!», «Кісі мүлкін алма!» дейтін діни догмалар әлемдік байлық пен билікке ұмтылған империалистердің қолын, жолын байлайтын еді.

Сол «Комитет» әлі күнге жұмыс істеп келеді. Бұл ұйым орталығы бүгінде, ең алдымен, супер­дер­жа­валық елдердің мүддесін қор­ғайды. Батысеуропалықтар мүд­десін қорғайды. Бірақ бұл ұйым қабылдаған шешімдер айдай әлемге әсер етеді. Өйткені бұл ұйымның түп мақсаты, анау-мынау емес, ­айдай әлемді құрықтау. Бір орталыққа бағындыру. «Комитет 300-ге» ­ба­­ғындыру. Өйткені «Байлық кімде болса – билік сонда».
Әлем байлығы, негізінен, осы 300 әулет қолында шоғырланған еді.
Хақ жолынан ауытқу, асқынған ашкөздік ХІХ ғасыр аяғында тіптен өзінің шарықтау шегіне жетті. ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр тоғысында әлемді бөлшектеу, тонау, отарлау өз дегеніне жетті. Тарих теңізіне тайраңдап, жұмыр жер жұмырына жұқ болмаған екі-үш акула – империя шықты. Тарих сахнасына әлем ақшасын арқалап атышулы олигарх­тар шықты. Рокфеллер, Ротшильд, Моргандар.
Бұ жайлы 1917 жылы өзінің «Им­­пе­риализм как высшая ­стадия капи­тализма» атты еңбегінде қызыл­дар көсемі В.И.Ленин былай деп жазды:
«ХХ век – поворотный пункт гос­подству финансового капитала. Финансовый капитал такая крупная, можно сказать, решающая сила во всех экономических и во всех международных отношениях, что он способен подчинить себе даже государств, пользующиеся полнейшей полити­ческой независимостью».
Бұл пікірдің дәлдігіне банк ­магнаты Ротшильдтің: «Маған кез келген елдің банк тізгінін беріңіз, содан кейін мен ол елдің заңына түкіргенім бар!» деуі дәлел.
Ресейде 1917 жылы билікке келген большевиктер әлем батырақ­тарын бай-буржуйларға қарсы көтерді. Дүниежүзілік төңкеріске шақырды. Әлем пролетариаттарын бай-буржуйлардың бары да, бағы да болған байлығын тартып алуға шақырды. Бұл ұран «Комитет 300-дің» ала сайтанын қоздырды. Осыдан кейін оның қас жауы коммунизм болды. Коммунизмді қолдайтын кедей-кепшік болды.
Америкалық мұнай магнаты Джон Рокфеллер өзі кедей отбасынан шықса да кедейлерді суқаны сүймеді. «Кедейлер бұ дүниеге келгенде кедейлікті өзімен бірге ала келеді» деді. «Адамзаттың асылы өз еңбегімен байығандар!» деді. Одан туған (1915) Дэвид Рокфеллер қарақұрым қарапайым халықты жеккөруде әкесінен асып түсті. Алдымен оның қырына АҚШ ­жа­нындағы кішкентай кедей ел ­Пуэрто-Рико ілікті. «Халқының ден­саулығын көтерейік!» деп, бұл елге дәрігерлер қаптатты. Пуэрто-­Рикода жаппай бедеулік белең алды. Одан кейін «Азық-түлік көмегі» деп, бұл елге ГМО тағамдарын тоғытты. ­Пуэрто-Риконы қатерлі ісік жайлады.
Германияда билікке фашистер келгенде Дэвид Рокфеллер әйелі ұл тапқандай қуанды. Гитлерге өз қалтасынан 10 миллиард доллар ­суырып берді. Фашистердің «азғантай асыл тұқымдыларды қалдырып, қалған кәкір-шүкірлерді қыра салу ­керек!» деген қағидасын қызу қолдады. Бүкіл әлем құбылаға құлдық ұрғандай табынып келген осынау атышулы олигарх­тың тағы бір өрескел, ерсі әдеті болды. Олигарх қайда жүрсе де өзімен бірге банкіге ­салып тірі қоңыз ала жүретін. Оңашада сол қоңыз пақырдың желкесіне ине сұғып, қорғансыз жәндіктің қалай қиналып жан тапсырғанын көру оның бір сүйікті ермегі болды. Дэвид Рокфеллер жүзден асып өмірден өтті. Ол өмір бойы «Комитет 300-дің» беделді мүшесі болды.

Трамп «Американы тағы да алып етейік!» деген ұранмен кірді тарихқа. Бұл ұран АҚШ халқының құлағына майдай жақты. Америкалықтар алдына жан салмайтын Американы таңдады. Ал, Қытай ше?! Өзін «Аспанасты еліміз, әлем кіндігіміз» деп білетін Қытай амбициясы АҚШ-тан асып түспесе, кем соқпады. Атамзаманнан арманы «аспанасты елін» әлем кіндігіне айналдыру еді. Осынау еңбекқор, жанкешті халық бүгінде сол армандаған асуын алуға беттеді. Орыс ойы да осал емес. Әлемде бірінші болу. Әлемдегі ең көп ядролық оқтұмсық осы елде. О бастан инженерлік ойы озық орыс ойлап тапқан қару бүгінде бірінен бірі өтеді. Соның арқасында орыс арманы орындалып келеді. Санаспай көр! Осылайша, жаңа ғасыр осы үш алыптың әлемдік билік үшін арпалысынан басталды. Мұздай қарулы бұл үш алып бүгінде ІІІ Дүниежүзілік соғысты бастаудың аз-ақ алдында тұр. Кез келген минутта адамзат басына ақырзаман орнатуға әзір. Сонда, сонша жанталасатындай бұларға не жетпей жүр?! Дүние тыныштығын быт-шыт етердей бұларға не көрінді?! Десек, бұларға жетпей жүрген анау-мынау емес, әлемдік билік екен! Әлемнің екі тізгін, бір шылбырын қолға ұстау екен. Тоқтаусыз текетірестің тоқетері осы екен.
Хақ жолынан ауытқыған адамзат­тың жеткен жері осы екен.
Хақ жолынан ауытқыған адамзат ХХ ғасырдың екінші жартысында адамзатты жоюдың жойқын жоспарын жасады. Бұл идеяны 1972 жылы Дэвид Рокфеллердің қолдауымен «Комитет-300» ұйымдастырған «Рим клубы» паш етті. Ол үшін «Рим клубы» әлемнің 100 елінен 100 интеллектуалды шақырды. «Рим клубының» пайымынша жалпы саны көп ұзамай 7 миллиардқа жететін адамзатты алып жүруге Жердің өзі шаршаған. Мұнша көпшілікті асырауға қауқары біткен. Сондықтан дамыған 1 «алтын миллиардты» алып қалып, алдағы уақытта дамымаған 6 миллиардтан арылған жөн. Сөйтіп, Жер жүгін жеңілдеткен жөн. Бұл тұқымы тұздай құруға тиіс миллиардтар қатарына Африка, Азия халықтары жатқызылды. Ондай халықтардан оңай құтылудың оңтайлы тәсілдері аталды. Олар – бала тууды шектеу, індеттер, соғыстар, ашаршылық.
«Рим клубы» адамзат тарихындағы бұл жаңа бетбұрысты «Жаңа Әлемдік Тәртіп» деп атады. «Жаңа Әлемдік Тәртіп» бойынша ендігі жерде Жер бетінде бала тууды шектеу жаппай қолдау табады. Яғни бедеулік, белсіздік мақұлданады. Аймақтық соғыстар айыпталмайды. Өйткені олар адам санын қысқартады. Жұқпалы індеттерге көзқарас өзгереді. Жердің бір пұшпағында жұқпалы індет бұрқ етсе қуармау керек, қуану керек. Өйткені індет адам санын қысқартады. Ал ашаршылыққа келер болсақ, ашаршылық – атамзаманнан адам санын азайтуда алдына жан салмаған тәсіл. «Әлемдік Тәртіп» архитекторлары осылай ойлайды. Бұлар – адамзат болашағына «Жаңа Әлемдік Тәртіп» әзірлеген сыбағалар. «Жаңа Әлемдік Тәртіп» бойынша барлық салаларда ескі әлемдік тәртіп өзге­реді. «Тәуелсіз елміз!» деп тайраңдап жүрген­дерге де бұл архитекторлардың айтары бар. «Біз жоспарлаған «Әлемдік Өкіметте» тәуелсіз елдерге орын жоқ!» дейді олар. «Керісінше, бәрің түгел бір өкіметке, «Әлемдік Өкіметке» бағынасыңдар!» дейді.
Байқап отырғаныңыздай, бұл ­анти­а­дамдық жаңалықтардан дені сау адамның төбе шашы тік тұрары хақ. Тәуелсіз елдерге тиіспек ниеттері, тіптен, кісінің зығырданын қайнатады. Оған кім көнеді? Өлгенде көрген егемендігінен кім айырылады, өз еркімен?! Соғыстың көкесі сонда болмай ма?! Демек, бұл пиғылды жариялаушылар ақиқаттан алыс­тап, қиялға беріліп кеткендер. ­Алайда осынау ұрда-жық мегажобалар ішінде бізге ұнаған біреуі болды. Ол – постиндустриализм, яғни капитализмді ­демонтаж жасауға бағытталған жоба еді. Бұл мегажоба ­бойынша дамыған елдер, әсіресе Америка, өзінің қоршаған ортаны ­ластап жатқан алып зауыт-кешендерін жабады. Күллі әлем тағы атмосфераға зиян келтіретін кешендерін жабуға тиіс. Сондықтан ­«Комитет-300» «Жасылдар қозғалысын» жанын сала қорғап жүр. Бізге ұнағаны жалғыз осы жоба.
Бұл мақаламызда біз «Комитет-300» ұйымына қатысты деректерді, негізінен, кезінде британ агенті болған Джон ­Колеман жазған «Комитет-300» кітабынан келтірдік. Джон Колеман ­Британ агенті ретінде осы ұйым жұмысына тікелей араласқан. Бұл автордың ­жазуынша ­заманауи АҚШ тарихындағы ­атышулы саясаткерлер Збигнев Бзежинский, Генрих Киссинджерлер де осынау ­«Комитет-300» ұйымын қолдап, онымен тығыз байланыста болғандар. Бұлардың геосаясатқа көзқарасы – «Комитет-300-дің» көзқарасынан аумайды. Сондықтан олардың бәрін әлемдік БАҚ бір ауыз сөзбен «глобалистер» атады. Аса көрнекті америкалық глобалист, әйгілі русофоб Збигнев Бзежинский КСРО құлағаннан кейін көп ұзамай «Ұлы шахмат тақтасы» атты кітап жазғаны белгілі. Бұл кітабында Бзежинский ол кездегі әлсіз Ресейге даму мен демократияға барудың бір төте жолын ұсынды. Ол – Еуроодаққа мүше болу еді. Бірақ, бұл жол Ресейді АҚШ, НАТО-ға кіріп­тарлыққа алып баратын жол еді. Сон­дықтан Ресей ол жолды таңдамады. Осы кітабында Бзежинский өзге Орта Азия республикалары үшін Қазақстан мен Өзбекстанның орны бөлек екенін айтады. «Ресей жағында орналасқан Қазақстан Орта Азияға қалқан болып тұр» дейді. Қараңыз!
«Казахстан представляет собой ­привлика­тельную первоочередную цель, поскольку его этническая уязвимость не позволяет его правительству превалировать в открытой конфронтации с Москвой. Постепенное подчинение Казахстана привело бы в результате к геополитической возможности почти автоматического вовлечение Кыргызстана и Таджикистана в сферу влияния Москвы, что сделало бы ­Узбекистан и Туркмению уязвимыми для более откровенного россииского давления. ­Москва может также сыграть на опасениях ­Казахстана в связи с растущим динамизмом ­Китая, ровно как на вероятности усиления ­недовольства Казахстана расширением масштабов китаизации населения» деп жазды Бзежинский сабазың. Ресей болса Орта Азия республикаларының тәуелсіздік жариялағына қарамастан бұл аймақты өзінің мүдде аймағы деп біледі дейді ­Бзежинский. Ресей «бөліп ал да, билей бер!» деген, империялық саясатын ұмытқан жоқ дейді. Алыста жатқан ­Америка мүддесі басқаша, ол осынау табиғи ресурстарға бай аймақты жалғыз Ре­сейдің билеп-төстеуіне жол бермей, ай­мақта өз белсенділігін арттыра беру дейді.
Збигнев Бзежинский ғасыр тоғысында Еуразия құрылығына арнап неге кітап жазды? Атышулы саясаткер бұл аймаққа неге шұқшиды дегенге келсек, оның жауабын біз ағылшын ғалымы Джон Маккиндердің «Heartland», яғни, «Жер жүрегі» атты теориясынан табамыз. Геосаясатты ғылым дәрежесіне көтерген Маккиндер 1904 жылы «Heartland» атты кітап шығарды. Осы кітабында ол атышулы «Жер жүрегі» теориясын жария етті. Бұл теория бойынша Белоруссияның Брест қамалынан басталып Қытайдың Сарыөзеніне дейін ұзыннан шұбап жатқан құрылық «Жер жүрегі» деген атқа ие болды. Ғалым толып жатқан геосаяси дәлелдерді келтіріп, «Кім де кім осы «Жер жүрегін» билесе, түптің түбінде сол әлемді билейді!» деп қорытады. Маккиндер белгілеген «Жер жүрегіне» Шығыс Еуропа, Ресейдің түстік бөлігі, Қазақстанмен қоса Орта Азия кіреді. Збигнев Бзежинскийдің «Ұлы шахмат тақтасына» да осы аймақ енген. Бұл жерасты байлығы тұнған аймақ. Маккиндер теориясы жария етілгеннен кейін бұл аймақ англо-америкалық саясаткерлердің көкейін тескен аймаққа айналды. «Кім де кім «Жер жүрегін» билесе, сол түптің түбінде әлемді билейді» дегенді олар әліппедей жаттап алды.
Соған қарағанда, «Маккиндер теория­сының өзі өзгенің жеріне сұқтанбай тұра алмайтын тойымсыз империялық ындыннан туған ба?» дейсіз. Англо-америкалықтарға тән империялық ашкөздік бұл теорияны ту қылып көтеретініне Маккиндер имандай сенсе керек. Солай болды да. «Жер жүрегі» теориясымен жаппай қаруланған әлемдік күштер Орта Азияға, әсіресе Ресей жеріне сұқтануды, әлдеқашан геосаяси заңдылыққа айналдырды. Ол пиғылдарын англо-америкалық тұлғалар, тіптен Ресей төрінде тұрып айтудан да қымсынбайтын болды. Мәскеу төрінде тұрып тоқсаныншы жылдары Ұлыбритания премьер-министрі Маргарет Тетчер журналистермен бір кездесуде: «Халықаралық қауымдастық «орыстар он есе қысқаруға тиіс, бүгінгі 150 миллион халық орнында 15 млн халық қалса да жетеді» деген пікірін жария етеді. Орыс журналистері: «Сіз қателесіп тұрған жоқсыз ба?» дегенде, Тетчер: «Жоқ, қателесіп тұрғаным жоқ, бұл халықаралық қауымдастықтың пікірі» деді. Ол аз болса АҚШ мемлекеттік хатшысы Мадлен Олбрайт та Мәскеуге келген сапарында, орыстардың төбе шашын тұрғызып, Тетчердің пікірін қайталап айтты.
Бұл – англо-америкалық глобалистер бірінің ауызына бірі түкіріп қойғандай, орыстарға деген жаулығын жасыра алмайтын халге жеткенін көрсетеді.
Бұл – Оралдан Қиыр Шығысқа дейін ұзыннан шұбап жатқан орыс жері, кешегі Ресей империясының екі ғасыр бедерінде түстік-шығыс көршілерінен тартып алған жері, енді бүгінгі Ресейдің бас ауруына айналғанының дәлелі. Әлем күштерінің бұл жерге сұқтана беретінінің дәлелі. Өзіне ыңғайлы теориялар тауып алып, өзгенің жеріне сұқтануды қоймайтын глобалистер, енді сол геосаясаттағы «Жер жүрегі» үшін Ресейдің түн ұйқысын төрт бөле бермек. «Жер жүрегінің» қақ ортасына орналасқан Орта Азия да бұл сыртқы сұқтанулардан сырт қалмайтыны белгілі.
Әңгіменің ең қиыны – «біз тұрып жатқан «Жер жүрегі» күндердің күнінде әлем күштерінің текетірес майданына айнала ма?» деген қауіп. Ендеше, сауысқандай сақтық ең алдымен Орта Азияға қажет. Бүгінгі әңгімемізді біз әлемдік күштердің әлемге қандай болашақ дайындап жатқанынан бастаған едік. Глобалистер патриархы Генри Киссинджер, тіптен «Жаңа Әлемдік Тәртіп», осы пандемиядан кейін басталып кетеді» деп те жіберді. Ендеше, сақтықта қорлық жоқ. Осындай қысқа күнде қырық құбылған заманда Орта Азия, Қазақстан уақытты босқа өткізіп алмауы керек. Ертеңгі, сау басымызға сап ете түсер саяси сценарийге дайындық, бүгіннен басталуы керек. Ол қандай сценарий? Ол – біздің жерімізге, елімізге Тәуелсіздігімізге төнуі мүмкін қауіп. Жұдырық ала жүгірген агрессорды, қарсы сілтенген жұдырық қана тоқтатады. Орта Азияның бес республикасы бүгінде бес саусақтай бөлек-бөлек жатыр. «Бес саусақ ашылса – қылдырық, жұмылса – жұдырық». Ендеше, бұл бес республика болашағын баянды ету үшін қылдырық емес, жұдырық болуы керек. Саяси одақ құрудан басқа жол жоқ. Қазіргі төңірегімізде қалыптасқан жағдайға қарасақ, бұл аймаққа алғашқы соққы түстік жақтан болуы мүмкін. Ауғанстан, Тәжікстан аумағында шоғырланған «Өзбекстан Ислам Қозғалысы» отыз жылдан бері Орта Азияға қарсы шеп құрап, күш жинап жатыр. 100 мыңдай жауынгері бар. Оларға соңғы кезде Ирак, Сириядан шыққан «Ислам мемлекетінің» жанкештілері қосылып жатыр. Мақсаттары – жалғыз. Орта ­Азияда «Ислам халифатын» орнату. Орта Азияға шабуыл басталған күні оларға ауған талибтері қосылып кетпесіне кім кепіл? Бұлар соғыспен көз ашқан, қабағынан қар жауған, мұзбалақ жанкештілер. Бүгінде ақпарат құралдарының жазуынша, Ауғанстан мен Өзбекстан, Тәжікістан шекарасында олардың 10 мың жауынгері шоғырланған. Өзара бірлігі жоқ Орта Азияда осынау өлермен фанаттарға қарсы тұрар күш бар ма? Әлде, алғашқы шайқастарда-ақ шашылып қалып Ресейден көмек сұрап жүреміз бе? Әрине, бұндай күн Орта Азия басына туса Мәскеу майданға кіруге асықпай, өзбек, қазақ, қырғыз, тәжік, түрікмендерді террористердің біраз төмпештеп алғанын күте тұрмақ. «Ойбай, орыс аға! Қайдасың? Көмектес!» деп, Орта Азия аяғына жығылғанша күте тұрмақ. Ақыры, шырқыраған ескі достарын аяған болып Мәскеу террористерге қарсы қарақұрым қырғи ұшақтарын қаптатар. Төбесінен бомба төгер. Жеңер. Бірақ оның нәтижесі не болмақ?! Нәтижесінде Орта Азия егемендігін жартылай жоғалтып Ресей протекторатына айналуы мүмкін. Тіпті террористерден шошыған кейбір республикалар көзді жұмып Кремльдің қолтығына кіріп кетуі де мүмкін. Әрине, бұндай болашақтан Құдай сақтасын!!!
Бұндай болашақтан Құдай бізді, әрине, бас біріктірсек қана сақтайды. Ендеше, Орта Азияға, шекарасы ортақ, әскері ортақ одақ құрудан өзге жол жоқ. Одақ осы аймақты мекен еткен ордалы жұрттың обалына қалмас үшін керек. Осындай саяси қадамды бірінші болып Өзбекстан мен Қазақстан жасайтын кез келді. Өзбекстан мен Қазақстаннан кейін бұл одаққа Қыр­ғызстан мен Тәжікстан кірері хақ. Бұндай жағдайда Түрікменстан да сырт қалмауға тиіс. «Орта Азия Одағын», әрине Ресей мен Қытай құптамайды. АҚШ құптауы мүмкін. Еуроодақ құптайды. Түркия құптайды. Орталығы Түркістан болатын болашақтың «Тұран одағына» барар жол, біздіңше, осы – «Орта Азия Одағы» болмақ.
Осы тұста бізге «Қиялға беріліп кетпе­діңіз бе?!» деп, кінә тағушылар да табылар. Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан! Діні бір, тілі бір, ділі бір осынау жас тәуелсіз елдің бесеуі де осы күнге шейін «одақ» деген сөзден шошиды. «Ортақ өгізден, оңаша бұзауым» деп. Рас, отыз жыл бойы бізге ешкім тиіскен жоқ. Отыз жыл бойы әркім өз күнін өзі көрді. Бірақ дүние өзгермей осылай тыныш тұра беретініне кім кепіл?! Тыныштығымызды бір күні біреу бұзбасына кім кепіл?! Сонда, опық жеп сазға отырып қалмас үшін, ұрпақ қамын, ұлт қамын ерте ойлағанға не жетсін!
Байқап отырғаныңыздай әңгіме арқауы – ұлттық қауіпсіздік. Сыртымыздан тон пішіп, сыртымыздан тор құрып жатқандарды атадық. Жалғыз біз тұрмақ түгел дүние тағдырын таразыға тартып жатқандарды атадық. «Рим клубы» Жер бетіндегі халық санын қысқару қайшысына, алдымен, дамымаған елдер түседі деп отыр. Дамыған елдер емес. Азияда тұрса да дамыған елдер қатарына қосылған Жапония аман қалатын «алтын миллиард» құрамында. Орта Азия ол «ақ тізімде» жоқ. Глобалистер бізді «қара тізімге» енгізген. Көріп отырғанымыздай, «қара тізімде» болмаудың бір жолы жапондардай даму екен. Дамыған елдердің қатарына қосылу екен. «Қара тізімнен» шығудың жолы осы екен. Ол үшін, біз де жапондардай дамыған ел болуымыз керек екен. Бірақ... бірақ... дамыған ел болу біздің қолымыздан келе ме?! Міне, мәселе қайда?! Қолымыздан келеді десек ол үшін не істеу керек? Біздіңше, өткен ­Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты толғандырған мәселенің үлкені осы болды. Ұлт сапасын көтеру болды. Өйткені адам сапасы көтерілмей ештеме өзгермейтіні белгілі. Өзгерісті өзгерген адам ғана жасайды. Ал адам өзгеруі үшін отбасы, бала­бақша, мектеп, ЖОО-ның сапасы өзгеруі керек. Отбасында, балабақшада, мектепте, ЖОО-да кәсіби, мәдени, рухани, имани тәрбие сапалы болмай сапалы адам, сапалы маман шықпасы анық. Қысқасы, біз, үлкен реформа алдында тұрмыз.
Қазақстан экономикасын әлі күнге алға сүйреп келе жатқан жерасты бай­лығы­мыз. Содан түскен пайда. Дамыған елдер болашақ ұрпақ несібесі деп жерасты байлығын қозғамай сарымайдай сақтап, жауып қойып отыр. Оның орнына миын қозғайды. Миын қозғаған елдерде өнертапқыштық өрге басып, инженерлік, интеллектуалдық, технологиялық даму өркен жайды. Шарықтап өсті. Миды қозғау біздің қолымыздан келе ме?! «Біздің қолымыздан келеді!» деп өткен ғасыр ортасында білекті сыбанып, реформа жасаған Жапония, Оңтүстік Корея жиырма бес жыл ішінде дамыған елдер қатарына қосылды. Осындай күрт өрлеу біздің қолымыздан келе ме? Әлде, келмей ме?!
Біздіңше, келеді. Қазақ – талантты халық! Жасампаздық, пассионарлық қуаты сарқылмаған халық. Сол пассионарлық дүмпудің арқасында аз ғана уақыт ішінде Арқада жаңа астана – Нұр-Сұлтан салынды. Демек, қазақ жұдырықтай жұмылса, тау қопарып, тас жарады. Бұл тек біздің пікіріміз емес. Қазақтар жайлы айтқан тарихи тұлғалар пікірі.
Орта ғасырлардағы Орта Азия туралы, оның болашағы туралы, ХХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген, әйгілі ағылшын тарихшысы Арнольд Тоинби өзінің «Тарих тағылымы» атты кітабында тамаша тарихи тұжырымдар жасады. ­Тоинби: «ІV ғасырдан XVII ғасырға дейін өркениет аралық құрылық жолы көшпелі түріктердің күшті бақылауында болды. ­Бабыр заманындағы Ферғана әлемнің кіндігі болды. Ендігі жердегі әлемнің кіндігі Орта Азияның Ресей мен Қытай арасында жатқан бөлігіне, күндердің-күнінде ауысуы мүмкін» деп жазды. Қараңыз, өткен ғасырдың 60-шы жылдары дүниеден өткен бұл кеменгер, әрине, өзі өлгеннен кейін араға 30 жыл салып Орта Азияның осы Қытай мен Ресей арасында орналасқан бөлігінде «Қазақстан» атты тәуелсіз мемлекет тарих сахнасына шығатынын білген жоқ. Бірақ Қазақстан орналасқан бұл аймақ болашағына тым биік баға берді, үлкен үміт артып, аспандатып кетті. Біз Тоинби рухына «Айтқаныңыз келсін! Жаныңыз Жаннатта болсын!» дейміз.
Мәскеуде туып, ислам теологі ретінде Мәскеуде қалыптасқан ұлты әзірбайжан, әйгілі ойшыл Гейдар Джемаль қазақтар туралы:
«Потенциал раскрытия казахского народа ждет своего часа. Это прозойдет в рамках большого Турана, где Казахстан явится становым хребтом» деп, артында жүрекжарды сөз қалдырған. Бұл ойшыл 2018 жылы өмірден өтерде «Сүйе­гім қазақ жеріне жерленсін!» деп өсиет етті. Мар­құмның соңғы тілегі орында­лып, ол Алматы маңына жерленді. «Ұлы Тұ­ран­ның ұлы перзенті Гейдар мырза, бақида жаныңыз Бейіш төрінде шалқысын!» дейміз.
Глобалистер қолға алған мегажобада дүниежүзілік капитализмді демонтаж жасау жобасы айтылған. Бұл деген сөз жаңа ғасырда адамзат, социализм де емес, капитализм де емес, жаңа бір қоғамдық формацияда өмір сүреді деген сөз. Ол жаңа қоғамдық формацияны глобалистер, әзірше, постиндустриализм дәуірі деп жүр.
Постиндустриализм дәуірі деген не? Ол туралы түсінік әлі айқын емес. Әзірше оның сұлбасын біз глобалистер жария еткен «Жаңа Әлемдік Тәртіп» концептінен байқадық. Оның бет-әлпеті жаман. Ат төбеліндей аз ғана олигархтар армандайтын «Жаңа Әлемдік Тәртіп» немесе «Әлемдік Өкімет» мегажобасы адамзаттың екі аяғын бір етікке тығатын қаныпезер жоба. «Жер бетінде 1 миллиард адам қалса да жарайды деп, қалған 6 миллиардты қысқарту (қыру) керек» деп жүргендер кім болса о болсын, олар адам емес, адам бейнесіндегі Тажал деуге келеді. Қасиетті кітаптарда айтылатын Заманақырда Жер бетінде ойран салатын Тажалдың өзі деуге келеді. Ондай Тажалды тежеуге тиіс күштер, Құдайға шүкір, Жер бетінде баршылық. Сол күштер, біз бастан кешкен әділетсіз «измдерден» кейін, Жер бетінде қарасы мен ханы тең, кедейі мен байы тең әділетті қоғам орнатар деп үміт етеміз. Ол қоғам Гуманизм дәуірі болар деп үміт етеміз. Сондай болашаққа сенейік!

1167 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы