• Тұлға
  • 08 Қазан, 2020

АҚСАҚАЛ

Иә, дүрбелең, дүбірі мол бүгінгі заманда жасы ұлғайған жанға жадында жатталғандарды көз алдынан өткізіп, жақсыларын түгендеп отыру бір мәртебе. «Әке туралы ой-толғау» кітабына менің кейіпкерім көп үңіледі екен:
«...Перзенттік парызды адал атқару ұлы мәртебе. Еліміз қиын-қыстау кезеңді бастан өткеріп келе жатқан осы шақта ұлан-ғайыр даласы бар елдің қол жеткен жетістігін өрлетіп, кенжелеп қалған тұстарын жетілдіріп, кем-кетігін толтыру кемел ой мен биік парасатты қажет етері сөзсіз. Аталған кітаптың авторы, қазақ елінің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлына ерге сын – нардың жүгін арқалау міндеті жүктеліп отыр. Егеменді елдің екінші Президенті. Ел сенімі, халықтың үміті. Бәрінің бастауы – ата-ананың ұлағатты өнегесі мен перзентке берген тәрбиесінен бастау алады» деген тұжырымын Баймырза ақсақал жастарға жеткізіп айтқысы келеді.

Осы еңбектің 90-бетінде автор әкесінің дос-жарандары ішінде ­Баймырза Дәуренбеков деген азаматты ерекше атап айтады. Әкесі Кемел Тоқаевпен ағалы-інілідей болып, болашаққа бастар игі істер жолында туған бауырдай тілекші, туған тілінің қадірін арттырып, қасиетін қастерлеген қызмет бабында қатар жүріп, қолын ұзартатын іні болғанына тоқталып өтеді. Баекеңнің білікті маман, сауатты аудармашылығы жайында сөз қозғайды.
Тіл мәселесі – ұлтжанды аза­мат­тар­дың көкейінен бір сәт те шықпайтын ұлы мақсат. Сол уақыттың өзінде, қазақ сөздігін, әсіресе терминология саласын бір арнаға түсіру, ұлтымыздың ресми ісқағаздарында қолданылатын терминдерді қалыптастыру үлкен міндет болатын. Бұл мәселе әлі күнге қазақ зиялысын толған­дыратын тақырып.
Кеңес Одағы құрамында болған сол жылдары республика көлеміндегі мемлекеттік маңызды құжаттардың мәтіні қазақ тіліне ­аударылып, мұрағатқа өтетін. Ол үшін ресми ісқағаздарын қазақ тілінде жақсы меңгерген мамандарға, журналистерге артылар жүк те қомақты. Ана тілінің мәйегінен көкірегінде ұлттық қасиет дары­ған­дардың бірі Баймырза Дәурен­беков ел сенімін, кәсіби міндетін арқалаған азаматтардың бірегейі.
«Тіл – ақылдың тұғыры» дегенді қазақ бекер айтпаса ­керек. Осы мамандықтың тұтқасын ұстаған қариялар қатарынан ­табылып отырған Баекеңнің жас мамандарға айтары да, ұсынары да түгесілген жоқ. Сөз зергері ­Баймырза Дәуренбеков тоқсанында да осы ойдың жетегінде толғанады. «Тілсіздік – тексіздіктен туады!» Қатты айтылған сөз. Шындықтың жүзі өткір. Тілге абай болайық дегенді жиі қайталайтын абыз ақсақал орыстың шығыстанушы ғалымы түрколог Платон ­Михайлович Мелиоранскийдің: «Қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең таза, әрі бай тілдерге жатады. Қазақтар шешен әрі әдемі сөйлеудің үлкен шебері. Қазақтың халық әдебиеті аса бай әрі жан-жақты» деген тұжырымын мақтану үшін ғана емес, сол биіктен адасып қалмау үшін өзінен кейінгілердің есіне үнемі салып отырады.
Жан дүниесінің тазалығы, алған тәрбиесі мен өскен ортасын айтпағанның өзінде, оның талап қуып, білімге ұмтылған өмір жолында кездескен жандардың да ықпалы тіл саласына деген құштарлығын оятқан еді... Өмір жолы дегенде, Баймырза ағамыз 1930 жылы Торайғыр тауының бөктерінде, Дәуренбек ақсақалдың отбасында дүниеге келген кенже ұл. Ол уақыт елдегі колхоздастыру, ұжымдасу қалыптасып кете қоймаған кезеңнің бір соқталы тұсы еді. Аштықтың, індеттің қазақ даласын жайлағаны да осы ­мезетте өтті. Әке мен шешеден көз ­жазып, шиеттей алты ұл бала тұл жетім қалды. Үлкен ағасы Әлібек екі кіші ұлды жетелеп апарып Қазақстан Халық Комиссарлары Кеңесі арқылы Қорамдағы ­(Алматы облысының сол кездегі Шелек ауданы) балалар үйіне тапсырады. Өткенін еске алса болғаны, алдымен Әлібек ағасының тәрбиесі мен балалар үйінде көрген қамқор әрі бағыт берген ұстаздары ойға оралады. Бала Баймырза етінің тірілігі мен зердесінің ояу, қабілеттілігі арқасында Кегеннің Жалаңаш ауылындағы орта мектеп-интернатқа ауысқаннан кейін де өз қатарларынан озықтығымен көзге түседі. Ұлы Отан соғысынан кейінгі қуанышы мен қиындығы қатар келген, ел еңсесі көтеріле бастаған шақта – 1947 жылы мектепті ойдағыдай бітіріп, Алматыға оқуға келеді. Әрдайым көкейінде зерделеу мен тиянақтылық орныққан бозбала болашақта тарихшы мамандығын меңгеруді мақсат етеді. Қазақ елінің сол кездегі астанасы Алматыға арман арқалап жеткен Баймырзаға келіп түскен үйдегі студент қыздың «Тарихшы болып, өткеніңді зерттеген жөн. Дегенмен, журналист болу – ел алдында, қайнаған өмірдің ортасында жүру қызықтырмай ма?» дегені қатты әсер етеді. Бір орынға бес талапкер сайысқан сол бір додалы өткелде журналистика мамандығын оқытатын факультеттің студенті атанды. Оқуын 1952 жылы абыроймен бітіріп, сол кездегі «Социалистік Қазақстан» (Қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің редакциясына жолдама алады.
Өмірден сүбелі үлеске ие болар болашақ сүрлеу соқпағына тағдыры өзі жетелеп әкелгенін есіне алса, әсем әңгіменің арқауы өзінен өзі өріліп, өткен күндердің шуағы мен жібектей жанға жайлы жұмақ күндері көз алдынан тізбектеле тізіліп келе қалады... Сыр суыртпақтай отырып, бақыт кілтін, байлық бастауын, өмір керуеннің әдемі көшін жүректе жатталған мақамды жырдай тарқата береді.
...Алғашқы еңбек демалысын алып, туған елге алып ұшқан жігітті әке шаңырағын ұстаған аға-жеңгенің мәрт көңілі масайратқан кездесу, иә сол сәттер Баймырза өмірінің шамшырағын тұтатқан, болашағына бастайтын сүрлеу соқпағының алғашқы қадамына себепші болған екен. Туған ауылында аунап-қунап, алғашқы еңбек демалысынан Алматыға оралған бойда ол күндері ҚазПИ аталатын білімнің қара шаңырағында оқитын екі студент құда баланың амандығын біліп, ауылдың сәлемін жеткізуге жатақханаға келеді. Білімге, өмірге құштарлығымен қатар сол уақыттағы жастардың бойында бір-біріне қамқорлығы, мәрттігі басым еді. Өзінен әлдеқайда кіші бола тұра, әңгіменің ашығына көшкен құда бала туған бауырындай Баймырзаға: «Сізге ғана қалыңдық болуға лайық бір ару бар. Жақын досымыздың қарындасы биыл ЖенПИ-ге оқуға түсті. Таныстырайық» деп қолқалайды. Бұл әңгіме жаратылысымнан мінезім тұйықтау. Оның үстіне, қыз алдындағы ұяңдықтан әлі күнге арыла алмай жүрген маған кәдімгідей ой салды.
«Ол кездің дағдысы – киноға шақыру. Бәрінің басын қосып (қызды ағасымен бірге) кино­театрға апарғым келді де, дереу студенттерді ресторанда қонақ етіп, бір құрметтеу ойыма келді. Алайда ауылдан оқуға енді келген қыз ­баланы бір топ жігітпен ресторанда ауылдас таныстары көрсе, не дейді деген сұрақ мазалады. Алматының орталығындағы мейрамханалардан аулақ болған жөн. Кегеннің тұрғындары Алматыға автобус­пен қатынайды. Ауылдастар көп маңайламайтын теміржол вокзалы маңынан ресторан таңдауға тоқтам жасап, сонда танысу дастарқанында кездестік. Анар төрт жыл оқуын бітіргенше сырлас кештер мен ­театр, концерт, т.б. демалыс сәттерін жұп жазбай бірге өткіздік. Қыз баланың өз тағдырын саған сеніп тапсыруы, сезіміңе сезіммен жауап беруі – жігітке үлкен жауапкершілік жүктейді. Мені мазалаған ойдың үлкені мынау еді: «Жас маман жігіттің алдымен – отау құратын, киелі босағадан аттаған соң өмір жарастыратын өз шаңырағы болуы тиіс» деген ұстанымнан аспай, тіпті қалыңдығымның қолынан ұстауға да батылым бармады. Өзімнен біршама жас кіші, білім жолында болашақ мамандығын алаңсыз меңгерсін деген қамқорлығым да жігіттік жалынымды тежеуге себепші болды. Бәрі де өз сәтімен орайы келіп, ойдағыдай тұрмыс құрдық. Екі перзент сүйіп, бір шаңырақ астында тату ғұмыр кештік. Анар Ленинград қаласында ғылыми еңбегін қорғап, биология саласының ғылым кандидаты атағын алды. Бір-бірімізді түсіну мен әрдайым қолдау берекеміздің бастауы болды...» деп ескірмейтін шақтардан әдемі сыр суыртпақтайды.
Журналистік қадамын әдеби қызметкерден бастаған ­Б.Дәурен­беков бас газеттің жауапты хатшы­сының орынбасары қызметін 6 жыл атқарады. 1964 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президумына сол кездегі бөлім бастығы Кемел Тоқаев жұмысқа шақырады. Ұсынысқа газеттің бас редакторы үзілді-кесілді қарсылық білдіреді. ­Сауатты әрі ұқыпты маманнан қай басшы оңай айрылғысы келсін. Кеңес Үсебаевқа сол кездегі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төралқа хатшысы Бижамал ­Рамазанова ресми шақырту жіберіп, сұра­тылып отырған маманның қазақ еліне ортақ маман екенін редак­тордың есіне салады. Осы жолы газет ­редакторы амалсыз келісіп, 1966 жылы жаңа орынға қызмет ауыстырады. 1978 жылдың басында бөлім меңгерушісі болып тағайындалады.
Мерзімді баспасөздің тауқы­метінен арылып, журналис­ти­каның тағы бір өзекті саласында – тіл сауаттылығы мен білікті аудармашының жүгін қоса арқалатқан қызметтің абыройы мен игілігін қатар көрген Баекең­нің өзі жемісті еңбек еткен тіл сала­сына адалдығы, ғұмырының 90 жасына ақсақалдық деңгейде жетуі, күнделікті серуеннен қалмай, ұрпағына сергек ойлы ақылшы әке болып жүргенінің бірден-бір себепкері адами тазалығы мен тағдырының жазуы – қызметтес, үзеңгілес азаматтарға бір сапта серік болуы деп біледі. Ой тоқырауына ұшырамай, замана ағымымен қадам үйлестіре білу де өмір талабы. Осы тұрғыдан қарасақ, игі жақсылармен туған бауырындай ара-қатынасы, есепке құрылмаған адал достығы, сүйген жарын жаңылмай тауып, үндестікпен өмір кешуінде, ер азаматтың қиын сәттерде шынның жүзінен таймауы да кемел ақыл мен көркем мінездің кепілі екенінің бір дәлелі.
Жолдастыққа адал ­Баймырза­мен жақын сырлас болған марқұм Сәуақас Темірбеков ­«Бае­кеңді көргенде жаным жай тауып, құшақтағым ке­леді» дейтін еді. Ол кездің басшы­лық­қа көте­ріл­ген азаматтарының ­бойында асыл қасиеттер мол болатын. Еңбекқорлық, ойын жалтақтамай батыл жеткізетін жақсылар сиреп бара ма... дегенді көп ойлайды. Солардың бірі – Кемел болатын дегенді жиі айтады.
Тоқсанға жеткендер баршылық. Әңгіме, құдай берген қуат пен сергектіктен ажырамай, сүйегі асыл дегізіп, осы жасқа ақыл-есі өткенді түгендеуге, келешекке алаңдап, айтар сөзі бүтін қалпында жету өзінше бір мәртебе екендігінде.
Баймырза Дәуренбековтің адами болмысына сонау қызметтес болған кезімнен қанықпын. Көкірек көзі ояу өз әкем Шәмшиденнің: «Ұлым, жақсымен жолдас бол – жолың болады, көпті көргеннің сөзін тыңда – көңілің толады» дегені осындайда ойға оралады.

Ғаділбек МУСИН,
КСРО Денсаулық сақтау
ісінің үздігі, Атырау облысы Құрманғазы ауданының
Құрметті азаматы
Алматы

134 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Біздің Құдыс ағай
Келесі мақала МЕЦЕНАТ

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №43

22 Қазан, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жанарбек Әшімжан

Бас редактор