• Әдебиет
  • 08 Қазан, 2020

БІР ХАТТЫҢ ІЗІМЕН

1.«ЖІГЕР» ФЕСТИВАЛІ

«Әуе шарларына қонған көбелек» – менің екінші повесім. Тырнақалды «Динаға арналған сый» атты повесть сол уақытта даңқы дүрілдеп тұрған республикалық жабық конкурста таңдалып, соның арқасында үш жылдан соң 1986 жылы «Жалын» баспасынан жарық көргенде, редколлегия оның әуелгі атауын «Жетінші құрылыққа саяхат» деп өзгертіп жіберген.
1988 жылдың жазында қаладан 300 км алыс ­ауылымда қабылдану оңайға соқпайтын оқуға мұқият ­дайындалып жаттым. Бір күні Семейден шақырту ­хабар келді. Қазақстан Жазушылар одағының облыс бойынша бөлімше бастығы, үлкен жазушы Медеу Сәрсекеев ­«Алматыда жастардың республикалық «Жігер» фестивалі өтеді, Абай ауданынан екі адам ­барады, бірі сен, дайын қолжазбаң болса, ала бар» дегені. Медеу аға ұшақтың билетіне, жолсапарға ақша бергізді, аэрофлотпен алғаш ұшқаным, билет құны 18 сом екені жадымда жатталып қалды.
Алматыға қос повестен соң жазылған алғашқы әңгімемді ала кеттім. «Жалын» журналының редакциясына повесімді бұрынырақ апарып бергенмін. Редакция қызметкері Жұмабай Шаштайұлы повесіме пікірін қағазға жазып берген. Нақты ­ойлансын, кемшілігін түзесін деп хат түрінде ­рецензия бергенін сол заматта жете ұғу қайда?
Жаз маусымы балдай Алматы гүл жайнап тұрған шуақты шақ. Жазушылар одағында фестиваль екі-үш күн қызу өтеді, жан-жақтан жас ақын-жазушылар, музыка, ­театр, кино, бейнелеу өнерінен қатысқандар өз саласында бір-бірін іздеп, мәз-мәйрам жүздесіп, жаңадан келгендер танысып жатады. Мен ауылда емес, сол дәуірдегі қазақ біткеннің көз құртына айналған Алатау бауырындағы әсем астанада жүрсем, КазГУ-дың журналистика факультетінің 4 курсының жазғы сессиясын тапсырып жататын уақытқа тап келді. Әдебиет көгінде жарқырап шығып келе жатқан жас таланттардың түгелге жуығын білемін. Үш қабатты еңсесі биік Жазушылар одағының алдында кітап жәрмеңкесі қоса өтіп жатыр. Кітап қарап тұрсам, өңі киножұлдызға келетін көрікті кісі қасыма келіп, «Айгүл, сен мені таныдың ба?» деп сұрады. Поэзияны соншалық құлық қойып оқымайтын кезім, бірақ журфакта оқыған үш жылда жас ақындар пір тұтқан, қаған деп атайтын даңқты Жұматай Жақыпбаевты таныдым. «Жұматай аға, әрине, сізді білмегенде» дедім. Балаша қуанып кетті. «Мен сен сияқты вундеркинд болғаным жоқ» деді ол маған қошамет білдіріп. Егер Жұматай ақын «Менің жырларымды оқыдың ба?» деп сұрағанда ғой, күмілжіп қалар едім. Арада 20 жыл өткенде «Жәлеледдин Руми. Мәжнүн жүрек» атты эзотерикалық эссеме Жұматай ақынның жауһар жырларын бір тарау қылып, Руми әлеміне қисынымен кіріктіре жазарымды қайдан білейін.
Қиюы келіп тұрғанда, айта кеткен жөн. Жазушылар поэзияны қадалып, сүйсініп оқи бермейді, ал ақындар прозаны еміне, елжірей оқи қоюы сиректеу. Бұл екі жанр оқшауланып, бір-бірін үстірт шолады, сірә. Содан мықты ақындар публицистикасы, әншейін көбігі көп, көшірінділіктен сау емес нашар туындыларды селқос қабылдап, нағыз проза тәрізді көрерін түсіндім. Өлеңге келгенде ақындар мұндай солқылдақ, осалдыққа ұрына қоймайды, асыл мен жасықты айнытпай дәл тануға шебер-ақ.
Республиканың түпкір-түпкірінен келген әдебиет пен өнер саласындағы ­жастар өзара думандатып, фестиваль қазақ және орыс тілдерінде өтіп жатты. Ұлықбек Есдәулетов пен Талғат Теменов екеуі қатар тұр екен, қастарына шақырып алып, жылыұшырай сөйлесті. «Қайда жүрсің?». «Бұйырса, Мәскеуге Литинститутқа барғым келеді» деп ойымды жасырмай айттым. ВГИК-тің кинорежиссурасына түсу туралы ежелгі идея оның әсте мүмкін емесін сезініп, тарқай бастаған. Мені жұрт әдеби ортада тым ерте танылған жазушы қыз деп танитын. Әдеби кеңістіктің шынайы болмысын, мән-маңызын, парызын, қалауын һәм рухын әлі түйсінбей тұрып, айтулы тұлға болуды аңсап, шалық шалғандай өрекпи ұйытқитын көңіл-күйдің ертегідей ұшпалы эйфория­сы, космос­тан берілетін творчестволық энергия, аузымен құс тістегендей асып-тасушылық осы фестивальде қатысып жатқан жастардың талайында болса керек.
Сыртта жерлесім Тыныштықбек ақын келіп: «Сені Тұрсын аға редакцияға ­ша­қырып жатыр» деді. «Жұлдыз» журналына ертіп апарды. Жұртбаев Тұрсын ағаның айтқан әуелгі сөзі есімде шегеленіп қалды. «Сен не деген суық бауыр адамсың!». Мұнысы несі? «Неге ағалап өзің мұнда іздеп келмейсің? «Жұлдыз» журналының биылғы 5-ші санын тұтасымен жастардың шығармашылығына арнадық. Ол шығып кетті. Сен одан қалып қалдың. Осы жолы не әкелдің?». – «Қоңырқаз» атты әңгіме әкелдім». «Ендеше, сол әңгімеңді маған бер, кейінгі нөмірлердің біріне саламын» деді Тұрсын аға. Оның қатты сөйлемейтін, зілсіз адам екенін кейіннен Астанада талай мәрте көрдім. Бірақ алғаш көргенде айтқан бір ауыз сөзі маған ұрысқан сияқты естілген. Республикалық балалар әдебиетіне арналған жабық конкурста орта мектепті бітіре сала ешбір сүйемелсіз-ақ, құдай беріп, алдыңғы лектегілердің қатарында озып шыққан соң ешкімге барып, ағалап, көкелеп, қол ұшын беретін керек кісі іздеп жүрмейтінімді, тіпті ондай ой миыма кіріп шықпайтынын Тұрсын аға қайдан білсін. Жастық максимализм, астыртын албырт өркөкіректік буып тұратын, бәрін өзім білемнің асқынып тұрған шағы. Тап сондай ішкі ниетпен повесіме объективті пікір айтып, оны қағазға түсіріп, қолыма ұстатқан Жұмабай ағаға тарпаңдау сөз айтып қалғаным еміс-еміс ойымда. Кісіні жазықты-жазықсыз беттен алу, көңіліне келетін ауыр сөз айтып тастау негізі қанымда жоқ. Сол жолы Жұмабай ағаға: «Сіздің мына пікіріңізге келіспеймін. Бәрібір менің повесімнің идеясы, тақырыбы бөлек, оригинал. Сіз түсінбесеңіз, қабылдамасаңыз мейлі, ол енді өз еркіңіз. Мен өз пікірімде қаламын» деген сияқты астам ой айтып, түйілжіп, бұрылып кете бардым. Дауысымда бірқатар агрессия, өкпе-реніш тұнып тұрса керек. Жұмабай аға ашуланбады, ештеңе де деген жоқ, тек бетіме таңғалып қарады-ау деймін. Сол мезет «Ой, ақымақ!» деп ұрсып тастаса артық болмас па еді.

2. ХАТ

Жұмабай Шаштайұлының сол хаты менде сақтаулы тұр. Дәлірегі, «Әуе шарларына қонған көбелек» атты повесіме рецензия. Рецензияның мәтіні қаз-қалпында міне:
«Айгүл! Шығармаңның нышаны жақсы. Көркемдік шешімің де ұстамды. Яғни оқушы қандай қиялға салынып, қандай ұйғарымға барғысы келсе де еркі. Демек повестің сыры астарлы, түбі терең. Бірақ мұнымен шаруа біткен жоқ. Ең әуелі сөйлемдеріңде олқылық көп. Орысша оқыған адамның қазақша жазғанындай әсер беретін жерлері баршылық. Бұдан арылуың шарт. Формалық ізденістеріңе ешқандай дау жоқ, қайта құпталуға тиіс. Меніңше, Л. атты кейіпкерің салқын ақыл, салмақты ойдың адамы. Ал Жәмила қазақы. Анығырақ айтқанда, біріншісі максималист, екіншісі консерватор. Мейлі кім болса ол болсын, осы екеуінің арасындағы күрделі қарым-қатынастың «рациональное зерносы» табылмаған сияқты. Неге табылмаған? Баяғыдан белгілі редакторлық ­талап десең де өзің біл. Осы екі қыздың арасындағы тіршілік әңгімесі әсте жоқ. Яғни шығарма бір белгілі биіктерден түспей қалқып жүр. Оқушы жүрегіне жақын болуы үшін біршама қарапайым болуы керек сияқты. Шығарма мына күйінде киноөнері жөніндегі ғылыми трактовкаға ұқсайды. Қаптаған есім. Жәмила мен Л. екеуінің арасындағы күрделі қарым-қатынасқа саналы түрде құрылған шығарма көркемдік табиғатынан ара-арасында ажырап қалатын себебі, Л-ның асқан білімпаздығы, оған автор эрудициясы астасқан. Осыдан Л-ның пенделік-адамдық пиғыл-ниеті көрінудің орнына, кино жөніндегі бірөңкей баяндаудың тасасында қалып қалады.
Л-ның көбелекке айналып кету жөніндегі қиялының симптомы да жеткілікті ашылмаған.
Осы мәселелерді ойланып көр.

Шаштайұлы. 6.VI. 88».

1994 жылы Мәскеуден оралған соң Жұмабай ағаны редакцияда кездестіріп қалғанда, ең әуелгі ойым, бұл кісі мені жек көретін шығар болды. Бет көрсе, жүз ұялады. Абыржи амандастым. Өйткені кез келген автор өзіне айтылған сынды дер кезінде мойындай қоймағанымен, уақыт өте келе шындықтың түйінін айқын түсіне бастайды. Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады. Сынды дұрыс ұқпаған қатемді артынан анық көрдім.
Жұмабай аға жұмсақ мінезімен ерекше қайран қалдырды. Жақтырмай бірдеңе десе, өткенді бетіме басса қайтемін деп іштей қауіптеніп әрі қысылып барамын. Өтірік мадақ опа бермейді. Сол жолы жазушының адал сынына шамданып, артық кеткенімді біліп тұрмын. Енді оның адамға түк зілі, кегі жоқ кісілік дегдарлығы, таза­лығы алдымнан шықты. Жылы жүзіне түк көлеңке түскен жоқ, бұрын қалай қабақ шытпаса, арада біраз уақыт өтіп кеткен соң жастық білместігімді кешіргенін ұқпасқа болмады. «Неткен кең адам еді! Адамшылық қасиеті күшті нағыз қазақ!» деп ризашы­лықпен ойладым.
Қазір жас әдебиетшілерге ерінбей әдеби рецензия жазып, жазғанын оқып, талдап, теріс бағыты болса түзеп жіберетін ақын-жазушылар аз ба, көп пе? Жұмабай Шаш­тайұлы Шығыс пен Батыстың ­рухани әлемін алаламай, таразы басын тең ұстаған, әдебиет теориясын терең білетін, қоғам шындығын боямасыз жазған реалист ­жазушы. «Момын мен мүләйім. Жұмабай Шаштайұлы прозасындағы сарын» атты мақалам («Жас қазақ» №18. 11.05.2007.) жарық көрді. «Сөз хикмет» атты жинағыма енді (2016).
Жылдар өте, расымен повестегі селкеу-селкеу сөйлемдерден ат сүрінердей екенін көргенде әбден ұят кернеді. ­Стилистикамен жұмыс істеуге, көп жыл өткен соң да повес тілін түзеуге, редакциялауға осы рецензия оң әсер етті. Ал 1989 жылы Мәскеудің М.Горький атындағы Әдебиет институтының шығармашылық байқауынан «Әуе шарларына қонған көбелек» және «Қоңырқаз» атты қос қолжазбаммен өттім. Мәскеуде сөзі өтетін үлкен жазушы Роллан Сейсенбаев әңгімемді ұнатып, ағалық қол ұшын беріп, сүрінбей түсіп кетуіме көмектесті.
Шығармашылық мұраты – жарыққа шығу. 1994 жылы күзде «Қоңырқаз» атты әңгімемді «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Ахат Жақсыбаев, ал «Әуе шарларына қонған көбелек» атты повесімді № 1. 2006 жылы «Жамбыл» журналына Несіпбек Дәутайұлы жариялады.

P.S.

«Писатели советуются, негодуют, благодарят» (По страницам переписки) атты кітап Москваның «Книга» баспасынан 1990 жылы шыққан. Құрастырған, кіріспесін жазған А.Э.Мильчин. XIX ғасыр және XX ғасыр басындағы ақын-жазушылардың өз шығармалары басылып шыққан кездегі ой-пікірлерін қамтыған, сонымен қатар шығармашылық портрет үшін таптырмайтын жинақ.
Орыс жазушыларының өз творчествосына және өзге тұлғаларға қатысты тірі сөздері жазылған, бір шығармасын жазу, бастыру сәтіндегі жанды творчество­лық процесс қамтылған, оның үстіне құрастырушы автор инемен құдық қазғандай тер төккен эпистолярлық энциклопедия.
Біздің қазақ әдебиетінде дарын иелері өзара жазысқан хаттар әлемін жүйелі, бір ізге түскен, қорытылған, кәсіби кесек кітаптарға айналдыру қажеттігі уақыт озған сайын анық біліне түседі.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА

1167 рет

көрсетілді

41

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы