• Әдебиет
  • 08 Қазан, 2020

Тіл туралы кітаптар

ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиевтің «Қазақ тіліндегі сөзжасамдық ұя мәселесінің теориялық сипаты» атты монографиялық еңбегі мен «Төрттілдік тақырыптық тілдесім» деп аталатын оқу құралының таныстырылымы Алматыдағы Қайнар академиясында өтті.

Жаңа монографияда сөзжасам бойынша жазылған теориялық еңбектердің таралымының аздығы мен қолжетімділік деңгейінің төмендігі сөзжасамның жаңа бағыттағы зерттеулерімен танысу қиыншылығын тудырып отырғандығына байланысты сөзжасамдық ұя мәселесінің қазақ және орыс тілі білімдерінде зерттелуі, сөзжасамдық ұяның анықтамасын айқындауға арналған алғышарттар, сөзжасам ұясының ­ма­ғынасы, сөзжасамдық ұядағы туындаған сөздер мен туынды түбірлер, ұядағы сөзжасамдық жұрнақ туралы сөзжасамдық ұя мәселесінің теориялық сипаты қарастырылып, «Қазақ тілінің сөзжасамы» пәнінің бағдарламасына бейімделіп берілген. Академик К.Құрманәлиевтің жетекшілігімен орындалып жатқан «Сөзжасамдық сөздік жасаудың теориясы мен практикасы (қазақ тілі материалы негізінде)» атты ғылыми жобаның алғашқы нәтижелері де жаңа кітапта орын алған.
Сондай-ақ оның басшылығымен құрылған ғалымдар тобы «Шетел тілдерін қазақ бөлімі студенттеріне коммуникативті әдіс арқылы оқытудың теориясы мен практикасы» атты ғылыми жоба бойынша зерттеулер жүргізуде. Осы жобаның аясында алғашқы қорытындылар негізінде жарияланып отырған «Төрттілдік тақырып­тық тілдесім» оқу құралында қазақ-орыс-неміс-ағылшын тілдерінде күнделікті қарым-қатынас жасауға қатысты мәселелермен қатар студенттердің өмірімен байланысты тақы­рыптар берілген. Әр тақырыптың мәнін ашатын жиі қолданыстағы сөздер топтамасы тіл үйре­ну­шілердің сөздік қорын молайтуға мүмкіндік береді.
Кітаптардың таныстырылымында сөз алған тілші-ғалымдар мен әдіскер оқытушылар бұл еңбектердің қазақ тілінің сөзжасамын терең зерттеуде және «Үш тұғырлы тіл» бағдарламасын іске асыруда өз үлесін қосатынына сенімдерін білдірді.
Іс-шараны қорытындылаған Қайнар академия­сының президенті, профессор Еренғайып Омаров жоғары оқу орындары филология факультетінің студенттері үшін бүгінгі таныстырылған қос еңбектің де қажеттілігі мол екенін айта келіп: «Автордың туған тілді тұғырына қондыруда, мемлекеттік тіл мәртебесіндегі деңгейін қамтамсыз етуде сөзбен емес, нақты істермен көрсету керек деген өзіндік ұстанымын ұсынылып отырған осы екі еңбегі арқылы-ақ дәлелдеп отырғанын айтқым келеді» деді.
Кездесу соңында академик жаңа еңбектерге оң баға берген ғалымдар мен оқытушыларға алғысын айтып, академия кітапханасының қорына қос кітаптың жүз данасын тарту етті.

Нұркен Жандәулетұлы

1043 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы