• Cұхбаттар
  • 14 Қазан, 2020

Берік САҒЫНДЫҚОВ: ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІ ЕСЕЛЕНЕ ТҮСПЕК

Алматы өңіріндегі 4 миллионға жуық адамды электр қуатымен қамтып отырған «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның ­энергетика саласында өзіндік орны бар. Бүгінде компания жаңа белестерге көтеріліп, ел мүддесі үшін қызмет етіп келеді.
Біз Басқарма төрағасының бірінші орынбасары, ­«Алатау Жарық Компаниясы» ­АҚ-ның бас инженері Берік Қанатпекұлы Сағындықовпен компанияның алдағы қыс айларына дайындықтары мен атқарған жұмыстары жайында сұхбаттасқан едік.

– Берік Қанатпекұлы, бүгінде барлық сала қысқа дайындық жұмыс­тарына кіріскен. Алматылық энерге­тик­тердің алдағы маусымға дайындық­тары қалай? Ағымдағы жылы қандай жұмыстар атқардыңыздар?

– «АЖК» АҚ Алматы қала­сы­ның әкімдігімен бірлесіп 220/110/35/10/6/0,4 кВ электр желіле­рін жаңғырту және қайта құру бағдар­ламасын әзірлеген болатын. Бұл ауқымды жұмыс 2008 жылы басталып, бүгінге дейін жалғасып келеді. Осы уақыт ішінде Алматыда орналасқан 55 қосалқы станцияның ішінен қуаты 220-110 кВ-тық 38 жаңа қосалқы станция күрделі жөндеуден өтті. Қала бойын­ша 1790 шақырым кабельдік және әуе желілері ауыстырылды. Барлық қосалқы стансалар әлемдік стандарттарды қолдана отырып, жаңа заманауи жабдықтармен жабдықталды. Алматыдағы электржелілік шаруашы­лықты күзгі-қысқы маусымға дайындау жұмыстары негізінен, жаз айларында жүргізіліп отырады. Бұл Алматы энергетиктерінің алдағы маусымға тастүйін дайын екенін білдірсе керек. Көзіқарақты оқырман жалпы, «АЖК» АҚ-на қатысты барлық ақпаратты компанияның сайтынан білуге болады.

– «Апат айтып келмейді». Дегенмен, қандай да бір электр беру желілерінде жоспардан тыс, апатты жағдайлар орын алып жатса қандай шаралар қолдана­сыздар?

– Энергетика саласында да таби­ғаттың тосын мінезіне төтеп бере алмай қалатын кездері болып тұрады. Мәселен, дауыл кезінде немесе қатты нөсерде әуедегі желілер апатқа ұшырап жатады. Ал апатты жағдайдағы кез келген электр энергиясы назардан тыс қалмайды және ол шұғыл қалпына келтіріледі. Төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында құрамында арнайы дайындықтан өткен мамандары бар және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген 29 ЖКБ (жедел-көшпелі бригадалар) бар. Олар тәулік бойы жұмыс істейді.

– Жас мамандарды қолдау мақса­тында қандай шараларды жүзеге асырып жатыр?

– Кәсіби шеберлікті шыңдау қай мамандықта болмасын аса қажет. Бұл ретте біз компания мамандарының біліктілігін арттыруға үнемі көңіл бөліп отырамыз. Айта кетерлік жайт, компания мамандарынан құрылған команда ТМД елдерінде ұйымдастырылып отыратын кәсіби жарыстарға жиі қатысады. Бүгінде «АЖК» АҚ ­командасы ТМД елдерінің ішіндегі ең мықты командалар тобының құрамына енген. Компанияның оқу-жаттығу орталығында кәсіби шеберлікті арттыру мақсатында жыл сайын, электр қуатын тарату тораптары оперативтік жөндеу бригадалары арасында жыл сайын дәстүрлі түрде жарыстар ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, ­мамандарымыз техникалық қауіпсіздікке байланысты үнемі емтихан тапсырып отырады. Жарысқа қатысушылар жаңа құралдарды, арнайы техникаларды пайдалана отырып, халықты электр қуатымен қамтамасыз етудің сапасын арттыру шеберліктерін таразыға салады. Мұның барлығы ел игілігі үшін энергетиктердің кәсіби шеберлігін шыңдап, сала жұмысының сапасын арттыру үшін қажет. Үлкен додаларға өз ісін жетік білетін, таңдаулы ­мамандардан құралған командалар қатысатындықтан ешбір жеңіс оңайлықпен келмейді. Алайда «АЖК» АҚ-ның жігіттері өздерінің шеберлігі мен біліктіліктерінің арқасында ­жарыстардан жылда қанжығалары майланып келеді. Бұл, сөз жоқ, компания мамандарының кәсіби шеберліктерін көрсетеді.

– Берік Қанатпекұлы, бүгінде қалаға жаңадан қосылған аудандарда иесіз подстанциялар көп. Бұған дейін ол шаруашылықтар не қаланың құрамына, не «АЖК» АҚ-ның қарамағына кірмеген екен. Бүгінде осы мәселе қалай шешімін тауып жатыр?

– Алматы қаласы әкімінің тапсырмасымен шаһардағы иесіз жатқан электр желілері қазан айының аяғына дейін шешімін табады деп ойлаймыз. Бұл мәселе ең бірінші қалаға қосылған аудандардағы бау-бақша шаруашылығы аумағында тұратын азаматтарды толғандырып отыр. Өздеріңіз білесіздер, Алматы облысындағы саяжай аумақтарының бір бөлігі қалаға қосылған болатын. Бүгінде сол жерлер сапалы электр қуатымен қамтамасыз етіліп жатыр. Бұған дейін бұл жерлердің бәрінде азаматтар өз күштерімен қосалқы трансформаторлар орнатып, электр желілерін тартқан болатын. Бүгінгі таңда олардың барлығының тозығы жетті, ескірді. Оған қоса, бұл құрылғылар кәсіпкерлердің атында болғандықтан электр тарифтері де әртүрлі болып келген. Мәселен, қалада тариф 17 теңге болса, ол жердегі тариф 25-40 теңге аралығында болған. Міне, осы мәселені шешу үшін қала әкімі Бақытжан Әбдірұлы арнайы тапсырма берген. Осыған байланыста алдыңғы жылы «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ, аудан әкімдігі аппараттарымен бірлесе отырып 544 мекенжай бойынша электр желілерін коммуналдық меншікке қабылдаған. Жалпы иесіз жатқан желілерді қала балансына беру 2 кезеңмен жүргізіледі. «АЖК» АҚ бірінші кезеңнен өтті. Қазір екінші кезеңі жүріп жатыр. Яғни алдағы уақытта сол иесіз шаруашылықтар біздің құзырымызға өтпек. Одан кейін дербес шоттарды заңдастыру басталады. Өз кезегінде бұл жұмыстар кезең-кезеңімен орындалатын болады. Иесіз шаруашылықтар «АЖК» АҚ ­құрамына өткеннен кейін барлық жұмысқа жауапты боламыз. Бұл біз атқаратын жұмыстың жауапкершілігі екі есе артады деген сөз.

– Қала тарифіне қосылу үшін тұр­ғын­дарға қандай талаптар қойылады?

– Қала тарифіне қосылу үшін тұрғындар «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ мекемелеріне хабарласып немесе сайттарында көрсетілген мекенжайға арыз жазу керек. Арыз жазылған соң 5 күннен кейін техникалық нұсқау беріледі. Оны тез орындаса «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ қабылдаған құжаттың барлығын «Алматыэнергосбыт» мекемесіне береді. Яғни сізге есеп шот ашылады да қаладағы тарифке қосыласыз. Қала тарифіне қосылу үшін қала тұрғындары алдымен жеке есеп шот ашу қажет болады. Бұл жерде қалалық әкімдік «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-нан техникалық шарт алады. Тұрғындарға қойылатын бар талап осы.

– Жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Сұхбатыңызға рақмет. 

 Сұхбаттасқан

Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ

 

916 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы