• Руханият
  • 14 Қазан, 2020

БІР ҮМІТ, БІР КҮДІК...

Қазіргі уақыт – көңілге алаң кірген уақыт. Әр күніміз, әр сәтіміз денсаулықты ойлаумен, сақтық шараларына барынша зейін қоюмен өтіп жатқаны шындық. «Еуропаны коммунизм елесі кезіп жүр» дегендей, әлемді де пандемия емін-еркін жайлап, кезіп жүргелі де жарты жылдан асып кетті. Қайтатын да, шегінетін де түрі байқалмайды. Әйтеуір, бүгінде аман­дықпен, есендік-саулықпен жүздескенімізге шүкір дейтін халдеміз. Қалай дегенмен еңсемізді түсірмеуіміз керек. Жақсы күндерге үміт артатын ел болған соң, басымыздан өтіп жатқан жағдайлардың барлығын өтпелі құбы­лыстар ретінде бағалап, соған қарсы барлық әдіс-тәсілдерімізді қолданып, төтеп берсек жеңіп шығарымыз кәміл. Пандемия дейтін өмір шындығымен қатарласа тіршілік кеше жүріп, елдік мәселелерді де өзара талқылап, ой бөлісе отырғанымыздың еш артықшылығы жоқ шығар дейміз.
Барша қазақтың алдында тұрған ұлы мақсаттың бірі – қасиетті Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтау, мемлеке­тіміздің іргетасын нығайту екені белгілі. Бұл мақсат бүгінгі әлемде болып жатқан түрлі саяси жағдайларды ойға алғанда, тіпті зорайып, еселене түсері анық. Тәуелсіздік дегеніміздің өзі үлкен жауапкершілік. Ең алдымен мемлекет құраушы ұлттың иығына түсетін жауапкершілік. Бұл жауапкершілікті сезіну, соған сай әрекет ету, тәуелсіз мемлекеттің азаматы ретінде қоғамға, елге еңбегіңді сіңіру әрбір адамнан, әрбір тұлғадан ыждаһаттылықты, жанашырлық көзқарасты талап етеді. Ыждаһат кемдеу соққан жерде дұрыс ниет те, атқарып жүрген ісімізден толымды нәтиже де көріне қоймайды.
Осы тақылеттес ойлар жол сапарға шыққан кезімізде қаумалап, қойын дәптеріміздің парақтарына үңілте берді. Таяуда Нұр-Сұлтан қаласының басталған жол сапарымыздың бағыты Павлодар, Семей қалаларымен жалғаса түсті.

ШЕТЕЛДІК ЖАЗУЛАР ҺӘМ «ҚАЗАҚША ДИСКОТЕКА»

 Еліміздің бас қаласы – ­Нұр-Сұл­тан­ға келіп түскенімде, аста­на­мыздың басқа қалалардан өзгеше сипаты, рухы, болмысы бірден-ақ сезілді. Жолаушылар пойызы «Нұрлы жол» бекетіне келіп жеткенде алдымен Сарыарқаның кеңдігі байқалды. Күздің таңғы салқыны Елордаға қадам басқан жолаушылар мен меймандарды ширатып, санасын бір сергітіп алатындай. Мұнда өмірдің ағысы да едәуір қарқынды. Оған дейін жайбарақат отырған сапарластарың астанаға жеткенде екпіндей адымдап, алды-арттарына қарамастан зулайды дейсің. Өзің де соларға ілесе кетесің. «Нұрлы жолдың» ішін оншалықты жақсы білмесең де, әйтеуір, алдыңа түскен лектің соңынан жүріп келе жатасың. Бекеттің есігін торуылдап жүретін елордалық такси жүргізушілері де жапа-тармағай өз қызметтерін ұсынып, жанталасып жүр.          Бағасын төлесең баратын жеріңе жеткізіп тастайды. Шаруам қауырт болмаған соң қоғамдық көлікке жайғастым. Бір таңғалғаным, қоғамдық көліктердің сипаты – қалааралық жолға қатынайтын автобустардай әсер қалдырды. Не дегенмен, үйреншікті автобустарға қарағанда бұлар өте жайлы, ыңғайлы. Қонақжайға келіп орналасқан соң, астана көшелерін аралауға шығып, сәулеті келіскен бас шаһарымыздың тіршілігі таңғы уақытқа қарағанда жандана түсіпті. Елордаға келген сайын оны жаңа қырынан танып білгендей боласың. Ең бірінші ­назар аударғаным, астана көшелерінің басым бөлігі – қазақша аталатыны қуантты. Бұл да болса, Тәуелсіздігіміздің арқасы ғой. Қазақша аталған көшелердің барлығы ұлтымыздың өткен тарихынан, ардақ тұтар тұлғаларының есімдерінен сыр шертіп тұр.

Жалпы көше атауы дегеніміздің өзі ұрпақтан ұрпаққа жалғасар ғибратты да қызық ұғым ғой. Мәселен, көше атауларына берілген тұлғалар есімдерінің әрқайсысы Тәуелсіздігіміздің ­баянды болуына қызмет етіп тұр! Бірі – хан, бірі – батыр, бірі – қаламгер, енді бірі – мәдениет пен өнерді шырқау биікке көтерген қайраткер дегендей, әрқайсысы Елорда ­болмысымен әдемі үйлесім ­тауып, астанамыздың тұғырын айбынды ете түсуде. Әлбетте, осындай дүниелерге көңіл марқаяды, кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді. Көбіне біз күнделікті тіршілікті күйттеп кетіп, бәрі де бұрыннан осылай бола қалғандай қабылдаймыз. Көз алдымызда өткен ­тарихи сәттердің парқын жете сезіне алмай, оңай ұмыта салуға да бейімбіз. Бірақ тәуелсіздігіміздің даму кезеңдері мен егемендігімізді қалыптастырған әрбір маңызды дүниені жадымыздан шығармау керек. Бүгінгі уақытымыздың бағасын, мазмұнын сезіну үшін бір сәт еліміздің кешегі жүріп өткен жолына да назар аударып отырған артық болмас. Мұны неге айтып отырмыз? Өйткені қанша жерден жаңа астанамыз бой көтерді десек те, Елордамыздың көше атауларын да қазақшалау оңайға соқпағанын жақсы білеміз. Соған үлес қосқан, маңдай терін төккен әрбір азаматқа шексіз ризашылығымызды білдіруіміз керек.

Өкінішке қарай, біздің елде қазақы ұлттық сипаты бар атауларға әлі де сақтықпен қарау жағы басым. Соның нәти­жесінде заңға ономастикалық атау­ларды көпшілік алдына шығарып талқылау деген мәселе енгізілді. Осылайша, қазақтануымыз, отарлық санадан арылуымыздың өзі көпшілік талқы­лауымен жүзеге асып жатыр. Хош делік, бірақ кеңестік кезеңдегі тарихымызға зер салсақ, «Көше, қалаларыңызды осылай атайық деп жатырмыз» деп жиналыс жасап, қоғамдық талқылау өткізіп, пікірлеріңіз қандай деп сол кездегі Орталық қай қазақтың келісімін алып еді? Барлық мәселе солақай бұйрықпен шешіліп жатты. Соның ішінде жер-су, елді мекен, қала, кент, облыс атауларының өзі ешқандай талқылаусыз-ақ өзгеріп, тақтайшалар ауыстырылып жатты. Тарихи әділеттілік деген дүние бар. Сол әділеттілік ұстанымын негізге алатын болсақ, қазақтың өз жеріндегі, ата-бабамыздан қалған байырғы атауларды біз бірте-бірте қайтаруымыз керек. Көнеден келе жатқан жер-су атауларын кезінде жасалған түрлі қиянаттардан, қуғын-сүргіннен ақтап алатын жалғыз жол осы. Көше атауларының көбі қазақша қалыптасып жатқанына бір қуансақ, енді сол көшелердегі шетелдік жазулардың шамадан тыс қаптап кеткенін көріп бір мұңайдық.

Қалаға қазақы ұлттық рух, қазақы келбет сыйлайтын оның әсем үйлері емес, ең алдымен қазақ тіліндегі атаулары. Қазақша атаулар аз болса, ұлттық рух қайдан болмақ? Тәуелсіздігімізге қол жеткізген соң уысымыздан шығарып алған екі дүние болса, соның бірі – тіл мәселесі мен ұлттық атаулар. Өкінішке қарай, бұл мәселелер заңдық тұрғыдан шегеленіп, реттелмеді. Шетелдік инвесторларға жол ашқанымызбен, шетелдік атауларға жол ашпауымыз керек еді. Көз тартатын ірі сауда орталықтары, мейрамханалар мен дүкендер, компаниялар, сұлулық салондарының көбі шетелдік атаулармен бедерленген. Мұндайға қашан тоқтау болады? Қай ағылшын немесе француз билігі өз астанасының төріне өзге тілдегі жазуды ілдіріп қойды? Сол жазуды көріп, түйсініп өскен ұрпақтар өз тілінен алыстамағанда қайтеді? Біз солай болуға өзіміз жағдай жасап отырғандаймыз. Жалпы шет тіліндегі жазулар, атаулар Қазақстанда мүлдем болмасын демейміз, бірақ кез келген нәрсенің шек-шекарасы бар емес пе? Біз қазақ елі, қазақ мемлекеті болғаннан кейін, бас қаламыздағы көрнекі жазулар да, атаулар да қазақша болғаны керек. Шет тілін шеттеткеніміз емес, бірақ өз тіліңнің дәрежесі кісі қуантарлықтай болмай тұрғанда, өзге тілдегі жазуларды төбемізге жазып қойып, ұлықтауымызға не жорық? Қандай қажеттіліктен туды? Осындай түйткілдерге алдағы уақытта жете көңіл бөлмесек, мұның арты ұлтсыздануға әкеп соқтырады.

Елордадағы сапарымыз – қаладағы кітап дүкендерін аралап, қазақша газет-журналдарды сататын дүңгіршектерді іздеумен жалғасын тапты. Уақытымның жеткенінше біраз кітап дүкендерін араладым. Қазақша кітап қорының көптігімен сүйсіндірген – «Абай» және «Астана кітап» дүкендері. Алматының кітап дүкендерінен табылмайтын әдеби-көркем, ғылыми кітаптар да көзге ілікті. Бірақ ­Алматымен салыстырғанда мұндағы кітаптардың бағасы тым қымбат. Ал қазақша газет-журналдар саудалайтын «Алты алаш» деп аталатын бүкіл қала бойынша қызмет істеп тұрған екі ғана дүңгіршек астанамыз үшін аздық ететіні сөзсіз. Неге екенін қайдам, жаңашыл әкімдер келе салып ­газет-журналдар дүңгіршіктеріне қырғидай тиеді. Қаланың сәнін бұзады дейді. Әйтеуір, түрлі сылтауларды боратады кеп. Сөйтіп, жойып, құртып жібереді. Ал сол газет-журналдар дүңгіршіктерінен қаншама оқырман қауым қазақша басылымдарды оқып, рухани сусындайтынын ойлай бермейді. Осылайша, халықтың елдік-ұлттық санасын қалыптастырудың құралы болып табылатын қазақ басылымдарын табу – бас қаламыздың өзінде мұңға айналып отыр. Тағы бір мәселе – астанадағы қалалық жастардың мемлекеттік тілімізге құрметпен қарай бермейтіні, көбіне орыс тілінде сөйлесетіні ойландырды. Осының барлығы ұлттық идеологиямыздың кемшін соғып тұрғанының белгісі. Бас шаһарда ұлттық ­сипат онша көп те емес. Бірақ «Қазақша дискотека» деген көңіл көтеру клубын көргенімде еріксіз езу тарттым. Сірә, бұл дискотеканың иесі Елордамыздың ұлттық реңкі мен мазмұнын арттырғысы келіп, батыстық түрлі модерндерге, жаһандану үрдісі толы шаһарда қазақы рухты қалыптағысы келген нағыз патриот болса керек.

 ҰЛТТЫҚ ОНОМАСТИКА НЕМЕСЕ МОЛДИЯРДАЙ ЕР ҚАЙДА?

Мақаламызда ұлттық атауларға байланысты ой қозғалған соң осы тақырыпқа арнайы тоқталуды жөн көрдік. Шынтуайтына келгенде, халықтың халықтық сипатын, болмысын айқындайтын негізгі белгісі – ономастикалық атаулар, онсыз төрт құбыламыз тең болмайды. Мектебің қазақша болып, сол мектеп орналасқан көше атауы орысша болса, тіпті сол көшелер орналасқан қаланың атауы орысша болса, бұл жерде ұлттық рух туралы қандай әңгіме қозғауға болады? Әр қазақтың, әрбір өскелең ұрпақтың бойында ұлттық рух пен тарихи сана-сезімді қалыптастырудың бірден-бір жолы – бұл қазақша атаулар. Мысалы, Атырау мен Алтай, Сарыарқа, Жетісу, Алатау, Тарбағатай, Қаратау, Тараз, Отырар және тағы да басқа терең мағыналы атаулар әр қазақтың жүрегінен орын алып, ұлан-байтақ даламыздың рухани-мәдени, тарихи кеңістігін айқындап, айшықтап тұр. Қазақтың кешегі және бүгінгі болмысын, рухани қайнар бастауларын бұл атауларсыз елестету, тіпті мүмкін емес. Өйткені ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан жер атаулары әр буынның ­санасында жаңғырып, дүниетанымында берік орнығады. Бір қайран қалатыныңыз, ұлттық құндылықтарды барынша жоюға әрекет жасаған кешегі тоталитарлық жүйе ­осынау қасиетті атауларды халық жүрегі мен ­санасынан өшіре алмапты. Есесіне үлкенді-кішілі елді мекендер мен қалалар, көше атауларын өзгертіп, ұлттық санамызды көмескілендірді, соның нәтижесінде ұлттық дүниетанымымызға мүлдем жат, ешқандай тарихи негізі жоқ атаулар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады. Әлбетте, қазақ жерінің әрбір пұшпағы мен мүйісі, ойы мен қыраты, суы мен нуы, өзені мен көлі, атақонысы мен жайлаулары – атаусыз емес еді. Барлы­ғының өзіне жарасымды, төл табиғатына сай келерлік атаулары бар еді. Ол атаулар ауыздан ауызға көшті, аңыз-әңгімелерге, ертегі-дастандарға енді. Сөйтіп, халық жүрегінен орын алды. Тіпті кеңестік кезеңнің өзінде орысша атаулардың өзін қазақтар фонетикалық, дыбыстық өзгерістерге ұшыратып, қазақшалап атады. Мұның барлығы – ұлттық санамыздың жат атауларды көпке дейін қабылдай алмай, ішкі қарсылықтың жүріп жатуынан еді. Бірақ бірте-бірте, талай ұрпақтың алмасуымен бірге жат атаулар да толассыз көбейіп, санаға сіңісті болып, тіршілігімізге ­араласып кетті. Мыңдаған адамдардың кіндік қаны тамған туған жері, атақоныстары жат атаулармен бедерленді. Қазақтар еріксіз өздерінің туып-өскен мекендерін орысша жазып, орысша атайтын болды. Біздің тарихи тамырымыздан ажырай бастауымыздың белгісі еді бұл. Осыған қарап, жер-су атауларының ұлт өмірінде, жекелеген адамдардың тағдырында атқаратын рөлі қаншалықты маңызды екенін түйсінуге болады. Мысалы, бүгінде Абай мен Жидебайды, Махамбет пен Қараойды, Мәди мен Үшқараны, Қаныш пен Баянауылды, Мұқағали мен Қарасазды бөліп қарай алмайтынымыз сияқты, жер атаулары арқылы сол өңірде туып-өскен тұлғалардың мәртебесі қаншалықты биіктеп тұрса, ғасырда бір ­туатын таланттар арқылы да жер атауларының қадір-қасиеті ерекше болып көрінеді. Әр қазақ үшін қымбат әрі ыстық мекенге айналады. Қазақтар үшін, ең алдымен, жарасымды болатыны – туған жерінің өзіміздің төл тілімізде аталуында жатқан жоқ па?! Ал бүгінгі заманда қаншама қаракөздеріміздің өмірбаянына, жеке куәліктеріне (олар қазақ жерінде өмірге келсе де), орысша атаулар жазылып, таңбаланып жатыр. Мысалы біздің дүниетанымдық қабылдауымызға «Серік Федоровка ауылында дүниеге келген» дегеннен гөрі «Серік Бестөбеде дүниеге келген» деген ұғым әлдеқайда жақын емес пе? Ал Федоровка атауы өзгермесе Серіктің балалары, немере-шөберелерінің де туған жерлері осылай бедерленіп, жазыла береді.

Ономастика ғылымының базалық тірек-компоненттері деп ең алдымен жер мен ел ұғымдарын айтамыз. Мәселен, жер болмаса, жер атаулары да жоқ. Ел болмаса, ел атау­лары да жоқ. Демек, қазақ халқының арғы-бергі тарихынан, ұлт тағдырынан, кешегі және бүгінгі өмірінен ономастикалық атауларды бөліп қарау мүмкін емес. Соның үшін ұлт тұтастығын, ұлт бірлігін айқындайтын бірден-бір ­фактор – бұл ономастикалық атаулар. Жер-су атауларын өз шығармасына тірек етпеген ақын-жазушы жоқ. Бұдан бөлек, өнер майталмандарының туындыларынан жер-су атауларын, оған деген құрметті молынан кездестіруге болады. Бұл да жайдан-жай қалыптаспаған үрдіс. Себебі біздің төбемізге көтеріп, маңдайымызға басатын аса зор құндылығымыз – атамекеніміз болса, сол атамекеніміздің әр қиырында жан дүниемізді тербетіп, рухымызды байытатын жер-су атаулары да біз үшін дәл сондай қымбат әрі қастерлі. Тәуелсіздіктен кейін қауырт қолға алынған ономастикалық атауларды түгендеу, зерттеу ісі кейінгі жылдары бәсеңсіп қалды. Отандық ономаст ғалымдарымыздың да үні баспасөз беттерінен көп естіле бермейді. Ономастика саласының бағыттарына тоқталсақ, олар: антропонимика (кісі есімдері), астронимика (ғарыш нысандары мен жекелен аспан сәулелерінің атаулары), ­зоономика (жан-жануарларға байланысты есімдер мен лақап аттар), каронимика (кемелердің, катерлердің атаулары), хрематонимика (материалдық мәдениетке қатысты заттық атаулар), прагматонимика (тауар­лар атаулары), теонимика (құдайлар есімдері), топонимика (географиялық объектілердің атаулары), эргонимика (іскер адамдар бірлестігінің атаулары) деп жіктеледі. Әрине, біз бұл жерде ономастика ғылымына тереңдеп бойлағалы отырғамыз жоқ, дегенмен, қазақтың ұлттық ономас­тикасы жан-жақты бағытта дами түссе деген тілек. Қазіргі Қазақстан ғылымын ұйымдастырудың бір қателігі – ғылыми жұмыстарды қаржыландыруды ғылыми конкурстарға ғана тәуелді етіп қойғаны. Осы мәселе жалпы ғылыми ізденістердің, соның ішінде ұлттық маңызы бар тақырыптарды қаржыландыруға іліне алмай, кешеуілдеп жатқандығына басты себептердің бірі болып отыр. Ұлт үшін стратегиялық мәнге ие іргелі тақырыптар тікелей қаржыландыруға ие болмаса, дер кезінде монографиялар шықпаса, уақыт жағынан ұтыламыз.

Кейбір ғалымдардың зерттеу еңбектері де сол қаржы-қаражаттың қол байлауынан жарық көрмей, өздері де пұшайман күй кешуде. Мысалы, керекулік ғалым, географиядан осы аймақтан шыққан тұңғыш ғылым докторы, профессор Қуат Сапаровтың Баянауыл мен Аққулы өңіріне қатысты қомақты екі зерттеу кітабы баспа бетін көре алмай жатыр. Осы еңбектердің жарық көруіне облыс тарапынан да, аудан тарапынан да ешқандай қолдау көрсетілмеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында шы­ғаруға лайықты құнды дүние деп осындай еңбектерді айтуға болады. Мұндай мысал­дар еліміздің өзге де облыстарында да аз емес.

Реті келіп тұр, айтайық. Алматы қала­сында ономастика мәселелерімен тыным таппай шұғылданып жүретін Молдияр Серікбайұлы дейтін ағамыз бар еді. Ол кісі бақилық болғалы жер-су атауларының жоқшысы, іздеушісі, осы саладағы әртүрлі үлкенді-кішілі шаруаларды түгендеп, үкіметке де, министрліктергеде дамыл таптырмай жүретін адам да қалмады деп өкінішпен айтуымызға тура келеді. Сол Молдияр ағамыз жасы сексенге жақындаса да Қазақстан мен Орталық Азияны, Ресей аумағын қамтитын бір экспедицияның жобасын жасап, үлкен сапарға іштей дайындалып, демеуші табу мақсатымен астананың тиісті мекемелеріне дүркін-дүркін хат жолдап жүруші еді. Шенеуніктерден қолдау таппады ма, өкінішке қарай, ойға алған жоспарына қол жеткізе алмай кетті. Жер-су атауларының терең білгірі ретінде көптеген атаулардың әлі дұрыс аталмай, бұрмаланып кеткенін, әділеттілікті қалпына келтіру керегін жиі айтатын. Ол кісінің сөздеріне, пікір-пайымдарына қарап, ономастиканың мәселелері елімізде шаш-етектен екен ғой деген ойға қалатынбыз. Қазір ономастикалық атауларды ­зерттеуге қатысты ғалымдардың ­экспедициялары да ұйымдастырылмайды. Жер-су атауларының шыққан тегін танып білетін, шежіресін тарқатып айтатын көнекөз қарияларымыздыңда қатары сиреді.

 КЕРЕКУГЕ КЕЛДІК, ҚАЗАҚША АТАУЛАРДЫ КӨРДІК

 Елордамыздан шығып, тақтайдай тегіс жолға түсіп, туған жерімізді – Павлодар облысын бетке алдық. Екі қаланың арасы 500 шақырымға жуық жол. Павлодар атауы да талай жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселе десек те, соңғы жылдары қалада мұртын балта шаппай келген ірілі-ұсақты көптеген көше атауларының қазақшаланғаны мерейімізді өсірді. Бұл жұмыстар тоқтап қалмай, міндетті түрде жалғасын таба түсуі керек. Солтүстік шаһарда Едіге би, Малайсары батыр, Бұқар жырау, Мәшһүр-Жүсіп, Бөкейхан, Бекмаханов, Жібек жолы, Астана тәрізді көше атауларының пайда болуы аз нәтиже емес, әрине. Бұрын мұндай атаулар өңіміз түгілі түсімізге де кірмеуші еді. Бірақ қалада атам заманнан өзгермей келе жатқан орысша атаулар одан да көп. Бір өкініштісі бұдан бірнеше жыл бұрын Павлодарда облыстық Тіл басқармасы таратылып, Мәдениет басқармасына қосылды. Осы басқарманың жеке шаңырағын сақтап қалу керек еді. Идеологиялық тұрғыдан дұрыс шешім болмады.

Павлодарда қазақ тілінде облыстық «Сарыарқа самалы» газеті, «Найзатас» әдеби-көркем, қоғамдық-саяси журналы тарайды. Аймақ орталығында қазақ тілі мен руханият мәселелерін қызғыштай қорғап жүрген Арман Қани, Руза Бейсенбайтегі сынды ұлт жанашырлары мен қоғам қайраткерлерін барша халық жақсы біледі деп ойлаймын. Кейінгі буын өкілдерінің арасында Асыл Әбіш, Жұмабек Сманов, Асығат Тұрғанбек, Нұрбол Жайықбаев, Айбек Оралхан, Асылбек Туғанбай, Жарқынбек Амантайұлы, Данияр Жұмаділ, Қуаныш Шарманов сынды азаматтар өңірдегі рухани жаңғыру, ұлттық сананы қалыптастыру үрдістеріне атсалысып, көп үлес қосып келеді. Солтүстік өңірлерде осындай азаматтардың көптеп шыққаны керек. Сонда жергілікті жерлердегі руханият мәселелері назарсыз қалмайды.

Біраз жылдан бері жұртшылықты толғандырып келе жатқан маңызды сұрақ – Павлодар атауына байланысты болып отырғаны жасырын емес. Бұл мәселе қалай және қашан шешілетіні әзірге бір Аллаға ғана аян. Шындыққа тура көзбен қарайтын болсақ, солтүстік өңірге тән Павлодар мен Петропавл атауларында ешқандай рух жоқ. Тәуелсіздігімізбен бірге қалыптасып келе жатқан ұлттық санаға осындай болмысы бөлек атаулар кереғар екені айтпасақ та түсінікті. «Рухани жаңғыру» мәселелеріне кеңінен көңіл бөлініп жатқан қазіргідей заманда кеңестік кезеңнен қалған рухсыз атаулар қашанға дейін қолданыста бола бермек? Әрине, облыс атауларын ауыс­тыру қажырлы жұмысты талап ететінін түсінеміз. Заңдық-құқықтық мәселелер бар, ұйымдастыру-қаржылық сұрақтар да аз болмас. Дегенмен, «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» жасалатын ұтымды сәттің жүзеге асқанын қалаймыз. Павлодар тәрізді қалаларда ұлтаралық саясат байыпты жүргізіліп келе жатқаны белгілі. Қала соңғы жылдары бірте-бірте қазақылануға бет алғанын аңғару қиын емес. «Серпін» бағдарламасымен қоныс аударып келіп жатқан оңтүстіктегі ағайындар да бұл шаруаға өз үлестерін тигізуде. Тұрғындары едәуір азайып қалған шекаралық аймақтарға халық санының тығыз орналасып, орныға бергені ауадай қажет. Мемлекетіміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселеге үн қосу, яғни солтүстік өңірлерге көшіп бару жөніндегі бастаманың өзі оңтүстік халқына тасталған ұран іспетті. Ішкі миграциялық процестерге қан жүгіретін кезең де осы болмақ. Демек, туып-өскен жерімізден ұзап кете алмау, белгілі өңірмен шектеліп қалу көзқарасын өзгертетін уақыт та жетті. Себебі еліміздің кез келген мекені біз үшін жат емес. Бір сөзбен айтқанда, солтүстік қазақыланып, Ертіс бойына қалың ел жағалай қоныстану үшін оңтүстіктегі ағайынның көші көлікті болуы керек.

 ӘКІМДІКТЕ – ЖИНАЛЫС!

 Семей шәріне келген сайын ерекше әсер алып, қаланың өзіндік рухани болмысын сезініп қайтатынымыз бар. Семей – Абай атамыздың, Алаш арыстарының есімдерімен тікелей байланысты. Орыстың классигі Ф.Достоевский ғұмырының белгілі бір кезеңін өткізген қала, Достоевскийдің мұражайы да бар.

Биыл пандемияға байланысты ұлы Абайдың 175 жылдығын кең ауқымда ­мерекелеу мүмкіндігі болмады. ­Десек те, мерейтой аясында Абайдың шығармаларын кеңінен насихаттау, шығармаларын шетел тілдеріне ­аудару, Жидебайды жаңғырту жұмыстары ­жасалды. Семей қаласында болғанымда «Алаш арыстары және Мұхтар Әуезов» деп аталатын мұражайға арнайы бардым. «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов мұражайы 1997 жылы М.О.Әуезовтің туғанына 100 жыл толуына орай Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының бөлімі ретінде ашылған екен. Еліміздегі ­Алашорда қайраткерлеріне арналған тұңғыш мұражай. ХХ ғасырдың ­басында бұл үй Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек ­Аймауытов, Міржақып Дулатовтың ­Семейде қызмет еткен ­жылдарына да ерекше қатысы бар мекен-жай. Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, Абай кезінде осы үйді жерлесі әрі шәкірті Әнияр Молдабаевқа сатып алуға көмектескен екен. Алаш басшылары Әлихан Бөкейхан мен Міржақып Дулатовтың отбасылары тұрғаны туралы Гүлнәр Міржақыпқызының: «Әкем 1921-1922 жылдары Семей губсотында жұмыс істеді де, біз Комиссарская көшесіндегі Әнияр Молдабаевтың екі қабатты жекеменшік үйінде тұрдық (кейін Абай музейі ­болды). Үстіңгі қабатында біз – ­Дулатовтар, біріншісінде Әлихан атаекемнің (Бөкейханов) үй-іші жайғасқан еді» ­деген естелігі де уақыт өте келе мұражайға айналған үйдің маңыздылығына дәлел. Жалпы Семейде тарихи мұражайлар аз емес. Қаланың өзі қазақтың тарихымен астасып жатқандықтан көшелері, ескі үйлердің әрқайсысы өз заманынан сыр шертіп тұрғандай.

Биыл жыл басында ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Семей өңірі – қазақ тарихындағы киелі өлкенің бірі. Сондықтан елдің рухани дамуында ерекше орны бар Семей қаласын тарихи орталық ретінде белгілеген жөн. Ұлы Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған өңір айрықша құрметке лайық. Осыған орай, шаһарды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан кешенді түрде дамытып, ондағы тарихи-мәдени нысандарды жаңа талапқа сай жаңғыртамыз. Үкіметке бұл мәселеге байланысты тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын» деген болатын.

Бұрынғы жылдармен салыстырғанда бүгінде Семейдің тіршілігі біршама жанданғандай әсер қалдырды. Жаңа үйлер салынып, әлеуметтік-спорттық нысандар бой көтеріп жатыр екен. Ең бастысы, Семейді жаңғырту жұмыстары тоқтамауы керек. «Алаштың астанасы» аталып кеткен қаланы заманауи тұрғыдан дамытуға баса мән берілгені жөн деп білеміз. Кезінде облыс орталығы Өскемен қаласына ауыстырылғаннан кейін Семейдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы біршама төмендеп қалғаны жасырын емес. Қала жолдары тозып, инфрақұрылымдар жаңартылмай, жұмыссыздар қатары көбейіп, халықтың күн көрісі де қиындап кеткен еді. Мысалы, қалада талай жылдан бері ыстық су көрмей отырған көп қабатты үйлер бар, жарық мүлдем тартылмаған көшелер қаншама. Осы мәселелердің барлығы бірте-бірте шешімін табар деген үмітіміз жоқ емес. Әкімдікке бас сұғып, басшылармен жолықпақ ниетіміз болып еді, алайда Семейдің әкімдігінде жиналыс болып жатыр екен. Сірә, ағымдағы маңызды әрі үлкен шаруалар шешіліп жатқан болар дедік. Бәрі оңынан болсын деп сапарымызды әрі қарай жалғай түстік.

P.S.

Жалпы журналист болған соң, кез келген жол сапарларда, ең алдымен, халықтың көңіл-күйіне, толғандырған мәселелеріне, өмірдің назарға іліккен үлкенді-кішілі, ірілі-ұсақты құбылыстарына мән бере жүру – әдетіміз. Сонда байқағанымыз, халықтың бойында «Ертеңгі күніміз қалай болады? Мына карантиндік шектеулер қашан аяқталып, қашан қалыпты өмірімізге көшеміз?» деген бір үміт, бір күдік қатар өріліп жатқанын, көпшілікті – жүгенсіз кетіп бара жатқан қымбатшылық жайы алаңдататынын байқадық. Пандемияның әсерінен өмір салтының өзгере бастағанын да аңдадық. Тіпті жиындардан, басқосулардан, кездесу-жүздесулерден саналы түрде бас тартатын жандардың қатары көбейгенін, адамдар өз денсаулықтарына көбірек көңіл бөлетінін, таза ауада жүгіріп, дене жаттығуларымен шұғылданатынын көрдік. Осы жарты жылдың ішінде елдің психологиясы, өмірге көзқарасы кәдімгідей өзгеріп кеткенін түйсіндік. Ашушаңдық, шыдамсыздық, сабырсыздық мінездер де адамдар бойынан жиі көрініс тауып жатқанын байқадық. Осындай мәселелердің барлығы көңіл күйімізді БІР ҮМІТ, БІР КҮДІККЕ бөлей берді...

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

АЛМАТЫ–НҰР-СҰЛТАН – ПАВЛОДАР – СЕМЕЙ – АЛМАТЫ

Арнайы «Ана тілі» газеті үшін

1408 рет

көрсетілді

62

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы