• Қоғам
  • 14 Қазан, 2020

ХАЛЫҚПЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС – БАСТЫ ҰСТАНЫМ

 Билік пен халық арасында тұрақты диалог орнату қоғамның береке-бірлігі бекем болуына ықпал ететінін айтқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың өтініш-тілектерін жедел қарастыру үшін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғаны мәлім. «Бұл – өте маңызды әрі қажет бастама. Шенеуніктердің міндеті – ең алдымен, халыққа қызмет ету. Олар ел-жұрттың мұң-мұқтажына құлақ аспағанда кімге құлақ асады?! Осы қағидатты барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің санасына сіңірген жөн» деген болатын Президент республикалық басылымға берген сұхбатында. Осы орайда Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қала, аудан әкімдеріне халықтың ұсыныс-тілегін тыңдап қана қоймай, туындаған мәселені жедел шешудің жолын қарастыруды тапсырып, тұрғындармен қоян-қолтық жұмыс істеуді талап еткен болатын. Бүгінде аудан әкімдері халықпен ашық диалог орнату бағытында нақты да тиімді іс-шаралар ұйымдастыруда.

ҚОҒАМҒА ҚАЖЕТТІ АЛАҢ

 Мысалы, жуырда Сайрам ­ауданында аудан әкімімен және Nur Otan партиясы Сайрам аудандық филиалының басшылығымен еркін пікір алмасып, пікір-ұсыныс айтуға мүмкіндік беретін ашық алаң ашылды. Яғни «Парасат» пікірталас ­клубы құрылды. «Егер осы ауданның тыныс-тіршілігіне бейжай қарай алмасаңыз, егер сіз Сайрам ауданының жанашыры болсаңыз, шындықты шыжғырып бетке айтатын болсаңыз, «Парасат» пікірталас алаңы сіздікі. Шығыңыз да ойыңызды ашып айтыңыз» деді аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков клуб мүшелерімен кездесуде. «Парасат» пікірталас клубының мүшелігіне ауыл округтеріндегі ел ағалары, ­аудан тұрғындары, қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен ­саяси партиялар, депутаттар, жастар, ұлт жанашырлары және БАҚ өкілдері кіре алады. Әр тоқсан сайын басқосуды жоспарлаған клубтың алғашқы ­отырысы биылдың 9 айында ауданда атқарылған жұмыстарға арналды. Клуб ережесі таныстырылғаннан кейін аудан әкімі Ұласбек Сәдібекұлы баяндама жасады. Алғашқы отырысы болғанына қарамай, клуб мүшелері белсенділік танытып, түрлі салаға қатысты сын-пікірлерін, ұсыныстарын ортаға салды. Пікірталас клубының келесі отырысы «Жер мәселелері. Денсаулық. Электр энергиясы» тақырыбына арналатын болды. Қатысушылар пікірталас алаңы бірінші кездесуден-ақ қоғамға қажеттілігін дәлелдегенін айтуда.

Халықпен қоян-қолтық жұмыс істеудің маңыздылығы жуырда Қазығұрт ауданында орын алған келеңсіз оқиғаның салдарын талқылау барысында да айтылды. Аталмыш аудандағы қатыгез әкенің балаларын ұрып-соғу оқиғасы Қазақстан ­Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық ­саясат жөніндегі Ұлттық ­комиссия­ның төрайымы Ләззат ­Рамазанова­ның басшылығымен облыстық ­комиссия мүшелерінің және өңірлік үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өткен онлайн-кеңесте қаралды. Кеңесте облыс әкімінің ­орынбасары Сәкен Қалқаманов өңірде әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің өткен жылы 29,6%-ға, балаларға қатысты 7,4%-ға төмендегенін атап өтті. Қазығұрт ауданындағы соңғы оқиға әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу ­барысында ғана анықталған, дегенмен, бұрын әйел полицияға агрессивті жұбайына шағымданған екен. Бұл орайда Сәкен Қалқаманов: «Ер адам ұсталып, қамауға ­алынды. ­Психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер әйелмен және балалармен жұмыс істеуде. ­Сонымен қатар учаскелік инспектордың өтініш бойынша уақтылы жұмыс жүргізбеуіне қатысты тексеру тағайындалды» деді. Ләззат Рамазанова қазіргі уақытта көпшілік алдында мұндай фактілердің жариялануы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары үшін мәселені шешудің соңғы мүмкіндігі және қоғамда осындай фактілерге «нөлдік төзімділікті» қалыптастыруға мүмкіндік беретінін жеткізді. Мемлекеттік органдардың міндеті – алдын-ала жұмыс істеу. Ол үшін Ұлттық комиссия Түркістан облысында «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» пилоттық жобасын іске асыруды бастаған болатын. Жоба аясында Отбасы істері жөніндегі басқарма және 15 ауданда Әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу қызметі құрылған. Бірақ әкімдік өз шешімімен бұл жобаны жүзеге асыруды тоқтатып, басқарманы жауып тастады. Сондай-ақ пилоттық жоба бойынша әр ауданда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары үшін «дағдарыс орындары» құрылады деп жоспарланған болатын, бірақ бұл мәселе де шешімін тапқан жоқ. «Бүгін біз әйелдер мен балалар құқығын қорғау мәселесін шешуде барлық құзырлы органдардың өзара үйлестіру жұмысының қажеттілігін айтып отырмыз. Көпбалалы аналар мен зорлық-зомбылық құрбандары мемлекеттік қызметшілер мен полицияның артынан жүгірмеуі, түрлі құрылымдардан қолдау іздемеуі тиіс. Мәселеге жедел жауап бере алатын, ең бастысы, алдын алу үшін жұмыс жүргізе алатын бірыңғай жүйе қажет. Бұл мәселе шешілмесе, біз осындай фактілер туралы тек әлеуметтік желілерден білетін боламыз» деді Ләззат Рамазанова. Сондай-ақ Ұлттық комиссия төрайымы қазіргі кезде Парламент депутаттары отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы заң жобаларына бастама көтергенін, олардың негізіне Ұлттық комиссия іске асырып отырған «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасының тетіктері алынғанын мәлім етті.

Онлайн кеңесте Түркістан облысын­дағы отбасылық және гендерлік саясатты іске асыру мәселелері, тұжырымдамада бекітілген нысаналы индикаторларға қол жеткізу бойынша нәтижелер, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мәселелері де қаралды. Өңірде биліктің атқарушы және өкілді органдарында шешім қабылдау деңгейіндегі әйелдердің үлесі – 22,5%. Сонымен қатар Nur Otan партиясының праймеризіне облыс бойынша 353 нәзік жанды қатысқан. Ләззат Рамазанова түрлі салаларда еңбек ететін әйелдерге, оның ішінде праймеризге қатысқандарға жан-жақты қолдау көрсетудің маңыздылығын айтты. Сондай-ақ осы жұмыстың үйлес­тірушілері болатын өңірлік комис­сиялардың қызметін жандандыру қажеттілігі ескертіліп, бірқатар нақты ұсыныстар берілді.

 ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕ – ӘКІМДІК НАЗАРЫНДА

 Тұрғындардың талап-тілегінде көбінесе әлеуметтік, жұмыспен қамту мәселелері көтерілетіні мәлім. Бұл орайда облыс әкімдігі атқарған нәтижелі жұмыстар аз емес. Мысалы, жұмыспен қамту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытында облыс тұрғындарына мемлекеттік грант ұсыну, шағын ­несие, бос және жаңа жұмыс орындарына жолдама беру, жастар практикасы мен ақылы қоғамдық жұмыстарға тартуға, әлеуметтік жағдайларын көтеруге 24,9 млрд теңге жұмсалуда. Сонымен қатар мүгедектігі бар адамдарды және аға ұрпақты әлеуметтік қорғау бағытында 8,6 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде осы қолдауға мұқтаж 40 мың азаматқа 48 мыңнан астам техникалық оңалту құралы жеткізіліп, әлеуметтік қызметтер ұсынылуда. Жуырда облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаевтың төрағалығымен өткен мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау шаралары мен қолжетімді орта құру туралы мәселе қаралды. Бүгінгі таңда облыста 94,9 мың мүмкіндігі шектеулі азамат тұратын болса, олардың ішінде 23,4 мыңында тірек-қимыл аппараттары бұзылған, 11,7 мың азаматта ментальды функциялары бұзылған, ал 15,3 мың азамат көру және есту қабілеттері жағынан мүгедектер. Тәуелсіз елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағдай ­жасалуда. Мәселен, өткен жылы Үкімет қаулысымен «Мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспары» қабылданған болатын. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау саласындағы негізгі басымдықтар мен тәсілдер айқын көрсетілген. Жоғарыда айтып өткеніміздей, өңірде 94,9 мың мүгедек адам тұрады. Бұл республика бойынша мүмкіндігі шектеулі жандардың ­13,5%-ын немесе түркістандықтардың 4,7%-ын құрайды. Олардың 60%-ы (59,2 мың адам) еңбекке қабілетті жаста. Ал 15%-ы (25,8 мың адам) зейнеткерлік ­жаста болса, 15%-ы 18 жасқа дейінгі балалар. Ұлттық жоспардың – мүгедектіктің алдын алу және ескерілуі, ұсынылатын білімнің қолжетімдігі, кедергісіз ­ортаны қалыптастыру, жұмыспен қамту, тиімді оңалту ­шаралары, әлеуметтік қызметтерді ұсыну сынды 7 негізгі бағыты бар. Ал еңбекке қабілетті мүгедектерді жұмысқа тарту басымдыққа ие көрсеткіштің бірі. Қабілетті, қолынан әлі де іс келетін мүгедектерді жұмыспен қамту мақсатында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы белсенді жүзеге ­асырылуда. Соның нәтижесінде өткен жылдың қорытындысы ­бойын­ша 1 152 мүмкіндігі шектеулі жан жұмысқа орналастырылған, 93 мүгедекке өтеусіз грант және 31 адамға шағын несие берілді. Бұл санаттағы азаматтарды техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету және қызмет көрсету қаражат бөлуге тікелей байланысты. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы халыққа Жолдауында айтылған тапсырмасын іске асыру мақсатында 2020 жылы бюджеттің барлық көздерінен қаражат бөлудің нәтижесінде техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету және қызмет көрсету 21,9%-ға ұлғайтылды. Яғни былтыр 2 381 120,0 мың теңге болса, биыл ол қаражаттың көлемі 2 902 739,0 мың теңгені құрады. ­Облыста 2020 жылы мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау үшін барлық деңгейдегі бюджеттер есебінен 4 794,5 млн теңге қаралған. Осы қаржы есебінен 5 727 протез-ортопедиялық құрал алуға тиісті едік. Бүгінгі таңға 2 570 құрал жасатуға тапсырыс берілді. 2020 жылға санаторлық-курорттық ­емделуге 8 288 адамнан өтініш түсті. Осы орайда, айта кететін бір жаңалық, электр жетегі бар кресло-арбаларды жасап шығару бойын­ша отандық өндірушілерді қолдау мақсатында ағымдағы жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі алғаш рет «Тыныс» АҚ-мен 1 381 кресло-арбаны сатып алу жөнінде келісімшарт жасасты. Қазан айынан бастап аудандық және қалалық әкімдіктер 104 электр жетегі бар ­кресло-арбаны алдымен мұқтаж адамдарға пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Жалпы өңірімізде осындай кресло-арбаға зәру 1 963 азаматқа 226 млн теңге бөлінген болатын. Осы қаражат есебінен барлығы 1 946 қоларба сатып алынды. Бүгінгі таңда олар өңірге жеткізілуде» деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева үйлестіру кеңесінде. ­Сондай-ақ басқарма ­басшысы биылғы қаңтар айынан ­бастап елімізде «Amazon» және «Alibaba» сияқты ­табысты сервистердің қағидасы ­бойынша мүгедектерге арналған әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылғанын атап өтті. Порталдың ерекшелігі – мүгедектерге оңалту құралдары мен қызметтерді өз еркімен таңдауға құқық беретіндігінде. Бүгінгі таңда порталда техникалық құралдар мен арнаулы әлеуметтік қызметтерді жеткізуші 46 субъект тіркелген. Олар арқылы техникалық құралдардың жеке іріктеуді талап етпейтін 24-ін сатып алуға мүмкіндік туды. Ал жеке іріктеуді талап ететін 31 түрі 2021 жылғы қаңтардан бастап қолжетімді болады. Қазірдің өзінде 1 499 мыңнан астам техникалық оңалту құралдарының тауары алынған. Жалпы 2020 жылдың 1 қазанына дейін облыс бойынша арнаулы әлеуметтік қызметтермен 6 607 мұқтаж азамат қамтылған. Бұл – жалпы қызмет алуға мұқтаж жандардың 83,2 пайызы. ­Сонымен қатар облыстағы арнаулы әлеуметтік қызметтерге, оңалту ­шараларын қажет ететін мүгедектігі бар адамдардың санын ескере келе және қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігімен 2021-2022 жылдары Кентау қаласында 200 орынды оңалту, сыйымдылығы 50 орынды 6 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарын салу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда құрылыстардың жобалау-сметалық құжаттамаларына мемлекеттік сараптама жүргізілуде. Сондай-ақ өңірде төтенше жағдай мен карантин кезінде мүмкіндігі шектеулі адамдарға азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтардың өтемақысы түрінде 2 АЕК мөлшерінде мемлекеттік қолдау көрсетілген. Яғни 160,7 мың азаматқа 2,9 млрд теңге көлемінде, оның ішінде 84 мыңнан астам мүгедек адамға 1,4 млрд теңге бөлінді. Бұл отбасылардың барлығы 30 000 теңге көлемінде коммуналдық шығындарды өтеу тізіміне енгізілген.

 

ОБЛЫСТЫҢ ӨЗІНДІК КІРІСІ 8 МЛРД ТЕҢГЕГЕ ӨСІП ОТЫР

 Өңірде, сондай-ақ Мемлекет басшы­сының дағдарыс кезіндегі бизнесті қолдау және еңбек нарығында тұрақтылықты қамтамасыз етуге қатысты тапсырмалары аясында бірнеше бағдарлама іске асырылуда. Атап айтқанда, «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» шеңберінде 98,7 млрд теңге, «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 4,8 млрд теңге, «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасының шеңберінде 13,2 млрд теңге жоспарланған. Бұл бағдарламалардың басты мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, еңбек нарығын дамыту. Облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Абдрахман Тасыбаевтың ақпарат құралдарына берген мәліметіне қарағанда, аталған бағдарламалар арқылы білім беру, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау, жылу жүйесін қайта құру және ауылдық елді мекендердің жолдарын күрделі және ағымдағы жөндеу бойынша жалпы 794 жоба іске асырылуда. Жаңадан қалыптасып жатқан өңірдің басты басымдығы Түркістан қаласы болуына байланысты негізгі құрылыс жұмыстары да осы қалада жүргізілуде. Бірақ облыстың басқа ­аудан, қалалары да назардан тыс қалып жатқан жоқ. ­Жалпы облыс бойынша 492 инвестициялық жоба іске асырылуда, оларға бөлінген 209,6 млрд теңгенің 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 121,3 млрд теңгесі игерілген. Ал облыс орталығы Түркістанда 110 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оған республикалық, облыстық және ішкі қарыздар есебінен жалпы 149,9 млрд теңге бағытталған. Бұдан бөлек, өңірлер, ұлттық компаниялар және бизнес өкілдері тарапынан 13 нысанның, сондай-ақ жалпы ауданы 773,6 мың шаршы метр немесе 9052 пәтерді құрайтын 177 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Басқарма басшысының дерегінше, биыл облыс бюджетінің кіріс көлемі – 874,1 млрд теңге. Оның 80,0%-ы, яғни 698,8 млрд теңгесі трансферттер түсімі, қалған 175,3 млрд теңгесі өзіндік кірістер мен қарыздар түсімінен тұрады. Жалпы өткен жылмен салыстырғанда облыстың өзіндік кірісі 8 млрд теңгеге өсіп отыр. Биылғы 8 айдың қорытындысымен жергілікті бюджеттің кірістер жоспары барлық ­аудан, қалалармен артығымен орындалып, бюджетке 6,3 млрд теңге артық түскен, бұл 114,2%-ды құрайды. Бюджеттің шығыс бөлігіне келсек, жос­пар 882 млрд теңге көлемінде бекітілген. Ал 8 айға жоспарланған қаржының 540,5 млрд теңгесі игеріліп, жоспар 99%-ға орындалды. «Жалпы облыс бюджетінің 52%-ы әлеуметтік салаға бағытталған. Оның ішінде: білім беру саласына – 341,7 млрд теңге, денсаулық сақтау саласына – 14,1 млрд теңге, әлеуметтiк көмек және әлеуметтiк қамсыздандыру бойынша – 67,7 млрд теңге, мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістiк бойынша – 34,3 млрд теңге бөлінді. Коронавирустың алғашқы толқыны барша адамзатқа қауіп-қатер төндірді. Енді осы бағытта Үкімет резерві есебінен 1,4 млрд теңге және облыс әкімінің резерві есебінен 965,0 млн теңге бөлінген. Бұл қаржы облыс азаматтарының өмірі мен денсаулығын қорғау үшін санитарлық-дезинфекциялық режимді күшейтіп, медициналық ұйымдарды дәрілік заттармен қамтамасыз етуге және халықты тестілеу мақсатында облысымыздың 5 ауданын полимеразды тізбекті реакция зертханасымен жабдықтауға жұмсалды. Бұдан бөлек, бүгінгі таңға пандемияның мүмкін болып отырған жаңа толқынына дайындық жұмыстарын жүргізу мақ­сатында медициналық ұйымдарға 80 дана оксигендік терапия аппаратын және 2 дана оттегі стансасын сатып алу үшін облыс әкімінің резервінен 353,6 млн теңге қосымша қаржы бөлініп отыр» дейді басқарма басшысы.

Ал Мақтаарал ауданында орын алған су тасқынынан зардап шеккен елді мекендерді қалпына келтіру үшін Үкімет резервінен 11,8 млрд теңге және облыс әкімінің резервінен 241,1 млн теңге бөлінген. Бұл қаржы тұрғын үйлерді, полиция тірек пункттерді, мектеп, балабақша, фельдшерлік-акушерлік пунктерін, көлік және инженерлік-инфрақұрылымын қалпына келтіруге және құрылыс жұмыстарына бағытталып отыр. Сондай-ақ ауданның ­зардап шеккен әр тұрғынына 100 мың теңге мөлшерінде өтемақы төлеу тапсырмасы аясында басқарманың қызметкерлері аудан тұрғындарының құжаттарын қабылдап, министрлікпен келісу және банктен есепшот ашу жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде құжаттары расталған 6210 азаматқа 100,0 мың теңгеден жалпы 621,0 млн теңге өтемақы төленіп, тапсырма толығымен орындалған. Әлеуметтiк көмек және әлеуметтiк қамсыздандыру саласына биыл мемлекеттік бюджеттен 67,7 млрд теңге бөлініп, бүгінде жоспарланған 30,0 млрд теңге 99,3%-ға орындалған. Ал 49 мың 500 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек ретінде 38,9 млрд теңге қарастырылып, жұмсалуда. Сондай-ақ Үкіметпен бекітілген жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес облыс бойынша 37 мекемені бәсекелестік ортаға беру жоспарланған. Оның 31-і жалпы 13,3 млрд теңгеге жекешелендіріліпті, қалған 5 мекеменің 2-еуі банкрот ­болып танылғандығына байланысты жойылса, 3 мекеме 3 рет электрондық сауда-саттыққа шығарылып, сатылмау себебінен жойылды. Сонымен қатар Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген «Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді ­жоспары туралы» қаулы жобасы бойынша бәсекелестік ортаға берілетін ұйымдар тізбесіне Түркістан облысынан «Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының шаруашылық басқармасы», «Эксперт» мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері енгізілген отыр. Одан бөлек, аудан, қалалардан шамамен 10 балабақшаны бәсекелестік ортаға шығару жоспарлануда. «Мемлекеттік органдардың ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың артық және қайталанатын функцияларын анықтау тұрғысынан функционалдық талдау, штат санын оңтайландыру, шоғырландыру не ­тарату бойынша және квазимемлекеттік ­сектор субъектілерінің әкімшілік ұстауға арналған шығыстарын оңтайландыру жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, өткен жылдың қорытындысы бойынша 12 кәсіпорын оңтайланып, 607 штат саны қысқартылған, нәтижесінде 377 млн теңге үнемделді. Биылғы 8 айдың қорытындысы ­бойын­ша 4 кәсіпорын оңтайланып, 25 штат саны қысқартылу есебінен 29 млн теңге үнемделген. Алдағы ауақытта 25 кәсіпорынды оңтайландырып, 459 штат санын қысқарту арқылы 275 млн теңгені үнемдеу жоспарланып отыр. Мемлекет басшысының Жолдауда атап көрсеткен тапсырмалары мен алға қойған міндеттерді мүлтіксіз, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара, бір кісідей атсалысып орындау – ел халқының, оның ішінде қаржыгерлер қауымының да азаматтық парызы» дейді А.Тасыбаев.

Облыстың экономикалық ­дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан ауылшаруашылық саласында биылғы карантиндік шараларға қарамастан, тұрақты өсім сақталып, көктемгі және күзгі дала жұмыстары өз мерзімінде атқарылды. Егіс көлемі 17 мың гектарға артып, 846 мың гектарға жетті. Масақты дақылдардан 513 мың тонна өнім ­жиналып, 64 мың тоннаға, көкөніс, картоп, бақша өнімдерінен 3 млн ­тонна өнім жиналып, 400 мың тоннаға ­артты. Мал азықтық дақылдардан 3,9 млн тонна өнім жиналып, 1,5 жылдық мал азығы қоры жинақталды. Апта ­басында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев агробизнес өкілдері, аудан, қала әкімдері мен шаруалар қатысқан, Қазығұрт ­ауданы, «Шарбұлақ» ауылдық округінде өткен далалық ­семинарда күзгі егін жинау науқаны өңірде ­табысты қорытындыланғаны ­айтылды. Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов Қазақстандағы мақтаны сатып алу бағасының бекітілгенін, өңірдегі 18 мақта өңдейтін кәсіпорын шитті мақтаның тоннасын 130 мың теңгеден қабылдауды бастағанын ­жария етті. Іріленген агроқұрылымдар үшін шитті мақта бағасы әлі де өседі деп күтілуде. Жалпы облыста 126 мың гектар алқаптан 331 мың тонна шитті мақта жинау болжанып отыр. Бүгінде «ақ алтынның» 30 пайызы жиналды.

 Е.ӘБДІЖАППАРҰЛЫ

Түркістан облысы

 

292 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала ПІКІРЛЕР ТОҒЫСЫ
Келесі мақала ХАЛЫҢ ҚАЛАЙ, ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІ?

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №43

22 Қазан, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жанарбек Әшімжан

Бас редактор